Тойған апайдың би саласы жайлы айтары көп. Біздің кейіпкерімізге қойған алғашқы сауалымыз балет өнеріне қатысты болды.
– Көпжылдық тәжірибеңіз ретінде ерте жастан баланы балетке баулуда ата-ана да, биші де нені ескеруі керек деп ойлайсыз?
– Біріншіден, баланы кәсіби оқытушыға көрсетуі керек. Себебі көрінген балаға табиғи физиологиялық жағынан биге қабілет берілмеген болса, қиын болады. Сондықтан көп жағдайда ата-аналар қызығып, баланы бере береді. Ал балет дегеніміз – көп еңбекті талап ететін өнер. Оны кез келген бала көтере алмауы мүмкін. Келесі баланы жастайынан беруге тырысады. Сол себептен физилогиялық жаттығуларды көтере алмайтын балалар да болады. Ең негізгі ата-аналарға ескеретін дүние, баланы биге апармас бұрын оның бойында табиғаттан балетке деген қабілеті бар ма? Осыны анықтап алған дұрыс. Яғни, дененің иілгіштігі, пропорциясы, қаншалықты секіре алатыны да ескеріледі. Балет әртісінің басы үлкен болмауы, бетінің жалпақ болмауы секілді талаптарға сай болуы керек.
– Көптеген балет қойылымынан ұлттық болмыстың насихатталуын сирек көреміз. Қазақ балетінде тағы да қандай мәселелер бар?
– Абай атындағы Қазақ ұлттық академиялық опера және балет театрында 1970 жылдары әжептәуір жақсы көтеріліп, біраз ұлттық «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», Олжас Сүлейменовтің «Қыш кітабы» бойынша, «Ақсақ құлан», «Әлия», «Мәңгілік алау» секілді ұлттық нақыштағы балеттер дүниеге келген болатын. Өзіміздің композиторлардың дайындауында. Дегенмен сол біраз уақыт насихатталмай қойғаны рас. Ал Астана балет театры осы бағыт бойынша тыңғылықты іс атқарып жүр. Бишілеріміздің мүмкіндігі бар, орындау техникалары мықты. Бұл театрда «Сұлтан Бейбарыс», «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», «Жусан», «Әлем» деген әртүрлі бағытта балет көрсетіліп отырды. Яғни, ұлттық балет өнерін қолдана отырып, таза классикалық, қазіргі заманауи балетпен үйлестіріп жүр. Осы орайда біздің композиторлар балет жазуға аса құлықты емес. Ал бізге ең алдымен балет қоймас бұрын композитордың музыкасы керек.
– Сіздің жетекшілігіңізбен ашылған ғылыми зертхананың биді зерттеудегі ерекшелігі неде? Қандай зерттеу жасап, қандай нәтижелерге қол жеткіздіңіздер?
– Зертхананың ең бірінші алдына қойған міндеті – қазақ биінің қимыл терминологиясын қалпына келтіру. Үш жыл бойы мамандармен бірге отырып талқылап, ешқандай жаңадан дүние қоспай жасалған дүние. Бұрынғы биші апа-ағаларымыздың оқу-әдістемелерін негізге ала отырып зерттедік. Ол жұмысты бітіргеннен кейін республика бойынша семинар жасалып, барлық аймақтағы биші оқытушылармен әр бидің қимылын талқыладық. Би қимылдарымен қоса, оның атауларын да ойластық. Осының бәрі де соңында кітап болып басылып шықты. Бүгінгі қазақ биін зерттеп жүрген ғалымдардың ой-пікірлерін де басып шығардық. Көптеген оқытушының өз еңбегін жариялауға мүмкіндігі болмай жатады. Сол тұрғыда олардың да еңбектерімен 2022 жылдың аяғында моногрофия басылып шықты. Оның дайындалып, жарыққа шығуына мұрындық болған біздің зертхана жұмыстары. Қазір бишілерді дайындайтын оқу орындары бар. Осы орайда «Қазақ биін ұстанудағы сабақ қалай дайындалады?» деген тақырыпта республикалық семинар өтті. Бұл бағыт бойынша бізде зертханада жұмыстар жалғаса береді. Бізде би саласындағы зерттеушілердің еңбектері жинақтаулы. Зертханамызда жастар тарихқа үңілсін деген мақсатпен биші апа-ағаларымыздың өмірінен көрмелер ұйымдастырып отырамыз.
– Сіз осыдан 1 жыл бұрынғы бір сұхбатыңызда би сабақтарына сағат жетіспейді дедіңіз. Бұл мәселе қазір шешілді ме?
– Иә, бұл өтірік емес. Орта білімді биден дайындайтын оқу орындарында осындай мәселе бар. Көптеген оқытушыда сағат жетіспейді. Бұл мәселені айтып келе жатқанымызға біраз болды, қашан шешілетінін бір Құдай білсін. Ташкенттегі хореграфия училищесінде 6 күн бойы өзбек биі оқытылады екен. Бізде қазақ биі 2 күн ғана жүреді. Сосын қазақ би мұрасын зерттеу деген пәннің ауқымы үлкен ғой. Оған да бір ғана семестр уақыт берген. Бұл мәселені шешуде біз табанды еңбек етіп келеміз. Ары қарай басшыларға тікелей байланысты. Жылда оқу бағдарламасы дайындалады, сол кезде кім факультетті басқарып отыр? Көп жағдайда солардың біліміне қатысты болады.
– Қазір бидің сарынына қаншалықты көңіліңіз толады? Жеке бишілердің өзін ашуына не жетіспейді?
– Жеке бишілердің өзін ашуына көңіл жетіспейді. Жылы алақан жетіспейді. Яғни, қолдау керек. Әйтпесе, мықты жеке бишілерді шығаруға болады. Олардың дайындығы бізден өте көп жоғары деңгейде. Қазіргі бидің сарынына көңілім толады. Себебі уақыт бір орында тұрған жоқ қой. Заман талабы да өзгереді. Соған байланысты жастардың би қойылымдарына көңілім толады. Бір ғана қорқыныш, бір-бірін қайталап кетпесе екен деген ой бар. Ал былай бүгінгі бидің дамуына, қарқынына көңілім толады.
– Бүгінде жастар көше биі, кореялық к-поп бағытындағы секілді шетелден келген билерге әуес. Мұндай жастардың сұранысында қандай қауіп бар деп ойлайсыз?
– Қазіргі жастардың биге деген талғамында қауіп бар деп есептемеймін. Жастардың жан-жақты болып өсуінде, дамуында қандай да бір өнер түрі болсын болашақта зиян болмайды. Себебі жастардың білімінің, өзінің жан-жақты дамуының бір себепкері деп есептеймін. Кейін өсе келе біздің заманда осындай би болды деп айта алатын жастар қатары болады.
– Әлеуметтік желіде «Қара жорға» қазақтың биі емес деген пікірталас болды. Бұған қатысты ойыңыз қандай?
– «Қара жорға» қазақтың биі емес деген әңгіме айтылған жоқ. Көбі «Қара жорға» қазақтың буын биі деп атады. Көпшілік арасында солтүстік жақта көп билей бермейді, ал оңтүстік жақта сақталып қалған буын биі болатын. 1987 жылы Өзбекәлі Жәнібек ағамыз Нарынқолдан екі жігіт алып, буын биін түсіріп, архивке салып қойған болатын. Жұртшылық билеп жүрген буын биі. Бізде қандастарымыз «Қара жорға» деп атауды ұсынды. «Қара жорға» дегенге келіспедік. Себебі бізде қара жорға дегеннің өзі жылқыға байланысты естіледі. Қазақ биінде түрлі шабыс биі бар. Мысалы, ытқыма шабу, дүрсілдете шабу, сүйретпелі шабыс секілді түрлері бар. Қандастарымыз әкелген «қара жорға» биінде өздеріңіз көріп жүргендей, адамның буындары, денесі билейді. Сондықтан бүгінде бәріміз келісімге келіп, буын биі деп атап жүрміз.
– Халықтың тойдағы биіне қалай қарайсыз?
– Тойдағы би де өнер. Адам өзінің ішкі эмоциясын шығаруға дайын тұрады. Сондықтан қандай халықтың биі болмасын, билесе дене қозғалысының өзі би. Біз ол жерде тойда кәсіби биді талап етуге құқығымыз жоқ. Сондықтан қандай адам болмасын өзінің биде эмоциясын, сол жердегі жағдайын қалай бимен көрсетемін десе де өз еркі.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Жанель ҚҰТТЫБАЙ