Биржа деген бір делдал
Нарықтық экономикаға көштік дегелі сауда қатынасында жеткен бір «жетістігіміз» – тауарларды биржада саудалау. Еліміздегі көмір бағасының мезгіл-мезгіл қымбаттауына осы делдалдық механизмдер әсер етіп отыр. Мұнда орасан үлкен көлемде сауда-саттық жүретіндіктен, оның баға түзу процесінде әсері зор. Бұл жерде әңгіме коммуналдық-тұрмыстық мақсаттағы көмір туралы боп тұр. Өйткені энергия өндіретін немесе өнеркәсіптік кәсіпорындарға арналған энергетикалық көмір өндірушіден тікелей жеткізіледі. Мысалға, жыл сайын жыр болатын «Шұбаркөл көмір» АҚ-ын алатын болсақ, еліміздің коммуналдық-тұрмыстық тұтынушыларға арналған көмірді өткізу нарығының 35%-ына ие алпауыт компания биыл сауда-саттыққа Modern Trading Solutions тауар биржасы арқылы шығуға шешім қабылдапты. Ал бұл биржаға біржолғы кіру жарнасы оның жарғылық капиталының 4%-на тең. Кейін қайтарылмайтын, біржолғы төленетін бұл төлем бүгінгі есеппен шамамен 95 млн теңгені құрайды. Ендеше, бұл сома түптеп келгенде соңғы тұтынушының, яки қарапайым азаматтар мен мектеп, аурухана сияқты мемлекеттік ұйымдардың немесе кәсіпкерлердің қалтасына салмақ боп түседі деген сөз. Осыған байланысты Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі аталған тауар биржасына еліміздегі бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзуға жол бермеу туралы алдын ала ескерту жолдаған екен. Жалпы, көмір саласындағы мұндай дерек жалғыз бұл емес. Бұған дейін Агенттіктің Астана қаласы бойынша департаменті 2021 жылдан 2023 жылға дейін «Шұбаркөл көмір» АҚ өндірген көмірмен биржалық сауда-саттықты өткізген «Астана» Тауар биржасы» АҚ-на қатысты аккредиттеудің жоғары құнына байланысты тергеу бастаған болатын. Өйткені коммуналдық-тұрмыстық көмірді сату бойынша электрондық алаңдардың қызметтерін ұсыну нарығында үстем жағдайға ие бұл ұйымнан монополиялық жоғары бағаларды белгілеу белгілері анықталған. Бір сөзбен айтқанда осындай арамтамақ делдалдардың кесірінен Қазақстан халқы үшін көмір бағасы орташа есеппен 40-45%-ға қымбат түсіп отыр.
«Көмір өндірушілерімен байланысы бар делдалдар арқылы көмір сату тәжірибесі әлі де жалғасуда. Өндіруші компаниялар биржалық сауда-саттықты пайдаланады. Онда ірі көлемдегі (3 млн тоннаға дейін немесе жылдық жөнелтілім көлемінің 71%-ына дейін) көмір тауары бірнеше жыл бойы өзгермейтін әрі саны шектеулі жеткізушілерге ғана (2-ден 17-ге дейін) бірнеше минут ішінде сатылып кетіп жатыр. Мәселен, «Шұбаркөл көмір» АҚ саудаға 3,2 млн тонна көмір шығарған кезінде оның 26%-ын 16 өңірлік оператор және 74%-ын 10 делдал компания санаулы минуттарда талапайлап дымын қалдырмай алып кеткен. Мұндай делдалдардың арнайы инфрақұрылымдары да, қоймалары, тиеу-түсіру техникалары да жоқ. Ал саудалау кезінде олар 100%-ға дейін үстеме ақы қосып сатады. Мысалы, 2022 жылғы желтоқсанда «Халық Көмір» ЖШС «Қаражыра» АҚ-ның «Каспий «ТБ» АҚ тауар биржасы арқылы 120 мың тонна көлемінде көмірді орташа өлшенген бағасы – тоннасына 6 500 теңгеге сатып алып, 12 595 теңгеге қайта сатқан. Осындай тауар биржалары туралы заңнаманың бұзылуына байланысты БҚДА былтыр әкімшілік құқықбұзушылық туралы 19 іс қозғады, 6 тауар биржасы өз қызметін тоқтатты, оның төртеуі тексеру алдында ерікті негізде және екеуі сот шешімі бойынша жұмысын тоқтатты» делінген БҚДА хабарламасында.
Осыған байланысты, БҚДА 2022 жылдың желтоқсан айында ИИДМ және СИМ-мен бірлесіп Көмір сату нарығындағы бәсекелестікті дамыту жөніндегі Жол картасын қабылдаған екен. Мұндағы негізгі проблемаларды шешуге арналған бұл құжат сатып алу процедурасын ашық ете түсуді көздейді. Мәселен, биржалық сауда-саттықта өңірлік операторлардың үлесін 50%-ға дейін ұлғайту көзделген. Бұл мұндай мөлшердегі тауар делдалдарға емес, тікелей тиісті инфрақұрылымы бар көмір өндірушілеріне сатылады деген сөз. Осылайша, тиімсіз делдалдар жойылмақ. Ал энергетикалық мақсаттағы көмірлер қоғамдық маңызы бар нарық санатына көшіріліп, ондағы бағаны реттеуге мемлекет араласатын болады. Сондай-ақ ірі бизнеске бағдарланған және делдалдарға көмір өткізуді қамтамасыз ететін «ыңғайлы» биржаларды жою мақсатында БҚДА биржалық саудамен айналысуға арналған лицензиядан айыру бойынша жұмыс жүргізуде. Делдалдарда инфрақұрылымдарының болуына да баса талап қойылатын болады. Енді көмірді орта жолдан сатып алып, одан соң қоймасымен техникасы бар компанияларды жалдауға немесе соларға сатып жіберуге тыйым салынады. Мұндай «көлденең көк аттылар» баға түзу процедурасына килігіп, оны қымбаттатып отыр.
Бір қыста 220 мың теңге
Елімізде соңғы үш-төрт жылдықта көмір тапшылығы мәселесі жоқ екен. Мәселен, елорда іргесіндегі Қосшы қаласында көмір әрдайым бар. Жеткізушілерге хабарлассаң болды, өздері әкеліп береді. Әйтсе де, бағасы қымбаттау. Былтыр қосшылықтар 1 тонна көмірді 20 мың теңгеге алыпты. Жеткізу ақысы осы соманың ішінде.
«Біз бір қыста 10-11 тонна көмір жағамыз. Сонда бір қысқа 220 мың теңгедей ақшамыз кетеді. Бұл әрине қымбаттау. Айталық, менің үйім 100 шаршы метр. Ал одан үлкен үйлер бар, екі қабатты коттедждер бар. Олар бір қыста 20-30 тонна көмір жағады. Сонда қанша шығын жұмсайтынын ойлана беріңіз. Көмірлердің ішінде ең сапалысы – Шұбаркөлдің көмірі. Одан бөлек Астанаға Қаражар және Майкөбе карьерлерінен көмір келеді. Олардың бағасы 1-2 мың теңгеге арзандау. Бұрындары сәуір-мамыр айларында келесі қысқа көмір алып қоятынбыз. Өйткені тапшылық қатты сезілетін. Жұрт таласып жататын. Ал соңғы жылдары ондай емес. Қазірдің өзінде базарда көмір сатылып жатыр», – дейді Қосшы қаласының тұрғыны Ескендір Тасболатов.
Көмір тапшылығы жоқ дегенмен елімізде соңғы жылдары ішкі нарықтағы сұраныс та арта түскен. Мәселен, былтыр көмір тұтыну көлемі 81,4 млн тоннаны құрапты. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 5,7%-ға көп. Оның 11,03 млн-ы коммуналдық-тұрмыстық мақсаттағы көмір. Ол да болса алдыңғы жылмен салыстырғанда 3,1%-ға артық. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бұл динамиканы бірінші кезекте қыстың қатты болғандығымен байланыстырады. Еліміздің солтүстігі мен орталығы газдандырылмағандықтан, көмірді көбірек тұтынған. Десе де, олар халыққа арналған көмірдің шетінен сыртқа тасу деректері болғанын да жоққа шығармайды. Өйткені бізде тоннасы 15-20 мың теңге тұратын көмірдің экспорттық бағасы одан 700-900%-ға жоғары. Сол себептен Үкімет ішкі нарықта тапшылық туындамау үшін экспортқа шектеу қойған болатын.
«Осы реттен алғанда 2022 жылы елімізде 113,9 млн тонна көмір өндірілген болса, бұл 2021 жылғы 111,7 млн тоннадан 2%-ға артық, соның ішінде экспорт 32,5 млн тонна құрады. Ал ішкі нарықа арналған 81,4 млн тоннаның 64,4 млн-ы энергетикалық кешенге, 5,97 млн-ы өнеркәсіптік кәсіпорындарға жөнелтілді», – дейді ИИДМ Көмір өнеркәсібі басқармасының басшысы Жанат Игісінов.
Тапшылық болмаса, қымбатшылық та жоқ
Экспорт дегеннен шығады, қымбатшылықтың бір себебі – делдалдар болса, ендігі бір себебі – сыртқы нарыққа тасу. Өйткені онда қымбат. Елдегі көмірді сыпырып шетелге сатып жіберсек, өзімізде тапшылық туады. Ал тапшылық соңы – қымбатшылық. Осы тұрғыдан келгенде, экспорт деген құбыжық болып тұр. Сол себепті де Үкімет өзінің көмір карьерлері немесе шахталары бар немесе көмірді байытумен айналысатын тек 26 қазақстандық компанияға ғана көмірді экспорттауға рұқсат беріп отыр. Олар тас көмірді, оның брикеттелген түрін, жентектелген түрін және қара көмірді (лигнит) шетелге саудалау бойынша айрықша құқыққа ие бомақ. Мұндай шараны Үкімет энергетикалық қауіпсіздікті сақтау үшін және ішкі көмір нарығын тұрақтандыру үшін барып отыр. Өйткені былтыр көмірді сыртқа тасу қадағалаудан шығып кеткен. Соның салдарынан шекара маңындағы елді мекендерде көмір тапшылығы туындаған. Алыпсатарлар сол жаққа тасып жатырмыз деген желеумен көмірді шекара асырған. Мұндағы басты себеп: Ресей көміріне эмбарго салынғандықтан европа елдері тарапынан Қазақстан көміріне сұраныстың есеслеп арта түскені. Соның ішінде біздің көмірді ең көп сатып алған Швейцария екен. 11 айдың ішінде олар 132,1 млн долларға 4,4 млн тоннаға жуық көмір сатып алыпты. Нәтижесінде, экспорттан түсетін кіріс те көбейген. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, былтырғы 11 айда біз алдыңғы жылмен салыстырғанда 87,6%-ға артық табыс тауыппыз. Мәселен, 2021 жылы бұл көрсеткіш 446 млн доллар болса, былтыр 837 млн доллар. Бұл тұрғыдан келгенде, әрине, экспорт дегеніміз – табыс көзі. Десе де, «Таяқтың екі ұшы бар» демекші, сырттан түсетін табыс ішкі тапшылыққа алып келмеуге тиіс. Өйткені тапшылық болмаса, қымбатшылық та жоқ.
Ал жалпы, қара есеппен алсақ, былтырдан бері елімізде көмір өндірісі қарқынды жүруде. Тіпті, екінші жарты жылдықта «дүмпу» болды деуге болады. Сондықтан да тапшылық болмауы тиіс. Мәселен, биылғы 7 айдың өзінде бұл қарқын бәсеңдемей, 67,6 млн тонна көмір өндірілген. Осы көмірдің 16,3 млн-ы ендігісі еліміздегі Жылу-электр орталықтарына жеткізіліпті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 250 мың тоннаға артық. Ал қалғаны елді мекендерге, өнеркәсіп ошақтарына жеткізілуде. Ендеше биылғы қыстан қысылмай-ақ шығар ретіміз бар. Тек Үкіметтің қадағалау тетігі мүлтіксіз жұмыс істеп, биыл да үдей түскелі тұрған экспорттың ырқына кетіп қалмаса болғаны. Әйтпесе, көмірмен бірге өміріміз де қымбаттағалы тұр.
Нұрлан ҚОСАЙ