Осыған орай шетелге заңсыз кеткен және еліміздегі активтерді қайтару жөніндегі комиссия да құрылды. Президенттің соңғы шыққан Жарлығында бас-аяғы 115 адам жұмыс істейтіні көрсетілген. Үкіметке осы жылдың 31 наурызына дейін активтерді қайтару туралы арнайы заң жобасын әзірлеп, Парламентке өткізуді тапсырды. Ал 12 шілде күні Мемлекет басшысы «Заңсыз алынған активтерді қайтару туралы» жаңа заңға қол қойды. Осы ретте «жаңа заң жобасының негізінде қандай ауқымды істер атқарылып жатыр, бүгінге дейін нақты қанша қаржы қайтарылды?» деген сауалдар туындауы заңды. Осыған жауап іздеп көрдік.
837,4 миллиард теңге мемлекетке қайтарылған
Күні кеше Астананың қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы белгілі кәсіпкер Қайрат Боранбаевқа қатысты істі қарады. Сот отырысында Боранбаевтың адвокаты Данияр Қанафин мемлекеттік айыптаушымен процестік келісімге келу туралы өтінішхат жолдады. Боранбаевқа қатысты сот үкімінің қашан шығатыны әлі белгісіз. Енді тергеу тарапы мен сотталушылардың адвокаттары процестік келісім талаптарын талқылайтын болады. Осы ретте активтерді қайтарумен айналысатын Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның ресми өкілі Зейін Әліпбекке аталған мәселе төңірегінде сауал жолдаған болатынбыз.
Ол Боранбаев ісіне қатысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етуге жатпайтынын алға тартты. Сонымен қатар ол кейбір тұлғалар заңсыз шығарған немесе жылыстатылған активтерін ерікті түрде қайтаруға кіріскенін атап өтті. Сондай-ақ күні бүгінге дейін заңсыз иемденген 837,4 млрд теңгенің активі мемлекетке қайтарылғанын, оның ішінде шетелден 589 млн доллар әкелінгенін айтқан ресми өкіл қайтарылған қаражаттың 100 млрд теңгесі еліміз бойынша заманауи мектептер салуға жұмсалып жатқанын жеткізді. Зейін Әліпбек негізсіз берілген немесе нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаған жерлерді де қайтару бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.
«Қабылданған шаралар олигополия субъектілеріне бұрын негізсіз берілген 460 мың гектардан астам жерді қайтарды. Атап өтсек, KazBeef ЖШС-нің Ақмола облысындағы ауданы 62 мың гектар, 5 жылдан астам нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаған жер телімі (жайылым), Әлия Назарбаеваға үлестес серіктестікке берілген Алматы облысы Жамбыл ауданындағы ауданы 445 гектар жер учаскесі (конкурссыз, жерге орналастыру жобасы болмаған жағдайда, жер комиссиясының қорытындысы), Алматы облысы Қарасай ауданындағы 1485 гектар жер учаскесі (бенефициар Б.Назарбаев), Алматы қаласы, ҚазҰУ аумағындағы 0,8 гектар жер учаскесі Т.Құлыбаевқа қарасты серіктестіктерге берілген», – дейді Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның ресми өкілі.
Жаңа заңның мүмкіндіктері қандай?
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі, депутат Жарқынбек Амантайұлы:
«Заңсыз алынған активтерді қайтару туралы» күшіне енген жаңа заң енді жұмысты біршама жеңілдететінін атап өтті. «Құлқынның қамымен заңсыз жолмен сатып алынған активтер тиісті деңгейде қайтарылмай келгені рас. Заң осал еді. Тіпті, кей тұста жемқорлардың пайдасына жұмыс істейтін. Салыстырмалы түрде айтайық... Ескі заң бойынша заңсыз мүлікті қылмыстық процестік және әкімшілік процестік тәртіппен ғана қайтаруға болатын. Бұл – тым ұзақ процесс. Өкінішке қарай, ол әдіс көп жағдайда нәтижесіз аяқталатын. Енді жаңа заң жобасына сәйкес, мүлікті тәркілеу құқығы бар. Яғни, құзырлы органдар заңсыз активтерді әй-шәйға қаратпай, тартып ала алады. Бұрынғыдай «қылмыстық, әкімшілік іс ескірді, уақыты өтіп кетті» деген сылтау айтылмайды. Немесе тәркілеудің алдын алғысы келген адам өз еркімен активтерді мемлекетке қайтара алады. Онда ол заңдық қудалаудан босатылады. Бұл заң жобасын әзірлеуде үздік халықаралық тәжірибелер ескерілгенін атап өткен жөн. Заң жобасын дайындау кезінде АҚШ, Канада, Германия, Ұлыбритания, Аустралия сияқты мемлекеттердің сот шеңберінде мүлікті азаматтық тәркілеу тәсілдері зерттелді. Шын мәнінде заң жұмыс істесе, мемлекетті майшелпек қылғандардың мүліктері тәркілене бастаса, «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасына халықтың сенімі күшейеді», – дейді ол.
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың заңсыз шетел асқан қаражаттары көрсетілген сомадан әлдеқайда көп болуы мүмкін деген пікір айтады.
«Күні кеше Қайрат Боранбаевтың айыптаушымен келісімге келу туралы ақпаратын оқыдық. Одан бөлек, 1,5 миллиард доллар көлемінде қаражат беретіндігі туралы ақпаратты тағы да көзіміз шалды. Оның Forbes тізіміндегі жалпы байлығы 500 млн доллар көлемінде деп көрсетілсе, ол қалайша 1,5 млрд долларды өтемек. Яғни, оның бізге белгісіз шетелде сақталған одан да көп қаржылары бары анық. Кем дегенде тағы да 1,5 млрд доллар көлемінде болуы мүмкін. Мен өз басым оның барлық заңсыз активтерін елге түгелімен қайтарады дегенге сенбеймін», – дейді ол.
Қоғамда заңның ерікті қайтаруға қатысты нормасына сын айтушылар да бар. Себебі активтерді өз еркімен қайтарған адам жауапкершіліктен босатылады. Бұл мәселеге кезінде Әділет министрі Азамат Есқараев жауап берген болатын. Оның айтуынша, біздің заңнамамыздағы қылмыстық процесте процессуалдық келісім институты бар. Ал негізі мұндай мүмкіндік активтерді өз еркімен қайтаратындар үшін де, мемлекет үшін де тиімді. Себебі бұл ұзақ сот процестері мен арбитраждық дауларға кететін үлкен шығындардың алдын алатын көрінеді.
Қаржыны қайтару – күрделі мәселе
Экономист, Қазақ технология және бизнес университетінің аға оқытушысы Сапарбай Жобаевтың айтуынша, заңсыз иемденген ақшаны қайтару – күрделі процесс.
«Күні бүгінге дейін заңсыз иемденген 837,4 млрд теңгенің активі мемлекетке қайтарылғанын есептесек, бұл бар болғаны – 1,5 млрд доллар. Бізден сыртқа шығарылған қаражат көлемін еліміздегі ақпарат көздері 70-80 млрд доллар десе, кейбір шетелдік сараптама қорлары 120-140 млрд доллар деп бағалауда. Мейлі, 60 млрд болғанның өзінде қазіргі қайтқан қаржымен есептесек, бар болғаны 2 пайызы ғана қайтты деген сөз. Шетке шығарылған қаражаттар заңды түрде шығарылған болуы да мүмкін. Мәселен, қазақстандықтардың көбісі өз үйлерін сатып, Түркияның туристік аймақтарынан үй алып жатады. Оларға ешқандай кедергілер жоқ. Кезінде монополист, олигарх, билік басындағы министрлер, әкімдер, депутаттар да ақшаны шетелге көп шығарғаны рас. Төлем балансы деген құжат бар, сонда қанша ақша шетке кетіп жатқаны Ұлттық банк жүйесі арқылы анық көрініп тұрады. Әр жылы 20-25 млрд АҚШ доллары сыртқа кетіп тұрған. Оның қаншасы заңды-заңсыз екенін біздегі сот жүйесі шешуі керек. Екіншіден, шетелден қайтаратын активтерді қарайтын комиссия мүшелері – қазіргі билікте отырған адамдар. Осындай жағдайда сот әділ шешім шығара ма, жоқ па – мәселе сонда. Біз Астана Қаржы орталығына англо-сакстық сот жүйесін кіргізген болатынбыз. Себебі шетелдік инвесторлар біздің сот жүйесіне сенбейді. Мысалы, Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Кәрімовтың қызы Гүлнар да кезінде өте көп мөлшерде шетелге қаражат шығарған болатын. Ақпаратқа сенсек, активтері, үйлері, байлығы бар шамамен 1,5-2 млрд доллар ақшасы сыртта сақталған. Соның бүгінде білуімше, бар болғаны 100 млн-ы ғана қайтарылған. Сот процесінің басталғанына 7-8 жыл өтсе де, қалғаны әлі күнге дейін қайтарылмаған. Сондықтан шетелден ақша қайтару – өте күрделі мәселе», – дейді экономист.
Қаржылар басқарушы компанияның бақылауында болмақ
Жалпы, Бас прокуратураның мәліметінше, заңсыз алынған активтердің көп бөлігі АҚШ, Швейцария, Англия, Франция, Испания, Біріккен Араб Әмірліктері, Сингапур және Гонконг сияқты елдерде шоғырланған. Сондай-ақ Сейшел аралдары мен Панама сияқты оффшор аймақтар бар. Қайтқан қаржының да дені осы мемлекеттерден. Жоғарыда аталған үш елде де шетелдік салымшылар үшін салық мөлшері өзге мемлекеттерге қарағанда, едәуір аз. Яғни, аталған елдерде оффшорлар үшін барынша жағдай жасалған. Мысалы, сыртқы қарызы жоқ, халықтың өмір сүру деңгейі бойынша әлемде екінші орында тұрған, тұрғындарының саны 50 мыңға да жетпейтін Лихтенштейнде қазір 100-ге жуық шетелдік компания тіркелген екен. Ал Біріккен Араб Әмірліктері банктерінің бірінде шот ашу аса қиындық тудырмайды. Керісінше, бұл комиссияларды үнемдеуге мүмкіндік береді, сондай-ақ ақша алу ресімін едәуір жеделдетеді. Сондай-ақ кез келген шетелдік халықаралық карталарды пайдалана алады және банкоматтан қолма-қол ақша алуға да болады. Бұл дегеніңіз – Әмірліктерде қаржы ұйымдарына қол жеткізу аса күрделі іс емес деген сөз.
Жалпы, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жобаларын қаржыландыру мақсатында Арнаулы мемлекеттік қор құрылып, қайтарылған қаражат пен активтер сонда аударылмақ. Қайтарылған активтердің қаражаты қазынашылықтағы шотқа түсіп отырады. Дегенмен барлығы ақша түрінде қайтпайды. Мысалы, Қазақстаннан тыс жерде орналасқан жылжымайтын мүлік те болуы мүмкін. Міне, сол үшін де басқарушы компания құрылады. Оның жалғыз құрылтайшысы Үкімет болады. Басқарушы компанияның қызметі, оның жұмысын регламенттеу нормативтік-құқықтық акт деңгейінде айқындалмақ. Басқарушы компания мемлекетке қайтарылған активтерді оның атынан меншігіне қабылдау, мемлекет кірісіне айналдырылған активтердің сақталуын және ұсталуын қамтамасыз ету, активтерге билік ету, активтерді өткізуден түскен қаражатты арнаулы мемлекеттік қорға аударуды қамтамасыз ету секілді міндеттерді атқарады. Осы тапсырманы орындап болғаннан кейін компания жабылатын болады.
Түйін:
Тәуелсіздік жылдары елімізден 160 млрд доллар сыртқа шығып кеткені айтылады. Бұл дегеніміз – Ұлттық қордың қаржысынан үш есе көп, республикалық бюджеттен тіпті төрт есе жоғары екен. Бір қызығы, Халықаралық рейтингтер бойынша, Қазақстан капиталдың тұрақты түрде шетелге жылыстатылуы жөнінен әлемдегі 20 елдің қатарына кіреді екен. «Тістегенінің аузында, ұстағанның қолында» шетел асып кеткен бюджет қаржысы мен жалпыұлттық байлықтың тағдырын енді жаңа заң мен комиссия шешпек. Президент тапсырмасына сәйкес, «Әділетті Қазақстан» құру жолында жауапкершілікті мойнына алған комиссия нақты нәтиже көрсетеді деп сенеміз.
© коллаж: Елдар ҚАБА