Сонымен бірге өңір үшін маңызы өте жоғары болып саналатын агроөнеркәсіптік кешеннің дамуы мен халықты жұмыспен қамтудың өңірлік картасын іске асыру барысы жан-жақты талқыланды. Елді еңбекпен қамтудың елең еткізер тұстары тарқатыла айтылып, реттеудің жолдары қарастырылды.
Биылғы ауа райының құбылмалығына және тағы да басқа табиғи кедергілерге қарамастан жалпы облыс экономикасының барлық бағыттарында дамудың оң қарқыны сақталған көрінеді. Өнеркәсіп өсіп, құрылыс еселенген. Оның ішінде адамдарды баспанамен қамтамасыз етуге баса көңіл бөлініп, тұрғын үйлер салудың үлесі артқан. Көлік пен сауда саласында да ілгерілеу бар. Ең бастысы, жыл басынан бері облысқа 95,3 млрд теңге инвестиция тартылыпты. Бірақ бұл бағытта жеке инвестициялар 18 пайызға, Сарқан, Панфилов, Кербұлақ аудандары мен Текелі қаласында 1,8 есеге төмендеп кеткенін де айта кеткен жөн. Ал бюджеттің игерілуі әзірге ойдағыдай деуге болады. Дегенмен құрылыс, білім, спорт пен мәдениет басқармаларына және бірқатар аудандарда кешеуілдеу барлығын да ескерген жөн.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сай игерусіз жатқан жерді мемлекет меншігіне қайтарудың жоспары облыс бойынша артығымен орындалған. Дегенмен Ескелді, Сарқан аудандарында бұл бағытта қолға алатын жұмыстар әлі баршылық.
Облыс әкімі бірінші мәселені талқылау барысында сын тезіне іліккен Ескелді, Сарқан аудандарының, Текелі, Талдықорған қаласының әкімдерін орындарынан тұрғызып, кемшіліктерді жою бағытында қандай жұмыс атқарып жатқандарын сұрады. Сол сияқты азаматтардың өтініштерін қарау мерзімін ең көп бұзған Текелі қаласы мен Ескелді ауданының және білім басқармасы мен денсаулық сақтау басқармасына қатысты тәртіптік жаза қолданылатынын айтты.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаев өңірдегі агроөнеркәсіп саласының жарты жылдағы жағдайын талдады. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы дақылдарын себу алқабы өткен жылмен салыстырғанда 1,9 мың гектарға ұлғайтылып, 519,1 мың гектарды құраған. Бірақ кейбір аудандар қолда бар мүмкіндіктерді дұрыс пайдаланбай отыр. Соның салдарынан алынатын түсім азайып кетуі әбден мүмкін. Мәселен, Ақсу, Панфилов, Алакөл сияқты аудандар тұқымды жаңартуға көңіл бөлмей отыр. Ақсу ауданы минералды тыңайтқышты қажетті көлемінен өте төмен деңгейде қолданған. Мал тұқымын жақсартуды да назардан тыс қалдыратын аудандар бар. Мал бордақылау алаңдарының жұмысына аудан және қала әкімдіктері мән бермейді, жалған ақпарат береді. «Мысалы, Қаратал ауданы 2250 басқа арналған 3 бордақылау алаңына тоқсан сайын 700-800 бас мал тұрғанын көрсетеді, бірақ өндірілген еті жоқ. Мұндай жағдай аудан және қала әкімдіктерінің бәріне тән. Ауылдық окургтердің әкімдері электронды шаруашылық кітаптарды дұрыс толтырмайды, ветеринариялық қызметтер алынған төлді уақытылы электронды базаға енгізбейді, ауыл шаруашылығы бөлімдерінің мамандары қадағаламайды, сондықтан мал шаруашылығы көрсеткіштері үнемі құбылып тұрады», – дейді Ә. Әскербекұлы.
«Ауыл Аманаты» бағдарламасында үш ай ішінде 541 млн теңгеге 100 өтінім мақұлданып, 124 млн теңгеге 24 өтінім қаржыландырылған. Бірақ жобаның мүмкіндіктерін халыққа егжей-тегжейлі түсіндіре алмаудың кесірінен бағдарлама игілін халық дұрыс көре алмай отыр. «Ауыл Аманаты» бағдарламасының бес бағыты бар екенін ескермей, тек мал шаруашылығына ғана басымдық берілуде. Шаштараз, наубайхана, көлік жөндеу, білім, денсаулық саласындағы қызмет көрсету сияқты басқа да бірқатар бағыттар мүлде қозғалыссыз қалған. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ермек Мизамбаевтың айтуынша, бірінші жарты жылдықта 20,4 мыңға тарта адам жұмысқа тартылып, бұл жылдық жоспардың 64%-ын құрап, 2022 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 20%-ға артық орындалған. Жұмысқа орналасқан азаматтардың 74% Ұлттық жобалар және бос жұмыс орындары, 24% жеке бастамалар, қалған 2%-ы кәсіпкерлік бастамалары грант, шағын несие шеңберінде жұмысқа орналасқан. Қабылданған шаралар нәтижесінде алты айдың қорытындысы бойынша жұмыссыздық деңгейі 5,1%-дан 4,9%-ға дейін төмендепті. Дегенмен жұмыс берушінің жұмысқа орналасқан азаматқа міндетті зейнетақы жарнасын төлемеуі және жұмыс беруші мен жұмысшы арасында электрондық еңбек келісімшарттарының болмауы жиі алдан шығады.
Басқарма тарапынан облыста еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерімсіздік мәселесі зерделеніп, жұмыс берушілер арасында сауалнама жүргізіліп, нәтижесінде еңбек нарығына 992 тігінші немесе киімді қалпына келтіруші (реставратор) мамандары қажет екені анықталды. Алайда аталған мамандық бойынша облыс колледждерінде жылына бар-жоғы 120 маман (Алакөл көпсалалы колледжі, Талдықорған сервис және технологиялар колледжі, Ақсу агротехникалық колледжі) ғана оқытылады екен. Сол сияқты тракторист мамандығына қажеттілік – 272 маман, дайындалатыны – 166, агрономдарға қажеттілік 137, көлік және қойма саласына 40 маман қажеттілігі бар, бірақ аталған мамандықтар бізде мүлде оқытылмайды. Колледждер өз түлектерін қағаз жүзінде «жұмысқа орналасты» деп тіркеп, жалған мәлімет береді. Ал іс жүзінде колледждерді аяқтап, жұмысқа тұратындар саны аз. Сондықтан экономика салаларының басым бағыттары бойынша білікті мамандар даярлауды жүйелеу және өңірде ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыру мақсатында колледждердің білім беру бағдарламасын жаңартып, бейінді оқытуды ұйымдастыру қажет.
Жұмыспен қамтуға қатысты айтылған мәселелерге байланысты сын тезіне іліккен аудан, қала басшыларын орындарынан тұрғызған облыс әкімі жұмыспен қамту әлеуметтік саланың ең маңызды бағыты екенін атап өтті. Сол сияқты жергілікті әкімдерге және тиісті басқармаларға жұмыссыз жастар мәселесін шешу, Ұлттық жобалар аясындағы жоспарланған жұмыспен қамту көрсеткіштерін сапалы орындау, кәсіптік оқытуды еңбек нарығы сұраныстарына бейімдеу мәселелерін қатаң тапсырды.
Болат АБАҒАН,
Жетісу облысы