Биыл Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастанының 300 жылдығы ел көлемінде аталып жатыр. Бұл уақиғаның құрметіне алдымен түбі бір түркінің бесігі Түркістан қаласында ескерткіш орнатылды
Жыраудың жыры жаңғырды
1,799
оқылды

Ал 17-18 тамызда халқымыздың ғұламаларының бірі Салық Зиманов айтқандай, «...қазақ елі тарихындағы тұтас бір құбылыс» болған Қожаберген жырау дастанының тойы туған жерінде аталып өтті.

Петропавлдағы Оқушылар са­райын­­да «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманының «Елім-ай» дас­­танына – 300 жыл» атты ғылыми-прак­­­­­т­икалық конференцияны СҚО әкімі Айдарбек Сапаров ашып, құттықтау сөз сөй­леді. Ол ХVІІІ ғасыр қазақ тарихында жер бетінен құрып кете жаздаған сұрапыл жыл­дар болғанын еске сала келіп, сол жыл­дардың шындығы, жоңғар шап­қын­шы­лығының қанқұйлығы, басқарған қон­тайшылары мен батырлары, күшеюі се­бептері, шапқыншылықтың геог­ра­фия­лық аумағы, жер-су атаулары – бәрі-бәрі «Елім-ай» дастанында суреттелгенін жет­кіз­ді. Сөзінің қорытындысында ол қазақ бар кезде «Елім-ай» дастанының ұмытыл­май­тынын, қай кездегі, қай замандағы би­лік буындарына, елдің сөзін ұстайтын адам­дарына, зиялы қауымға сабақ бола бе­ретінін айтты.

Қазақстан Жазушылар одағы төра­ға­сы­­ның орынбасары, ақын Қасымхан Бег­­ман өзінің құттықтау сөзін Жазушылар одағының жаңа басшысы Мереке Құл­ке­нов­тің атынан айтып, Қожаберген жы­рау­дың «Елім-ай» дастанының қазақ әдебиеті мен тарихындағы орны ерекше екенін атап өтті. 

«Жеті жарғы және Қожаберген жырау» ха­лықаралық қоғамдық  қайырымдылық  қо­рының төрағасы Бекет Тұрғараев өзінің құт­тықтау сөзінде   Түркістанда атқарыл­ған мерейтойлық шаралар туралы айта ке­ліп: 

«Біз бүгін үш ғасыр өткен оқиғаны ес­ке алып, ұлы бабаларымыздың рухына бас иіп, «Кеудеңде шыбын жаның болса егер, Жоғалтпа жер бетінен қазақ атын» де­ген Қожаберген жыраудың «Елім-ай» жы­рының мәнін түсініп бас қосып отыр­мыз. «Елім-ай» жыры – тәуелсіздіктің же­­­­місі, соның арқасында жарыққа шығып ха­лыққа жетуіне мүмкіндік туды. Алдыңғы тол­қын ағаларымыз кешегі кеңестік ке­зең­де, мұндай шыңғырып тұрып шын­дық­ты айтқан шығарманы дәріптеуге мұр­­­шасы болмады. Өйткені кеңестік идео­логия орыс пиғылының әшкере­ленуі­не жол бер­меді», – деді. 

Одан әрі ол халық жадынан өшпе­ген ұлы тұлға Қожаберген жырау То­лыбайұлын тарих қойнауынан аршып алып, оның ел тағдырын айқындаған та­ри­хи оқиға – «Ақтабан шұбырынды, Ал­қа­көл сұламаға» арналған «Елім-ай» жыр дас­таны ел игілігіне, халық қазынасына ай­налып отырған ұлы шығарма екенін айт­ты. Сондай-ақ Б.Тұрғараев өзі сөзінде «Қожаберген жырау болмаған, «Елім-ай» дастаны қолдан жасалған» деп жырдың та­рихи маңызын ескермей, әдеби көр­кем­дігінен мін тауып, әлеуметтік желіде жоқ­қа шығарғысы келіп жүргендер туралы да айтып өтті. 

«Осындай халық санасынан өшпеген, жү­регінің тереңінде сақталып, ауыздан-ауыз­ға жатталып, бүгінге жеткен ұлы жыр­ды ұлықтаудың орнына «бұл қайдан кел­ді, кімнің шатпағы» деп шалқасынан тү­сіп жатқан кейбір ұлы көшке, ұлы дас­танға топырақ шашып, көңілге көлеңке тү­сіріп жүрген өресі төмен азаматтарға «са­­­наңды сілкіндір, есіңді жиып, көпке то­пырақ шашпа!» дегіміз келеді», – деді. 

Одан әрі  300 жылдық тарихы бар «Елім-ай» дастанын мәңгілік есте қал­дыру үшін қасиетті Қаратаудың бела­суы­на тұғыртас орнатылып, «Елім-ай» дас­танында сипатталған ел тағдырының қа­сіретті кезеңінен мағлұмат беріп, мәң­гілік өшпес ерліктің иесі халық екенін бо­­­­­­лашаққа хабардар етіп тасқа таңба­лан­ғаны айтылды.  «Елім-ай» жыры 2007 жы­­лы құрылған «Жеті жарғы және Қо­жа­берген жырау» халықаралық қоғамдық қайы­рымдылық қорының бастамасымен 15 мың дана болып шығарылып, халыққа тегін таратылғаны да белгілі болды. 

«Қаһармандар» қорының төрағасы, «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын жап­пай ақтау жөніндегі» мемлекеттік комис­сия құрылуының ұйытқысы болған Сабыр Қасымов да жиын барысында сөз сөйледі.

«300 жыл бұрын жазылған дастанда көр­­сетілген барлық жер, су атаулары, қай жер­лерге бабаларымыздың қаны төгіліп, кө­мілгені, олардың басына қойылған бел­гі­лер жерімізге көз алартқан кеудемсоқ­тар­ға өңірдің нақ кімдікі екенін көзге шұ­­қып көрсетіп беретін дәлелдер. Әсіре­се, осы жағынан алғанда «Елім-ай» баға жет­пес құнды дерек көзі екені даусыз. Бас­қа халықтар осындай ежелгі дастан­дарын тарихи мұра ретінде пайдаланып, сол кездегі бабаларының ақыл-ойын, көз­қарас өрісінің кеңдігін, ел үшін жаса­ған еңбегін, ұрпақ қамын қалай ойла­ға­нын, билеушілері мен халқының қаты­нас­тарын көреді, дереккөз ретінде пай­даланады. Ал біздің арамыздағы кей­біреу­лер дастанның тілінің көркемдігінен, кей­бір сөздердің сол заман тарихына сәй­­кес емесінен кінәрат тауып, ауыздан-ауыз­ға тарағанда қосылған қоспалары үшін «Елім-айды» жоққа шығарғысы ке­ле­тіні өз тарихымызды балтамен шабуға ұм­­тылу десе болады», – деді заңгер. 

Одан әрі спикер  Қызылжарда және бас­­қа өңірлерде өткен Қожабергенге арн­ал­ған ғылыми-тәжірибелік кон­фе­рен­ция­ларда айтылған ұсыныстардың толық орын­далмағанын сынады. Мектеп, орта жә­не ЖОО бағдарламаларында тым үстірт ай­тылатынын тілге тиек етті.

Алматы мен Астанадан ат терлетіп жет­кен ақын-жазушылар, тарихшы, әде­биет­ші, заңгер ғалымдар қатарында елі­міз­ге танымал азаматтар Бексұлтан Нұр­же­ке, Кәдірбек Сегізбайұлы, Иран-Ғайып Ораз­бай, Қасымхан Бегманов, Серік Негимов, Аманжол Күзембайұлы, Құлбек Ергөбек, Зиябек Қабылдинов, Сұлтанхан Аққұлұлы, Кәрібай Мұсырман және жер­гілікті өлкетанушылар Ербақыт Амантай, Сәуле Мәлікова – бәрі де конференцияда өз­дерінің ғылыми баяндамалары мен сөз­дерін оқыды. 

«Елім-ай» дастаны – тарихи дерек» ат­ты баяндама жасаған тарихшы, про­фессор Аманжол Күзембайұлы  бүкіл әлем­­дік тарихта жазбаша дерек жоқ бол­ған жағдайда ауызша деректер пай­да­ла­ны­латынын атап өтіп:

«Сондай ауызша мағлұматтардың бірі және бірегейі – Қожаберген жырау шы­ғар­малары. Өкінішке қарай, осы құнды де­ректер талдаудан, саралаудан, тексеру­ден өткізіліп, осы күнге дейін тарих ғы­лы­мының кәдесіне жарамай отыр», – деді.  

Одан әрі жырау шығармаларының зерттелуіне тоқталған ғалым оны ал­ғаш рет 1927 жылы Сәкен Сейфуллин, 1936 жылы Б.Майлин, І.Жансүгіров, Ғ.Мү­сірепов бастаған арнайы тарихи-этног­рафиялық экспедиция зерттегенін айтып, аласапыран заманда бұл материал­дар із-түзсіз жоғалып кеткенін жеткізді. 

«Содан кейін тәуелсіздіктің елең-алаңында жазушы Нәбиден Әбутәлиев Қо­жаберген мұраларын жүйелеп, жинап, бастыруға үлкен еңбек сіңірген. Ал 1993 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситетінің ғылыми-зерттеу тобы Қы­зылжар өңіріне келіп, жыраудың басы­на зиярат етіп, көнекөз қариялардан мол мағлұмат алып қайтқан екен. Аты-жөні Ш.Нұрғожаұлы, М.Тырақаев, Н.Сатин сияқты ақсақалдар жыраудың Қаратай Биғо­жин әдеби мұралар қорына тапсыр­ған шығармаларынан басқа да жырларын айтып берген. Одан бері Қызылжардағы «Асыл мұра» тобының іздеушілері Қожа­бер­генге қатысты бірнеше кітаптың жа­рық көруіне мұрындық болған. 2000 жылы республикалық конференция өткізіліп, онда академик Манаш Қозыбаев және бас­­қалар баяндама жасап, «Қожабер­ген­тану» орталығын ашу туралы ұсыныс бо­лады. «Елім-ай» дастанының алғашқы нұсқасын Қаратай Биғожин тапқан, ал екінші нұсқасын Мәдина Дастанова деген зерттеуші жариялады. Көлемі 9 баспа табақ, онда жыраудың «Елім-ай»-дан басқа шығармалары да енгізілген. Екі нұсқаның кейбір өзгешеліктері болмаса мазмұны бір мәселеге арналған. Ол XVIII ғасырдағы қазақ-жоңғар соғысы», – деді А.Күзембайұлы.  

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Серік Не­гимов өзінің баяндамасында Бұқар жы­рау­дың «Қамалды бұзған құлшына» өлеңі­нің мына жолдары: 

«Күрзімен жауды басқа ұрған,

Қалмақтың ханын састырған. 

Жаралы дұшпан басшысын

Ат тұяғына бастырған», – деген жыр жол­дарын ұстазы Қожабергенге арнаға­нын тілге тиек етті. 

«Елім-ай» – ұлы дала тарихында ұлы бабаларымыздың ұлт, халық, мемлекет, жер қорғау қайғысынан туған аяулы, асыл түй­декті лебіз. Тарихи-этнографиялық, тіл­дік, палеосемантикалық қымбат құн­ды­лықтар мен ақпараттарға бай Орхон жаз­ба ескерткіштеріндегі «Елім-ай!», «Ту­ған жерім-ай!», «Бектерім-ай!» (152 мәр­те), «Қонысым-ау!» (749 рет), «Қара жерім-ай!», «Жоғарыда Тәңірім-ай!», «Қа­ра орманым-ай!», «Ынтымақ-ай!» және т.с.с. Ұлы дала жұртының бойтұмарындай киелі, жұлынды сөздері «Елім-ай!» дас­та­нын оқығанда тарихи сабақтастық тайға таңба басқандай жалғастық танытады. «Елім-ай!» дастанында геостратегиялық жағдай, әскери колонизация, соғыстың тактикасы мен стратегиясы, саяси мақсат пен пиғыл, жаһандық билік мәнісі терең, толық сипатталған», – деді. 

Одан әрі Серік Негимов «Елім-ай» дастанының ел арасына ауызша да, қолжазба күйінде де тарағанын айтты. 

Конференцияда сондай-ақ филология ғылымдарының докторы Құлбек Ергөбек, журналист, қоғам қайраткері Кәрібай Мұ­сырман, тарих ғылымдарының док­торы, профессор Зиябек Қабылдинов, журналист Ербақыт Амантай, архивариус, тарих ғылымдарының кандидаты Сәуле Мәлікова баяндама жасады.  

Конференцияның қорытындысы бойын­ша қарар қабылданып, онда Қы­зыл­жардағы әскери институтты Қожабер­ген жыраудың атына беру, мектеп оқу­лық­тарына Қожаберген жыраудың өмірі мен шығармашылығынан деректер беру, «Елім-ай» дастанынан үзінділер беру се­кіл­ді ұсыныстар Оқу-ағарту, Қорғаныс ми­нистрліктеріне жолданатыны айтылды.

Жақсыбай САМРАТ