Шектеулер алынса, экономика шарықтай ма?

Жақында АҚШ сенаторы Ор­талық Азия елдерін, оның ішінде Қазақстанға қатысты Джексон-Веник шектеулерін алып тастауды ұсынған болатын.

АҚШ – Қазақ­станға 62 миллиард доллардан астам инвестиция құйған ірі инвес­торлардың бірі. Дегенмен екі ел арасындағы экономикалық ынты­мақтастықтың нығаюы кім үшін тиімді екенін таразылап көрелік.  

Қазақстан тауар айналымы бойынша Америка Құрама Штаттарының сауда серіктестері арасында 81-ші орында. 2022 жылы екіжақты сауданың жалпы көлемі жалпы 5 млрд АҚШ долларын құрады. Сыбайлас жемқорлық секілді елеулі проб­лемаларға қарамастан, еліміздегі ин­вестициялық ахуал шетелдік инвес­торларға қолайлы деуге болады. Сол се­бепті бүгінге дейін америкалық компа­ниялар отандық мұнай өндірісіне ондаған млрд АҚШ долларына тең инвестиция салып отыр. Бүгінде екі ел арасындағы эко­­номикалық қарым-қатынас негізінен инвестициялық және қосарланған салық салуды болдырмау туралы шарттар не­гізінде жүзеге асырылып келеді. 

Сенатор не дейді?

Ендігі қадам екіжақты ынтымақтас­тық­тың одан әрі артуына ықпал етуі. Осы мақсатты алға тартқан америкалық се­натор Крис Мерфи 1974 жылы КСРО-ға қарсы қабылданған Джексон-Ваник шектеулерінің Қа­зақстан, Өзбекстан және Тәжікстанға қатысты тұсын жоюға шақырды. Осы­лайша, Орталық Азия елдері тұрақты қалыпты сауда қаты­настары (PNTR) мәртебесіне ие болуы мүмкін.

АҚШ сенаторы (Кон­нектикут шта­тының демократы), АҚШ Сенатының Халықаралық қатынастар комитетінің мүшесі, Крис Мерфи The Diplomat басы­лымына арналған мақаласында Кон­грессті Джексон – Ваниктің Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан үшін сауда шектеулерін жоюға және сол елдерге тұрақты қалыпты сауда қатынастары (PNTR) мәртебесін беруге шақырды.

The Diplomat басылымына арналған мақаласында сенатор неліктен АҚШ Ор­та­лық Азиямен қарым-қатынасты нығай­ту үшін аумалы-төкпелі геосаяси жағдай­ларды пайдалану қажет екенін сөз етеді.

«Ресей мен Қытай Қазақстан, Өзбек­стан және Тәжікстан сияқты елдерге зор ықпал етуде, ал аймақтағы ынтымақтас­тықты арттыру жұмыстары бойынша АҚШ ұзақ уақыт қалыс қалды. Бірақ біз мұның соңы неге апарып соқтыратынын білеміз. Өйткені Орталық Азия халқы үлкен экономикалық инвестициялар салып отырған көршілес алпауыт елдерге сақтықпен қарайды. АҚШ бұл мүмкін­діктер терезесін пайдаланып, қанауға емес, серіктестікке негізделген стратегия­лық балама ұсынуы керек», – деп жазды Мерфи.

Ол АҚШ-тың Орталық Азиядағы қарым-қатынасына аталмыш түзетулер қалай кедергі келтіретінін былайша түсіндіреді:

«Өкінішке қарай, біздің жолымызда анахронистік заң тұр. 1974 жылы Америка Құрама Штаттары Джексон – Веник түзетуін қабылдады, ол АҚШ-тың кеңес­тік еврейлер мен басқа да азшылық топ­тардың эмиграция құқығын шектейтін елдермен сауда қатынастарына толығы­мен тыйым салды. Кеңес Одағы тарап кеткеніне елу жылдан астам уақыт өтсе де, қырғи қабақ соғыс дәуірінің сарқын­шағы біздің Қазақстанмен, Өзбекстанмен және Тәжікстанмен қарым-қатына­сымызды шектеуде. Мәселен, Еуропа Ода­­ғы соңғы бірнеше онжылдықта кон­гресс көптеген бұрынғы Кеңес мемлекет­терін, соның ішінде Ресейді қалыпты сауда режиміне «ауыстыруға» арналған заңдар қабылдады».

АҚШ сенаторы аймақтағы өзара ынтымақтастықтың артықшылықтарын да атап өтті.

«Орталық Азияның орналасқан жері, әрине стратегиялық тұрғыдан маңызды. Одан бөлек, көмірсутектер мен сирек кездесетін минералдар сияқты табиғи ресурстарға бай. Америка Құрама Штат­тары пайдалы қазбалар жарысына «ке­шігіп» келді. Бірақ Байден Әкімшілігі Қауіпсіздік пен жеткізу тізбегін кеңейту үшін үлкен күш жұмсап отыр. Жылдық ЖІӨ 280 миллиард долларды құрайтын бұл елдерге PNTR беру америкалық биз­неске Орталық Азия нарығына қол жет­кізуге көбірек мүмкіндік береді, сауда мен инвестицияның дамуына ықпал етеді. Осылайша, Орталық Азия мемле­кеттері өз экономикасын әртараптандыра алады, жұмыс орындарын құра алады және Ресей мен Қытайға экономикалық тәуелділігін төмендете отырып, өз халқы­ның өмір сүру деңгейін арттыра алады».

Қазақ та кенде болмайды

Сонымен, бұл қадам аймақтағы аме­рикалық бизнестің қатысуын кеңейту үшін қосымша ынталандырулар жасауға арналған дедік. Бірақ минералды ресурс­тар мен сирек жер металдарынан бөлек АҚШ жоғары өңделген өнімдерге дейінгі импортты ұлғайтуды көздеп отыр. Демек, қазақстандық өңдеу өнеркәсіп пен эко­номиканың өзге де салалары үшін жаңа нарыққа жол ашылмақ. 

Тәуелсіз сарапшы Бауыржан Ысқақов шектеулер өз күшін жойса, мемлекет ішкі экономикалық проблемаларды шешуді де мықтап қолға алады деген пікірде.

– Джексон-Вэник түзетуі екі жаққа да тиімді, дегенмен АҚШ үшін шектеулердің алынғаны дәл қазір тиімдірек болар еді. Өйткені олар Орталық Азия, оның ішінде Қазақстанға тұрақты қалыпты сауда қа­тынастары бар ел ретінде мәртебе беріп, инвестицияларын да арттыруға мүмкіндік алады. Қазір аймақтағы геосаяси жағдай­лар керісінше АҚШ экономикасы үшін кері әсерін тигізуде. Ал Қазақстан Орта­лық Азиядағы инвестициялық климаты өте жоғары ел болып саналады. Ал бізге әртараптандыру саясатын ұстанған­дықтан, қазіргі ынтымақтастық орнатқан елдермен шектелмей, АҚШ секілді іргелі одақтас елдермен экономикалық байла­ныс орнатқан тиімді. Әрі ішкі нарықта үлесі бар америкалық бизнес өкілдерімен байланысты одан әрі арттыру бізге ар­тықтық етпейді, – дейді экономист.

«АҚШ-пен экономикалық қарым-қа­тынасымыздың дамуына осы шектеулер ғана кедергі келтіріп тұр ма?» деген сауа­лымызға Бауыржан Ысқақов былайша жауап берді:

– АҚШ-пен экономикалық қарым-қа­тынасымыздың дамуына осы шектеу­лер кедергі келтірді деуге келмес. Соны­мен қатар жемқорлық және өзге де мүд­делі топтардың өз компанияларының қызметіне артықшылықтар беру арқылы өзге де кәсіпорындарға кері әсерін тигізу секілді факторлардың барын жоққа шы­ғармаймыз. Бірақ осы Джэксон-Вэник шектеулері алынып тасталса, екіжақты экономикалық қарым-қатынастарды жақсартуға кері әсер етіп келген басқа да факторлардың болмауын Үкімет өз ба­қылауына алады деп ойлаймын.

Сондай-ақ эксперт PNTR статусын алуға Қазақстан әбден лайықты деп есеп­тейді. Сонымен бірге бұл шектеулердің күші жойылып, біздің экономикалық бағыттағы мемлекет деген мәртебеміз қал­­пына келсе, экономиканың өндіріс, өнеркәсіп, логистика секілді тағы да бас­қа барлық тиімді секторы жанданады деп айтуға болады. 

Осылайша, америкалық саясаткерлер соңғы онжылдықта пайда болған аймақ­тағы  өз орнын қайта айқындамақ. Бұл жаңа жоспар құруды талап етеді. Сондай-ақ АҚШ алдағы уақытта оң әсер ететін экономикалық ынтымақтастық пен ты­ғыз саяси байланыс орнату арқылы өңір мемлекеттерімен өзара іс-қимылының не­гіз­дерін айтарлықтай нығайтуға ұмты­лады.

Кәмила ЕРКІН