2022 жылы елімізге тартыл­ған тікелей шетелдік инвести­циялардың жалпы көлемі 28 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл рекордты көрсеткіш деуге болады.
Инвестициялық саясаттың игілігі қандай?
945
оқылды

Ол алдыңғы жылмен салыстыр­ған­да 17,7 пайызға көп. Бұған дейін мұндай жоғары көрсеткіш тек 2012 жылы тір­кел­ген еді – 28,9 млрд АҚШ дол­лары. Инвестиция көлемі коро­навирус дағдарысы бәсеңдеген­нен кейін екінші жыл қатарынан өсім көрсетіп отыр. 

Ұлттық банк мәліметтеріне сүйен­­сек, 2022 жылы шетелдік инвес­тициялардың ең көп көлемі, яғни жалпы соманың 43,4 пайызы немесе 12,1 млрд АҚШ доллары тау-кен өнер­кәсібіне тиесілі, одан кейінгі орында өңдеу өнеркәсібі (5,6 млрд АҚШ доллары) және сауда секторы (5,1 млрд АҚШ доллары). Бұл үш сала барлық тартылған инвестицияның 81,5 пайызын құрайды. 

«Қазақстан халықаралық инвес­тициялық позициясының деректе­ріне сәйкес, 2022 жылдың соңындағы жағдай бойынша шетелдік тікелей инвесторлардың үлесіне тиесілі қа­зақ­стандық кәсіпорындар капиталы­ның көлемі $169,2 млрд болды. Оның 77%-ы ($129,6 млрд) тау-кен өндіру өнеркәсібіне, оның ішінде 71%-ы ($120,7 млрд) – шикі мұнай мен та­биғи газ өндіруге тиесілі. Елдер бойын­ша шетелдік тікелей инвести­ция жалпы ағынының құрылымында Нидерланд (29,7%) алғашқы орында тұр. Одан кейін АҚШ (18,2%), Швейцария (9,9%), Бельгия (5,6%), Ресей Федерациясы (5,4%), Корея Республикасы (Оңтүстік Корея) (5,3%), Қытай (5,1%), Франция (2,7%) және Ұлыбритания (2,4%)» делінген Ұлттық банк талдамасында.

«Тікелей шетелдік инвестициялар қаражаты қозғалысының шынайы көрінісін» көрсету үшін Ұлттық банк өз жарияланымында қайта инвести­цияларды есепке алмай, шетелдік тікелей инвестициялардың (ИПИ) таза ағыны туралы мәліметтерді ұсынды. 

Бұл тұрғыдан HalykFinance са­рап­­шылары «Қазақстанда соңғы 5 жыл ішінде шетелдік тікелей инвес­тициялардың тұрақты ағыны бай­қалатыны анық» деген қорытынды шығарып отыр. Зерттеуде: «Өйткені тікелей шетелдік инвестициялар бойынша статистика жалпы және таза көріністе жарияланатынын атап өту маңызды, алайда Үкімет жос­пар­лау кезінде нақты көріністі көрсет­песе де, инвестициялардың жалпы ағы­ны бойынша көрсеткішті пайда­ланады. Мысалы, Қазақстанның 2026 жылға дейінгі Инвестициялық саясат тұжырымдамасында екі нысаналы индикатор болса, біріншісі – «негізгі капиталға инвестициялар», екіншісі – «тікелей шетелдік инвестиция­лар­дың жалпы ағыны». Жоғарыда ай­тыл­ғандар жалпылама жағымды көр­­сеткіштерге қарамастан, елдегі ше­телдік инвестициялардың жағ­дайы теріс екенін және оны талдау өте маңызды нюанстарды ескермейті­нін айқын көрсетеді. Біз Ұлттық банк­тің тікелей шетелдік инвести­ция­лар қаражаты қозғалысының шынайы көрінісі үшін Үкімет қайта инвес­тициялауды шегергендегі таза ағынға назар аударуы керек деген пі­кірімен толық келісеміз. Қазақ­станға тікелей шетелдік инвестиция­лар­ға келетін болсақ, 2023 жылғы 1-тоқсанда тікелей шетелдік инвести­циялардың жалпы ағыны – $7,6 млрд, инвести­ция­лардың таза ағыны – $2.5 млрд, ал реинвестицияларды шегергендегі таза ағыны $601 млн-ға теріс мәнді. Осылайша, 2023 жылғы 1 тоқсанында шетелдік инвесторлар қаражатының Қазақстаннан кетуі бойынша 5 жылдық теріс үрдіс жалғасып отыр деуге негіз бар» делінген.

Тікелей инвестициялар кез кел­ген елдің экономикасын дамытуда маңызды рөл атқарады. Инвести­циялық қызметтің динамикасы мен шетелдік капитал ағынының көлемі халықтың өмір сүру деңгейінің өсуіне, әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуге тікелей әсер етеді. Сондай-ақ елдің жаһандық аренадағы бәсекеге қабілеттілігіне де бай­ланысты. Сондықтан бұл сег­ментті ынталандыру әсіресе эконо­ми­касы дамып келе жатқан елдерде мемлекеттік деңгейде жүзеге асыры­ла­ды. Әлемдік экономикаға тиімді интеграциялану үшін инвестициялық процестерді жаһандық реттеу жүйесін ескеру қажет. Тікелей инвестициялар саласындағы заңнамалық база ин­вес­тициялық процестің барлық қатысу­шы­ның мүдделерін қорғауға негіз­делуі тиіс.

Қазақстанның 2026 жылға дейінгі инвестициялық саясатының тұжы­рым­­дамасында инвестициялық заң­наманың жетілмегені инвестициялар тарту тиімділігіне теріс әсер ететіні көрсетілген.

Ел экономикасы үшін кез келген инвестиция маңызды екені сөзсіз, бірақ инвесторлардың кепілдіктерін қамтамасыз ету үшін инвестиция­лардың жіктелуі аса маңызды. Өйт­кені инвестиция түрі мен тәуекел дәре­жесі бір-біріне тікелей пропор­цио­налды. Кәсіпкерлік тәуекел дәре­жесі жоғары болса, соған сай табыс әкеледі, бұл жалпы ел экономикасына да жағымды әсер етпек. Осыған бай­ланысты мемлекеттің мұндай инвес­ти­цияларды қорғауы да жоғары деңгейде болуға тиіс.

«Қазіргі қолданыстағы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік ко­дек­сінде «инвестиция» анықтамасы ғана қамтылған. Жеке капитал ұғы­мына жеткілікті деңгейде назар ау­да­рылған жоқ. Осыны ескере отырып, ең алдымен жеке капитал ұғымын анық­тап алу қажет», – дейді сарап­шылар.

Әлемдік тәжірибе кәсіпорын­дарды қаржыландыруда мемлекеттің үлесі болса, елге тікелей инвестиция­ларды тартуға оң әсер ететінін көр­сет­ті. Мұндай жағдайларда мемлекет жеке, көбіне шетелдік, инвестор­лармен бірлесіп инвестицияларды жү­зеге асыратын тікелей инвести­ция­лар қорын құрады. Әдетте осы мақ­саттар үшін үкіметтер мемлекет атынан жеке капитал қорларын құруға қатысатын арнайы қорлар құрады. Басқаша айтқанда, бұл қор­лар ел экономикасына инвестиция салуға дайын инвесторлармен тәуе­келдерді «бөліседі». Сондықтан мұндай қордың мәртебесі неғұрлым жоғары болса, инвесторлар соғұрлым белсенді болмақ.

Осы тектес Қазақстан Үкіметі құрылтайшысы болып табылатын Qazaqstan Investment Corporation инвестициялық компаниясының пайдасы 2023 жылдың қаңтар-мау­сы­мында өткен жылдың сәйкес ке­зеңі­мен салыстырғанда 36,8 есе өсті. QIC аралық қаржылық есептілігінде 2022 жыл қаңтар-маусымдағы 375 млн теңгеден биыл 13,8 млрд теңгеге дейін артты. 

Сондай-ақ QIC операциялық кі­рістері 2022 жылғы қаңтар-мау­сым­дағы 1,8 млрд теңгеден 17 млрд теңгеге дейін өскен, қысқаша айт­қан­да тоғыз есеге арқан. QIC-тің қаң­тар-маусым айларындағы міндет­темелері 56,8 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 2,5 млрд теңгеге артық. Меншікті ка­питал 21 пайызға, 223,4 млрд теңге­ге дейін ұлғайды. Жай акциялардың баланстық құны (таза активтер мен акциялар санының арақатынасы) жарты жыл ішінде 3,29 теңгеден 4,17 теңгеге дейін өсті.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша QIC таза пайданы 10 есеге – 1,5 млрд теңгеден 10,6 млрд теңгеге дейін ұлғайтқан. Компанияның меншікті капиталы 8,2% – ға, 176,5 млрд теңгеге дейін, жиынтық актив­тері – 16,5 млрд теңгеге, 230,7 млрд тең­геге дейін, жиынтық міндетте­ме­лері 54,3 млрд теңгеге дейін өсті. Кор­порация қызметінің кеңеюіне 2022 жылы QazTech Ventures және Kazakhstan Project Preparation Fund еншілес компанияларын біріктіруі де әсер еткен. Сонымен қатар QIC Стрес­стік активтер мен венчурлық қар­жы­ландыру сегментінде, сондай-ақ ин­фрақұрылымдық активтер нары­ғында және мемлекеттік-жеке­мен­шік серіктестікте жұмыс істей бас­та­ғанын да назардан тыс қалдыр­маған жөн.

2023 жылы компания ірі халық­аралық инвесторлармен жаңа порт­фельдік қорлар құруға және өңдеу секторының жобаларын қаржы­ландыруға ниетті.

EY Global компаниясы 2022 жылы «Қазақстан өңірдегі инвес­тициялар үшін ең тартымды ел ретін­де танылды» деген қорытынды шы­ғар­ған болатын. Сауалнамаға қатыс­қан инвесторлардың үштен екісінен астамы (71%) елімізде өз қызметін жүргізіп жатқан кәсіпорындар. Ал­дағы үш жылда инвестициялау ше­шіміне оң әсер етуі мүмкін факторлар ретінде инвесторлар саналы тұтыну, өмір сапасы, салаларды қолдау, еңбек өнімділігі және т. б. шараларды атап өткен. 

Жалпы алғанда, барлық фактор бес негізгі санатқа жатқызуға бо­лады: цифрлы технологиялар, салық салу, еңбек нарығы, нор­мативтік-құқық­тық база және тұрақты даму. Олардың жұмысы үкі­мет, ком­па­ниялар және тұтынушылар үшін үлкен маңызға ие. 

Экономиканың тартымды сала­лары туралы айтатын болсақ, сауал­на­маға қатысқандардың 57%-ы ин­вес­тициялардың негізгі бөлігі орта мерзімді перспективада энергетика саласына тиесілі болады деп са­найды.

Аймақтағы тағы бір қарқынды дамып келе жатқан сектор – бөлшек сауда мен азық-түлік саласын қам­титын тұтыну тауарлары секторы. Тұтынушылық сектор энергетикалық сектормен бірдей өсім көрсетеді деп сенеді сауалнама қатысушылары. Сондай-ақ респонденттердің 53%-ы инвестициялардың айтарлықтай ағы­ны алдағы үш жылда осы секторға бағытталады деп болжайды. Ал рес­понденттердің 42%-ы геосаяси жағ­дайға байланысты инвестициялық жоспарларына әлі өзгерістер енгіз­бегенін жеткізген.

Сонымен қорыта айтқанда, ауыл шаруашылығы саласын қажетті ин­фрақұрылымдармен қамтамасыз етсе, бұл сектор шикізат өндірісінен кейінгі екінші инвестициялық әлеуе­ті зор саланың бірі болмақ. Елімізде инвестициялық салада көп өзгеріс енгізілгенін байқауға болады. Бүгінде елімізде шетелдік инвесторлар үшін қолайлы инвестициялық климат қа­лыптасқан. Алайда отандық инвес­торлардың әлеуетін де біз толық пай­далануымыз қажет екенін ұмыт­паған абзал. Алдағы уақытта қазақ­стандық инвесторлардың да бәсекеге қабілетті болуына жағдай жасалады деп сенеміз.

Кәмила ЕРКІН

фото: e-history.kz