Жуырда Ауыл шаруашылығы министрлігі жем-шөп тапшылығы туындау қаупіне байланысты мәлімдеме жасады. Онда нақты кезеңде 12,7 тонна шөп дайындалғаны сөз болды. Сонымен қатар өңірлердің жем-шөп шығынын субсидиялауға 11,7 млрд теңге бөлінгенін, қажеттілік туындаған жағдайда облыс әкімдіктері тарапынан қосымша субсидиялау мүмкіндіктері зор екенін баса айтты. Арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз ету жайына да тоқталды.
Дейтұрғанмен, малшылар қауымы мемлекеттен субсидия алатынына күмәнмен қарайды. Бұл жайында Сыр өңірінде төрт түлігін өрістетіп отырған шаруа қожалықтарымен пікірлесу барысында байқалды.
Қайбір жылдары елді қуаңшылық жайлағанда зардап шеккен өңірдің бірі Арал ауданы болды. Онсыз да экологиялық апаттың аранында тұрған аралдықтар сол кезде төрт түлігіне азық таппай әбден азапқа түскен болатын. Бүгінде аталмыш өңірдегі қожалықтар қуаңшылықты әупірімдеп жүріп еңсергенімен, жағдайларының әлі де мәз еместігін жасырмайды.
«Сол жылы негізінен қуаңшылықтың зардабы Арал өңіріне ерекше сезілді. Бүгінде қысқа дайындық қамын жасап жатырмыз. Шөпті Ақтөбе облысына қарасты Ырғыз ауданы мен өзіміздің көрші аудандардан тасымалдаймыз. Ал жемді Қостанай облысынан алуды көздеп отырмыз. Жемшөптің бағасы жыл санап қымбаттап барады. Ешкімге мойын созбай, өз күшімізбен шама-шарқымыз келгенше дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Дегенмен де мемлекеттен қолдау жасалса, нұр үстіне нұр болар еді. Әсіресе, асылтұқымды малға субсидия төлеу жайы жолға қойылса екен. Басқа өңірлерді қайдам, бірақ Қызылорда облысының шаруалары малдың жем-шөбіне жыл сайын субсидия алған емес», – дейді аудандағы «Берекет» шаруа қожалығының иесі Күнтуар Жайназаров.
Бұл шаруа қожалығы Зеңгі баба түлігінің асылтұқымды ақбас сиырын өрістетіп отыр. Бүгінде қожалықтың өрісінде 250 бас аналық сиыр бар. Қожалық иесінің айтуынша, жазда жайлауға көшіп, күн салқындағасын қыстауда қыстайды. Жерде шөп болмағандықтан, мал азығын сырттан тасымалдайды. Ала жаздай шөпке мұқтаждық болатынын жасырмады. Ал күз басталысымен қыстың қамын күйттеп, жемді сатып алуға кіріседі екен.
Бүгінде қожалық иесі асыл тұқымды малды өсіріп қана қоймай, мал сою пунктін ашып, тұшпара цехын іске қосыпты. Малды арнайы тапсырыспен сойса, тұшпарасын сауда орындарын жағалап әзер сатады екен. Соған сәйкес кәсібін дөңгелетуге де қолдау болмай тұрғанын алға тартады.
Мал азығы дақылдарын өсіріп отырған шаруашылықтардың да мәселесі шаш-етектен. Соған қарамастан шама-шарқынша еңбек етіп, өз-өздерін жемшөппен қамтамасыз етіп келеді. Соның бірі – облысқа қарасты «Ақтөбе и К» ЖШС. Негізгі кәсібі күрішпен байланысты шаруашылықтың егістігінде жоңышқа мен мал азығы бидай да өсіріледі.
Шаруашылық төрағасының айтуынша, атыз жағалаған ағайынның бас ауруы аяқсу тапшылығына келіп тіреледі. Дарияда биыл да су деңгейі өте төмен болды. Бұл мәселені Сыр өңіріне сапары барысында Ауыл шаруашылығы министріне де көлденеңінен қойыпты. Алайда мәселенің шешімі табылар емес. Әсіресе, егін науқаны кезінде егістік алқапқа су жетпей, қиындық туындайды. Соған орай аяқсу мәселесі оңтайлы шешімін тапса деген тілегін жеткізіп отыр.
Жалпы, облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы берген мәліметке сәйкес, өңірде жемшөппен қамтамасыз ету жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. Биыл 1 тамыздағы дерек бойынша, облыста 426,8 мың бас мүйізді ірі қара, 899,7 мың бас қой мен ешкі, 224,9 мың бас жылқы, 63,7 мың бас түйе тіркелген. Өткен жылмен салыстырғанда өсім бар.
Басқарманың мәліметіне сәйкес, бүгінгі күнге 769,4 мың тонна шөп жиналып, жоспарлы жұмыстардың 83,7 пайызы орындалған. Бұдан бөлек, 61,4 мың тонна жем, 1 мың тонна сүрлем дайындалыпты. Сонымен қатар өңірдегі күріш өңдеу кәсіпорындары арқылы 173,3 мың тонна күріш қалдығы және күріш жемі өндірілетін алға тартты. Ал мал азығының жетіспейтін көлемін республикамыздың басқа аймақтарынан тасымалдау жоспарлануда.
Жалпы, құзырлы орындар тарапынан қуаңшылықты болдырмау үшін облыста қысқа түсетін малдарды мал азығымен қамтамасыз ету мақсатында жем-шөп дайындау және жеткізу бойынша жұмыстар жүйелі жүргізіліп жатқанын жеткізді. Соған орай қандай да бір мәселе туындамайтынына сендіріп отыр.
Дария бойын жағалай қоныстанған шаруалар болса, егістік және жайылым жерге қатысты түйткіл мен су тапшылығын жою бағытында нәтижелі жұмыстар жүргізілсе, барлық қиындықты еңсерер едік деген пікірде.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы
© коллаж: Елдар ҚАБА
