АҚШ пен Қытай арасындағы шиеленіс өрши бастады. Президент Байден жаңа жарлық шығарып, америкалық компанияларға Қытайға технологияларды сатуға тыйым салды. Америкалықтар "тар аула, биік қоршау" саясатына көшті.
АҚШ билігі Қытайға технология сатуды тоқтатады
1,543
оқылды

Financial Times басылымы АҚШ Президенті жаңа жарлық шығарғанын хабарлады. Енді америкалық компанияларға жартылай өткізгіштер, кванттық есептеулер мен жасанды интеллект сияқты ұлттық қауіпсіздік үшін аса маңызды саналатын технологияларды Қытайға сатуға тыйым салынды. Aikyn.kz бұндай шешімнің астарлы себептерін түсіндіреді.

Фото econs.online сайтынан алынды

АҚШ пен Қытайдың арасындағы әлемдік көшбасшылыққа таласу тарихы әлі де жалғасатын сияқты. Ақ үйден шыққан жарлыққа сәйкес, америкалық технологияларды Қытайға экспорттауға, сатуға және америкалық инвесторлардың Қытайдың стратегиялық секторларына инвестиция салуына тыйым салынады.

Екі ірі мемлекеттің арасындағы технологиялық бәсеке себебінің бастысы – батыстық технологиялар Қытайдың экономикалық және әскери әлеуетін күшейтпеуі керек деген түсініктен туындайды.

Америкалықтардың саясаты АҚШ-тың қаржысы, жоғары технологиялық өнімдері мен тәжірибесі «стратегиялық қарсыластың әскери күшінің өсуіне неліктен көмектесуі керек» деген тұжырымға негізделген.

Фото Financial Times сайтынан алынды. Авторы: Matt Kenyon

Жаңа жарлықта қаржылай инвестициядан гөрі нақты материалдық тәжірибеге көбірек мән беріледі. Жарлық мемлекеттік бағалы қағаздар немесе биржалық қорлар арқылы Қытайдағы пассивті инвестицияны тежемейді. Ақ үй шешімі америкалық венчурлық немесе жеке қорлардың Батыста жасалған маңызды материалдық емес активтерді – патенттерді, деректерді, бағдарламалық қамтамасыз ету мен интеллектуалды меншікті – Қытайға беруіне тыйым салады.

АҚШ-тан Қытайға стратегиялық инвестиция соңғы екі жылда айтарлықтай төмендеген. Қытайға бағытталған венчурлық капитал мен жеке капитал қорларының көлемі 2021 жылғы 95 миллиард доллардан 2022 жылы 14 миллиард долларға дейін төмендеген. Жаңа жарлық бұл ағындардың едәуір азаюына әкелетіні сөзсіз.

АҚШ пен Қытай арасындағы технологиялық бәсеке туралы мына видеодан көруге болады:

АҚШ әкімшілік қазірдің өзінде «тар аула, биік қоршау» қағидасына сәйкес жүздеген мүдделі тараптармен, соның ішінде өнеркәсіп, шетелдік одақтастар және басқа серіктестермен келіссөздер жүргізуде. Мұндай іскерлік кеңесулер америкалық биліктің шешімін құптайтынын көрсетуде.

Қазір батыстық саяси ортада «еркін нарық әрқашан мемлекетке қызмет етеді, керісінше болуы мүмкін емес» деген тұжырым жиі айтыла бастады. «Нарық бәрін реттейді» деген құндылықтар жаңа технологиялық дәуірде ұмытыла бастаған сияқты.

Мұндай басты құндылықтар мен көзқарастардың өзгерістері қазақстандық билікке де экономикалық саясатта мемлекеттің араласуын азайту парадигмасын қайта қарауына түрткі болар деп ойлаймыз.

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Sarote Pruksachat

Қазірдің өзінде АҚШ билігі қосарлы мақсатта пайдаланылатын технологияны «өте биік қоршаудың» ішінде бақылауда ұстау үшін барын салуда. Қазір америкалықтар фармацевтика мен биотехнология, жасыл энергия, кеме жасау және басқа да ұлттық қауіпсіздікке әсер ететін салаларда технологиялық жетекші рөлінен айырыла бастады.

Жетекшілікті қайтару үшін үкімет пен жеке корпорациялар бірлесіп күресетін жолдар іздеуде. Бірақ бұл мақсатқа жетелейтін бірыңғай жоспар жоқ.

Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде экономикалық құралдарды қолдану АҚШ-та бұрыннан болған. Конгресс күзде жұмысқа кіріскеннен кейін демократтар мен республикалықтар бірлесіп кең ауқымды секторлардағы сауда мен капитал ағынының Қытайға ағылуын мұқият бақылауға алу мәселесін жаңаша қарайды деген пікірлер де естілуде.

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Laurence Dutton

Ақ үйдің жаңа жарлығы Вашингтон мен Бейжіңнің қақтығысты «ушықтырып жіберді» деген көзқарастар да көп. Бұл жерде Шығыс пен Батыстың арасындағы мемлекеттік қауіпсіздік пен нарық мәселелеріне қатысты түсініктердің қарама-қайшылығын ескерген жөн.

Батыстық теорияларда қауіпсіздік пен нарық мәселелері бөлек қаралып келсе, Қытай үшін ұлттық қауіпсіздік пен экономикалық қауіпсіздік әрқашанда бір ұғым. 

Бұл жерде Шығыс пен Батыстың ортасында орналасқан Қазақстанның таңдауы қандай болуы керек деген мәселенің әлі де жауабы жоқ басы ашық мәселе болып қалып отыр.