Алматыда ата-ана қарауынсыз қалған «маугли» балаларға қатысты оқиға жұртты дүр сілкіндірді.
«Маугли» балалардың обалы кімге?
1,447
оқылды

Медеу ауданында орна­лас­қан пәтерлердің бірінде кәмелетке тол­м­аған үш бала бірнеше жыл бойы ана­сымен адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп кел­ген. Балалар 3, 6 және 7 жаста.  

Медеу аудандық ПБ ювеналды полиция бөлімінің инспекторы есепте тұрған 1982 жыл­ғы әйелдің отбасын тексеруге әре­кет­те­неді. Алайда жоспар іске аспай, есік ашыл­маған. Инспектор 8 тамызда тағы ке­ліп есік қағады. Бірақ үйден дыбыстар ес­тіл­генімен, есікті жан баласы ашпаған. Әрі қарай жағдайды анықтау үшін жергілікті учаскелік инспектор, ТЖД қызметкерлері мен қамқоршылық өкілдері шақырылады. Ме­деу ауданы ПБ кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік инспекторы, поли­ция капитаны Айжан Бұтабаеваның сө­зін­ше, ең соңында есікті мәжбүрлі түрде ашуға тура келген.

– Тексеру кезінде әйел байланысқа шық­қысы келмеді. Жағдайдың жақсы емес­ті­гін сезіп, тағы тексере бастадым. Әйел үй­де орташа дәрежелі масаң күйде болды. 2016 жылы туған қыз, 2018 жылы туған ұл жә­не 2020 жылы туған бір ұл болды. Үйде та­залық жоқ. Балалардың жағдайы тым на­шар. Өмірлік қиын жағдайға тап болған ба­лаларды қолдау орталығына дереу жет­кізіл­ді, – дейді полиция капитаны. 

Қасықты да қалай ұстауды білмеген

Отбасы мұнда Павлодардан көшіп кел­ген. Бақылаусыз қалған бүлдіршіндерді Ал­ма­тыдағы қиын өмір жағдайындағы балаларды қол­дау орталығының қызмет­керлері жан түр­шігерлік халмен қабылдап алған. Сан түр­лі балалардың ауыр тағдырына куә бо­лып, көзі үйренген мекеме қызмет­керлері осы жолы түскен балалардың адам аяр­лық­тай болғанын айтады. 

– Біздің орталыққа 8 тамыз күні кешкі уа­қытта кәмелетке толмаған үш бала жет­кі­зіл­ді. Осында жұмыс істеп жүріп қиын өмір жағдайындағы балалардың түр-си­патын жиі көріп жүрсек те, бұл балалардың түрі сондай қорқынышты, аянышты еді. Өмір­ге мүлдем бейімделмегендері көрініп тұр. Олар адам баласынан қорқатындай. Ең кі­ші жастағы бала қасықты дұрыс ұстап тамақ іше алмайтын күйде келді. Қазіргі таңда заңнамаға, орталықтың талаптарына сәйкес балаларға қызметкерлер, күнделікті тәрбиешілеріміз бен педагогтарымыз, пси­хологтарымыз көмек көрсетуде. Яғни қыз­меткерлер балаларды жақсы өмір сүруге бейім­деуге, денсаулықтарын жақсартуға, ор­тада өздерін жақсы сезінуге бар күшін са­лып жатыр. Қазір балалардың жағдайы өте жақсы. Әсіресе, екі үлкен баласы. Ал кіші жастағы балаға әлі де медициналық көмек қажет, – дейді мекеме директорының орынбасары Нұргүл Елібаева. 

Өкініштісі, балалардың кенжесінде ау­тизмнің белгілері байқалған. Мамандар ба­­­лада аутизм спектрінің бұзылуы (АСД) болуы мүмкін екенін айтады. Қазір мекеме қыз­меткерлері инстанциялар мен емха­на­ларға жүгініп, невропатологтарды шақырт­қан. Балаға медициналық көмек көрсету мақсатында психиатр мен терапевтке жол­дама берілген екен. Ал бұл отбасымен бір­ша­ма уақыттан бері таныс көршілері кіші бала­сының өте арық екенін, бір нәрсе дұрыс болмай қалса басын қабырғаға соғатынын немесе қолымен ұратынын айтады. 

– Сәби өмірге келгеніне кінәлі емес қой, тым болмаса жуындырып, тамағын тоқ қылу керек. Ол әйелдің жағдайы қалыпты бо­лып көрінетін. Масаң күйінде көрмеппін. Ба­лаларын үйінен шығармайтын, өте сирек кө­ретінбіз. Бір жыл бұрын баласы үйінен қа­шып шыққан. Сосын полиция тауып алып келді. Ең сорақысы, есікті ашса үйден шыққан жағымсыз иіс көшені бойлайтын. Балаларға обал, – дейді ашынған көршісі Лариса Георгевна. 

Көпшілік ортаға бейімделмеген балалар Алматыға көшіп келгелі бері терезеден кө­шеге үңіліп отыратын көрінеді. 

Деректер базасында кемшіліктер бар

Мұндай келеңсіз жайттар елімізде алғаш рет болып тұрған жоқ. Осыған ұқсас оқиға был­тыр Екібастұз қаласында қайталанғаны есімізде. Көңілге қаяу саларлық жайсыз фактілердің көбеюіне не себеп? Елімізде бала құқығына қаншалықты мән беріледі? Тақырып төңірегінде пікірлерді ортаға салу үшін қоғам қайраткері, Бала құқықтары жө­ніндегі экс-уәкіл Аружан Саинмен әң­гімелестік. Оның сөзінше, балаларды есеп­ке алудағы тәртіпсіздік – осындай қор­қы­ныш­ты жағдайларды жіберіп алуға, ба­ла­лардың жылдар бойы қапаста өмір сүруіне жол ашады.

– Әрине, Алматыдағы жағдай өте қор­қы­нышты. Егер бұл отбасы мамыр айынан бері Медеу ауданының ювеналды полиция бө­лімшесінде тіркеуде тұрса, неліктен тиісті ор­гандар БАҚ-та жарияланғаннан кейін ға­на мәселені қолға алып отыр? Бұл жерде бір нәрсені ескеру керек. ҚР Бала құқықтары жө­ніндегі уәкілі ретінде соңғы үш жыл ішін­де мен ҮЕҰ-дағы әріптестермен, сарапшы-заң­герлермен және құқық қорғау орган­дары­ның өкілдерімен бірге балалардың ха­лықаралық және ішкі сауда схемаларын анықтаумен айналыстым. Бұған ықпал ететін факторлардың бірі – Қазақстанда ту­ған балаларды есепке алудағы кем­ші­лік­тер. Соның салдарынан әртүрлі ведомс­тво­л­ардың деректер базасындағы балалар саны Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің ақ­параттық жүйелері, АХАЖ АЖ, Әділет ми­нистрлігінің жеке тұлғалардың мем­ле­кет­тік деректер базасы (ЖТ МДБ), ұлттық бі­лім беру деректер базасы (ҰБДБ), Білім министрліктеріндегі нақты деректерден ондаған, тіпті жүздеген мыңға ерекшеленеді. Мемлекет басшысының атына жолданған хаттарымда мен бала туғаннан кейін, пер­зентханада жатқанда-ақ жоғарыда атал­ған базаларды бір-бірімен біріктіріп, ЖСН беру ар­қылы мәселені шешу жолдарын көр­сет­тім. Бірақ биыл ғана ұсыныс пилоттық жоба ре­тінде Астана қаласының №1 перзент­ха­на­сында іске асырыла бастады, – дейді экс-уәкіл.

Бұл мәселе неліктен маңызды? А.Саин­ның айтуынша, бала өмірге келген бойда ЖСН алады, яғни Қазақстан Республи­ка­сының азаматы атанады. Оның деректері бір­ден әлеуметтік блоктың үш ведомс­т­во­сының ақпараттық жүйелеріне (Денсаулық сақ­тау, Әлеуметтік қорғау, Білім министрлігі) тартылуы тиіс. Егер баланың анасы, әкесі туу туралы куәлік алмаса, онда бала туралы еш­кім білмейді. Бақылау жоқ. ҰБДБ-да ба­лабақшаға немесе мектепке барған жағдайда ғана пайда болады. Сондай-ақ, әлеуметтік қамсыздандыру жүйелерінде, ата-ана тө­лемге өтініш білдірсе және т.б. жағдайларда ғана. Ал денсаулық сақтау жүйесінде бала ту­ғаннан кейін МСАК-қа (емханаға) ақ­парат жіберіледі. Ана мен балаға алғашқы ме­дициналық-санитарлық көмек дең­гейін­де мейірбикелік қызмет көрсетудің әмбебап прогрессивті моделі қолданылуы тиіс. Қол­даныстағы заңнамалық базаға сәйкес, бала дүниеге келгеннен кейін  өмірінің алғашқы үш жылында емхананың қамқоршы мед­бикесі міндетті түрде бақылауы тиіс. Тек ден­­саулық жағдайы ғана емес, сонымен қа­тар нәрестенің күтімі, баланың дамуы, отбасындағы балаға деген көзқарас, өмір сүруі, тіпті тамақтануға дейінгі жағдайы анық­талады. Медбике баланың өмір сүру жағ­дайын көреді, есепте көрсетеді. Ақпарат қор­ғаншылық органдарына, полицияға жі­беріледі. 

– Әдетте мұндай жағдайларды мәселеге бей-жай қарамайтын адамдар, көршілер бірінші болып анықтайды. Біз балаларға туған­нан кейін ЖСН перзентханада бірден берілетіне қол жеткіздік. Бұл бір-бірімен ин­теграциялануы керек басқа мәліметтер базасындағы жағдайды теңестіруге мүм­кіндік береді. Бұл жүйе толығымен іске қо­сылса, мемлекеттік орган заңдарды сақ­тап, сапалы жұмыс істесе «маугли» балаларға қа­тысты жағдайлар болмайтынына сенім­дімін, – дейді ҚР Бала құқықтары жөніндегі экс-уәкіл. 

Күйзелісті басудың «қолжетімді» жолына жүгіреді

Ал Алматы қалалық полиция депар­та­менті ащы суды сімірген үш баланың анасы ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін еке­нін айтқан еді. Осы тұста отбасылық пси­холог Көркем Канцерова әйел адамның ішім­дікке салынуы мен бала психологиясы жай­лы ойымен бөлісті. Психологтың сөзін­ше, күйзеліс кезінде әйел үшін ең қолже­тім­дісі – ішімдік. Оның зардабы ішімдікке тәуелділікке алып барады.

– Әйел адамның ішімдікке салынуының түр­лі себептері бар. Әлеуметтік қиындықтар, стрестік жағдайлар болғанда күйзеліске ұры­нады. Егер күйзелістен шыға алмаса, ма­­мандарға қаралу керек. Әлеуметтік орта­лық­та тегін психологиялық көмек көрсе­те­тін мамандар бар. Бірақ байқағанымыздай, көбі бұл жағдайға мән бермей, стрестік күй әрі қарай ушыға береді. Ал баланы анасынан айыру мәселесіне тоқталсақ, бірінші кезек­те балалардың жағдайы маңызды. Ішімдікке салынған анамен тұру, анасынан ажырап қалу, балалар үйіне бару бала үшін – травма. Психологиялық көмекті қалай көрсете ала­мыз деген сұрағыңызға келер болсам, ең ал­­дымен баланың жас ерекшелігін, эмо­ция­лық күйлерін анықтап кешенді жұмыс істеу маңызды. Уақыт керек, әрине. Балаларды әлеу­меттік ортаға баулу білікті мамандармен ақыл­даса отырып жүзеге асырылуы тиіс. Ба­ла­ның даму ережесін, психологиялық ауыт­қуларын  анықтап, осыған байланысты емдік шаралар, терапия жүргізу маңызды, – дейді психолог.

Айта кетейік, үй иесіне ата-ана мін­дет­терін орындамай, балаларының құқығын бұз­ғаны үшін айыппұл салынған болатын. Ба­лалар сот шешімі шыққанша алты айға дейін бейімделу орталығында болады. Ал үш баланың ертеңгі тағдыры сот шешімінен кейін белгілі болады.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,         

Алматы қаласы