ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов кассалық фильмдерді мемлекеттік тілде дубляждау мәселесін көтерді.
«Вице-министрлердің, комитет төрағаларының және бағынысты мекеме басшыларының қатысуымен аппарат кеңесін өткіздім. Күн тәртібіндегі басты тақырып – көрермендердің сұранысына ие кассалық фильмдерді мемлекеттік тілде дубляждау.
Жыл басынан Қазақстанда бірнеше ірі кинопремьера өтті. Олардың кейбірі қазақ тілінде дубляждың болмауына байланысты көрермендеріміздің назарынан тыс қалып қойды. Мен халықтың пікірін үнемі бақылап отырмын. Біз бұл мәселені ешқашан естен шығармауымыз керек. Кассалық фильмдер аудиторияға мемлекеттік тілде қолжетімді болуы қажет», – дейді министр.
Асхат Ораловтың айтуынша, былтыр Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен көрермендердің қызығушылығын тудырған 3 кинопремьера қазақ тіліндегі дубляжбен шықты.
«Биыл біз мәдениет саласын дамытудың 7 жылдық тұжырымдамасын әзірлеп, Үкімет қаулысымен бекіттік. Енді жыл сайын кем дегенде 15 кинопремьераға қазақ тілінде дубляж жасалуы керек деген міндет қойдық.
Наурыз айында мемлекеттік тілге дубляж жасау үшін фильмдерді іріктеу ережесін бекіттім. Министрлік алдағы бірнеше жылда жалпы прокаттағы қазақ тіліндегі фильмдердің үлесін 30%-ға дейін жеткізуге ниетті. Бұл көрсеткіш кассалық шетелдік фильмдерге мемлекеттік тілде дубляж жасау арқылы да артуы тиіс», – дейді ол.
Министрдің айтуынша, тағы бір өзекті мәселе – қазақша дубляжбен шығатын картиналар сеансы әрдайым көрермендерге ыңғайлы уақытта қойыла бермейді.
«Бұл туралы да маған әлеуметтік желіде жиі жазады. Фильмді мемлекеттік тілде көргісі келетіндер көбінесе түнде киноға баруға мәжбүр. Бұл, әрине, дұрыс емес.
Біз кинотеатрлардың жекеменшік кәсіп нысаны екенін түсінеміз. Дегенмен де мемлекеттік тұрғыдан біз дүниежүзі көретін кинопремьералардың қазақ тілінде және ыңғайлы уақытта көрсетілуін қамтамасыз етуге міндеттіміз. Сондықтан жеке кәсіпкерлермен, кинотеатрлардың иелерімен осы бағыттағы жұмысты жандандыру қажет», – деп түйіндеді сөзін Асхат Оралов.
Фото: kazfootball.kz