Облыста кейінгі жылдары ауқымды жобалар жүзеге асырылып, инвестицияның игілігін ел көруде. Міне, сондай бірегей жобаның бірі – Шу ауданында іргетасы қаланған «Тараз химиялық паркі» экономикалық аймағы.
Асқар Алатаудан бастау алатын Шу өзенінің қос қанаты ежелден-ақ жергілікті жұрттың құтты қонысы болған. Ұлы Жібек жолының бойындағы үлкен мәдениеттің ошағы саналған өңір тәуелсіздік жылдарында жылдам түрленді. 2012 жылы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен аудан аумағында «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағын құру жұмыстары басталған болатын. Келелі жоспардың келешегі туралы сол кездегі «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Дәурен Ердебай Үкімет отырысында таныстырған еді.
Химиялық паркі алғашында шығарған гербицид және глифосат өнімдері ТМД елдерінің ауыл шаруашылығы саласында үлкен сұраныс тудырды. Бұл өнімдер нарыққа 2019 жылдан бастап енсе, екі өнім де егіншілікке жарамды жерлерді арамшөптен арылтудағы тиімділігі мен экологиялық залалсыздығына байланысты ірі агроқұрылымдардың тарапынан қолдауға ие болды. Сондықтан гербицид пен глифосат «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының брендіне баланды.
Шу ауданында өндірілетін химиялық өнімнің нарықтағы бағасы өзге өнімдерге қарағанда едәуір төмен. Сонымен қатар шаруалар сатып аларда өнімнің 20 пайызын, жылдың соңында қалған 80 пайызын төлеуіне болады. Аталған екі өнім «ХИМ-плюс» ЖШС-нің алғашқы жобасы аясында жүзеге асып отырғанын айта кету керек. Бұдан бөлек, серіктестіктің каустикалық сода мен хлор өндіруге арналған екінші жобасы да бар. Кәсіпорын толық қуатында жұмысқа кіріскенде жылына 10 мың тонна глифосат пен 40 тонна каустикалық сода өндірмек. Бұл өз кезегінде республиканың егін шаруашылығындағы химиялық өнімдерге деген қажеттілікті қамтамасыз етуге септігін тигізері сөзсіз. Ең бастысы, еліміз жаңа химия кәсіпорнының өнімі арқасында импортқа деген тәуелділіктен құтылып, химиялық өнімдерді алуға жұмсалатын қыруар қаржыны үнемдеуге және отандық өнімді экспортқа шығару арқылы ауқымды табыс табу мүмкіндік тумақ. Серіктестік басшылары өнімнің сапасына көп мән беріліп жатқанын айтады. Демек, облысымыздан шығатын химиялық өнім көп ұзамай-ақ өзінің тұрақты тұтынушыларын табатыны даусыз. Оның үстіне, серіктестік әлемдік нарықта үлкен сұранысқа ие химия өнімдерін шығару үшін екінші жобасын жүзеге асырғалы отыр. Сондай-ақ дайын өнімді тасымалдау жұмыстары да қиындық туғыза қоймайды. Өйткені «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының Шу өңірінде орналасуының өзі – алдын ала ойластырылып, жан-жақты зерттелген мәселе. 505 гектар аумақты алып жатқан экономикалық аймақ «Тараз-Шу» бағытындағы теміржол мен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік дәлізіне шығатын «Меркі-Бурылбайтал» автодаңғылынан 5,8 шақырым ғана жерде орналасқан.
Өткен жылы облыс әкімі Нұржан Нұржігітов «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағында өткізген жиында біраз мәселелерді қозғағаны есімізде. Инвесторлармен бейнебайланыс арқылы жоспарланған жобаларды талқылап, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдаған өңір басшысы: «Инвестицияларды тарту үшiн біз инвесторларға өз ісін өрге басқызуына қолайлы жағдай жасап, экспорт-импорт алмастыратын, бағдарланған жоғары технологиялы және бәсекеге қабілетті түрлі өнім шығаратын өндiрiс орындарын ашуына мүмкіндік туғызуымыз керек», – деді.
Сонымен қатар ағымдағы жылы аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов Tas Market ЖШС басшылығымен кездесіп, тараптар «Тараз химиялық арнайы экономикалық паркі» аумағында қуаттылығы жылына 60 мыңнан 100 мың тоннаға дейін жететін ферросилиций, ферросиликомарганец, техникалық кремний, түсті металдар өндіретін металлургиялық зауыт құрылысы жобасын жүзеге асыру барысын талқылады.
Бүгінде Tas Market ЖШС серіктесі – Xinjiang Jingweike New Energy Development Co., Ltd. компаниясымен «Тараз химиялық паркі» АЭА аумағында тек металлургиялық зауыттың ғана емес, басқа да кәсіпорындардың қажеттіліктеріне сәйкес қуаттылығы 700 МВт/сағ электр станциясын салуды көздеп отыр. 2026 жылға дейін іске асуы жоспарланған жобаның жалпы құны 50 миллиард теңгені құрайды. Жоба жемісін берсе, 1500 жаңа жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ биыл облыс төрінде өткен «ZHEIF-2023» халықаралық экономикалық және инвестициялық форумы аясында өнеркәсіп бағыты бойынша қонақтар Шу ауданындағы «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағында бас қосып, мұндағы инвестициялық жобаларды дамыту бойынша кеңес өткізді. Сол кезде облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров аймаққа тіркелген жобалардың аяқалысы туралы айтып, қызығушылық білдірген шетелдік инвесторларға аймақтағы инфрақұрылым барысын таныстырды. Ал «Тараз химиялық паркі» АЭА басқарма төрағасы Қайрат Мұқамбетқалиев алдағы уақытта жүзеге асырылатын бірқатар жобаларды атап, оларға экономикалық аймақ тарапынан көрсетілетін жеңілдіктерге тоқталған еді. Ал QazIndastry АҚ бизнесті ынталандыру дирекциясының басшысы Арыстанбек Сағиев өз баяндамасында кәсіп ашуға ниетті инвесторларға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектердің жай-жапсарын түсіндірді.
«Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы заманауи жоғары өнімді, бәсекеге қабілетті өндірістерді жедел дамыту, қызмет көрсетудің сапалы жаңа деңгейін қалыптастыру, инвестициялар тарту, экономиканың басым салалары мен өңірлерге жаңа технологияларды енгізу, сондай-ақ халықты жұмыспен қамтуды арттыру мақсатында құрылған.
Қазір мұнда жалпы құны 249,7 миллиард теңгені құрайтын 5 инвестициялық жобаны іске асыру үшін 5 қатысушы тіркелген. Олардың қатарында геосинтетикалық мембраналар, натрий цианиді және ферросилиций өндіру жобалары бар. Онда 2000 жаңа жұмыс орны құрылмақ.
Өткен жетіде өңірге жұмыс сапарымен келген Үкімет басшысы Әлихан Смайылов та «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының жұмысымен танысып, жоба қолдаусыз қалмайтындығын айтты.
– «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында нысанға электр желілері тартылған. Енді алдағы уақытта су құбырын тарту және теміржол инфрақұрылымын жабдықтау жоспарланып отыр. Біз бұл жобаларды қолдаймыз және жетіспейтін инфрақұрылымды тарту бойынша жұмыстарды жалғастыратын боламыз», – деді Премьер-министр.
«Тараз Химиялық паркінің» базасында болашақта ұйымдастыруға болатын ауыл шаруашылығы өндірістері, қант қызылшасы, малға арналған қант және жемшөп қоспалары, пияз және кептірілген пияздан, бақша дақылдарын консервілеу зауыттары, мақсары май және жем өнімдерін өңдеу жоспары тұр. Аталған жобалар Жамбыл облысы әкімдігімен бірлесіп, мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асырылады деп күтілуде.
Шу бойы ежелден бүкіл әлемге өзінің жабайы қарасорасымен де танылған аймақ. Бүгінде қарасора алқабының аумағы 684 гектарды құрап отыр. Мұны аудандық прокуратура анықтаған. Міне, осы қарасораны кәдеге жарату бастамасы бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Сондықтан мамандар «Тараз химиялық паркінің» әлеуетін пайдалана отырып, инвесторларды тарту арқылы қарасорадан медициналық өнімдер шығаруды ұсынуда. Егер инвестор табылып жатса, бұл өңір өндірісіне үлкен өзгеріс әкелетіндігі анық.
Жалпы «Тараз Химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының болашағы алда. Қазір экономикалық аймақта тағы 9 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Аталған кәсіпорындар өз жұмысын бастаған тұста мыңдаған адамға тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Оған қоса, химиялық парктің шығарған өнімдері өңірдегі шағын және орта кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтіп ғана қоймай, ел экономикасына ерекше екпін беретіндігі даусыз.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы