Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күн қалды. Бірақ еліміздің кейбір өңіріндегі оқушылар алғашқы қоңырау қағылған сәтте мектеп та­балдырығын аттай алмайды. Өйт­кені биыл 260 мектеп күрделі жөн­деуден өтуі тиіс еді.
Апатты мектептен арылу – арман
987
оқылды

Алайда 66 білім ошағындағы жөндеу сабақ бастал­ғанша аяқталмайды. Мектептегі құрылыс жұмыстарының мерзімінен кешігуіне мердігер компаниялар кінәлі ме? Әлде жұмыс барысын қа­дағаламаған жергілікті билік кінәлі ме?

Елімізде 66 мектепте жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары 1 қыркүйекке дейін аяқталмайтын түрі бар. Оның 48-і жыл аяғына дейін пайдалануға берілсе, өзгесі оқушыларды келер жылы бір-ақ қа­былдай алады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты. Еліміз­де онсыз да мектеп тапшы екені белгілі. Шалғайдағы ауыл баласы енді қайда барып оқиды? 

– 28 мектеп өз ғимараттарында оқитын болады. Ол жердегі жөндеу жұмыстары оқу процесіне кедергі жасамайтындықтан, ол балаларды өз мектептерінде қалдырылып отыр. Екінші, 26 мектептің оқушысына көршілес жақын мектептерде оқу қарас­тырылған. Оқу процесіне зиян келтірмеу жағы да қатаң бақылауда ұсталынып отыр. Сонымен қатар 10 мектеп бейімделген ғи­мараттарда оқитын болады. Ал 16 мек­тепте тасымалдау жұмыстары қолға алы­нып отыр, – дейді Ғани Бейсембаев. 

Апатты жағдайдағы мектебі бар ауыл «жаңа мектепті» аңсамайды. Тек құрылыс жұмыстарының ала жаздай бітпегеніне налиды. Мердігерлер мен жергілікті құ­рылыс басқармаларының салғырттығынан оқушылар бір жыл бойы өзге ауылға қаты­нап қиналатын болды. Жалпы, осындай проблемалық мектептердің саны – Алматы (53), Батыс Қазақстан – (26), Түркістан – (20), Маңғыстау – (17), Атырау (16) облыстарында басым. 

Барлық өңірдің бас ауруына айналған

Апатты мектептерді жөндеу жұмыстары кейбір өңірде әлі аяқталмаса, кейбір ай­мақтағы оқушылар апаттық жағдайдағы мектепте оқуға мәжбүр. Айталық, Абай облысында үш білім ошағы апаттық жағ­дайда деп танылған. Жаңа оқу жылында олардың кейбірінде қауіпті болса да сабақ жалғаспақ. Мәселен, Ақсуат ауданындағы Екпін ауылындағы мектеп 1991 жылы қолданысқа берілген. Екі жыл бұрын білім ошағы орналасқан ғимаратты мамандар «апатты жағдайда» деп таныған. Бірақ төбесінен жаңбыр жауса су сорғалайтын, қабырғалары көгеріп, үгіле бастаған ғи­маратта қауіпті болса да балалар әлі оқып келеді. 

– Көктем кезінде, қар ерігенде каби­неттің бәріне су ағады. Үшінші қабатты былтырдан бері жауып тастады. Сондай жағдай болғаннан кейін. Балаларымызды оқытуға тура келеді. Өйткені осында тұ­рамыз. Басқа мектеп жоқ қой ауылда. Ба­лаларымыз талапқа сай мектепте оқыға­нын қалаймыз, – дейді Екпін ауылының тұрғыны Жанар Жаңамергенова.

Қазір мектеп ғимаратының үшінші қабаты мүлдем жабық тұр. Ал спорт залы­ның қабырғасы үгіліп құлаудың аз-ақ алдында. Сондықтан оған бес жылдан бері ешкім кірмеген. Абай облыстық Білім басқармасындағылар мәселені жақсы біледі. «Мектеп күрделі жөндеуден өткізуге жарамайтындықтан, жаңасын салып береміз» деп уәде еткен.

Ал Шығыс Қазақстан облысындағы Ақжар ауылында мектепте жоспарланған күрделі жөндеу іске аспай қалған. Қыдыр­бек Біләлов атындағы мектеп лицейі, облыста білім көрсеткіші бойынша үз­діктер қатарында. Алайда қабырғасы сыз тартқан, есік, терезесі ескірген, парта, орын­дық пен тақтасы Кеңес заманынан бері ауыспаған ескі мектепке жаңа оқу жы­лында балалар қайта келеді. Биыл күр­делі жөндеуге 119 миллион бөлінген. Бірақ келісімшарт жасаған мердігер қаржының аздығын желеу етіп, жөндеуден бас тар­тыпты.

– Мердігер компанияға келісімшарт негізінде аванстық қаражаты аударылған. Алайда олар бөлінген қаржы жөндеуге жет­пейтінін, оның көлемін арттыру ту­ралы мектепке ұсыныс жасаған. Нәти­жесінде, күрделі жөндеу әлі басталған жоқ. Сот процесі жүргізіліп жатыр, – дейді Тарбағатай аудандық білім бөлімінің басшысы Самал Дәуітбаева.

Атырауда да дәл осындай жағдай. Құрманғазы ауданында М. Ломоносов атындағы мектептің құрылғанына 80 жыл болған. Бүгінде білім беру мекемесінің жағдайы нашар. Мектеп құрылған уа­қыттан бері мүлдем жөндеу жұмыстарынан өтпеген. Білім беру мекемесінің қабырға­лары сөгілген, едені шұрық тесік, төбесі опырылуға шақ тұр. Сондай-ақ мектеп ди­ректорының сөзінше, білім беру меке­месінде спорт алаңы мен асхана қарасты­рылмаған. Ал Құрманғазы ауданы әкімінің айтуынша, биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жоба бойынша 2 білім беру мекемесінің құрылысы басталған. 

– Құрманғазы ауданында Президенттің тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» жобасымен 2 мектептің құрылысы бастал­ды. Біреуі Ақкөл ауылында, екіншісі – Ломоносов атындағы орта мектеп. Аталған мектептер 600 орындық, әрқайсысында спорт алаңы қарастырыл­ған. Құрылыс жұмысын 2024 жылға дейін аяқтау жос­пар­ланып отыр, – деді Құр­манғазы ауда­нының әкімі Абат Жанғалиев. 

Бірақ әкімдер уәде беруден шаршаған ба? Жөндеу жұмыстарының уақытылы аяқталуы тек аудандық басқарманың қо­лында емес, мердігерлердің жауапкер­шілігінде. 

Мердігерлер неге жауапсыз?

Биыл құрылысы жаңа оқу жылына дайын емес мектептер саны күрт көбейген. Мердігерлердің айтуынша, бұған құрылыс материалдарының қымбаттауы да әсер етіп отыр. Бірақ заң бойынша конкурсты жеңіп алған мердігерлерге бюджеттен қо­сымша қаржы бағытталмайды. Дегенмен құрылыс материалдарының қымбаттауы мердігерлердің кінәсін толық ақтамайды. Өйткені елімізде жыл сайын жаңа оқу жы­лына қалып, құрылысы 6 жылға созылып келе жатқан мектептер де бар. Көкшетау­дағы 410 орындық үш қабатты мектептің құрылысы 2016 жылдың күзінде басталған. Сол сәтте жергілікті билік пен мердігер ком­пания мектепті 2017 жылы-ақ пайда­лануға беруді уәде етіпті. Алайда олар 6 жылдан бері сол уәдесін орындай алмай келеді. Ендеше құрылыс жұмыстарының мерзімінен кешігуіне әкімдік те жауап беруі керек. Себебі тендер өткізіп, бюджет­тен қаржы бөлінген соң мердігердің жұмысын тікелей қадағалап отыру жергі­лікті әкімдіктің құзыретінде. Дегенмен мердігерлер «биыл бітіреміз» деген құрғақ уәдемен уақыт өткізе береді. Осылайша, құрылыс жұмыстары кейінге қалып, зар­дабын ата-ана мен оқушы тартады. 

Былтыр Жамбыл облысының әкімі жүгенсіз кеткен мердігерлерге айыппұл төлетті. Қордай ауданындағы 150 орынды мектептің құрылысына жауапты болған «Шұғыла-2002» ЖШС-ына 1,2 миллион теңге айыппұл салынған. Ал Қалғұты ауы­лындағы 180 орындық мектептің құ­рылысын жүргізген «Тебер дастройсервис» ЖШС-ына 312,6 мың теңге көлемінде айыппұл белгіленген. Бірақ болмашы айып­пұл мердігерлерді сабасына түсір­меген сыңайлы. 

Сонымен қатар барлық жергілікті әкім­дік мердігерлерге мұндай талап қой­майды. Осындай сәтте оқушылардың болашағы үшін қоғам белсенділері де үнсіз қалмауы керек. Айталық, Төлеби ауда­ны­ның бел­сенді ұстазы Гүлманат Байзақова Қостөбе ауылындағы мектептің апатты жағдайда тұрғанын басшылыққа дәлелдеп, бюджет­тен ақша бөлдірген. Ол ауыл бел­сенділерін жинап, мердігерлерге арнайы талап қойып отыр және жөндеу жұмыс­тарын қада­ғалауды өз жауапкершілігіне алыпты. 

– Мердігер компания мектеп құрылы­сына байланысты тендерді алған кезде ойланып алуы керек. Сондықтан уақы­тында мектептегі жөндеу жұмыстарын аяқтамағаны үшін мердігер компаниялар кінәлі. Қыркүйек айына дейін бітпеген құрылыс, бір апта қалған кезде де аяқтал­майды. Қыста аяқтаймыз деп уәдені үйіп-төгетін мердігерлердің жұмысы сапасыз болады. Бұл мәселеде екінші кінәлі жақ –технодор. Мердігерлер арнайы форма тол­тырып, қанша материал алғаны жөнін­де есеп беріп отыруы қажет. Ал технодор сол есептерге қол қояр алдында бәрін қа­дағалауы қажет. Үшінші – мектеп басшысы кінәлі. Ол күндіз-түні құрылыстың ба­сында жүруі керек. Қазір директорлар: «Құрылыспен айналысқанымыз «мұғалім мәртебесі туралы» заңға қайшы» деп ақ­талады. Бірақ директор мен мұғалімді шатыстырмағанымыз абзал. Директорлың тікелей міндетіне мектептегі құрылыс жұмыстарын бақылау кіреді. Олар Құры­лыс басқармасына хабарласып, жағдайды мәлімдеп отыруы керек. Құрылыс басқар­масы мердігерге тапсырыс беруші ретінде жұмыстың уақытылы жүзеге асуын тек­серуі керек, – дейді Гүлманат Байзақова. 

Қыркүйектен кешіккен құрылыс жұ­мыстары көп жағдайда қыста аяқталады. Мердігерлер «тапсырсам болды» деп құ­тылуға асығады. Ал ата-аналар тарапынан бекітілген кестеден кешігіп, жөндеу жұ­мыстары қыс мезгілінде орындалған соң сапаға қатысты мәселелер де жиі туын­дайды. Сондықтан қоғам белсенділері мердігерлер жұмысына жауап бере алмаса, айыппұл төлеп қана құтылмай, келесі тендерге қатыспауы қажет деп санайды.

Көктем ҚАРҚЫН