Жер бетіндегі 8 млрд адамның 1,5 млрд-ы азық-түлік жетіспеу­шілігін қатты сезініп отыр. БҰҰ таратқан мәлімет бойынша, 2025 жылы Жер шарын мекендеген халық саны 8,6 млрд-тан асып жығылмақ.
Қауіпсіз азық-түлік – қордалы мәселе
1,153
оқылды

Демек, халық санының күрт өсуі салдарынан адамзаттың азық-түлікпен қамтамасыз етілуі мәселесі күн санап шиеленісе береді деген сөз.

Арнайы жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде, 2019 жылы әлемде 928 млн адам аштық жағдайында өмір сүріп жат­қан болса, қазіргі ахуал бойынша күндік тамағын таба алмай отырған­дардың саны тағы 148 млн-ға артып кеткен. 

Мәселенің күрделене түсуіне байла­нысты әлем қазір азық-түлік қауіпсіз­дігіне аса үлкен мән беріп жатыр. Бірақ мәселенің мәнін ашып, түйінді түбегейлі шешіп тастауға ешбір елдің не ұйымның қауқары жетпей жатқан сыңайлы.

Әлемдік азық-түлік қауіпсіздігі де­геніміз – барлық адамның ұдайы бел­сенді және саламатты өмір сүруі үшін ас-ауқатқа физикалық және экономи­калық тұрғыдан жеткілікті мөлшерде қол­жетімділіктің болуы. Соңғы он жыл­да өткір болып отырған әлем алдындағы азық тапшылығы жер бетіндегі адам­дардың барлығына бірдей тиісті дең­гейде өз әсерін тигізбей қоймасы анық. XX ғасырда халық санының айрықша жылдам артуы XXI ғасырда қалай бол­мақ? Мысалы, 1930 жылы жер бетіндегі адам саны 2 млрд болса, 1962 жылы – 3 млрд, 1976 жылы – 4 млрд, 1987 жылы – 5 млрд, ал 1999 жылы 6 млрд адамға жетті. Жер шары тұрғындарының саны өскен сайын халықты азықпен қамта­масыз ету мәселесі де ушығып отыр. 2050 жылы адам саны 8,6 млрд-қа дейін жетеді деген болжам бар. Сон­дықтан да азық-түлік дағдарысы және оның алдын алу әлем жұртшылығын алаң­датып отыр­ғаны рас. Бүгінде дүние жү­зіндегі со­зылмалы аштық дертіне шал­дыққан­дардың саны 928 млн адам­нан асып барады. Бұл жер жүзі тұр­ғындарының 14 пайызына тең келеді екен. Міне, осы статистикалық мәлімет­терге қарап шынымен де әлемді аштық жайлауы мүмкін деп үрейленесің.

БҰҰ мәліметінше, өркениеті мешеу елдер мен соғыс зардабын тартып жат­қан мемлекеттерде адам санының ұдайы өсуі байқалады. Керісінше, эконо­микасы тұрақтаған дамыған елдерде халық тоқ болғанымен адам саны күрт азаюда. 

2020 жылғы санақ бойынша, АҚШ-та халық санының өсу қарқыны соңғы 10 жыл ішінде 1930 жылдардан бері қарайғы ең төменгі деңгейге түскен. Ал Қытайдың «бір отбасы – бір бала» саясаты 2016 жылы тоқтағанымен, ел­дегі бала туу деңгейі нәтиже көрсетпеген. Екі ел халқының болашақта қартайып кетуі ықтимал. Осыған байланысты мұн­дай елдер «жақын уақытта өзі алдына бөлек ахуал туындайды» деп дабыл қа­ғуда. Зерттеушілердің пі­кірінше, әлем бала туу деңгейінің күрт төмен­деуіне дайын емес. Жалпы, жағдай осылай жалғасса, ғасыр соңына дейін жер шары тұрғындар саны күрт азаймақ. 2100 жылға қарай Испания мен Жа­понияны қосқанда, 23 елдің халқы екі есе азаюуы мүмкін. Мәселен, тұрғындар саны екі есе азаятын 23 елдің қатарында Жапония, Италияда, Испания, Порту­галия, Таиланд және Оңтүстік Корея да бар екен. Бірақ бұған қарамастан жер бетіндегі адам санының өсуі тоқтамай­тыны шын. 

«Әлемдегі ең үлкен 13 азық-түлік дағ­дарысының 10-ы елдер арасындағы түрлі қақтығыстардан туындаған. Та­мақтанудан зардап шегетін адамдардың 60 пайызы қақтығыс аймақтарында тұрады», – деп жазды БҰҰ-ның Дү­ниежүзілік азық-түлік бағдарламасы­ның атқарушы директоры Дэвид Бисли өз мақаласында. 

БҰҰ-ның мәлімдеуінше, климаттың өзгеруі мен Украинадағы ахуалдан көп елдің ауыл шаруашылығы саласы қатты зардап шегіп отыр. Дағдарысты еңсеру үшін мемлекеттер саланы дамытудың дәстүрлі амалдарынан бөлек, түрлі тың шараларын қабылдауы керек. 

Аталмыш ұйым 2021–2022 жылдар­дағы азықтану есебін жариялады. Жа­һандық рейтингте тұрғындардың азық­тануы бойынша Беларусь 36-шы, Қазақстан 41-ші, Ресей 23-ші орынды иеленді екен. COVID-19 пандемиясы адамзаттың тамақтану жағдайына да кері әсер еткен. Егер мұндай жағдай қайталана беретін болса, аштық қаупі шындап төнетіні белгілі. 

Беларусь Республикасы мен Ресей Федерациясында азық-түлік қауіпсіз­дігінің тиісті доктриналары бар. Қазақ­станда азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері «Ұлттық қауіпсіздік туралы» және «Агро­­өнер­кәсіптік кешен мен ауылдық ау­мақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» заңдармен реттеледі. Ал Қырғыз Республикасында азық-түлік қауіпсіздігі туралы заң, сондай-ақ 2019–2023 жыл­дарға арналған азық-түлік қауіпсіздігі және тамақтану бағдарламасы жұмыс істеп жатыр. 

Әлемде БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО), Ауыл шаруашылығын дамытудың халықара­лық қоры (IFAD), БҰҰ Балалар Қоры (ЮНИСЕФ), БҰҰ Дүниежүзілік Азық-түлік бағдарламасы (WFP), Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) және өзге де ірі ұйымдар тізе қосып жаһанның аш құрсақ қалмауының қамын ойлап, түрлі бағдарламалар әзірлеп жатыр. Бірақ бүгінге дейін бұл ұйымдардың дені аш құрсақ отырғандар мен ауруға шал­дыққандарға гуманитарлық көмек көрсетуден ары аспай келеді. Әрине, бірігіп түрлі жағдайлардың алдын алуға байланысты келелі келіссөздер де ұйымдастыратыны шын.

Азық-түлік қауіпсіздігінің Ислам ұйымы мемлекеттер арасында «Азық-түлік тапшылығын жоюу мен баға тұрақ­тылығын сақтау үшін азық-түлік қауіп­сіздігі резервін құруды» стратегия­лық мақсат етіп отыр. Бұл жөнінде аталмыш ұйымның Бағдарламалар мен жобалар департаментінің Бағдарлама менеджері Бақытжан Арыстанбек былай дейді:

«Қазақстанның әлеуетті мүмкіндік­терінің болашағы зор деген болжам бар. Біріншіден, бұл – ауыл шаруашылығына жарамды орасан зор жер ресурстарының болуы. Ұйымға мүше көптеген елдер үшін ауыл шаруашылығы өндірісін тежейтін фактор жер көлемінің шекеулі болуы. Әлем халқының азық-түлікке деген сұранысының өсуіне байланысты Қазақстан әлемдік нарықта ықпалды ойыншы бола алады. Бұл өз кезегінде экспортты едәуір ұлғайтады. Ал азық-түлік қауіпсіздігінің резервін құру тек Қазақстанда ғана емес, түгел Орта Азия елдерінде өңірлік резерв құру мақсаты бар. Оның стратегиялық маңыздылығы, өңірдегі халықтардың тұрақты азық-түлікпен қамтамасыз ету жөніндегі им­мунитетін арттыру болып отыр. Мұндай резервтер азық-түлік өнімдерін өндіру, тарату немесе сыртқы нарықтағы ауыт­қу­шылықты реттеуде шешуші рөл ат­қарады. Осылайша, ең қажетті әрі маңыз­ды азық-түлік тауарларының қорын сақтай отырып, Қазақстан төтен­ше жағдайлардың, табиғи апаттардың және әлемдік нарықтың құбылмалы­лығының азық-түлік қауіпсіздігіне өзі­нің оң әсерін көрсете алады», – дейді.

Қазақстан үшін өңірлік азық-түлік қауіпсіздігінің резерві дағдарыс кезінде көмектесіп қана қоймай, ішкі нарықтағы баға тұрақтылығын сақтауға да ықпал етеді. Азық-түлік бағасының ауытқуы, әсіресе халықтың осал топтары үшін елеулі әлеуметтік-экономикалық соққы болмақ. Үкімет қиын жағдайда тығы­рық­тан шығудың жолын қарастырып, 2021–2025 Ұлт жобасын әзірледі. Осылайша, импортты азайтып, өзімізде өндірілетін азық-түлік өнімдерінің өсі­мін арттыруды жоспарлап отыр. Ра­сында, Үкіметтің алдында тұрған үлкен міндеттің бірі – ауыл шаруашылығы азық-түлігінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, инвестиция тартып, жұмыссыз­дықты қысқарту.

Осыған байланысты 2022 жылдың соңында Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Үкімет отырысы өткен болатын. Мұнда елдегі Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспары талқыланып, ауыл шаруашы­лы­ғы саласын оңтайландыруға бай­ланысты бірқатар тапсырма жүктелген.

«Мемлекет басшысы ағымдағы сын-қатерлер мен тәуекелдерді ескере оты­рып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтама­сыз етудің маңыздылығын бірнеше рет атап көрсетті. Осыған байланысты тиісті Жоспар әзірленген болатын. Қазіргі жағдайда бұл құжаттың маңыздылығы одан сайын арта түскенін көріп отыр­мыз», – деді Ә.Смайылов аталмыш жиында. 

Ауыл шаруашылығы министрлігі келтірілген статистикалық мәліметке сүйенсек, Қазақстан арнайы тауарлар­мен толық қамтамасыз етілген. Биыл тамақ өнімдерінің өндірісі капиталына құйылған инвестиция – 27,6%-ға арт­қан. Бұл шамамен 88,8 млрд теңгені құрап отыр. Сәйкесінше, азық-түлік баға­сының өсімі өндіріс өсімінен бір­неше есе жоғары болып шыға келген. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыс­тырғанда 22,2%-ға көтеріліп отыр. 

Қазір елімізде ауыл шаруашылығында өнімділікті ұлғайту мен қайта тереңдете өңдеу бағыттарында жаңа жобалар жасалып жатыр. 

«Бағаны реттеудің қолданыстағы механизмдерінің тиімділігін бағалау керек. Бағаларды әкімшілік механизм­дер­мен ұстап тұру нарықтық тәсілдерге жат­пайтынын білеміз, сондықтан баға­ларды тұрақтандырудың басқа да әдіс­терін қолдану қажет», – деді алқалы жиында Премьер-Министр.

Биология ғылымдарының докторы, профессор Балғабай Майқанов білім мен ғылымдағы азық-түлік қауіпсіздігі мен тағам қауіпсіздігіне байланысты Қазақстанда Тағам қауіпсіздігі жөнінде арнайы Агенттік құруды ұсынып отыр. 

«ДДСҰ дерегі бойынша, жыл сайын 600 млн-ға жуық адам (бұл шамамен әлемдегі он адамның бірі) 200 түрлі тағамнан болатын аурумен ауырады. Ал жыл сайын 420 мың адам зиянды астан көз жұмады. Әсіресе, балалар көп зардап шегіп жатыр. Залалды тағамды тұтыну салдарынан денсаулығына нұқсан келтіретіндердің 40%-ы – 5 жасқа дейінгі балалар. Оның ішінде жыл сайын дұрыс азықтанбау салдарынан 125 000 бала қайтыс болады. Бұл деректердің Қазақстанға да қатысы бар екенін ескеруіміз керек», – дейді Балғабай Майқанов.

Ғалымның айтуынша, қазіргі кезде адамдар арнаулы емес орындарда және шағын дүкендерде сатылатын тағамдар қауіпсіз деп ойлайды. Негізінде оларды да ауыл шаруашылығы тағамдарын өндіретін өндірушілер әкеледі. Ал ол арнайы бақылаудан өте ме, өтпей ме? Ол жағы беймәлім. Сондықтан ғалым азық-түліктің сапасына бақылауды күшейту керектігін айтады ғалым.

Мәселен, әлемнің тек 7 елі өзін-өзі таза әрі сапалы азық-түлікпен 100%-ға қамтамасыз етіп отыр. 75 елде бұл көрсеткіш – 70-80%. 50 ел өзін азық-түлікпен 50-60%-ға ғана қамтамасыз етуге қауқары әрең жетеді екен. Қалған мемлекеттерде жағдай күрделі деген сөз. Ал Қазақстанның азық-түлік нары­ғының жағдайы сыртқы нарыққа тәуел­діліктің шекті деңгейімен сипатталады. Отандық өндіріс халықтың аз ғана бөлігін қамтамасыз етеді. 

«Әрине, біздің ел сыртқы нарыққа тәуелді, оның өзіндік экономикалық сипаттары бар. Ең алдымен дұрыс тамақтану – адамзат үшін басты им­мунитет. Сол үшін елдің ауылшаруа­шылығы саласын дамытып жастарды ғы­лымға тартуымыз керек. Егер ауыл шаруашылығын екінші орынға қойсақ, болашақта күрделі жағдайға тап бо­ламыз. Әлемнің дамыған елдері бүгінде түгелдей азық-түлік қауіпсіздігі мен тағам қауіпсіздігін бірінші орынға шығарып отыр. Сол үшін де азық-түлік қауіпсіздігі мемлекеттің ұлттық қауіп­сіздігімен тең тұруы тиіс», – дейді PhD Лаура Аутелеева.

«Ветеринарлық азық-түлік қауіп­сіздігі мәселелері қазір өзекті әрі өте маңызды. Мемлекеттік тұрғыдан қада­ғалауды күшейтпесе, қауіпті инфек­циялардың көбеюіне, жаһандық азық-түлік алаяқтықтарының таралуына және әлемдік ауқымда сапасыз азық-түлік өнімдерінің өтіп кетуі қаупі басым. Дүниежүзіндегі жануарлар мен өсім­діктерден алынатын тағам өнімдерінің 40%-ы бөгде заттармен ластанған, ал балық пен балық өнімдерінің 34%-ы сапасыз өндірілген. Құрамында пато­генді бактериялар, вирустар, паразиттер немесе зиянды химиялық заттар бар қауіпті тағамдар диареядан онкологияға дейінгі 200-ден астам ауруға себеп бо­лып жатады», – дейді ветеринарлық ми­кробиолог Өркен Сұлтанхамитұлы.

Азық-түлік қауіпсіздігі – бұл ұлттық, экономикалық, қорғаныс қауіпсіздігінің бір бөлігі, оның қамтамасыз етілуі халық денсаулығы мен демографиясының жақсаруына тікелей әсер етеді. Сон­дықтан да азық-түлік қауіпсіздігі мәсе­лелерін кешенді проблема ретінде қарау қажет. Бұл жерде мемлекет пен түрлі ұйымдардан бөлек, құрылымдар да өз ұсыныстарын беруі тиіс.

Бердібек ХАБАЙ