Бүгінгі сөз Жақып жайында. Кә­дімгі Жақып Асанов. Жақсы жігіт. Жайдары. Жан шуағы маңайына төгіліп тұрады. «Қой асығы демеңіз, қолыңа жақса – сақа тұт. Жасы кіші демеңіз, ақылы асса – аға тұт» дейді біздің қазақ. Көп қазақтан ақылы асқан азамат. Сонысымен де елге сүйікті.
Өмір жолы – өнеге
2,091
оқылды

Жақып Қажыманұлы туралы сөз қоз­ғағанда, Абайдың «Адамның адамшылығы істі бастағанынан білінеді, аяқтағанынан емес» деген сөзі ойға оралады. Кейде Абай осы сөзді неге айтты екен деп ойланушы едім. Кез келген іс ниеттен басталады. Ниет дұрыс болса, қалғаны ретіне қарай жүреді. Сол секілді кез келген істі бітіруден бұрын бастау керек. Ал бастама жасау, істі бастау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Демек, Абай атамыздың сөзі – орынды сөз.

Жақып Қажыманұлының жақсы қа­сиеті көп. Іскер. Жауапты. Іскерлік із­деністен туады. Жауапкершілік – сүйекке сіңетін, тәрбиеден бастау алатын қасиет.

Жақып Асановтың өмір жолын көктей шолып қарағанның өзінде осы қасиеттер бірден андағайлап көрініп тұрады. 

С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған. Сыныптық шені – 2-ші дәрежелі мемлекеттік әділет кеңес­шісі. Заң ғылымдарының кандидаты. «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, «Қа­зақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медаль­дарымен, «Қазақстан Республикасы прокуратурасының құрметті қызметкері» омырау белгісімен марапатталған.

Университетті бітіргеннен кейін Қы­зыл­орда облыстық адвокаттар колле­гиясына тағылымдамашы болып қабыл­данады. 1986 жылдан 1993 жылға дейін Қызылорда облысының прокуратура ор­гандарында қызмет атқарып, Қызылорда қаласы прокурорының аға көмекшісі, облыс прокурорының көмекшісі, аға көмекшісі және облыстық прокуратураның бөлім бастығы лауазымдарында жұмыс істеді. Жас кезінен өзіне үлкен талап қоя білді. Соның арқасында еліміздің құқық саласында білгір маман болып қалыптасты.

1993 жылдан 1994 жылға дейін Бас про­куратурада Жалпы қадағалау басқарма­сының аға прокуроры, Жалпы қадағалау басқармасының банктер, қаржы-несие саласындағы және тексеру органдарындағы заңнаманың сақталуын қадағалау бөлімі­нің бастығы қызметтерін атқарады. 1994 жыл­дың қараша айынан 1996 жылдың қара­шасына дейін Президент Әкімшілі­гінің заңдылық, құқықтық тәртіп және сот реформасын қамтамасыз ету бөлімінде консультант, сектор меңгерушісі болып жұмыс істейді.

1996 жылы Оңтүстік Қазақстан облы­сы­ның Салық полициясы басқармасы бас­тығының бірінші орынбасары қыз­метіне тағайындалады. 1997 жылдан 2001 жылға дейін Бас прокуратурада Бас про­курордың аға көмекшісі – Әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қа­дағалау басқармасы бастығының орын­басары, кейін осы басқарманың бастығы, одан кейін Бас прокуратураның Мемле­кеттік органдар қызметіндегі заңдылықты қадағалау департаментінің бастығы қыз­метіне тағайындалады. 2001 жылғы ақ­паннан 2002 жылғы ақпанға дейін Алматы қаласы прокурорының бірінші орын­басары, 2002 жылдың ақпан айынан 2003 жылдың маусым айына дейін Павлодар облысының прокуроры болып қызмет атқарады.

Жақыптың өмірлік қағидаттары осы кезеңдерде толық қалыптасты деуге бо­лады. Адам баласы үшін Ақиқат пен Әділет – ең үлкен қағида. Осы жолда тура жүру – пышақтың жүзінде жүргенмен бірдей. Ер-азаматқа абыройдан артық капитал жоқ. Осы тұрғыдан алғанда Жақып Асановтың қолы да, ары да таза.

2003 жылдың маусым айында Жақып Әділет вице-министрі қызметіне тағайын­далады. 2005 жылдан 2006 жылға дейін Қазақстан кәсіпкерлері мен жұмыс беру­шілерінің «Атамекен» Жалпыұлттық Ода­ғының атқарушы директорының орын­басары, «Қазақстан коммуналдық жүйе­лері» АҚ-ның директорлар кеңесінің тө­рағасы, «Ордабасы» корпорациясы» АҚ-ның президенті және директорлар кеңе­сінің мүшесі қызметтерін атқарды. 

Жолсапар деген жақсы. Ұшақ үстінде, не қонақүйде, не болмаса кездесулерден қол босай қалып, жаяу қыдырыстайтын кездерде ұзақ сырласуға болады. Сондай бір сапардың реті биыл Мысыр және Израиль мемлекеттеріне Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың Бейбарыстың 800 жылдығына орай ресми сапарына орайласа түскен еді. Сол кезде Жақып Қа­жыманұлы­мен сағаттап сөйлесіп, сыр-сұхбат құруға мүмкіндік туды.

«Ордабасы» корпорациясы» АҚ-ның президенті және директорлар кеңесінің мүшесі болған кезімде маған жұмысты жаңаша құру тапсырылды,–дейді Жақаң. – Барлық қызметкермен танысып шық­тым. Басшылық құрамда адам көп. Кімнің немен айналысатыны белгісіз. «Мы­на­лардың жартысынан көбін босату керек» дедім корпорациядағы әріптестеріме. «Қалай?» деп олар таңғалды. Себебін тү­сіндірдім. «Онда солай жасаңыз» деді. «Кез келген өзіне құрметпен қарайтын фирма үміткерді түгелдей зерттеп алады. Себеп – біліксіз маманның оларға қымбатқа тү­сетінінде. Сондықтан бірнеше бөлімнен тұратын қатаң байқау өткізіледі. Әркім өз бағасын қояды. Осыдан кейін лайықтылар ғана қалады. Біз мұны кейін прокуратурада қол­данып көрдік. Әуелде сауалнама жүргіздік. «Бізге таныс-тамырсыз жұмысқа орналасуға бола ма?». Қорытындысы таңғалдырды. Қатысушылардың 93 пайызы «жоқ, мүмкін емес» деп жауап берген. Осы­дан кейін екінші қадамға көштік. Қабыл­дауды тоқтаттық. Республика бойынша мора­торий жарияладық. Сөйтіп, жұмысты жүйелі арнаға түсірдік».

2007 жылдан 2012 жылға дейін «Нұр Отан» ХДП партиялық тізімі бойынша Парламент Мәжілісінің IV және V шақы­рылымдарының депутаты, Парламент Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі болды. 2012 жылдың 6 қыркүйегінде Мемлекет басшы­сының Өкімімен Бас прокурордың орын­басары болып тағайындалды. 2016 жылғы 25 сәуірде Мемлекет басшысының Жар­лығымен Қазақстан Республикасының Бас прокуроры лауазымына тағайындалды. Бұған дейінгі Бас прокурор Асхат Дауыл­баев қызметінен кетіп, орнына орынбасары Жақып Асановтың тағайындалуы жұртшы­лыққа биліктегі кезекті ауыс-түйіс тәрізді көрінгені жасырын емес. Ұзақ жыл осы салада қызмет еткен Асановтың өзіне дейінгілердің ісін әрі қарай жалғастыра беретініне ешкім күмәндана қоймаған. Алайда Жақып Асанов бұл салаға да жаңашылдық әкелді. Бас прокурор болып тағайындалғанына үш ай өтер-өтпесте «Танысың, көкең болмаса өз күшіңмен бізге орналасу мүмкін емес деген ой қа­лыптасты» деп мәлімдегені ел есінде. Ол 2 мың кандидаттың ішінен 120 адамды про­куратураға қызметке екі конкурспен іріктеп, ешбір тамыр-таныссыз алғанын айтқанда талай адам айран-асыр болған. Бас прокурордың прокуратура мен Қазақстанның құқықтық жүйесі туралы сын пікірлері ақпарат құралдарында жиі тарап, әлеуметтік желіде кәдімгідей таңданыс туғызды. «Төрт ай бұрын 9 мың қылмыстық істің тең жартысы заңсыз қозғалған болып шықты», «екі-үш адам бастығын «қылмыс жасады» деп көрсетіп береді, содан соң бастығын қамап, әлгі­лерді куәгерге айналдырады, басқа дәлел жоқ» деген Бас прокурордың сөздері әлеу­меттік желіде желдей есіп жатты. Бұрын жабық саналатын мекеменің басшысы қасаң сөйлеу мәнерінен арылып, көп алдына шыққанда шешендігімен көзге түсті. Оның құқық қорғау органдарын сынағаны жұртшылықтың «ақылына сыймайтын» нәрсе еді. Қарамағындағы прокурорларды «халықпен түсінікті тілде сөйлесе алмайды» деп сөккен Жақып Асанов прокурорларды жұмысқа эссе жазу арқылы ой-өрісін тексеріп барып қа­былданатынын ескертіп, көркем әдебиет оқып, тіл ұстартуға шақырады. «Аса мәнер­леп сөйлеу, құрғақ сөздер, ешкімге түсі­ніксіз тіл. Жұрт біздің жауабымызды ұқ­пайды. Түсінбегендіктен БАҚ-қа, халық­аралық ұйымдарға барады. Мұны қалай түзетеміз? Адамша жауап беруге тиіспіз. Оқымаған адамның өзі де бізді түсінуі керек», — деп өз ойын негіздейді Жақып Асанов. Сол кезде кейбір ақпарат құрал­дары прокурорлардың «кітап іздеп, кітап дүкендерін аралап жүргені» туралы жарыса жазып жатты. Прокурорлар Сингапурдың бұрынғы президенті Ли Куан Юдың «Үшін­ші әлемнен бірінші әлемге» деп ата­ла­тын кітабын іздеп жүріп оқитын болған.

Жақып Қажыманұлы қай салада істесе де, бірінші Жүйелілік, екінші Жобалық менеджмент, үшінші Жауапкершілік қағидаттарын ұстанады. Бұл үшін адамның көзі ашық, заманауи жаңалықтардан хабардар болуы шарт. Прокуратура қыз­меткерлерінің алдына шығып, «Әрбір прокурор өскісі келсе, қазіргі заманғы менеджмент технологияларын білуге тиіс. Кітап оқыңыздар, бірқатарын атап өтейін: Стивен Кови «Өте тиімді жандардың жеті қабілеті». Барлық прокурорлар осыны оқы­ғаны жөн. Мұны оқып, өзгеретін­деріңізге, айналаға басқа көзқараспен қарайтындарыңызға сенімдімін», — дейді Жақаң. Сол кезде Бас прокурор оқуға кеңес берген кітаптардың арасында Радислав Гандапастың «Шешенге 101 кеңес» кітабы да болған екен. 

Президенттің ұсынуы бойынша Жақып Асанов Жоғарғы Соттың Төрағасы қыз­метіне сайланды. Жақып Қажыманұлы Жоғарғы Сотта бақандай бес жыл немесе 1 823 күн жұмыс істеді. Бұл тұста саланы жемқорлық, қызметті туыс-туғандарға «үлестіру» секілді көріністер жайлаған бо­латын. Судьялардың қызметіне, сот істе­ріне биік лауазымды тұлғалардың араласуы немесе қоғамдық пікір арқылы қысым жасау құбылыстары белең алып тұрған. Бұған тосқауыл қою үшін судьяларға түрлі жолмен заңсыз ықпал ету мүмкіндіктерін жою керек болды. Сондықтан Жоғарғы Соттың басшылығы толық дерлік жаңар­тылды.

Жоғарғы Сот Төрағасы жаңа жұмы­сында тағы да жаңашылдығымен көзге түсті. Жұмыс тәсілін өзгертті. Сот өкілде­ріне бірнеше ашықхат жазды.

«Әрбірімізді тағайындаған немесе судьялыққа ұсынған Мемлекет басшысы. Бізге мемлекет атынан сот төрелігін іске асыруды сеніп тапсырды. Сондықтан Пре­зидент алдында да, қоғам алдында да, әрбір азамат алдында да кәсіби жауапкершілік арқалаймыз. Халықтың сапалы сот төре­лігіне сұранысын қанағаттандыру – біздің күн сайынғы міндетіміз. Жақындарымыз бен туыстарымыз алдында да жеке жауап­тымыз. Судья ретінде де, тұлға ретінде де олардың алдында арымыз таза, беделіміз кіршіксіз болуы тиіс. Сондықтан сіздерге өтініш – кеңесу бөлмесінде қалып, сот шешімін шығарғанда тым болмаса: «Мен заңды және ар-ожданды басшылыққа аламын» деп бір рет іштей қайталаңыз.

Міне, осындай мазмұндағы хаттар сот төрелігін атқаратын лауазым иелерінің санасына қатты әсер етті. Әсіресе, Жоғарғы Сот Төрағасының бұқарамен ашық байла­нысқа шығуы бастапқыда тосын көрінген.

«БАҚ-та, әлеуметтік желілерде біз туралы, мен туралы әртүрлі әңгіме бар. Ше­шімдерімен құқықты қалпына келтір­ген, әділ ақтаған судьялар жайлы да жақсы пікір көп. Сын да бар, негатив те бар. Тіпті, мен реформатормын ба әлде ұраншыл, сөзінен ісі аспайтын демагогпін бе деген сұрау жүргізілген екен. Мұның барлығына түсіністікпен қараймын. Мұны мен дұрыс жаққа бағыт сілтейтін, қолға алған шара­ларымыздың дұрыс-бұрыстығын көрсете­тін компас ретінде қабылдаймын», – деп мәселені төтесінен қояды. Сондай-ақ Жа­қып Асанов қазақстандық сотқа қар­жы­лық тәуелсіздік алып берді. Екінші жетістігі – судьялардың жұмысы жеңілдеді. Асанов тізгінді алғанға дейін соттар тау бо­лып үйілген істердің астында еді. Істер саны 20 жыл бойы тек өсумен болды. 2018 жылы шырқау шегіне жетті: бір жылда судья­лар 4,5 млн істі қараған. Күніне 20 мың іс келіп түсетін. Әрбір судья күніне 11 істі, ал Алматы мен Астанада – 50 істі қа­­рай­тын.

«Біз арқылы миллиондаған адам мен бизнестің тағдыры өтеді. Өткен жарты жылда аудандық, қалалық судьялар 1,8 млн 800 мың іс пен материалды шешкен. Жұ­мыс күндеріне бөлсек, әрбір күн судьялар нақты қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер мен материалдар бойынша 13,5 мың шешім қабылдады деген сөз. Әрбір судья орта есеппен 7 қорытынды шешім қабыл­дайды. Жоғарғы Сотта 8 182 шешім қабыл­данған. Күніне – 67 деген сөз. Бұл күрделі, көпэпи­зодты істер», – деп барлық өзекті мәселені қоғам талқысына ашық шығара­ды.

Мұның сыртында коррупциямен күрес аясында барлық сот залын бейнека­мералармен жабдықтап, сот талқылауларын бейнетаспаға жазу, сот жұмысының за­манауи форматтарын және озық элек­трон­ды сервистерін енгізу міндеті алға қойыл­ды. «Бұрын адамдардың сотқа жеке өзде­рінің келуі талап етілсе, қазір оны алыстан жүзеге асыруға болады» дегенді ешкім өңі түгілі түсінде көрмеген еді. ІТ сервис ар­қылы сотқа ыңғайлы және кедергісіз жол ашылды. Сот өндірісін автоматтандыру және үнемді етуге басымдық берілді. Әлем­дік сот тәжірибесінің барлық мүмкіндігін қолданып, үлкен қормен жұмыс істеуді бас­тады. Яғни, жасанды интеллектке ба­сымдық беру. Компьютер аз уақытта бар­лық сот тәжірибесі мен заңдарды реттеп, қажетті сипаттама беретін болса, бұл да бір жетістік. Бұл әзірге қиялдағы дүние болып көрінгенімен, жақын болашақта іске аса­ды. Алдағы 2-3 жылда сот залында про­цестің барлық қатысушысын жинауды қажет етпейтін «виртуалды» соттар құру жоспары қарастырылды. Процеске қатысы бар азаматтар үйінде, жұмысында отырып-ақ процеске қатыса алатын мүмкіндік туды. 

Жолсапарда жүргенде Жақып Қа­жыманұлынан сыр суыртпақтап, Жоғарғы Соттағы қызметі қалай болғанын сұраймын ғой баяғы. Сонда ол: «Біз 7 ірі жобаны топ­тастырып, 7 команда әзірледік. Қалып­тасқан тәртіппен жұмыс істейтін маман­дарды іріктеп алдық. Оларға жобалық менеджмент бойынша курстар өткіздік. Біздің айтарымыз да, талқылайтынымыз да көп болды. Соның ішінде басты жетеуіне назар аудардық. Бірінші – әділеттілік. Адамдар не көреді? Ұқсас істердің әртүрлі шешімін көреді. Бірдей қылмыс жасаған адамның біреуіне 5 жыл, екіншісіне шарт­ты түрде 2 жыл кесіп, сот залынан босатып жібереді. Көптің көкейінде логикалық сұрақ пайда болады. Неге біреуі түрмеге қамалды, екіншісі неге босап шықты? Сот неге мұндай бассыздыққа жол береді? Анықтық жоқ жерде адамдар әділдік туралы айта ма? Қоғам соттың шешімін ғана емес, процестің өзін де бағалайды. Сотты қай кезде әділ деп таниды? Екі тарап­тың да жеңіске бірдей мүмкіндігі болған кезде. Судья екі тарапқа да мұқият әрі талапты бірдей қойған кезде. Сотқа қатысушылар судьяның соңғы шешіміне қатысты қанағаттанарлық түсініктеме алып, соттың өзіне деген құрметі мен сы­пайылығын көрген кезде. Мұндай кезде тіпті жеңілген тарап та сот шешімін түсі­ністікпен қабылдайды. Қылмыстық про­цесті алайық. Басты сын – айыптауға бейім­ділік. Тергеуші материалдарды жи­найды да, оны сотта дәлел ретінде мойын­дайды. Бұл дәлел ме, жоқ па, ол жағын айып­­таушы тарап шешеді. Ал қорғаушы тараптың мұндай құқығы жоқ. Бұл – тең құқықтық принципіне қайшы. Сондықтан сарапшылар кез келген материалды дәлел ретінде полиция мен прокуратура емес, сот бекітуі тиіс деп санайды. Сосын бір мәселе – сот процесіне дейін судьялар іспен та­ныс­қанда-ақ айыпталушының кінәлілігі туралы парадигма қалыптасады. Ол айып­тау міндетін бойына сіңіріп алады. Оған қорғалушы тараптың дәлелін адекватты қабылдау қиын болады. Ал екінші тараптың сөзін тыңдамаған жерде әділдік бар ма? Оған қоса, біздің айыптау актілеріміз үзілді-кесілді, бір мағыналы – жасады, қыл­мыстық ой болды, ұрлады деген сияқ­ты кілең етістіктерден тұрады. Халық­аралық соттарда басқаша стиль қалып­тасқан. Айыпталушы тараптың әрекеті басқаша сөздермен сипатталады: болжау, мәлімдеу, бекіту тағы басқа. Мұны прай­минг әсері деп атайды, яғни алғашқы нұсқа адамның (судьяның) ары қарайғы әре­кетіне және санасына әсер етеді. Бұл туралы Стивен Кови «7 дағды» еңбегінде анық жазған. Сот арқылы ақталған істің болмашы 0,2 пайыз ғана болып, айыптау үкімдерінің 99,8 пайызға жетуінің себебі осы емес пе? Сондықтан сарапшылар судья­ға барлық қылмыстық істі емес, тек айыптау актісін ғана беруді ұсынып отыр. Сонда екі тарап та ашық сот процесінде өз дәлелдерін бірдей ұсына алады. Президент сотта ешқандай «кездейсоқ» адамның болмауы қажеттігі туралы нақты тапсырма жүктеді. Бұл тақырыпты судьялар да көтеріп отыр. Сұрақ төтесінен қойылды. Сотқа біз кімді және қалай іріктеп аламыз? Қатаң ережелермен ашық іріктеу жүргіздік. Корпоративтік сектордан алып, өзімізге бейімдедік. Үміткерлерді өзіміз емес, Делойт, Прайс Уотер Хауз компаниялары және Назарбаев университетінің сарап­шылары бағалады. Үміткерлер өздерін кімнің бағалайтынын білген жоқ, ал сарапшылар кімге баға беріп жатқанынан хабарсыз болды. Құжаттар фамилиясыз, штрих-код арқылы берілді. 2 300 үміткердің арасынан іріктеуден 126 адам өтті. Әрқай­сысына қарап, лайықты жас мамандардың өткеніне көзім жетті. Бірақ осы жұмыс­тарды атқару барысында өзіме жақтастар­мен қатар атарға оғы болмай, өшіге қарай­тындар қатарын көбейтіп алдым-ау деп те ойлаймын», – деген еді.

Жақып Қажыманұлы: «Адам тағдырын конвейерге айналдырсақ, сапа қайдан болсын? Арызданып жүргендер бала-шаға, қалшылдаған қарт емес. Көбі бизнес жа­сап, жұмыс орындарын ашып, елге пайда келтіріп жүрген азаматтар. Кәсібін ысырып қойып, алтын уақыттарын соттасуға жұмсауда. Біреу меншігін даулайды, екін­шісі қарызын талап етеді, үшіншісі ең­бекақысын өндіргісі келеді. Үйдегі мәселе­сін сотта шешемін деушілер де көп. Ағасы інісімен, әкесі баласымен соттасып жатқан жағдай аз емес. Кәсіпкерден «жағдай қа­лай?» деп сұрай қалсаң, соттасып жа­тыр­мын деген сөзін жиі естисің. Сонда табиға­тынан сабырлы, жанжалды жақтырмайтын халқымыз дауға құмар болып кеткені ме? Басымыз піспей қалса, дереу сотқа жүгіре­міз. Қит етсек сол. Екі арадағы дауды сах­наға шығарып, айқай-шумен шешкіміз келеді. Бітімге келу, татуласу, келісу мәде­ниетіміз қайда жоғалып кетті? Сотқа арыз­ды бермей жатып, таныс іздей бастаймыз. «Сотта ағам бар, көкем бар» деп қорқы­тамыз. Сондағы мақсат – әділдік емес, оппоненттен өш алу, абыройын айрандай төгу.…Билер сотының түпкі мақсаты – екі жақты татуластыру, табыстыру болған. Дауды тек сот шешеді деген көзқарас бізде қатып қалған. Кейде басында ашуға беріліп, сотқа жүгініп, кейін басылып, «қатты кеткен жоқпын ба, алдыма келсе шешу жолын іздер едім ғой» деп жатамыз. Соттар осындай бейбіт жолды көрсететін, ұрыс-керіссіз, бір-бірін тыңдап, бір мә­мілеге келуіне жағдай жасайтын алтын көпір болуға тиіс. Сот, әкімдер, Ассамблея, партиялар болып осыны қолға алсақ. Қай кезде де сөзге тоқтаған халықпыз ғой. Бітімнің, татуласудың бар пайдасын жылы, сүйегіне өтетіндей, жүрегіне жететіндей сөздермен айтып үйренсек, онда қоғамда шағым да азаяды, жалпы ахуал да жақ­сарады. Соттасып, тартысып, араздасып жүрген адамдарда қандай көңіл болсын? Айтысып жүрген ағайындарымызды ком­промисске келтіретін, бітімге шақыратын, оның артықшылығын, ұтымды жағын ашып көрсететін, сотқа жеткізбей татулас­тыратын бір тиімді құрылым жасасақ, оған мықты мамандарды дайындасақ – ме­диатор, психолог, конфликтолог, отставка­дағы судьяларды және сөзге шешен, ойы жүйрік, халықпен тікелей сөйлесе білетін, тілін табатын, көндіре алатын тұлғаларды тартсақ қайтеді деген ұсыныс тастадым», – деп дау-дамайды шешудің халықтық тәсілін енгізуге бастамашы болғанын баяндады. 

Жоғарғы Сот Төрағасы лауазымында Жақып Асанов Қазақстанда ең бірінші болып мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына – әріптестеріне хат жазу тәжірибесін енгізді. Ол Жоғарғы Сотқа келген сәтінен бастап коммуникация мә­селесіне басым назар аударады. 8 айлық жұмысының ішінде ол 5 хат жазды. Олар­дың әрқайсысының нақты тақырыбы мен міндеті бар. «Аз жасалған жоқ, бірге жалғастырамыз!» деп аталатын бірінші хат 2017 жылдың 20 желтоқсанында жазылған. 2017 жылдың 28 желтоқсанындағы екінші хаты «Қазақстанның адвокаттары мен прокурорларына» деп аталған. Бұл хаттарда Ж.Асанов соттардың жұмысын жақсарту үшін ашық сұхбат бастауды ұсынады. «Не істейміз, не істейтін боламыз және нелік­тен?» деп аталатын үшінші хат 2018 жыл­дың наурызында жазылған. Онда Ж.Асанов сот жүйесін жаңғырту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жайында баяндайды. 2018 жылдың 26 сәуірінде жазған бесінші хатында сот жүйесін жаң­ғырту жайындағы әңгімесін одан ары жалғастырған. Сот актілерінің сапасына ерекше назар аударып, үздік сот актілері байқауының басталғанын және оның мақсатын жан-жақты ашып көрсеткен. «Сізбен біздің жауапкершілігіміз жайында. Кәсіби әрі жеке» деп аталатын бесінші хат 2018 жылдың 13 тамызында жазылған. Онда Жоғарғы Сот Төрағасы судьяларды сот әділдігін шығару барысында заң мен ар-ожданды басшылыққа алуға шақырған. Ж.Асановтың барлық хаты бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған.

Биылғы 24 қаңтар күні Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жақып Асановты Сенат депутаты етіп тағайын­дады. Сенаттың жалпы отырысында палата төрағасының орынбасары болып Жақып Асанов сайланды. Оның кандидатурасын Мәулен Әшімбаев ұсынған. Депутаттар Жақып Асановты бірауыздан қолдады. «Сенімдеріңіз үшін рақмет. Бұл – үлкен жауапкершілік. Мен оны түсінемін. Сол себепті өз міндеттерімді атқару үшін бар білімім мен тәжірибемді жұмсауға дайын­мын», – деді Жақып Асанов.

Бүгінгі сөз соңын заңғар жазушы Әбіш Кекілбайұлының «Адамдар әділ болса, өмір әрқашан әділ» деген аталы сөзімен түйіндегенді жөн көрдік.

Нұртөре ЖҮСІП,

сенатор