Қазақстанда қағаз бен қалам да қымбаттады.
Кітап, дәптер, қалам қанша есе қымбаттады?
1,248
оқылды

Биыл шілде айындағы мәлімет бойынша, бір жылда кітап пен кеңсе тауарлары 44,7% қымбаттады. Бұл туралы Aikyn.kz Naryk.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

Оның ішінде, кітаптар 15%, оның ішінде шет тілінің сөздіктері 15% қымбаттады; Кеңсе тауарлары 64,4% қымбаттады. Оның ішінде А4 қағазы – 99,6%, мектеп дәптері – 77,2%, сурет дәптері – 44,1%, түрлі түсті қарындаштар жиынтығы – 41,9%, қалам – 38,6% қымбаттады.

Өңірлер бойынша кітап пен кеңсе тауарлары ең қымбат қала – Астанада бір жылда 76,2%-ке өсті. Одан кейін Ақтөбе (68,5%), Батыс Қазақстан (60,1%), Ақмола (59,1%) және Шығыс Қазақстан (58,3%-ға) облысында да айтарлықтай қымбаттады.

Ақылы білім беру құны  2023 жылдың шілде айының қорытындысы бойынша, баға бір жылда 13% өсті. Оның ішінде мектепке дейінгі және бастауыш білім беру қызметі – 10,4%, орта білім – 8,3%, кәсіптік орта білім – 18,7%, жоғары білім – 14,4%, ересектерге арналған білім – 16% қымбаттады.

Өңірлер бойынша баға ең көп Түркістан облысында өсті – 26,3%. Одан кейін Қостанай (26,2%) және Ұлытау (25,9%) облыстары. Ал баға ең аз өскен өңір Жетісу облысы – 1,5%.

2022 жылы ресми мәлімет бойынша, білім беруге орта есеппен 60,9 мың теңге жұмсады, бұл бір жыл бұрынғыдан бірден 50,5% артық.

Атап айтқанда, мектепке дейінгі білім алуға орташа есеппен 19,7 мың теңге, өсім – 25%. Бастауыш білімге – 1,4 мың теңге, жалпы орта білімге – 4,2 мың теңге, жоғары білімге – 10,7 мың теңге, ересектерге арналған білімге – 1,2 мың теңге жұмсалды. Сонымен қатар, 6,7 мың теңге тамаққа, 3 мың теңге жолақыға, т.б.

Газет, кітап және кеңсе тауарларына жұмсалған қаражатқа келетін болсақ, ресми статистика бойынша, былтыр әр отбасы 8 мың теңге жұмсаған. Ең көп шығын Қызылорда облысында – 11,3 мың теңге. Одан кейін Алматы қаласы (11,1 мың теңге) мен Қарағанды облысы (10 мың теңге) тұр. Ең төменгі көрсеткіш Абай ауданында тіркелді. Бір жылда – 4,1 мың теңге.

Фото: novyjcheck.ru