Ауызды шайып, жүрек-қан тамырлары ауруларын анықтайтын ғылыми тәсіл табылды. Канадалық ғалымдар сілекейдегі лейкоциттер деңгейін өлшеп, жүрек ауруларының қаупін анықтаудың тиімді әдісін ұсынды. Бұл тәсілмен жастардың және өздерін жақсы сезінетін адамдардың жүрек ауруларының алғашқы белгілерін көруге болады
Ауызды шайып, жүрек ауруын анықтауға болады
2,452
оқылды

New Atlas сайтында 30 секунд ауызды шайып, сілекейдегі лейкоциттер деңгейін өлшеу арқылы жүрек-қан тамырлары ауруларын анықтайтын ғылыми тәсіл туралы мақала жарияланды.

Бұл тәсілмен жастардың, өздерін саумыз деп санайтын адамдардағы жүрек ауруларының алғашқы белгілерін көруге болады. Жаңа тәсілдің тиімділігін Aikyn.kz түсіндіреді.

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: KATERYNA KON

Канадалық Маунт-Рояль университетінің зерттеушілері сілекейдегі лейкоциттер деңгейін өлшейтін ауызды шаю жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін анықтаудың тиімді әдіс екенін дәлелдеді. Егер ғылыми әдіс мақұлданса, онда әрбір дәрігер немесе тіс дәрігері жыл сайынғы профилактикалық тексеру кезінде пациенттерден осындай қарапайым сынама алатын болады.

Пародонтит деп те аталатын қызыл иек ауруы жүрек-қан тамырлары аурулары, ауыз және тоқ ішек обыры, өкпе инфекциялары, қант диабеті және Альцгеймер ауруы сияқты басқа да аурулармен байланысты болуы мүмкін. Бұл барлық жастағы адамдарға әсер ететін кең таралған ауру түрі.

Университет ғалымдары дені сау жас адамдарда жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін арттыратын пародонтитті анықтаудың жылдам, қарапайым және инвазивті емес әдісін жасады. Сынамадан өту үшін тіс дәрігеріне бару да міндетті емес.

Фото Depositphotos сайтынан алынды

Алдыңғы зерттеулерде егде жастағы адамдарда ауыз қуысының қабынуы мен жүрек-тамыр аурулары арасындағы қарым-қатынас зерттелген еді. Бұдан кейін зерттеушілер жас адамдарда жиі кездесетін ауыз қуысының жеңіл қабынуының жүрек-қан тамырлары жүйесіне әсерін зерттеуге кіріскен.

«Тіпті, денсаулығы жақсы жас адамдарда ауыз қуысының қабыну жүктемесінің төмен деңгейі Солтүстік Америкадағы өлімнің негізгі себептерінің бірі болып табылатын жүрек-қан тамырлары денсаулығына әсер етуі мүмкін», – дейді зерттеу тобының мүшесі Тревор Кинг.

Ауыз қуысының қабыну дәрежесі мен пародонтит ауруларының болуы, оның деңгейін білу үшін иммундық жүйенің бірінші қорғаныс желісі ретінде әрекет ететін нейтрофилдердің, лейкоциттердің деңгейін өлшейді. Мына видеода жүрек ауруларының пайда болуы мен алдын алу туралы мамандардың пікірлері берілген:

 

Зерттеушілер пародонтит белгілері бұрын байқалмаған 18-30 жас аралығындағы 29 темекі шекпейтін ерлер мен әйелдерді тексеруден өткізген. Олар алты сағат бойы тамақ жемеген, судан басқа сусын ішпеген және сілекей үлгісін тапсырғанға дейін 8 сағат бойы дене жаттығуларын жасамаған, алкоголь мен кофеині бар сусындар тұтынбаған.

Осынша уақыттан кейін ауыздарын тек таза сумен тазалап, 30 секунд бойы 10 мл физиологиялық ерітіндімен ауыздарын шайып, осы сұйықтықты талдауға береді.

Қан қысымына байланысты өлшемдер мен сілекейдегі нейтрофилдердің жоғары көрсеткіші арқылы қатысушылардың болашақта жүрек-қан тамырлары ауруларына ұшырау қаупі жоғары болуы мүмкін екенін болжанған. 

Зерттеушілердің айтуынша, мұндай қарапайым сынақ болашақта жүрек ауруларының, әсіресе сау адамдарда пайда болу қаупін алдын ала болжауға мүмкіндік береді. Енді канадалық ғалымдар зерттеуге қатысушылардың санын көбейтіп, нәтижелерді тағы нақтылай түспекші.