Сонымен қатар сабақтастықтың алтын жібін үзбей, мемлекетшілдік дәстүрімізді жалғастыруды тапсырды. Мұндай күрделі кезеңде қоғамда мемлекетшілдік болмысы басым тұлғаларды іздейтінімізді жасырмаймын. Кешегі мен бүгінгіні байланыстырып, басшылық көрсеткен бағытқа адастырмай алып барар алып тұлғалардың болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігі мол. Мұндай тұлғаларды бірден нұсқап көрсету оңай емес. Өйткені олар менмұндалап алға шықпайды. Тек ізгілікті істері мен азаматтық ұстанымдары арқылы өздерін дәлелдеп келеді. Сондай азаматтардың қатарында менің бұрынғы әріптесім, өмірлік рухани ағам Бақтықожа Ізмұхамбетов бар.
Мемлекет және қоғам қайраткері Бақтықожа Ізмұхамбетовтің есімі мен еңбегі жалпақ жұртқа жақсы таныс. Әр жылдары Батыс Қазақстан және Атырау облыстарын басқарған, еліміздің Энергетика министрлігіне жетекшілік еткен, екі мәрте Парламент Мәжілісінің депутаты әрі Мәжіліс Төрағасы болған. Республикалық Ардагерлер ұйымын ұйыстырды. Тәжірибесі таудай қайраткер тұлға тағы бір рет халық қалаулыларының қатарын толықтырып, жоғарғы заң шығарушы органда жеңісті де жемісті қызметін жалғастырып келеді. Көргені көп болған соң көшелі сөз айтатын Бақтықожа Ізмұхамбетов туралы біз де әңгімелеп беруді жөн көрдік.
Тұлғалық тұрпаты
Америкалық экономист Джон Кларктың «Саясаткер келесі сайлауды ойлайды, мемлекеттік қайраткер келесі ұрпақты ойлайды» деген керемет қанатты сөзі бар. Бұл қазақтың «болашағыңды ойласаң, ұрпағыңды тәрбиеле», «ұрпағыңды ойласаң – бесігіңді түзе» дейтін нақылға саяды. Бақтықожа Салахатдинұлы әр кезде жастардың мәселесіне көңіл бөліп келеді. Республикалық Ардагерлер ұйымына төрағалық етіп жүрген кезде үнемі жастармен кездесіп, бай өмірлік тәжірибесімен бөлісуді ұмытпайтын. Әлі де осы қарқынынан қайтқан емес. Өйткені өзі де сол мыңдаған қатарласы секілді үлкен өмірге аяқ басып, қарапайым маманнан бастап облыс әкімі, министр, жоғары заң шығарушы орган – Парламент Мәжілісінің депутаты іспетті жоғары лауазымдарға елеулі еңбегімен қол жеткізді. «Мұның сыры неде?» десеңіз, онда кейіпкеріміздің өмір жолымен там-тұмдап танысқанымыз абзал.
Бақтықожа Ізмұхамбетов 1948 жылдың 1 қыркүйегінде Атырау облысында дүниеге келді. Әкесі Салахатдин ақсақал мамандығы бойынша филолог болған, мектепте әдебиет пәнінен сабақ берген. Анасы Әсима апай үй шаруашылығын атқарып, бала тәрбиесімен айналысқан жан. Өз өңірінде атақты күй орындаушысы, ақындық қасиеттерімен елге танылған тұлға болыпты. Жас Бақтықожа өз айтуы бойынша, мектепті аяқтағаннан кейін журналист болуды армандапты. Өйткені ата-анасы шығармашылыққа жаны жақын адамдар еді. «Ұяда не көрсең, ұшарда соны ілерсің» демекші, жас баланың қарымды қалам иегері болғысы келгені де түсінікті. Солай десек те, кейіпкеріміз басқа мамандықты таңдауға мәжбүр болды. Ағасы Камалитдин де журналист еді, сол кезде «бір әулетке, бір журналист жеткілікті» деп жас өренді техникалық мамандық алуға көндіреді. Сол кезде Мәскеу қаласындағы Бауман атындағы училищеге түсуге барады. Алайда ол жақта әскерден немесе екі жыл өндірісте жұмыс істегеннен кейін ғана қабылдайтын болғандықтан, ол Уфа мұнай институтына оқуға түседі. Аталмыш жоғары оқу орнында өзін жақсы қырынан көрсеткені соншалық, оны аспирантураға оқуға шақырады. Әкесі сырқаттанып қалғанына байланысты туған еліне оралып, мұнайшы мамандығы бойынша жұмысқа кіріседі. Қара алтынды өндіру саласын бес саусағындай біліп алды. Бұрғылаушының көмекшісінен бастап бұрғылаушы, инженер, аға инженер болып саланың сырын ұғады. Жұмыста жүріп білім-ғылымнан қол үзген емес. Бес монография жазды, оның біреуі шетелдік басылымда жарық көрді. 30 ғылыми мақала иесі, өзінің оқыған институтында кандидаттығын қорғады. Араға біраз уақыт салып, докторлық диссертациясын сәтті қорғап шықты. Ойлап шығарған бірнеше құрылғысы өнеркәсіпте қолданыс тапты. 1983 жылы озат маман ретінде Йемен еліне қызметтік сапарға жіберіледі. 1991 жылы еліміз егемендігін алғанда Геология министрлігіне қызметке шақырылады. Маңдайалды маман ретінде мұнай және газ саласын басқаруға кіріседі. Осындай қарағайға қарсы біткен талпынысымен өзінің болашақ жеңістеріне жол аша білді. Мақсатшыл, ойы ұтқыр жастарға үнемі қолдау көрсетіп отыратын қыры осыдан. Қай жерде болмасын жас мамандарға атүсті қарамай, өзімен терезесі тең, керегесі кең тұлғадай сөйлесе білген. Мұндай кеңдік адамгершілігі мол, пейілі ақ, көңілі дарқан адамдарға ғана тән қасиет. Жас отбасылар мәселесін қаперінен шығарған емес. Парламент демекші, сол бір халық қалаулыларының қатарында жүріп бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған кейіпкерімізбен жақынырақ танысудың мүмкіндігі туды.
Заң шығармашылығы
Осындай көпшіл азаматпен қызметтес боп, кейін шынайы дос тапқаным үшін тағдырыма айтар алғысым шексіз. Сонымен, артқа сәл шегініс жасап, сонау депутаттық кезде бірге жұмыс істеген шақтарға оралатын болсақ, кейіпкеріміздің болмысы туралы бір мысал есімде қалып қойыпты.
Біз Парламент Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің бір топ депутаттары еліміздің күш-құрылымдарын, шалғайдағы әскери бөлімдерін көп аралайтынбыз. Әскери ұжымдардың тыныс-тіршілігі, күн тәртібі және тағы басқа қызмет тұстарымен таныстық. Сонда Бақтықожа Салахатдинұлы жас сарбаздардың ортасына барып, әкелік қамқорлығымен «қалдарыңыз қалай, тамақтануларыңыз қалай, сіздерді мазалап жатқан сұрақтар бар ма?» дейтін біраз сауал қойып, сұхбат өткізді. Олармен ашық-жарқын әңгімелесті. Өзім әскери азамат болғандықтан, мұндай тұстарды бірден байқаймын. Бұл жас ұрпаққа деген қамқорлық, болашағына алаңдаушылық десем, артық айтқандық болмас. Халық қалаулысының осындай қарым-қатынасына сарбаздардың да іші жылып қалады. Жас сарбаздар, келісімшарт негізіндегі әскери қызметшілер мен офицерлер және ардагерлер қауымының әлеуметтік жағдайын жақсартуға келгенде жарғақ құлағы жастыққа тимей қызмет атқаратын. Әрине, мемлекеттік бюджеттің мүмкіндіктері таусылмайтын қайнар көз емес. Республикалық бюджетпен жұмыс істейтін азаматтар мұны жақсы біледі. Соған қарамастан көптеген әскери жабық қалашыққа барғанда әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша көптеген ұсынысын айтты. Солардың біразы жүзеге асты. Тек қызмет бабымен жүретін шендінің аузынан мұндай сөз шығуы екіталай, біздің кейіпкеріміз секілді мемлекетшіл ірі тұлға ғана осындай ұсыныстарды айта алады. Бұл замандасымыздың қаншалықты мейірімді екенін көрсетіп тұрғандай. Жалпы, депутаттық кезеңде осындай мысалдар жетіп артылады.
Әріптестерін тағы бір таңғалдыратыны – оның кәсіби шеберлігі. Мұнай саласының маманы бола тұра, оның заң шығармашылығына келгендегі кәсібилігі бізді шын мәнінде тәнті етті. Ол қай жұмыс болмасын, қай іске кіріспесін соңына дейін жеткізбей қоймайтын. Ол үшін күн тәртібінде және жиналыстарда екінші қатарлы мәселелер болмайтын, кез келген заң жобасын сондай тиянақтылықпен жүзеге асыратын. Одан кейін шикі, жетілмеген, екіұшты заңдар болмайтын. Оның сараптамалық қыры республикалық бюджетті қалыптастыруға оң ықпалын тигізетін. Қандай мәселе болмасын мемлекетшілдік тұрғысынан ойлайтын. Біз оның қайтпас қайсар мінезіне тәнті болатынбыз. Бір ұстанымды таңдады ма, соған соңына дейін адал болады. Бұл қасиеті оның облыс әкімі, министр болған кезде де байқалды.
Өнегелі өңір басшысы
Сондай-ақ тағы бір байқалған қыры – Бақтықожа Салахатдинұлының күрескерлік тұлғасы. Ол қоғамда қатып қалған қасаң стереотиптерді бұзу керегін тілге тиек етіп келеді. Мысалы, Энергетика министрі болып тұрғанда Италияға іссапармен барды. Сонда сүтті ешкі шаруашылығын көріп, таңғалды. «Мынадай жобаны Қазақстанда да қолға алуға болады ғой» деп қатты қызыққан екен. Ақыры Атырау облысының әкімі болған жылдары осы жобаны жүзеге асырды.
Сол секілді Атырауда талшықты-оптикалық кабель өндірісін жолға қойды. Отандық зауыт кезінде «Қазақтелеком» компаниясының 30 пайыздық қажеттілігін өтеп тұрды. Қазір бұдан да көбейген болуы мүмкін. Мақтағаным емес, әңгіменің ретіне қарай бір мысал келтірсек болады. Атырау облысына әкім болып барғанда жергілікті халық тұтастай шекараның арғы бетіндегі Астрахань өңірінің жұмыртқасын тұтынады екен. Шетелдің өніміне бұлайша иек артуға болмайтынын түсінген ол өңірде құс фабрикасын салуды қолға алады. Аталған фабрикада жылына 100 млн жұмыртқа өндіреді. Бұл бір ғана мысал. Ондай мысалдар Бақтықожа Салахатдинұлының өмірінде жетіп артылады. Солай десе де, әңгіменің тіні оның іскерлігінде ғана емес, оның ішкі пейілінде. Қанша өңірге басшылық жасамасын жоғарыда айтып өткен мемлекетшілдік принципінен тайған емес. Ол жершілдік, рушылдық дейтін рухани дертке шалдықпай, ондай құбылыстардан бойын аулақ ұстады. Басшылықта жүргенде қасына туыстарын емес, тек елім, жерім дейтін кәсіби мамандарды топтастыра білді. Оның санасы қаншалықты жоғары екенін пайымдай беріңіз.
Тілге тиек етер тағы бір қыры – оның тазалығы. Бүгінде жоғары лауазымды тұлғалардың байлығы қоғамда күмән туғызатыны заңдылық. «Бұл қалайша осындай игілікке ие болды?» деп айтатын ағайындар аз емес. Кейіпкеріміз 35 жыл мұнай саласында жұмыс істеді. Есеп-қисапсыз дүниесі мол байлардың қатарында болмаса да, көңілі дарқан жандардың арасында жүр.
Оның мәрттігі туралы да айтып өткен жөн. Өңір басшысы болған жылдары шалғайдағы бір отбасы алдына келеді. Кішкентай балалары қайнаған суға құлап, бет-аузын түгелдей күйдіріп алыпты. Амалы таусылған отбасы облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің алдына келіпті. Сонда кейіпкеріміз қомақты қаржы беріп, баланы шетелге емдетуге жіберіпті. Ешкімге дабыра қылып айтқан жоқ. Арада жиырма жылға жуық уақыт өткенде аталған отбасы қайтадан кейіпкеріміздің кабинетіне келіпті. Сонда Бақтықожа Салахатдинұлы «баланы маған көрсетіңіз» деп, дені сау жігітті көріп қатты қуанған екен. Байқасаңыз, ол үшін материалдық құндылықтар емес, адамның саулығы, жалпы адам баласы бірінші кезекте тұр. Одан бөлек, оның Ақтөбедегі бір сазгерге өз қаржысына пианино алып бергені бар. Сонда әлгі сазгердің қуанғанын көрсеңіз. Өнер адамы үшін ондай сыйлықтың құны қаражаттан да құндырақ. Мұндай мысалдарды көптеп айтуға болады. Ең маңыздысы – оның жанының жомарттығы және осыған қарамастан кішіпейілдігі. Ата-бабамыз: «Ұлық болсаң, кішік бол» деп бекер айтпаса керек.
Өнер мен спорт – қос қанаты
Өз басым әскери салаға көп жылымды берген адаммын. Жауынгерлік және дене дайындығы өмірімнің бір бөлігі болды. Курсанттық кезден бастап бүгінгі күнге дейін спортты өміріме серік етіп келемін. Бақтықожа Салахатдинұлы да спортты бір адым өзінен тастамай, осы уақытқа дейін спортпен айналысып келеді. Әскери адамдардың спортты жақсы көруі түсінікті. Ал мемлекеттік қызметте жүріп өзін күн тәртібіне бағындырған, уақыт тауып спортпен айналысқан адамдар шын мәнінде құрметке ие. Кейіпкеріміз әлі күнге дейін саламатты өмір салтын ұстанады. Кезінде жүзу, футбол, теннис, бильярд іспетті спорт түрлерімен жүйелі түрде айналысқан. Біз көп біле бермейтін кубок-медальдары жетіп артылады. Мүмкіндігі болған кезде адам денсаулығына пайдалы жаттығулармен айналысады. Әлі күнге дейін 32 келі гір тасын вертикалды түрде бірнеше рет көтеріп жүр. Шахматты ойнағанда ортаңқол кәсіби ойыншыны жаңылдырады. Тұңғышы Салауат та халықаралық деңгейдегі гроссмейстер, таңдаулы қазақ шахматшыларының қатарына кіруі де бекер емес. «Тартпай тумас негізге» деген аталы сөздің нақтылығына тағы бір мәрте көз жеткіземіз. Жоғарыда айтып өткендей, анасы Әсима атақты күй орындаушы болған. Кейіпкеріміз де қолына қара домбыраны алып, атақты қазақтың күйлерін тартқанды жаны сүйеді. Он екі шекті гитараны алып ән шырқағанын көрсеңіз... Жас шағында баянды алып әйгілі өлеңдерді нақышына келтіріп орындайтынын талай естігенмін. Бақтықожа ағамыздың домбыра шерткені бір төбе. Сонау көне жыраулардың нақышына салып, күй мен жырдың табиғи бояуын сіңдіре орындайды. Ондай болу үшін шын мәнінде талант қажет. Өзінің жазып шығарған жыр шумақтары мен өлеңдер жинағы жарық көрді. Әр өлеңі терең пәлсапалық түсініктерді қозғайды. Ақындығы сол бір ойшылдығымен ұштасып келеді. Жуырда демалыста жүрген кезінде бірнеше өлең жазыпты, соның ішінде «Айтарым бар» атты өлеңдерін маған жіберді.
«Өтпегін өзге жанның жолын кесіп,
Жетем деп өз межеңе өліп-өшіп.
Ілеспейді артына қаңқу сөздер,
Жүргенге жалтақтамай өмір кешіп», – дейтін шумақтар кездеседі.
Қандай терең мағыналы сөздер десеңізші. Өнер мен спорт оның қос қанатындай тұлғалық тұрпатын жоғарыға көтеріп тұр.
Достыққа адалдық
Саясат сахнасында жүрген адам үшін достықты сақтап қалу оңай емес. Ол тұрмақ қарапайым өмірде тағдырдың сынағынан сүрінбей өтіп, достықты сақтап қалу – күрделі мәселе. Адамның көңіліне кірбең түсіру де оңай. Ал достықтың ақ туын жықпау азаматтың азаматына лайықты іс. Бір таңғаларлығы, сонау бала кезден өскен достарымен қол үзбей араласып келеді. Солардың бірі 4-сыныптан танысқан жақын досы – Мұрат Сақтайұлы. Екеуі жиі кездесіп тұрады. Кейде өз досымен ақылдасып, кеңес сұрайды. Әлі күнге дейін достығына адал болып келе жатқанына көз жеткіздім. Содан кейін қызмет барысында танысқан досы Қазақстанның «Еңбек Ері» Ұзақбай Қарабалин, мұнайшы Қайыргелді Қабылдин және тағы басқалары бар. Жоғарыда айтып өткендей, жершілдікке, ұлтқа бөлінбейді. Еліміздің барлық өңірінде досы жеткілікті. Сондай-ақ өзі оқыған Уфа институтынан бері келе жатқан студенттік достары да бар. Барлық атаулы даталарды бірге өткізеді. Өзі де елімізге келген достарын қарсы алады. Жүрген жерінде көмектесіп, таныстырып, араласып тұрады. Достарымен таныстырайын деген ниетпен мені де Уфа қаласына талай шақырды. Парламенттен бері келе жатқан достары да жеткілікті. Барлығына уақыт тауып, араласып, ажырамас достығын танытып жүреді. Тыста жүрсе адал дос, қызметінде сенімді әріптес, үйінде өнегелі әке, адал жар. Жан жары Ырысты жеңгей екеуі бір күнде туған. Осы уақытқа дейін жұптары жазылмай келеді. Достыққа, Отанға, жан-жарына деген адалдықтың үлгісін іздейтін жастар болса, онда бүгінгі кейіпкеріміз Бақтықожа Ізмұхамбетовтің өмірімен жіті таныссын дейтін сөйлеммен бүгінгі мақаламызды тәмамдаймыз.
Бүгінгі жоғары заң шығарушы органның құрамында депутат Бақтықожа Ізмұхамбетов іспетті өмірлік тәжірибесі бай атпал азаматтардың болғаны барша елімізге пайдалы. Кез келген мәселені ақылының сүзгісіне салып, зердесінен өткізеді. Нәтижесінде, елге де, мемлекетке де беретіні мол жан-жақты заңдар қабылданады. «Жүрген соң бауырыңда күнде көріп, таулардың биіктігі байқалмайды» демекші, бүгінгі біздің қоғамда таутұлғаларды бірден байқау оңай емес. Сонда да олармен бірге жүрген бақытты сәттерді толық ұғынғанымыз абзал. Өз басым осындай ірі азаматтармен замандас, адал дос болып жанынан табылғанымды мақтан тұтамын. Сондықтан жетпістің бесеуіне жеткен мемлекетшіл тұлғаны туған күнімен шын жүректен құттықтаймын. Зор денсаулық, ұзақ өмір, отбасына бақыт, еңбекте табыс, қажымас қайрат, талмас қанат тілеймін. Елім дейтін ерлер көп жасасын, көп болсын!
Абай ТАСБОЛАТОВ,
«Ардагерлер ұйымы» республикалық
қоғамдық бірлестігінің төралқа мүшесі