Кез келген жастағы бала балабақшаға келісімен бәрібір жаңа ортаға бейімделу кезеңінен өтеді. Жаңа әрі бейтаныс орта, жекелеген ережелер – бала үшін таңсық жағдай. Сондықтан баланың ұжымға деген сенімін қалыптастырып, жаңа ортаға тарту үшін балабақша педагогтері мен ата-аналардың бірлескен әрекетінің маңызы зор.
Сондықтан баланың балабақшаға бейімделу кезеңінің мейлінше жеңіл өтуіне ҚР ПІБ Медициналық орталығы «Қарлығаш» балабақшасының педагог-психологі Айман Төлеген жол көрсетті:
–демалыс күндері балабақша режимін ұстаныңыз;
– баламен ұзақ қоштаспаңыз – бұл баланың алаңдауын туғызады. Сондықтан өзіңізді сенімді және сабырлы ұстаңыз;
– жақсы көретін ойыншығын алып келіңіз;
– мультфильм, телебағдарлама көруді азайтыңыз;
– баламен қоштасып тұрып, оған міндетті түрде оралатыңызды айтыңыз;
– кездесу және қоштасу рәсімін ойлап табуға болады (құшақтау, қол бұлғау, беттен сүю, т.б. );
– үйде балаңызбен «балабақша» ойнап көріңіз. Ойыншықтардың біреуі баланың рөлінде болып, не істегенін, не айтқанын қадағалаңыз. Баламен бірге оның достарын табуға көмектесіңіз және оның мәселелерін бірге шешіңіз;
– балаға көбірек уақыт бөліңіз, бірге серуендеп, бірге кітап оқыңыздар. Жиі құшақтап, бауырыңызға басыңыз, еркелетіңіз. Жақсы көретініңізді үнемі айтып отырыңыз.
– Балабақшаға бейімделу орта есеппен 1-2 айға созылады, кей жағдайда бұл кезең алты айға немесе одан да көп уақытқа созылуы мүмкін. Бұл баланың мінезіне, темпераментіне және денсаулық жағдайына байланысты. Сондықтан ата-ана бұл кезеңде шыдамдылық танытып, балаға қолдау көрсетіп, тәрбиешімен бірлесіп жұмыс істесе, балабақшаға бейімделуі жылдам әрі жеңіл өтеді, – дейді Айман Төлеген.