Қысқа ғана уақытта ұлы тұлғалар шыққан өңірдің әлеуметтік-экономикалық өміріне жан бітті деуге болады. Бұл Мемлекет басшысы қабылдаған былтырғы тарихи шешімнің өте орынды да батыл қадам болғанын көрсетеді.
Осы кезең ішінде Абай облысы негізгі капиталға салынған инвестицияның өсу қарқыны бойынша көш бастап тұр. Облыс көлемінде өсім 54,3%-ды құрады. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың өзі атап өткен болатын. «Осы жылдың қаңтар-шілде айындағы әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық көрсеткішінен Қазақстан өңірлері арасында Абай облысы алдыңғы орында. 7 экономикалық көрсеткіштен өңірлер арасындағы жалпы жағдай келесідей: барлық көрсеткіштен оң өсім 6 өңірде – Абай, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында байқалды. Негізгі капиталға салынған инвестицияның өсу қарқыны 12,4%-ды құрады. Инвестициялар ағыны көлік және қойма саласында – 57,7%-ға, білім беруде – 24,3%-ға, саудада – 22,6%-ға, ауыл шаруашылығында – 21,3%-ға, сондай-ақ өнеркәсіпте 9%-ға, тау-кен өнеркәсібінде 3,8%-ға өскен. Өңірлер арасында ең жоғарғы өсім Абай, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында тіркелді. Алдын ала қорытынды бойынша сыртқы сауда тауар айналымы 4,3%-ға өсіп, 67,2 млрд долларды құрады», – деді министр.
Оның айтуынша, тұрғын үйді пайдалануға беруде де ең жоғары көрсеткіштер Ұлытау және Абай облысында, сондай-ақ Алматы және Астана қалаларында тіркелген. Осы жылғы қаңтар-шілде айында 8,6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Абай облысында өңдеу өнеркәсібі саласында да өсім бар, оның ішінде машина жасау өндірісінде бұл көрсеткіш 28,7%-ға және электр жабдықтарын жасау өндірісінде 34,4%-ға артқан. Облыс агроөнеркәсіп кешеніндегі көрсеткіштерден де көш бастап тұр. Мұнда жалпы өнім көлемі 2,6%-ға артқан. Ұлттық жоба аясында жүзеге асып жатқан АӨК-ті дамыту жоспары еңбек өнімділігін екі жарым есеге арттыруды, агроөнімдер экспортын екі есеге ұлғайтуды және бәсекеге қабілетті агроөнеркәсіптік кешен құруды көздейді. Ұлттық жобадан күтілетін нәтиже – ауыл шаруашылығында жұмыспен қамтылған бір адамға еңбек өнімділігін 6,2 млн теңгеге дейін ұлғайту; өңделген өнімнің үлесін 70%-ға дейін жеткізе отырып, агроөнеркәсіптік кешен өнімінің экспортын ұлғайту; ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысын 2019 жылғы 115,4 мың теңгеден 2025 жылы 230,8 мың теңгеге дейін арттыру. Облыс экономикасының агроөнеркәсіптік секторын дамыту жөніндегі Абай облысының даму жоспарын іске асыру 20 көрсеткішті қамтиды. Қазір нысаналы индикаторларды іске асыру жоспарға сай жүріп жатыр.
«Агроөнеркәсіп кешені биылғы алты айда 22,2%-ға өсті. Осы кезең ішінде 670 млрд теңгеден астам өнім өндірілген. Сонымен қатар облысқа 230 млрд теңге шамасындағы инвестиция тартылды. Қазіргі көрсеткіш бойынша инвестиция тартудан облыстағы өсім 154,2%-ды құрап отыр. Бірінші жартыжылдықта облыс тұрғындары 130 мың шаршы метрден астам тұрғын үйге қоныстанды. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық жобасы шеңберінде 65 медициналық нысан салу жоспарланған. Аудандық ауруханаға медициналық техниканы сатып алуға 45,4 млн теңге қарастырылып отыр. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 511 млн теңгеге 4 мәдениет мекемесін қайта жаңартып, жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Сондай-ақ аудандық мәдениет үйінің ғимаратын ағымдағы жөндеуге облыстық бюджеттен 55,7 млн теңге бөлінді», – дейді облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев.
Өңір басшылығы бүгінде маусымдық дайындық жұмыстарына баса назар аударып отырғанын айтады. Оның бірі жаңа оқу жылына дайындық болса, енді бірі – жылыту маусымына дайындық. Мәселен, облыста оқушы орнының тапшылығы мәселесі бар. Оны «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 5 700 орындық 11 мектеп салу және 2 100 орындық 6 мектепке қосымша құрылыс жүргізу арқылы шешу жоспарланған. Былтыр 1 700 орынға арналған 4 мектеп пайдалануға берілген. Аудандағы кейбір білім беру мекемелерін салу, жөндеу жұмыстарын жүргізу, модификацияланған кабинеттерді сатып алуға бағытталған шаралар облысты дамытудың 2026 жылға дейінгі кешенді жоспарына енгізілген.
Осы ретте Абай облысының білім беру ұйымдарында 2023 жылдың қыркүйек айынан бастап бастауыш сынып оқушылары әлеуметтік жағдайына қарамастан тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілетінін атай кеткен жөн. Олардың жалпы саны – 40 мыңға жуық. Бұл мақсатта жергілікті бюджеттен 1,2 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінген. Қазір дайындық жұмыстары жүргізіліп, ас мәзірі бекітіліп жатыр. Мәзірде құрамында балалардың жасына, физиологиялық қажеттіліктеріне сәйкес келетін тамақ өнімдері болуы тиіс. Сондай-ақ, бастауыш сынып оқушыларымен қатар балабақшадағы көпбалалы отбасынан шыққан 5 700 бала тегін тамақтанады.
Ал жылыту маусымына дайындық қатаң бақылауда. Осы мақсатта жалпы сомасы 8 098,2 млн теңгеге жылу желілері мен жылу көздерін жөндеу және қайта жаңғырту бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Бұл жұмыстар 30 қыркүйеке дейін аяқталуы тиіс. Сондай-ақ жылыту маусымының басына қарай «Ғаббасов» және «Центр» қазандықтарын қайта жаңғыртуды аяқтау жоспарланып отыр. Қазір екі қазандықта да жұмыс 80% аяқталды. Жалпы, Абай облысын орталықтандырылған жылумен жабдықтауды қуаты 100 Гкал/сағаттан асатын 4 ірі жылу орталығы және қуаты 100 Гкал/сағаттан кем 40 жылу көздері жүзеге асырады. Олардан бөлек, облыс бойынша бюджеттік ұйымдарды жылумен жабдықтауды 273 дербес қазандық қамтамасыз етеді.
Ал аулаларды абаттандыру, қоғамдық кеңістіктерді ұйымдастыру жұмыстарына келер болсақ, өңірдің өңі кіріп келеді деуге болады. Жыл соңына дейін Семей қаласының әкімдігі шаһарда 70 аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандыруды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, Курчатов қаласында «Казцинк» ЖШС меморандум аясында 12 ауланы абаттандыру жұмыстарын жүргізеді. Ал Ақсуат ауданында 20 аула мен қоғамдық орынды абаттандыру жоспарланған. Сондай-ақ Жарма ауданының әкімдігі 7 елді мекенде абаттандыру жұмыстарын бастады. Бородулиха ауданында 3 балалар алаңы мен 3 футбол алаңы орнатылады. Бесқарағай ауданында 2 қоғамдық кеңістік жөнделеді және жасанды жабынмен 2 футбол алаңы орнатылады. Көкпекті ауданында да 2 футбол алаңы мен саябақ құрылысы жұмыстары басталып кетті.
Облыс тынысын сөз еткенде тоқтала кететін тағы бір жайт – мұнда жыл басынан бері мемлекеттік қызметтердің 98,1%-ы электронды түрде көрсетілген. Абай облысының жергілікті атқарушы органдары бірінші жартыжылдықта 2,791 млн мемлекеттік қызмет көрсетті. Оның қашықтан көрсетілген қызмет саны – 2,739 млн. Ал ұсынылған қызметтің 0,01 пайызы, яғни 344-і қағаз түрінде ұсынылған. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы (ХҚО) арқылы – 1856 (0,66%), ал «Электрондық үкімет» порталы арқылы – 1 318 442 қызмет (47,3%) берілген. Қызметтің бір бөлігі «Е-лицензиялау» порталы арқылы жүзеге асырылды. Оның жалпы саны 12 341 (0,44%) құрады. Электронды түрде көрсетілетін қызметтің ақпараттық жүйелері арқылы, оның ішінде қызмет алушымен тікелей байланыссыз – 917 054 (32,8%), тікелей байланыс арқылы 491 203 (17,6%) құжат ұсынылған. Былтырғы көрсеткішпен салыстырсақ, екінші жартыжылдықта 2,514 млн қызмет көрсетілсе, оның 96,8% электронды түрде жүзеге асырылған.
Ұлы Абай туған топырақтың бүгінгі тынысы қысқаша айтқанда осындай. Аз уақытта бірқатар көрсеткіште көш бастап шыққан облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті қуантады. Былтыр қабылданған саяси шешімнің серпіні өңір халқының әл-ауқатын көтерді. Абайша айтқанда, «Жол қуған қазынаға жолығады», жас облыс дамудың даңғыл жолына түсті.
Нұрлан ҚОСАЙ