Tesla қызметкерлерінің жеке деректерін қаскөйлер ұрлап кеткен. Көлемі 100 гигабайт болатын
23 000 файл қолды болған. Бұл файлдардың қаншалықты құнды екенін төмендегі мақаладан білуге болады.
Илон Масктің жеке деректері ұрланды
1,498
оқылды

Slash Gear технологиялық жаңалықтар платформасы Tesla қызметкерлерінің жеке деректерін қаскөйлердің ұрлағанын жазды. Олардың айтуынша, осы жылдың басында аты аталмаған жаңалықтар агенттігінің электронды поштасына аноним хабаршыдан көлемі 100 гигабайт болатын 23 000 файл келген. Slash Gear мақаласына сілтеме жасай отырып, Aikyn.kz бұл файлдардың қаншалықты құнды екенін талдайды.

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Cavan Images

Файлдарды мұқият тексерген жаңалықтар агенттігі деректердің Tesla компаниясы қызметкерлерінің жеке мәліметтеріне толы екенін анықтайды. Мұнда 75 735 қызметкердің мекенжайлары, банктік ақпараттары және әлеуметтік сақтандыру нөмірлері жазылғаны белгілі болады, тіпті  компанияның бас директоры Илон Масктің де жеке деректері де бар.

Басылым деректердің құпиялығын сақтау мақсатында файлдарды көпшілікке жария етпеді, бірақ ондағы қызықты мәліметтермен бөліскен. Құжаттар арасында Tesla-ның қызметтік құпиялары, бәсекелестерімен қарым-қатынасындағы көлеңкелі тактикалары да көрсетілген болып шықты.

Бұдан кейін компания ұрланған файлдарды жариялауға жол бермеу үшін жаңалықтар ұйымын сотқа береді. Үш айдан кейін Tesla өз тұтынушыларына ақпараттың қалай сыртқа ағып кеткенін түсіндіріп, оның ішкі құжаттар екенін растайды. Сондай-ақ өз қызметкерлерінің деректерін қорғау үшін не істейтінін айтады.

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Peter Dazeley

Жақында Tesla-ның құпиялықты сақтау жөніндегі қызметкері өздерінің кейбір тұтынушыларына Мэннің бас прокурорының веб-сайтынан алынған ақпараттың ағып кету оқиғасын егжей-тегжейлі сипаттайтын хабарлама жіберген. Ол хабарламасын қызметкерлердің жеке ақпаратын теріс пайдалану туралы ешқандай дәлелдер жоқ деп бастайды.

Содан кейін ақпараттың қалай тарағанын түсіндіріп, «Tesla-ның бұрынғы екі қызметкері компанияның IT қауіпсіздік пен деректерді қорғау саясатын өрескел бұза отырып, ақпаратты заңсыз иемденгенін» мәлімдеген.

Олардың неліктен бұлай жасағаны белгісіз болып қалуда. Дегенмен  бұл Tesla-ның таза имиджін жасау мақсатында компания тұтынушылардың шағымдарын әдейі жасырып келгенін әшкерелеу үшін жасалған деген болжамдар айтылуда. Мұны ұрланған құжаттардың кейбірі дәлелдейді.

Құжаттарды ұрлаудың әртүрлі тәсілдері бар. Мына видеода сондай экстремалды тәсілдің бірі көрсетілген:

 

Tesla бұл оқиғаға байланысты сотқа шағым түсіріп, компания деректері бар электронды  құрылғыларды тәркілеп, сот шешіміне сәйкес қызметкерлерге деректерді одан әрі пайдалануға тыйым салды.

Қазіргі кезде Tesla құқық қорғау органдарымен жұмыс істеуде. Қосымша кепілдік ретінде Tesla зардап шеккен адамдарға олардың ақпараттық қауіпсіздігін бақылау үшін Experian IdentityWorks-ке біржылдық мүшелікті ұсынған.

Сонымен қатар Tesla қызметкерлердің ақпараттық қауіпсіздігін сақтауға бағытталған жаңа құжат қабылдағанын да мәлімдеді. Бұл құпия деректердің ағып кетуіне қосымша кедергі болуымен қатар, қызметкерлердің жеке деректерінің қорғалуын да күшейтеді деп күтілуде.