Биыл ұлы ақынымыз Абай Құнан­байұлының 178 жыл­дық мерейтойы. «Халқымыз­дың руханиятын әлемге та­нытатын теңдесі жоқ құн­ды­лық қайсы десең, кімді еске түсіреміз?»
Абай Құнан­байұлы намысшыл қоғамды аңсаған
1,888
оқылды

Әрине, Абай мұ­раларын. Абай мұралары күннен-күнге заманына қа­ра­мастан, адамын таңда­мас­тан өміршеңдігін жал­ғас­ты­руда. Әсіресе, қазір Әділетті Қазақстан­ды құру жолында оның әділдік, адал­­дық, адамгершілік идея­­ларына негізделген та­ғылымы мол шығармашы­лығы, яки қазақ әдебиетінің жауһары әр отаншыл, елшіл азаматтың санасына ой салады. 

Кеше ғана мемлекет және қо­ғам қайраткері Дархан Мың­байдың әлеуметтік желіде жария­ланған Абай туралы жазбасына пікірімді білдірген болатынмын. «Менің ойымша, біз Абайдың қадіріне әлі жете қойған жоқпыз. Абайдың ойшылдығын ұғыну үшін қара сөз­дерін терең үңіліп оқу керек. Бір рет сырғы­тып оқып, жаттап алу еш нәтиже бер­мейді. Қайта-қайта оқығанда ғана ойға ой түйіседі. Сонда ғана Сіз айтқандай «Мен Абай мұра­сы­нан не алдым? Енді еліме, хал­қыма не беремін?» деген сұ­рақ­қа жауап табылады. Абай ой­лары тереңде жатыр» деп жаз­дым. Шынында да, кім қандай үлес қосты? Абайды қалай дәріп­теп жатырмыз? Өз үлесінің қан­шалықты маңызды екенін әр азамат ұғынса екен.

2009 жылы сол кездегі пар­тия­мыздың хат­шысы Ерлан Кариннің қатысуымен Семей қаласында патриоттар форумы өтті. Облыстан 15 азамат қатыс­тық. Біздің делегация пойызбен Алматы арқылы жеттік. Түске­німіз сол еді күтіп алушылар: «Бір­­ден Абайдың басына бара­сыздар ма, әлде тамақтануға ма?» деп сұрады. Форумға қатысу іс­сапардың басты мақсаты болған­дықтан, түпкі ойым ұлы Абайдың басына бару. Мен бірден «Абай­дың басына барамын» дедім. Қасымда әріптесім Марина Ли­маренко бар. Журналист болған соң оған да көру, Абай туралы бар­лық мәліметті білу маңызды шығар деп ойладым. Ал менде Абай­дың Жидебайдағы басына барып, қабірінің топырағын уыстасам, тұтынған заттарын бір ұстасам, ұлт хакімінің рухымен бір қауышсам деген арман бар еді. Күн ыстық. Автобуста кон­диционер жоқ. Өзге облыстың азаматтары да бірге келеді. Жол ойлы-қырлы, қара топырағы шығып жатыр. Кей жерлерде қиыршық тас, кей жерлерде ғана асфальт, онда да асфальт емес, әйтеуір соған ұқсас бірдеңені ескі автобустың дөңгелегімен аямас­тан жаншып келеміз. Жол бо­йында «Бұл елдің оқыған азамат­тары қайда қарайды екен? Абай ауылының жолдары осын­дай болса, онда басқаны қайдам?» деп іштей қынжылдым. Бір уа­қыттары жеттік-ау. Ме­мориал кере­мет екен. «Абай мен Шә­кәрім­нің басқан іздері түскен қа­сиетті топырақ қой» деп сар­ғыш тарта бастаған даланың ерке шөптерінің басын сипаладым. Семей топырағынан шық­қан Алаш арыстары, ұлт зиялылары есіме түсті. Жидебайдың ауасы­мен тынысымды керіп дем ал­дым. Келгеніме қуандым. Еш шаршамадым. Абай, Шәкәрім рухына бас иіп, сәлем беріп іш­тей Құран оқыдым. Ұлт тұлғасына тағзым еттім. Абай мұра­жа­йындағы Абайдың қара мылты­ғы­ның ағаш сабын сипалап, шүріп­песін ұстап көрдім. Абай сөз мергені ғана болмағанына кө­зім жеткендей. «Абайды ұрпақ­тан-ұрпаққа бүкіл әлемге таныту үшін не істеу керек?» деген ой ма­­залады. Алла бұйыртып не­ме­релі болсам, Абай әндерін не­мере қыздарыма орындата­мын деп іштей армандадым. Семейден келе салып қызым Ақеркенің скрип­кадағы репертуарын қа­расам, Абайдың «Көзімнің қарасын» Ақерке өз қолымен нотаға түсіріпті. Бірден суретке түсіріп сақтап қойдым. Ақеркем қазір жоқ, мәңгілік мекеніне ат­танғалы да жеті жылға таяп қап­ты. Өзің жоқсың Ақгүлім, бірақ саусағыңның іздері, алақаның­ның табы ақ қағазда қалыпты. Абай данышпан атаңның қа­діріне сен ертерек жетіпсің, «Кө­зімнің қарасын» нотаға түсіріп елге таратып үлгеріпсің. Терең ой­лай алған елжанды алтыным-ай... Қолымда сарғайған ноталар – құлағымда жанды әуен болып ойнап жатты.

Патриоттар форумы өткен жылы алғашқы немерем Айша дүниеге келген еді. Оны жас­тайынан флейтаға бердік. Биыл флейта мек­тебін өте жақсы ба­ғаға бітірді. Флейтаны үйрете­тетін жөнді бір қазақ қызын таба алмай орыс апайдың сыныбында оқуға тура келді. Абайдың ән­дерін алғашқы концерттерінде-ақ орындай бастады. Сүйсініп тыңдаймын. Ұрпағыма Абайды дәріптеудің бір шетін аз да болса қөрсетуге тырысып бақтым. Қи­налсам, мұңайсам, Абайдың қара сөздерінен жауап іздеймін. Терең де тұңғиық таза философия Абай­­дың көкірегін кернеп шы­ғып, қазақ сана­сына қозғау са­лыпты. Әлі күнге дейін өміршең­дігі мәңгілік екенін дәлелдеп келеді.

Абайы бар барша қазақ ба­қыттымыз. Абайы бар дейтінім Абай мұрасы –ұрпаққа азық, бүкіл қазақтың мәртебесі. Абай еңбектері – ұлттық жазба әдебие­тінің ғылыми жауһары. Идеоло­гия­дан айырылып қалдық деп қын­жыламыз, нағыз идеология­ның көкесі Абайдың қала­мында жатыр. Неге біз алыстан іздейміз? Өйт­кені, әлем таныған Абайдың қадірін әлі толық біле алған жоқ­пыз. Дегенмен де серпіліс бар. Ұлы ақынның қазақтың бойын­дағы кемшілігін айта отырып, санасына қозғау салуы, озық мәдениетке жетелеуі – ұрпаққа қал­дырған ұлттық тәрбиенің ғы­лыми негізі, ескірмейтін өшпес мұра. Сонау он төрт жыл бұрын ішімде бұғып, қысылып, тұншы­ғып қалған дүниенің сыртқа шығуына Дархан Мыңбайдың жазбасы себеп болды. Киелі жер­ге киелі атау беріліп, иесін тапқан Абай облысы рухтана түссе, ұлы Абай рухы шаттана түсті. Бұл көзіміздің ашыла бас­тағанын білдіреді, ары қарай дамыту көп­тің ісі. Сол он төрт жыл бұрынғы май топырағы шы­ғып жатқан ойдым-ойдым жолдар әлде­қашан жөнделген болар.

Абай іліміне үңілсеңіз ұлттық намысты жетілдіру – басты мә­селе. Абай намысты қоғамды аң­сайды. Ұлы ойшыл Абайдың мұрасын дәріптеу, қастерлеу, ұрпақтан-ұрпаққа таратуға үлес қосу баршамызға аманат. Өйткені ұлы Абай, ол – қазақтың Абайы.

 

Қалыйма ЖАНТӨРЕЕВА,

«AMANAT» партиясы Түркістан облысы филиалы

атқарушы хатшысының орынбасары,

Түркістан облыстық мәслихатының депутаты