Ата-аналар тарапынан да көптеген наразылықтар айтылды. Кеше Премьер-Министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова жаңа 2023–2024 оқу жылы 25 мамырда аяқталатынын мәлімдеді. Осылайша, соңғы қоңырау рәсімі бұрынғыдай мамыр айына қайта оралды.
ӘДІЛЕТТІЛІК САЛТАНАТ ҚҰРДЫ
Аманжол ӘЛТАЙ,
Мәжіліс депутаты:
– Алдыңғы жылы Оқу-ағарту министрлігіне депутаттық сауал жолдадым. Себебі министрлік бастапқыда соңғы қоңырауды 31 мамыр күніне белгілеген. Тереңірек үңілсек, 31 мамыр – халқымыздың тарихындағы маңызды, ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алатын күн. Сондықтан 31 мамырға соңғы қоңырау мерекесін қоюға болмайтынын айтып, депутаттық сауал жолдағанмын. Оның алдында министрлікке «Неге оқу мерзімін 36 аптаға создыңыздар?» деп хат жібердім. Оқу-ағарту министрлігі: «Зерттеу жүргізіп, сараптаудың нәтижесінде оқу жылын 36 аптаға созуды ұйғардық» деп жауап берген. Бірақ бүгінгі күн көрсеткендей, олардың бұл шешімі асығыстық болды. Біріншіден, нәтижемен алып қарасақ та, 25 мамыр мен 1 маусым аралығында мектептерде мардымды оқу процесі жүргізілген жоқ. Екіншіден, «халық қаласа, хан түйесін сояр» дегендей, ата-аналар да қалыптасып қалған жүйе бойынша соңғы қоңыраудың 25 мамырда өткенін талап етті. Мен де үйренген дәстүрімізбен соңғы қоңыраудың 25 мамырда болғанын дұрыс деп есептеймін. Үшіншіден, 1 маусымдағы соңғы қоңырау Балалар күнімен қабаттасып кетті. Оқу жылының 5 күнге созылып кеткені оқушылардың да психологиялық көңіл күйіне әсер етті. Мектеп бітіріп кеткен түлектер 20, 30 жылдықтарын 25 мамырда атап өтті. Ал оқушыларға 1 маусым күні соңғы қоңырау соғылды. Осылайша, бір мерекелік шара екіге бөлініп қалды. Бұл жауапты министрліктің саралап үлгермей, болашақтағы салдарларына толық көз жеткізіп алмай, асығыс шешім қабылдамау керек екенін тағы да көрсетті. Сондықтан өз басым, соңғы қоңыраудың 25 мамырға қайта белгіленгеніне қуаныштымын. Ата-аналар мен оқушылар үшін де бұл көптен күткен жаңалық болды. Әділеттілік қайтадан салтанат құрды деп есептеймін.
ҚАЛЫПТАСҚАН ОҚУ ПРОЦЕСІ ҚАЙТА БҰЗЫЛАДЫ
Дана РАУ,
педагог, қоғам белсендісі:
– Оқу жылын созу туралы шешім қабылдарда талқылауларға қатыспадым. Бірақ сөз болғанда өз пікірімді жеткізіп, қарсылығымды білдірген болатынмын. Көпшілігіміз куә болғандай, 36 апта бекітілді де, оқу жылы басталғанда күшіне еніп, барлық білім беру процесі осы шешімге бейімделіп, мектептер мен педагогикалық ұжымдар жұмыс ретін толықтай өзгертті. Өткен оқу жылының соңында бұл мәселе қайта көтеріліп, орынды-орынсыз жан-жақты сөз болды. Осыған байланысты 2023 жылдың маусым айында ҰБА жанынан тағы жұмыс тобы құрылып, қызу талқыға түсті. Жұмыс тобының мүшесі ретінде отырысына 2-ақ рет қатыстым. Басқаларының пікірінде жұмысым жоқ. Әркім өз ойын еркін білдіруге құқылы. Қолдағандар да, қарсы болғандар да бар. Өз басым әуел бастан оқу жылын ұзартуға қарсы болдым. Бірақ осы жолы жұмыс тобының дауыс беруінде қолдадым. Неге?!
Өйткені аптаны 34 не 35-ке қысқартқан болса, онда министрлік (орта білім беру комитеті) пен ҰБА-ның бүкіл уақыты оқу процесін ұйымдастыру мен реттеу құжаттарын жөндеумен өткізеді де, оқу жылының басында қайта бірінен соң бірі құжаттар мектептерге жіберіледі. Әрине, мектептің қалыптасып қалған оқу процесі қайта бұзылады. Мұғалімдер күнтізбелік жоспарын қайта жасайды, тағысын тағы. 36 аптаны қолдаған себептерімнің бірі де осы. Сондай-ақ процесті ұйымдастыру мәселелерін талқылап уақыт өткізу жалықтырып жіберді. Бұдан да маңызды мәселелер бар. Бұл – білім беру мазмұнын түзету мен ресурстарының сапасын жетілдіру. Былай қарасаң, оқу жылының ұзақтығы бізде онсыз да 38 апта. Өйткені оқу жылын 11-сыныптан емтихан алып, түлектерді шығарып салумен аяқтаймыз. Ал ұзартылғаны – оқу апталары. Оның өзі, 36 апта болғанмен күнтізбелік 5-ақ күн қосылды. Иә, каникул күндері қысқарды. Ештеңе етпейді. Есесіне сенбі күндері балалар өзінің жеке дамуына мүмкіндік алды.
Сонда бізде оқу жылының ұзақтығы онсызда 38 апта – 190 күн. Ал оқу апталары – 36, 180 күн. 3 айдан аса уақыт демалыс уақыттары, мереке күндерімен қоса жарты жылға жуық.
Біріншіден, осы даудың туғаны басқару менеджментінің де әлсіздігі.
Оқудың алдыңғы және соңғы апталарының ұйымдастырылуы да мектептің ішкі жоспары. Нақты жоспарлар құрылмағасын, ата-аналар оқу процесінің ұйымдастырылуынан хабардар болмағасын, мектептің ішкі жұмыс тәртібіне араласып, қайтсе де бір кемшілік іздеп тұрады. Жарайды, 34 аптаны қайтарды деп, бөріктерін көкке атып қуанып жатыр. Құба-құп. Бірақ қазір заңға өзгеріс енгізгенше, заң негізінде оқу бағдарламаларын реттегенше, оларға сүйеніп мұғалім күнтізбелік жоспарын жасағанша, кем дегенде бір ай уақыт зая кетуі мүмкін. Әрине, ӘНХ уақытымен жетіп, қолдарына тисе мектеп ұжымын басқарушы әкімшіліктің жоғары және тапқыр құзыреттілігі кез келген тығырықтан шығу жолын табады.
Екіншіден, басқару менеджменті бұл жерде тағы бір өзінің табандылығы жоқтығын көрсетті. Мемлекеттік уәкілетті ұйым ретінде, стратегиялық жоспарлау орталық ретінде табандылық білдіргені дұрыс па еді деп ойлаймын?! Өйткені бұл жағдайдан кейін жүз жерден озық болса да жаңалықтар енгізу қиыңға түсуі мүмкін. Себебі үнемі наразы қауым көңіліне, жеке мүддесіне жақпағанын дәл осылай «шулатып» шешіп отырады. Дегенмен шешім қабылданды. Қалай болса да ең әуелі білім алушы балалардың игілігіне жазсын.
Дайындаған Көктем ҚАРҚЫН