Соңғы жылдары Сыр өңірінде мал ұрлығы өршіп тұр. Әсіресе, ірі қара малына қырғидай тиген ұры­лардың әрекетіне тосқауыл қойылар емес. Малшы­лар қауымы осылай деп дабыл қақты.
Мал ұрлығы мазаны қашырды
995
оқылды

Мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің ай­­­туынша, мұндай жағдай жыл сайын қайталанып келеді. Қан­ша мәрте полицияға арызданса да, жергілікті әкімдікке мә­селесін жеткізсе де, нәтиже болмай тұрғанын алға тарта­ды. Есесіне, жыл өткен сайын жағдай ушығып бара жатқаны байқалады. Арыздарына тиісті жауап ала алмай жүргендеріне де ашынады.

Жалпы, мал ұрлығы ең көп тіркелетін аймақтарда Қы­зыл­­ор­да облысының көрсеткіші басым. Әсіресе, облысқа қарас­ты аудандардағы ахуалды ауыздықтау мүмкін болар емес. Ең өкініштісі, малды атып алып, тиеп келетіндерге қа­­таң шара қолданылмай отыр. Шырылдаған шаруалар жер­­гілікті құзырлы орын­дардың дәрменсіздігіне ашынады. 

Соның бірі – облыс орталығымен ір­гелес қоныстанған Жалағаш кентіндегі мал шаруашылығын өрістетіп отырған қожалық иесі Нұрлан Биманов мал­да­ры­на қырғидай тиген ұрылардың әре­ке­тінен әбден қажығанын айтады. Бір өзі барымташылардың бассыздығынан жыл сайын ондаған малынан айырылады. Әр қожалық жиі осындай шығынға ұшырап жат­қанын ескерсек, жағдайдың қан­ша­лықты қордаланып бара жатқанын ба­ғам­дау қиынға соқпайды.

«Ұры алыстан келмейді» деп бекер ай­тылмаған. Кенттегі келеңсіздіктер – со­ның айқын дәлелі. Биыл да жыл басы­нан бері 12 бас малым жоғалды. Ішкі іс­тер органына арыздандым. Бірақ әлі күн­ге нақты жауап ала алмадым. Өз кү­шім­мен төрт бас малым табылды. Қал­ған­дары ізім-қайым жоқ. Ең болмаса, із­дестіру жұмыстарының нәтижесі жайында жауап ала алмай отыр­ғаны­мыз­ға қынжыламыз», – дейді «Сыр сыйы» шаруа қожалығының өкілі.  

Кәсіпкердің айтуынша, ауданда мал ұрлығы толастар емес. Соңғы екі жыл кө­лемінде 100 бастан астам мал ұрлан­ған. Алайда іс жүргізіліп, күдікті ретінде ұс­танған адамдарға ешқандай шара кө­ріл­мей тұрғанын атап өтті. 

«Мал ұрлығын кәсіпке айналдыр­ған­дар бұған дейін төрт түлікті тірідей қол­ды қылатын. Бүгінде қарумен атып алу­ға көшіпті. Әсіресе, аңшы мылты­ғы­мен ірі қара малдарды жайратып сала­тын­дар қатары үдеп барады. Мұндай жағ­дайдың жиі болуынан өзге шаруа­шы­лықтар да жапа шегіп отыр. Көп жағ­дайда ұрылар құлындарға қол салып жа­тыр. Мұндай бассыздыққа қалай тос­қауыл қоярымызды біле алмай отыр­мыз», – дейді Нұрлан Биманов. 

Ішкі істер органдарынан қайыр бол­мағандықтан төрт түлігін түлетіп отыр­ған шаруалар облыстық Кәсіпкер­лік пала­та­сынан араша сұрап келген. Соған орай бұл мәселе облыстық ауыл­шаруашылығы және жер қатынас­тары басқармасы, По­лиция департаменті мен өзге де мем­ле­кеттік орган өкіл­дерінің қатысуымен  па­лата жанындағы Агроөнеркәсіп ке­шені кеңесінің отырысында да қара­лып­ты. Кеңесте кәсіпкерлер мал ұрлығына қатысты қылмыстардың көп жағдайда ашыл­май қалып жатқанына алаңдау­шы­лық білдірген.

Қызылорда облыстық полиция де­партаментінің мәлімдеуінше, биылғы 7 айда облыс аумағында 36 мал ұрлығы бол­ған. Соған сәйкес, жедел іздестіру ша­ралары нәтижесінде 13 қылмыскер құ­рықталыпты. Оның ішінде 5 қылмыс­тық топ анықталған.

Құқық қорғаушылар тарапынан көп жағ­дайда ұрылар өрісте қараусыз жүрген мал­ға көз салатынын алға тартады. Сон­дықтан әрбір шаруа қожалығы иелері төрт түліктерін көзден таса қылмауы тиіс деп санайды. 

«Малдың басым бөлігі өрісте, қарау­сыз жүріп ұрланады. Сондай-ақ азамат­тар­дың малдың жоғалғаны туралы кеш ха­барлауынан қылмысты ашу қиындық ту­ғызып жатады. Себебі кеш хабарлауы сал­­дарынан іздестіру жұмыстарын же­ңіл­­дететін маңызды айғақтар мен із­дер жойылып кетеді. Сонымен қатар мал ие­лерінің арасында малын құжат­тан­дыру, таңбалау, сырғалау жұмыстары әлі де болса жеткіліксіз. Соның салдарынан осындай  келеңсіздіктер орын алып, мал ұрлығын ауыздықтау мүмкін болмай тұр», – деп түсіндірді бұл жайында об­лыс­­­тық полиция департаменті тара­пы­нан. 

Қай кезде де қылмыстың өтеуі – жа­за. Бұл тұрғыда полиция департаменті мал ұрлығын жасағандарға 5 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жа­засы қарастырылғанын айтады. Со­ның негізінде шаруалардың ұсынған әр дәйегіне сәйкес зерттеу жұмыстары жүр­гізілетінін мәлімдеді.

Ал мал ұрлығынан мазасы қашқан шаруалар болса әрбір қылмыс жіті тек­сері­ліп, кінәлілер лайықты жазасын ал­са деген талабын қойып отыр.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы