Мәжіліс депутаттарының өңірлерге сапары жалғасуда. Олар жергілікті тұрғындармен кездесіп, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдап, түрлі нысандарды аралап, елді мекендердің тыныс-тіршілігімен танысуда.
Қалаулылар халық арасында
561
оқылды

Мәселен, Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракция­сы­ның мүшелері Павел Казанцев пен Марат Бәшімов Астана қаласындағы қоғамдық орындардың жай-күйімен, елорданы абаттандыру және көгал­дан­дыру жұмыстарымен танысты. Ха­лық қалаулылары «Байқоңыр» ау­­данының қоғамдық орындарын, атап айтқанда, Кенесары мен Егемен Қазақстан көшелерін аралады. Марат Бәшімов Астана тұрғындарға жайлы қала болуы керек екенін атап өтті.

«Қоғамдық орындар – қазіргі заманауи қалаларды дамытудың өзегі. Қала тұрғындары демалатын және серуендейтін орындар, жаяу жүр­­гіншілер аумағы, алаңдар, кө­ше­лер, скверлер, бульварлар халықтың өмір сапасына тікелей әсер етеді. Олар БҰҰ индикаторында бірінші орын­да тұр. Сондықтан қоғамдық орын­дар мен аулаларды дамыту мә­се­лесі партияның сайлауалды бағ­дар­­ламасында қамтылған. Тиісінше, бұл жұмыс депутаттар бақылауында бо­лады. Осындай жабдықталған орын­дарды елорданың өзге де аудан­дарынан, тіпті еліміздің барлық қа­ла­сынан көргіміз келеді. Президент қаланы көркейту барысында орын алатын олқылықтарды сынға алды. Се­бебі тұрғын үй тұрғызылғанымен, оған жақын маңда мектеп, балабақ­ша, аурухана, тіпті демалуға арналған аула салынбайды. Күні кеше ғана Бай­қоңыр кеш дамып келе жатқан ау­дандардың бірі еді. Бүгінде аудан гүлденіп, ата-аналар балаларымен бір­ге серуендей алатын керемет алаң­­дар пайда болды. Дамыған әлеу­меттік инфрақұрылымсыз баянды бо­лашақ болмайды», – деп атап өтті мә­жілісмен.

Депутаттар он үштен астам шағын ар­хитектуралық нысан орналасқан Журналистер аллеясына барды. Онда арка, күн сәулесін көлегейлейтін ша­тырлар, үстел үсті шамы, ақпарат­тық газет, балаларға арналған мозаи­ка, «Журналист және оператор» мү­сі­ні бар. Сонымен қатар 230-дан ас­там жасыл желек отырғызылды. Мә­жіліс депутаты Павел Казанцевтің айтуын­ша, бұрын мұнда жылу беру магистралі тартылған болса, қазір елорда тұрғын­дары мен қонақтары демалатын жай­лы демалыс орнына айналды. 

«Тез көркейіп келе жатқан қалада, әдетте, демалыс инфрақұрылымы сәл кешеуілдеп дамиды. Дәл қазір біз Журналистер аллеясында тұрып, бұл жердің қалай өзгергеніне куә болып отыр­мыз. Оның үстіне, мұнда жастар тұра­тын бірнеше тұрғын үй кешен­дері бой көтерді. Былтыр Байқоңыр ауданында небәрі 2 қоғамдық орын болса, биыл оның саны 9-ға жеткізіл­мек. Сондай-ақ құрылыс барысында қандай материалдар пайдаланылаты­ны­на назар аудару қажет», – деді ол. 

Депутаттар «7 Континент» тұрғын үй кешенінің ауласын тексерді. Онда 2 спорт алаңы, демалыс аймағы, ба­ла­лар ойын алаңдары, воркаут айма­ғы, жүгіруге арналған жол, орындық­тар және әткеншектер орнатылған. Бүгінде «Байқоңыр» ауданында осын­­дай 23 қоғамдық орынды пай­да­лануға беру жоспарлануда.

Айта кетейік, «AMANAT» пар­тия­сының Астана қалалық сайлауал­ды бағдарламасы аясында алдағы бес жылда 120 спорт алаңын орната оты­рып, 796 ауланы абаттандыру жос­парлануда. Бұл 750 мың тұрғынға қолайлы орта қалыптастыруға мүм­кіндік береді. Сондай-ақ қатты тұр­мыстық қалдықтарға арналған 2,4 мыңнан астам контейнер орнатылып, 175 контейнер алаңы жабдықталады. Бұған қоса, елордадағы «Темір жол», «Көктал», «Өндіріс», «Оңтүстік-Шы­ғыс» және өзге де тұрғын алаптарында аула аумағы абаттандырылады.

Аманаттық депутаттар Шымкент қаласында да жүр. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракция­сы­ның мүшесі Болатбек Нажметдинұлы елі­міздегі үшінші мегаполис санала­тын шаһардың Ішкі істер қызмет­кер­лерімен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. Қалалық По­ли­ция департаментінің ұжымы­мен жүздескен ол жедел басқару ор­талығының (ЖБО) жұмысымен танысты. Полицейлердің айтуынша, Шымкентте қылмыс деңгейін және төтенше жағдайлар қаупін азайту бойынша арнайы іс-шаралар қолға алынған. Осы ретте шаһарда «Қауіп­сіз қала» бағдарламасы сәтті жүзеге асы­рылып келеді. Полиция депар­та­ментінің жедел басқару орталығында 11 мыңнан астам бейнебақылау ка­мерасы біріктірілген. Соның нәти­же­сінде жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін автоматты түрде тір­кеуге, қиылыстардағы және тұр­ғын үйлердің аулаларындағы қоғам­дық тәртіпті бақылауға болады.

Сонымен қатар «Қауіпсіз мектеп» бағ­дарламасы аясында 186 мемлекет­тік және жекеменшік мектептерде 3,3 мыңнан астам бейнебақылау ка­мерасы орнатылды. Оның 2,5 мыңға жуығы аталған орталыққа қосылған. Тағы 260-қа жуығы жерасты өткел­де­рінде, денсаулық сақтау нысан­дарын­да, сауда орталықтарында, дү­кендер мен базарларда қойылған. Бейнебақылау камераларының кө­ме­гімен осы жылдың жеті айында Шым­кентте 300-ге жуық қылмыс ашы­лып, 33 мыңнан астам әкімшілік құ­қықбұзушылық анықталды.

Болатбек Нажметдинұлы ха­лық­пен кездесулері кезінде мопедтер мен электр скутерлер тарапынан жол қоз­ғалысы ережелерін бұзу мәсе­ле­лері жиі көтерілетінін атап өтті. Де­путат заңнамалық деңгейдегі   өз­ге­ріс­­терді ескере отырып, осы көлік түр­леріне бақылауды күшейту қа­жет­тігіне назар аударды. Сондай-ақ бө­лінген қаражатты тиімді пайдалану жә­не жұмыс сапасын арттыру мә­се­лесіне ерекше тоқталды. 

Полиция қызметкерлерімен әң­гіме барысында кадр тапшылығын ше­шу, құқық қорғау органдары қыз­метінің беделін арттыруға қатысты сұрақтар да талқыланды.

Нұрлан ҚОСАЙ