ЕуроОдақ елдері қабылдаған жаңа заңнаманы сақтау мақсатында әлеуметтік медиа топтары жеке қолданушыға арналған жарнамаларды шектейтін болды. Интернеттегі контентті бақылауға арналған «Цифрлық қызметтер туралы» ЕО заңына сәйкес 19 әлеуметтік платформаларға қатал міндеттемелер жүктелді. Aikyn.kz 25-ші тамызда күшіне енген әлеуметтік желілер үшін қатал ережелерді Financial Times басылымында шыққан материалға сілтеме жасай отырып түсіндіреді.
Фото Getty Images сайтын алынды. Авторы: Chesnot
Жаңа заңнама жекелеген қолданушыға бағытталған таргеттелген жарнамаларды шектеуді, өшпенділік туралы саясатты өзгертуді әлемдегі ең ірі онлайн компанияларға жүктейді. Онлайн ресурстар осы ережеге сәйкес болу үшін дайындық жұмыстарын жүзеге асыруға асығуда.
19 платформаға, оның ішінде Instagram, Google және TikTok, интернеттегі контентті бақылауға арналған «Цифрлық қызметтер туралы» (DSA, Digital Services Act) заңына сәйкес нақты міндеттемелер жүктелді. Ережелерде жарнамаларды пайдаланушылардың дініне, жынысына байланысты бағыттауға тыйым салынады; платформалар жалған ақпаратпен немесе үгіт-насихатпен күресу үшін қандай қадамдар жасап жатқанын ашу міндеттеледі; кәмелетке толмағандарды қорғаудың жаңа тетіктері енгізілген.
Фото Financial Times сайтынан алынды. Авторы: FT Montage
25 тамыздан бастап әлеуметтік медиа компаниялар жаңа талаптарға сәйкес келу тәуекелдерін бағалауда қандай іс-шараларды жоспарлағаны туралы есептерін тапсыра бастайды. Осы мерзімге дейін онлайн топтар өздерінің іскерлік тәжірибелерін өзгертуді бастап кетті. Илон Масктың X корпорациясы (бұрынғы Twitter) қолданушыларға нацистік свастика сияқты «жек көрінішті суреттері» бар кез келген адамды насихаттауға тыйым салатын саясат жүргізе бастады.
Facebook-Meta, Snap және TikTok компаниялары миллиондаған пайдаланушыларға платформалардың табысының кілті саналатын жекелендірілген контентті өшіру мүмкіндігін берді.
Google 18 жасқа толмағандарға мақсатты жарнаманы шектеді, сонымен бірге пайдаланушыларға белгілі бір маркетинг неге оларға бағытталғаны туралы қосымша ақпарат бере бастады.
Facebook Meta бас компаниясының жаһандық мәселелер жөніндегі президенті сэр Ник Клегг компания «қазіргі уақытта DSA бойынша 1000-нан астам адам жұмыс істейтін ең үлкен кросс-функционалды командалардың бірін жинады» деп мәлімдеді. «Бұл тек еуропалық технологиялық компаниялар үшін ғана емес, сонымен қатар ЕуроОдақта жұмыс істейтін барлық технологиялық компаниялар үшін үлкен оқиға», – деп жазды ол осы аптада жарияланған блогында.
TikTok 1000-нан астам қызметкерді DSA талаптарына сәйкес жұмыс істеуге тағайындағанын жариялады. Бұл компаниялардың ережелерді сақтауға үлкен ресурстар жұмсауға деген ниетінің белгісі.
Фото Getty Images сайтын алынды. Авторы: Leslie Richard Jacobs
Брюссельдегі Dechert заңгерлік фирмасының серіктесі Алек Бернсайд: «Қазір бізде интернет үшін жаңа цифрлық код бар. Бұл бағытта ЕО бірінші болып шешім қабылдап, Одақтан тыс көптеген елдер үшін үлгі болуы мүмкін». Дегенмен, жаңа ережелерге қарсылық білдіру әрекеттері де байқалады. Amazon және неміс онлайн сатушысы Zalando сотқа шағым түсіріп, оларды «өте үлкен онлайн платформалар» деп санамау керектігін алға тартты.
Ай сайынғы 45 миллион белсенді пайдаланушысы бар онлайн топтарға DSA бойынша арнайы міндеттемелер жүктеледі. Amazon заң ақпаратты тарататын және жарнамасы олардың негізгі табысы болып табылатын компанияларға бағытталған болуы керек екенін айтуда. Zalando болса оның веб-сайттарына келетін тұтынушылардың тым аз екенін, компанияға ережелер әсер етпейтін мәлімдеген.
Бұған қарамастан, Amazon өз платформасында үшінші тарап сатушылары туралы көбірек ақпарат беретінін ескертуде және пайдаланушыларға күдікті заңсыз өнімдер туралы хабарлауға мүмкіндік беретін арна құрды.
Кейбір кішігірім платформалар, соның ішінде Pinterest және Wikipedia да ең қатаң сәйкестік талаптарының шегіне сәйкес келеді. Wikipedia контентті өзгерту немесе жою үшін алынған сұраулар туралы қосымша ақпаратты жариялайтын болды.
Мемлекеттік органдар азаматтарды бақылауды интернет арқылы жүргізуде түрлі технологиялар қолданады. Төмендегі видеода ресейлік арнайы құқық органдарының қолданатын әдістері туралы айтылады.
ЕО шенеуніктері кейбір платформалар жалған ақпаратпен, заңсыз контентпен және зиянды өнімдермен қалай күресетінін көрсететін міндетті бағалау есептерін кешіктіруі мүмкін деп есептейді. Реттеушілер кешіккендерге айыппұл саламыз дейді.
Үлкен технологиялардың әсерін шектеуге бағытталған Еуропалық Одақтың тағы бір негізгі заңнамасы «Цифрлық нарықтар туралы» заң келесі айдың басында күшіне енеді.
Заңның кейбір міндеттемелері, мысалы, бәсекелес қолданбалар дүкендерін немесе қолданбаларды балама ретінде орнатуға мүмкіндік беруге ірі платформаларды мәжбүрлеуді көздеген. Бұл Apple сияқты компаниялардың табыс табу жолының негізіне әсер етеді.
«Жүзеге асырудың өте қысқа уақыты қосымша стресс тудырды, бізге көп ресурстар қажет болды – нақты инновациялар үшін пайдалануға болатын уақыт пен ақша», – дейді DSA-ны орындауды қиынсынған үлкен онлайн платформаның басшысы.
ЕуроОдақта басталған жаңа онлайн-нарықтың әсері бірнеше айларда Қазақстанға да әсер ете бастайды. Сонда жаңа ережелерді отандық заңнамаға енгізу мәселесі қайта көтеріледі.