Айтыс өнері ерекше қарқынмен дамып, қайта тұғырына қона бастаған жылдарда, яғни өткен ғасырдың соңында Жетісу жерінің намы­сын қорғаған жаркенттік қос жам­поз Айтақын Бұлғақов пен Жандарбек Бегімбетовтің, ақсулық Ханыша Райы­сованың өнерлері өзіндік ерекшеліктері­мен өрнектелді.
Жетісу айтыс мектебін үзіп алдық – Айтақын Бұлғақов
2,092
оқылды

Олар өз дәуірінде Жетісу өңірінен шыққан, ел мойындаған ақын-жыршылардың лайықты ізбасарлары бар екенін елге паш етті. Ақын Сараның, Бақтыбай мен Сүйінбайдың, Құлмамбет пен  Қалқаның және тағы басқалардың жалғасы ретінде жұртшылықты сүйсінт­кен сол ақындардың ішінде Жандарбек тым ерте жанып кетті.

Айтақын бертінге дейін додаға түсіп, олжа салып жүрді. Шәкірттер тәрбиеледі. Олардың арасы­нан суырылып алға шыққандар, елге есімі танылғандар көптеп саналады. Бірақ Жетісу өңірінде дәл қазіргі  кезде дүбірлі додаларда облыс намысын қорғайтын айтыскерлер жоқ деуге тура келеді. Айтақындардың жал­ғасы сынды болған Балғынбек, Жандар­бек Бұлғақов, Аякөздер бүгінде басқа аймақ­тарда. Биылғыны білмеймін, был­тыр республикалық деңгейде өткен мәртебелі айтыстарда біздің облыстың аты мүлде шықпай қалды. Дәл қазір ұлттық өнерді қадір тұтатын жандардан Жетісу облысында үзеңгі үзердей жұлқы­нып, додаға қатысуға құлшынып тұрған қандай ақын бар деп сұрасаң, жауап тап­пай қиналатыны анық. Осыған орай Жеті­судың бас ақыны Айтақын Мұхама­ди­ұлына бірер сауалды көлденең тарт­қан едік. 

– Бір кездегі біртұтас Алматы облысы түгелімен Жетісу өңірі деп аталғанда, өздерің айтыстың ақберені атанып, Жетісудың жезтаңдай айтыскерлері небір аламанда олжа салатын. Сол кездерге оралып, қысқаша шолу жасай кетсеңіз дұрыс болар еді.

– Иә, ол бір дәурен еді ғой! Өткен ғасырдың 80-жылдарының соңында наурыз мерекесі қайта оралып, қазақ тілінің қадірі арта бастады. Ұлттық өнерге баса назар аударылып, жылдар бойы құндылықтарымызға сусап қалған жұрттың айтыс сияқты бекзат  өнер түрлеріне сұранысы қарыштап  артқан еді. Сол жылдары Жетісудан, оның ішінде Жаркенттен таңдау қатар жүрген Жандарбек Бегімбетов екеумізге түсті. Бағасын сол уақыттағы халық берді. Мәр­те­бемізді асырып, мерейімізді тасытты. Өзім ойлаймын, екеуміздің айтыс мәнеріміз басқалардан бөлектеу еді. Біреулер дұрыс қабылдамады. Дегенмен қалың көпшіліктің көңілінен шықтық. 

1989 жылы, сол кездегі астанамыз – Алматыда аламан айтыс өтті. Сол жолы біразымыздың тұсауымыз республикалық деңгейде кесілді десем де болады.  Ішінде Жандарбек марқұм екеуміз бар, Абаш Кәкенов, Серік Құсанбаев, Қуаныш Мақсұтов секілді ақындар осы жолы топ жарып, көзге түстік. Содан айтыстағы даңғыл жолымыз ашылды. 90-жылдары өткізілген телевизиялық айтыс адымы­мыз­ды аршындатып, қарқынымызды арттыра түсті. Сол жылдары Жетісу өңірінен есімі жалпақ жұртқа танылған ақындар шоғыры шықты. Өйткені бұған дейін елге аты шыққан айтыскерлердің жасы келіп қалған болатын, біздер солардың тәлім-тәрбиесін көрдік, өнегесін үйрендік. Айтыс мектебінің жүлгесі үзілмеуі үшін алыс ауылдардағы жас дарындарды іздеп тауып, баулуға ден қойылды. 

Одан кейін 1997 жылы Талдықорған облысы тарқап, Алматы облысымен бірік­тірілді. Жетісу деп аталатын аймақ­тың керегесі кеңіп, қанаты кеңге жайыл­ды. Өнердің барлық түрінен атымыз оза бастады. Соның ішінде айтыстан екі аймақты қосқандағы команда мықты еді. Талай-талай дүбірлі додада топ жардық. 

Алайда екі облыс бөлек болып тұр­ғанда, одан кейінгі жылдарда да айтысқа зор көңіл бөлініп, қолдау жасалып тұрды дей алмаймын. Басшылар «Осындай айтыс болғалы жатыр. Қатысу керек» деп жоғарыдан команда түскенде ғана барып қимылдайтын. Талдықорған облысында Хайдар Маманов деген ақынды қызылша суарып, Әбікен Сарыбаевты автоклуб жүргізіп жүрген жерінен жеткізіп, асығыс-үсігіс дайындап, додаға қоса салатын. Оларға жағдай жасау, қолдау көрсету деген мүлде жоқ болатын. Жүлде алса, азын-аулақ сый-сияпатын береді де, қайтадан жұмысына жөнелтеді. Өкінішке қарай, сондай немқұрайдылық дәл қазіргі Жетісу облысына да тән десем, ешкім артық айттың дей қоймас. 

Сол кеңестік кездің өзінде басқа облыстарда айтыскер ақындарын ардақ­тап, өзіндік мектебін қалыптастырып отырды. Мәселен, Семей жақта Қалихан Алтынбаев, қызылордалық Манап Көкенов, көкшетаулық Көкен Шәкеев , шымкенттік Көкбай Омаров сияқты ақын  ағаларымыздың өзіндік мектебі болды. Билік тарапынан үнемі қолдау көріп тұрды. Оларға өнерден қол үзбей­тіндей жағдай жасап, лайықты жұмыс тауып беріп дегендей қолдау көрсетілетін. Біздің өңірде сол кездің өзінде айтысқа қырын қарайтын, сол кері кеткен пиғыл әлі де өзгерген жоқ. Қажет кезде, жан­дары қысылғанда ғана бізді іздейді. Былайғы уақытта  ешкімге керегіміз жоқ. 

–  Жаркент аймағынан дүбірлетіп Жандарбек Бегімбетов екеуіңіз шыққан едіңіздер. Ол кезден де есте қалған елеулі оқиғалар бар болар? 

–  Жаңа айтып өткенімдей, біз сол 80-жылдардың соңы мен 90-жылдардың басында айтыскерлер арасынан көрініп, елге кеңінен танылдық. Сол жылдары Алакөлден, Ақсудан айтыскерлер шоғы­ры шықты. Ханыша Райысова да елге танылды. Алдыңғы толқын ағалардан көп нәрсе үйрендік. Десек те, өзіміздің ерекшелігімізді де сақтап қалдық. Жал­пы, Жандарбектің ақындығы қанында бар еді. Оның анасы атақты Қабан жы­рау­дың ұрпағы болса, әкесінің жұртынан Дәнеш Рақышов сияқты  әнші, Асыл-а­қын Қалиев, Әсет Керімбаев, Тоқбай Исабеков сынды мықты ақындар шық­қан. Сондай-ақ ол жоғары білімді Тараз жақта алды. Сол жақта жүріп жергілікті ақын­дар-жыршылар мектебінен сусы­нын барынша қандырды. Шыққан тегі мен ұстаздары мықты Жандарбек ақын­дық пен әншілікті қатар алып жүрді. 

Әттең, қатар шапқан қос жүйріктей жұбымыз жарасып, үлкен додаларда топ жарып, дер шағымызға енді жеттік пе деп жүргенде асыл достан қапияда айырылып қалдым. Қасында  болсам, қайғылы оқиға болмас па еді деп те ойлаймын кейде. Менің қолымнан келгені, ұлыма оның есімін беріп, айтысқа баулып, елге танытқаным. Сол арқылы айтыстағы Жандарбектің есімін елге ұмыттырмауға тырыстым. 

–  Оразалы марқұммен  сапарлас, бәсекелес болған шақтарыңыз да болды...

–  Оразалының ұстазы – Хасен Самылтыров деген ағамыз. Жалпы, Хан тәңірінің баурайын мекен еткен елде ақынға кенделік жоқ. Соның ішінде бір күнде тоғыз ақынды жеңген Құланаяң Құлмамбет пен осы алдағы қыркүйекте 130 жылдығы тойланғалы отырған Көдек Байшығанұлының орны басқалардан бөлек. «Құлмамбеттен қалған құлынмын» деп жырлаған Ораза­лы ақын осынау қазақтың қаймағы бұзылмаған, тілі мен ділі сол қалпында сақталған, сөзі шұрайлы, жері шырайлы өлкесінде дүниеге келіп, қазақтың ауыз әдебиеті мен құндылықтарына қанығып өскен. Содан да болар, жырлағанда айтарының әр жолы қорғасындай салмақты, тиген жерін ойып түсердей өткірлігімен айрықшаланатын. Біздің қатарға кейінірек қосылғанымен, талай рет сапарлас болдық, көптеген елдің, жердің дәмін бірге таттық. Өзара айтыс­тық та. Сыйластығымызға сызат түскен жоқ. Оразалы да жұлдызды шағы жанар тұста жарқ етті де, ел-жұртын аңыратып өмірден өтті де кетті. Кішіпейілдіктен айнымайтын, алайда айтары бар кезде тосылмайтын. Жас та болса, бізге де үйретері көп болатын. 

– Айтыскер ақындықты жур­на­листікке ұштастырып, аймақтық «Алатау» газетінің тізгінін ұста­ғалы Жетісу өңірінде журналист ретінде елмен араласып жүргенсіз. Бұрын осы аймақтың айтыскер­лері ел көлемінде оза шауып, алдыңғы шептен көрініп жүретін. Соңғы жылдары ел аумағында небір додалар өтіп жатыр, Жетісу өңірінен суырылып шыққандарды байқай алмай, бармақ тістеп жүрген­дейміз... Неге?

– Оның рас, шынымен бармақ тістеп жүрміз. Іш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқ. «Дәрмен жоқ» дегенім артықтау да болар, бірақ  сол айтқаныңды тыңдап,  жүзеге асыруға атсалысатындар жоқ­тың қасы. Қолында билігі, қалта­сында қаржысы барларға айтыс мүлде  қажет емес сияқты. Ел көлемінде солай деуден аулақпын. Алайда дәл біздің Жетісу өңіріндегі жағдай өте нашар.  Бүгінде: «Міне, мынау Жетісу облысының айтыскер ақыны. Кез келген додаға салсаң, жүлде алады. Мықты болсаң, қарсыласып көр» деп үлкен айтыстарға алқалап апаратын адам жоқ. Біздің жасымыз болса, алпыстан асты. Жоғары­да айтқанымдай, Балғынбек пен Жандар­бек басқа жақта тұрады. Аякөз қыз бала, жат жұрттық болып ол да кеткен. Қазаққа Ақын Сарадай дара туған дарын сыйлаған өңірде айтыс өнері мүлде кенжелеп қалды, соңғы жылдары Сараның бір сің­лі­сі ел аумағына танылмады деген ерсілеу естіледі екен. Бірақ жағдай солай екенін қазақтың төл өнерін қадір тұтатындардың барлығы сезіп, біліп жүр... 

Балалардың, жастардың арасынан іріктеу жүргізіп, таңдаудан өткендерді баулуға қажетті  қолдау жоқ. Осындайда бүкіл жұртты телеарналарға телміртіп, мәдениет үйлері мен концерт залдарына сыймай тамашалататын сол бір кездерді аңсайсың, айтысты өз шамасы жеткенше қолдаған ел ағаларын сағынасың.  Біздің айтыста жүлде салған, одан кейін Балғынбектер жалғастырған кездерде біздің өңірде айтыстың өзіндік мектебі бар болатын. Сол дәстүр жылдар бойы жарасымды  жалғасып жататын. Соны үзіп алдық.

– Жалпы, Жетісу өңірін басқарған әкімдердің ешқайсысы айтысқа қырын қарамаған еді. Серік  Үмбетовтің тұ­сын­да тіптен үлкен қолдау болғаны есте. Сол жылдары ғой деймін, Жетісу айтыс ақындарының мектебін құрдыңыздар. Сол бастаманың соңы не болды?

– Менің ойымша, айтыс та спорт сияқты. Баптау мен жағдай жасауды қажет етеді. Бірінші кезекте ел ішін аралап, жас дарындарды тауып, олардың жолын ашу керек. Өзің де білесің, Алматы облысының орталығы Талдықорғанға көшіп келгеннен кейін облыстық Білім басқармасын Тоққожа Естенов деген ағамыз біраз жыл басқарды. Сол жылдары эко­номика­мыз әлі толық еңсе тіктей қоймағанына, Талдықор­ған аймағын өркендетуге өзгеше назар салынып жатқанына қарамас­тан, ол кісі мүмкіндігінше айтысты қолдады. Ең бастысы, оқушылар арасында аудандық, облыстық, респуб­ликалық айтыстардың ұйымдас­тырылуын қолға алды. Соның арқасында облыстың аудан­дарын айтпағанда, еліміздің аймақтарынан жас ақындар топтап шыға бастағанын ұмыта қойға­нымыз жоқ. Солардың ішінде топ жарған ұлым Жандарбек пен жоғарыда есімі аталған Аякөз Серікқызын менің шәкірттерім ретінде атап айта аламын. Қазір «Жетісу» телернасын басқарып отырған Думан Алтынбекұлы да бастапқыда жақсы өнер көрсеткен, кейін түбегейлі журналис­тикаға бет бұрып кетті. 

Жалпы, біздің облысты басқарған әкімдердің ешқайсысы айтысқа қырын қарамағаны рас. Әрқайсысы руханиятты қалай түсінетініне, айтыс сияқты ұлттық өнерді құрметтейтініне қарай, мүмкінді­гінше қолдау көрсетті. Ел ішін аралап, таланттарды іріктеп, Талдықорғанға әкеліп, оқытатынбыз. Менің өзім де бірнеше рет ауылдарды аралағаным бар. Қазір де Талдықорғандағы саз мектебінде он шақты баланы сөз өнеріне үйрету­демін. Оның бірнешеуін  айтысқа баптап жүрмін. Нақтырақ айтқанда, айтыс ақынын дайындау оңай емес. Ақындыққа таласы бар жүз адамның ішінен бір ай­тыс­кер ақын шықса, қуанасың. Ақындық мектеп инкубатор емес қой. Жүз жұмырт­қа салып, соның бәрі балапан болатын...

Жоғарыда айттым, біздер облысы­мыз­дағы айтыскерлердің қалыптасқан мектебін құртып, жүлгесін үзіп алдық. Айтудан кенде емеспін, Мәдениет басқармасы басшыларының есігін тоздырып, «ең құрығанда жылына бір рет болса да облыстық айтыс өткізейік» деп жыларман боламын. Ешқайсысы құлақ аспады. Қазір соның зардабын тартып отырмыз. Бүгінде көзбояушылыққа баратын болдық. Республикадан айтысқа қатысу туралы тапсырма келсе, жантала­сып, басқа облыста тұратындарды жалынып, жалпайып шақырамыз. Көпе-көрнеу халықты алдап, соларды облыс­тың атынан жарысқа қосамыз. Бірақ ел бәрін біліп отырады. «Бөріктінің намысы бір» деп іштен тынады. Өзің ойлап қарашы, 2018 жылы Ақсу ауданының орталығы Жансүгіров кентінде  Ақын Сараның 165 жылдығына арналып рес­пуб­ликалық айтыс өтті, соған Сара шыққан өңірден оның бірде-бір сіңлісі қатысқан жоқ. Масқара ғой!

Ақын Сара демекші, Талдықорғандағы саз мектебі ашылғалы да бірнеше жыл болды. Оған Сара Тастанбекқызының  есімі беріледі дегенде ел қуанып еді. Бұл мәселе де шешілмей қалды. Осыдан біраз бұрын облыс әкімімен жолыққанда соның жай-жапсарын сұрап едім. Ол кісінің айтуынша, Ақын Сараның есімі «Ұлы тұлғалар» тізіміне енбей қалыпты. Соның кесірінен мектепке есімін беру кешеуілдеп жатқан көрінеді.  Мұны Жетісу облысындағы мәдениеттің басы-қасында жүргендердің білместігі, әлде әдейі істелген қысастығы дейміз бе, білмеймін? Сара Тастанбекқызы енбеген «Ұлы тұлғалар» тізімінің құны қанша? Міне, Жетісу жеріндегі мәдениет пен руханияттың, ұлттық құндылықтардың жағдайы осындай. Ал дәл қазір Жетісу айтыскерлер мектебінің жоғалу алдында тұрған даңқын қайта қалпына келтіру үшін бұл салаға нақты қамқорлық пен жанды қолдау керек. Мәселен, Қызыл­орда, Түркістан, Маңғыстау облыстарын­да жылына түрлі деңгейдегі бірнеше айтыс өткізіледі. Айтыс ақындарын мүмкіндігінше қолпаштап, қолдап жатады. Сондықтан да болар, осындай өңірлердің өнерпаздары мәртебелі айтыстарда топ жарып, облысының намысын асқақтатады. Біздің қолдан келері, солардың жетістіктеріне сұқтанып, бармақ тістеп отыру. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
 Болат АБАҒАН, 

Жетісу облысы