Барлық деңгейдегі билік өкіл­дері журналистерді әрқашан құрметтеп, санасып жүретін Жетісу жерінде БАҚ өкілдерінің ғана емес, қалың бұқара­ның көңіліне қаяу түсірген оқыс оқиға тіркелді.
Сағың сынбасын, Сандуғаш!
1,363
оқылды

Есімі бүкіл республиканың жұртшылы­ғына әділдік жолындағы күрескер­лігімен, қарапайым халық­тың жо­ғын жоқтап, мұңын мұңдап жүретін мінезімен танылған нағыз жауын­гер журналист Сандуғаш Дүй­сенованы біраз уақытқа да болса қамап, уақытша оқшаулау бары­сында ар-намысына нұсқан кел­тірер қадамдарға барған полиция қызмет­керлерінің әрекеті әлеу­меттің нара­зылығын тудырды.    

Дәл осындай шектен шыққан жағдай тіркеліп жатқанда өздерінің кейбір қо­ғамдық пікірге өзек болар жұмыстарын көпшілікке жеткізуге келгенде, тезірек жариялауда сол Сандуғашқа жүгінетін прокуратура, сот сынды құқық қорғау ор­ган­дарының қайда қарап қалғанын, неге жұмған аузын аш­пағанын әлі түсіне алмай отырмыз. Басына іс түскенде, жа­найқайын ешқайда тыңдата алмағанда, Сандуғашты іздейтін­дердің де бастапқы кезде ізім-қайым болып кеткені көңі­лімізді қынжылт­ты. Тек жергі­лікті жур­налистердің шағын тобы  дабыл қаққан­нан соң барып, жағдай оңалғандай бол­ғаны рас. Мұнда да БАҚ өкілдерінің не­гізгі тобы жоғары жақтан со­ғар желдің бағытын өзгертер шақты күтіп, аңы­сын аңдыды. Соған қарағанда, «журна­лис­тік ын­та­мақтастық», «журналис­тік бауыр­­­ластық», «журналистік достық» деген сөздерден де салмақ қашып, қадір қал­мағандай... 

Менің түйсігім алдамаса, бұл сора­қылық – Сандуғаштың сағын сындырып, үнін шығармау жолында біраз уақыт ойластырылып барып жасалған, жос­парланған қастандық. Көктемде Мәжіліс депутаттығынан үміткер ретінде тіркел­ген­де және жұрттың көңілін өзін аудара алғанда осындай қадамдар жасалған еді. Одан кейін бірер ай бұрын ғана әлеу­меттік желілерде журналиске қатысты жағымсыз дүниелер жарияланып, біраз әңгіме болған. Қалай болғанда да, дәл қазір аса ауқымды қоғамдық пікірге өзек болып, жұртты алаңдатып отырған жағдайдың ақ-қарасын ажы­ратуды, халыққа дұрыс-бұрысын жет­кізуді тиісті құзырлы ұйымдардың қа­рауына қалдырайық. 

Менің айтпағым Сандуғаш Дүй­се­нованың күнделікті тірліктегі, отба­сын­дағы бейнесі, журналист ретіндегі беделі мен биігі, шындық жолында еш­теңеден тайсалмайтын қайсарлығы жайлы болмақ. Төмендегілердің барлығы менің өзімнің жеке түйгенім екенін де ескерте кеткенді жөн көріп отырмын. 

2001 жылы Алматы облысының ор­талығы Талдықорған қаласына ауыс­тырылды. Өздеріңіз білетіндей, 1997 жылы еліміздегі бірқатар облыс пен ау­данды ықшамдау барысында тарқа­тылған ай­мақтардың бірі Талдықорған облысы болатын. Сонан кейін қаланың қараусыз, иесіз қалғанын көрдік, іс­сапарға жиі келетінбіз. Ол кезде Сан­дуғаш қатты таны­мал емес, қалалық газетте, телеарнада шап­қылап жүретін. Жұмыс барысында жолығып қалатын­быз. 2002 жылы біз Тал­дықорғанға көшіп келгеннен кейін жиі араласа бастадық. Ал 2004 жылы «Айқын» және «Литер» газеттері ашылғанда, Ал­маты облысы бойынша тілшілікке таңдау екеумізге түсті. Содан бері жур­налистік мін­детті қатар атқарып келеміз. Соңғы жыл­дары «Время» газетінің тілшісі ретінде небір «шулы» мақаласымен ел арасындағы беделі барынша артты. 

Сан рет сапарға бірге шықтық, жолда да қалдық, күні бойы нәр татпай жүрген кездер де болды. Басымызды қатерге ті­гіп, «Қорғас» кеденіндегі былық-шы­лық­тарды қаншама рет жаздық. Шы­ғыстағы шека­рада орналасқан, жолы қиямет-қайым болған Достық станса­сына да бірнеше рет барып, ол жақтың көзден таса, көңілден тысқары жатқан проблемаларын көтердік. Ұйғыр ауда­нындағы шиеліністі жағдайлар­ды жұртқа жеткіздік. Облыстағы былық-шылықты, жемқорлықты, кемшілікті, шектен шы­ғуды сан мәрте қаузадық. Кейде сонымыз үшін өңірдегі жоғары басшылық­тың алдына да барып, терлеуге тура кел­ге­нін де жасырып қалмаймын. Бірақ ешқа­шан, ешбір деңгейде дәл мынандай қор­қыту-үркіту болып көрмепті. Өзіміз өмір сүріп отырған ортаның бақуаттылығы, әділдігі мен теңдігі бәріміз үшін қажет екенін түсінетін жандар көп еді ол кезде. Біздің қара басымыздың қамын емес, жалпақ жұрттың жайын ойлайтынымызды мойын­дайтын. 

Біраз жыл бұрын облысты басқарып отырған бір ағамыз: «Кемшілік жоқ емес, бар, көп. Соны бірлесе түзеп, реттеу үшін, бүкіл республикаға жариялаудан бұрын алдымен маған келіңдер, қалай шешудің жолын бірлесе отырып, ақыл­дасайық та?! Содан кейін болмай жатса, көрерміз. Жоқ дей берсек жоғаламыз, бар дей берсек оңа­ламыз. Облыстың абыройы бәрімізге ортақ қой» дейтін. Кез келген мәселені, түсінбес­тікті тар­қатуға болады ғой. 30 жыл осы об­лыста журналистік қызметте жүріп, БАҚ өкі­ліне қатысты дәл осы жолғы Сандуғашқа қарсы қолданылып отырған шектен шық­қан жағдайды естімеппін де, көр­меппін де. 

Басқа басқа, коронавирус жағадан алып, жұртшылық не істерін білмей дағ­дарып қалғанда еріктілердің басын бі­ріктіріп, қарапайым халыққа нақты көмек ұйымдастырғанын ел ұмыта қой­ған жоқ. Халықтың қайда барарын біл­мей отыр­ғанын жазды, жариялады, көрсетті. 2022 жылдың қасіретті қаң­тарында Тал­ды­қорған мүлде қараусыз, қорғансыз қалып, қаланың орталығында ойран-топыр болып жатқанда дәл осы Сандуғаш сол қауіпті оқиғалардың бел ортасында жүріп, бей­берекетсіздік пен бақылаудың жоғын пай­даланып, тонауға кіріскендерді тоқтатқан­дардың көш ба­сында болғанын, қаланың кіреберісінде тұрып Мемлекет басшысына бірнеше бейнеүндеу жариялағанын бәріміз білеміз. Егер Талдықорғандағы орталық алаңда тұрған ескерткіштің құлатылға­нын суретке түсіріп үлгермесе, әлем жұрт­шы­лығы Қазақстанда ескі дәуірдің аяқталып, жаңа дәуірдің басталғанын білмес еді.  

Жетісулық журналистер өңірдегі барды бар, жоқты жоқ деп жазатын, көзі көрген, куә болған сорақылықтардың қанын сорғалатып жұртқа жеткізетін, шындық жолында ешкімнің лауазы­мына, бет-беделіне қарамайтын бірден-бір журналист Сандуғаш Дүйсенова екенін мойындай­тыны анық. Сандуғашқа бұған дейін де бірнеше рет «ескерту» жасалған бола­тын. Облыстық әкімдікте жиналыста отыр­ғанында көлігінің дөңгелектерін тіл­гілеп кеткен. Одан кейін машинасының астына «тың­­дағыш» құрал орнатылғаны анық­талған еді. Пәтерінің есігін бүл­дірген болатын. Ал былайғы ұсақ-түйек қоқан-лоқылар – өз алдына бір төбе. Солардың ешқай­сысына бой бермей, өзінің жур­налистік міндетіне адал­дықтан ай­нымаған әріп­тесіміздің қазіргі жағдайы барлығы­мыздың жүрегімізді ауыртады. Кісі өл­тіріп ұзақ жылға сотталған жанның ЖСН-ін жа­риялады деп кінәлаудың өзі ақылға сыймайды. Дәл осындай ойдан шы­ға­рылған айыптау арқылы екі бала­ның анасын, немере­лердің әжесін кәнігі қыл­мыскер сынды жалаңаш суретке түсіріп, қамауға алу деген мүлде шектен шыққан­дық екені дау тудырмауға тиісті. Қаламын қару еткен журналитке осын­шама қысым жасағандар байқаусызда жаза басып қалған қарапайым адамға не істемейді деген сауал да мазалайды. 

Қазір әлеуметтік желілерде талқы­ланып жатқан басты тақырыпқа айнал­ған журналист Сандуғаш Дүйсенованың ұсталғаны және уақытша оқшаулау кезінде оның құқығы бұзылғаны туралы Жетісу облыстық Полиция департа­ментіне хабар­ласқанымызда ондағылар төмендегідей жауап қайтарды: 

«11 тамызда соттың санкциясымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында аз. Д-ға қатысты жеке тінту жүргізілгенін хабарлаймыз.

Жеке тінту рәсімі тергеуші, крими­налист және екі куәгердің қатысуымен (барлығы тінтілген адаммен бір жыныс­ты) Қылмыстық-процестік кодекстің талап­тарына сәйкес жүзеге асырылды. 

Осы тергеу әрекетін жүргізу кезінде ғылыми-техникалық құралдарды (бей­не­камера) қолдану міндетті және ҚПК-мен реттеледі.

Аз. Д-ны жеке тінту нәтижесінде тыйым салынған заттар табылған жоқ». 

Ал Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі оқиға болған сәттен ішкі істер органдарына хабарласып, мәсе­ленің мән-жайын бақылауға алғанын хабарлады. 

«Журналист Сандуғаш Дүйсенованың ұсталғаны расталды. Жетісу облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, Сандуғаш Талдықорғанда жеке өмір мәліметтерін тарату туралы арыз бо­йынша ұсталып, ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхатпен шығарыл­ған. Қазір тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Министрлік мәселені назарда ұстайды және журналиске қандай да құқықтық көмек көрсетуге дайын», – деп жазды министрліктің баспасөз хатшысы Нұрбек Амиша Facebook желісінде.

Журналистің кісі өлтірушіні табуға көмектесу мақсатында өзінің Instagram желісінде оның ЖСН-ін жариялауы басты айып болып тағылып отыр. Адам өлтіргені үшін сотталған жан дәл сол үшін арыз жазған және онысында дәл сол ЖСН үшін балалары мектепте буллингке ұшырағанын келтірген. Алайда жергілікті тұрғындар кісі өлтірген азаматтың отбасы ол ұстала салы­сымен, ауылдан көшіп кеткенін айтады. 

«Балаларының барлығы кішкентай. Біреуі 9-сыныпта оқиды. Бірақ әкелері қа­ма­лысымен, екі күннен кейін көшіп кет­кен», – дейді сотталған азаматтың ауылдасы Сәулеш Әмитова. Демек, журналиске та­ғылған айыптың орынды, орынсыз екенін анықтау қажет. Ал құқық қорғаушы­лардың өрескел әрекеті тергеудің әділ өте­ріне күмән тудырып тұр. Мұндай әре­кет­терді Қазақ­стандағы реформаларға қар­сы топтардың  ісі ме деген де күдігіміз бар. 

Болат АБАҒАН, 

Жетісу облысы

© коллаж: Елдар ҚАБА