Сыр өңірінің негізгі әуе қақпасы заманауи үлгіде бой түзеп, ел игілігіне пайдалануға берілетін күн де алыс емес. Бүгінде Б.Өтемұратов қорының ықпалымен «Қорқыт ата» әуежайында заманауи терминалдың құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Әуежай құрылысынан не жаңалық?
614
оқылды

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев осы терминал құрылысымен танысып, атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп отыр.      

Жалпы, өңірдегі қазіргі әуежай терминалы жылына 137 мың адамға қызмет көрсетуге не­гізделген. Онда жолаушыларға барлық жағдай жасалған. Дей тұрғанмен, заман талабына сәйкес халықаралық стандарттарға сай жаңа терминал салу қажеттігі көп жылдан бері өздігінен сұранып тұрған бола­тын. Соған сәйкес жаңа терминал салу ісі  жедел қолға алынды. 

Жоспарға сәйкес, жаңа терминал 220 мың адамды қабылдауға арналған. Ал жүк тасымалдау көлемі 150 тоннадан 240 тоннаға дейінгі межені құрайды. Яғни, жаңа әуежай халықаралық стан­дартқа сәйкес келеді.

«Әуежай құрылысының жалпы құны 33 млн АҚШ долларын құрайды. Негізгі алаңы 7 500 шаршы метр болатын әуежайда екі қабатты телес­копиялық трап жұмыс жасамақшы. Әуежайда жо­лау­шыларға, оның ішінде мүгедектігі бар жан­дарға да жағдай қарастырылған. Бұл тұрғыда эска­латор мен лифт қызметін іске қосу көзделіп отыр. Сондай-ақ жылдам әрі жайлы қызмет көр­сету, өзін-өзі тіркеу бағандары, жүкті беруді өң­дей­тін автоматтандырылған жүйемен жабдық­тал­мақ», – деп мәлімдеді облыс әкімдігі тарапынан. 

Мәліметке сәйкес, заманауи әуежайға қажетті жеделсаты Финляндиядан жеткізіледі. Ал телес­копиялық трапты Германиядан алғызыпты. Бір сөзбен айтқанда, құрылысқа қажетті құрал-жабдықтар түгелдей Еуропа елдерінен арнайы тап­сырыспен алынады. Жеке меценаттың қаржы­сы есебінен бой түзеген жаңа терминал өңірдегі бірегей архитектуралық стильдегі жоба саналады.

«Сыр елінің негізгі әуе қақпасы саналатын жаңа терминал заманауи сипатқа ие болуға тиіс. Бұл тұрғыда әуежай басшысына қор өкілдерімен бірлесіп, терминал құрылысына қажетті жұмыс­тарды жүйелі ұйымдастыру тапсырылды. Ең бас­тысы, құрылыс нысанының сапасы басты назарда болуы тиіс. Құрылыс жұмыстары 2024 жылы то­лық аяқталып, халықаралық стандарт­тарға сай жаңа терминалдың игілігін көретін боламыз», – деп мәлімдеді өз кезегінде облыс әкімі. 

Жалпы, «Қорқыт ата» әуежайында жылына 1 400-ге жуық рейс орындалса, жаңа терминал іске қосылған сәттен бастап бұл көрсеткіш 3 000-ға жетеді деп күтіліп отыр. Соған сәйкес тасымал­дану­шы жолаушылар саны 500 мыңға дейін артады деп жоспарланған. Сондай-ақ терминалда жүк тасымалының да көлемі артатын болады.

Мамандардың айтуынша, озық технология негізінде іргесі қаланған нысанды түгелдей ме­талдан тұрғызу көзделген. Жобаны түрік ком­паниясы әзірлеген. Ғимараттың сыртқы беті әйнекпен әрленіп, темірмен қапталмақ. Ең қы­зығы, аспаннан қарағанда жаңа терминал ұшқын құстың көрінісін бейнелейтін болады дейді жоба авторлары.

Негізінен, жолаушылар терминалының жаңа ғимараты қолданыстағы әуежайдың аумағында орналасқан. Ғимараттың бірінші қабатының биіктігі шамамен 8 метрді құраса, екінші қабаты 6 метрге жуықтайды.  Сонымен қатар жолаушылар терминалынан тіркеу орны, жалпы күту залы, билет кассалары, қоғамдық тамақтану орындары мен намазхана, ана мен бала бөлмесі және транс­ферлік жолаушыларға арналған зал, дербес тіркеу тіректерін ашу көзделуде.

Қазір жергілікті әкімдік тарапынан нысанға қажетті инфрақұрылым жұмыстары жүргізілуде. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы