Мұнайлының мұңы
Мұнайлының мұңы
244
оқылды
Маңғыстау облысының әкімшілік саяси картасына 2007 жылы Мұнайлы де­ген атаумен жаңа аудан қосылды. Сонау алпысыншы жыл­да­ры түбекте қара алтын атқылап, оны игеру барысында темір­­жол құрылысы салынған болатын. 1966 жылы бой көтер­ген Маңғышлақ теміржол стансасы, оның жанындағы Дәулет, Қызылтөбе, Баянды, Маңғыстау ауылдары осы жаңа ауданға бірік­тірілді. Табиғи ресурсы жоқ, жол, құрылыс, инфрақұрылым, абат­тандыру, газдандыру жұмыстары нашар, ешқандай өнер­кә­­сіптік өнім көлемі де жоқ жаңа ауданның әлеуметтік эко­но­ми­калық проблемасы шаш етектен еді. Алайда мемлекеттің қолдауына зәру боп, облыс бюджетіне қарайлаған жас аудан шат­қаяқтаған қалпы дамуын тоқтатқан жоқ. «Елу жылда – ел жаңа» деген, алпысыншы жылдары темір­жол­шы­лар қалашығы боп іргесі қаланған станса мен жанындағы елді мекендерде құрылған аудан­ның сол кездегі халық саны 48 мың болса, бүгінгі күні 169 900 адамға жетіп отыр. Мұндай қар­қын­мен өсу инфрақұры­лымға салмақ түсіріп, халықтың сапалы өмір сүруіне біршама қиындықтар алып келді. Мигрант­тар­дың жап­пай оңды-солды қо­ныс­тануы, Ақтау қаласы әкімдігіне жер телі­мін алуға кезекке тұрған аза­мат­тар тізі­мінің артуы – 2010 жылы «Ба­тыр» деп аталатын су жаңа ауыл­­дың құрылуына себеп­ші бол­ды. Қазір Мұнайлы ауданының құрамында Атамекен, Баянды, Бас­құдық, Дәулет, Батыр, Қызыл­төбе, Маңғыстау ауылы, яғни 2 ауыл, 5 ауылдық округ бар. Басқұдық, Атамекен ауылдық округтері Ақтау қаласына жақын орналасқан. Субурбанизациялан­ған ауылдар десек те болады. Қала өміріне қол созған бұл округтерде халық тығыз орналасқандығы се­бепті газ және интернет желісі, ауылішілік автомобиль жолдары, жо­лаушылар тасымалдайтын қо­ғам­дық көлік, асфальт төсеу мәсе­лелері тұрғындардың күнде­лікті талап-арызына айналды. Сондай-ақ бұл ауылдық округ­терде мектеп мәселесі де толық шешілмеді. Себебі бала саны жыл сайын артып, мектептерде әліппе­нің 20-шы әрпіне дейін сы­нып­т­ар ашылған. 33 785 тұрғыны бар Басқұдық ауылында 2 мектеп қана бар. Бү­гін №14 мектепте 1 756 бала білім алып жатса, 960 орынды №9 мек­тепте 3 397 бала 3 ауысым­мен сен­­бі күні де сауаттарын ашып жүр. Ауылдық округтің 979 оқу­шы­­­­сы Маңғыстау ауылындағы №5 және Ақтау қаласындағы №23 орта мектептерінде тасымал арқы­лы білім алуда. 41 366 тұрғыны бар Атамекен ауылында да 2 мектеп бар. Қазіргі таңда №7 орта мектепте 2 336, №12 орта мектепте 3 102 бала білім алу­да. Мектептен қашық тұра­тын 850 балаға тасымалдау қызметі көр­­сетіледі. Ал Батыр ауылындағы 960 орындық бір жал­пы білім беру орта мектебінде 3 670 бала білім алуда. Мектептен шалғай тұратын 3 433 оқушы тасы­малданады. Ал ауданда балабақша жүз пайызға қамтылғанымен, 14 мем­ле­­кеттік, 60 жекеменшік, барлығы 74 балабақша бүгінде бала толтыра алмай әлек. Енді 3 жастан ғана емес, 2 жастан бастап бөбектерді қа­­былдай берумен мұның жолы ше­шілмек.

Мұнайлыға келсеңіз, аудан орталығына апарар басты жолдың бойы мен аудан орталығының өзінде еңселі мейрамханалардың көптігіне таңырқай қарайсыз. 2019 жылы жеке инвестициялық жо­балардың 35- і іске қосылып, 690 жұмыс орны құрылған. Сол жаңа жобалардың 7-еуі – жеке­мен­шік мейрамхана болса, жеңіл өнеркәсіп саласында 1 ғана жоба іске асқан. Әрине, еліміз бойынша ішкі нарықта жеңіл өнеркәсіп саласындағы отандық тауар өнді­ру­шілердің үлесінің өзі өте төмен. 170 мыңға жуық халқы бар ауданда бір жылда бір ғана жеңіл өнер­кәсіптің ашылуы «қарапайым заттар экономикасының» дамуы­ның кенжелеп тұрғанын білдіреді.

Мұнайлы аудандық орталық ау­руханасы қазіргі таңда халыққа қыз­мет көрсетуін тоқтатып тұр. Се­бебі 50 кереуетті аурухананың жағ­дайы санитарлық талапқа сай емес. Аудан халқына Ақтау қала­сын­­­дағы бұрынғы перинаталдық ор­­талықтан 65 төсек-орын бөлін­ген. Аудан орталығынан болашақ­та бой көтер­мек 150 төсек-орынды ау­­рухана құры­­лысының құны – 11 млрд тең­ге. Бұл үшін республи­ка­дан қар­жы бөлінеді деген жос­пар бар. Жалпы, аудан бойынша 16 ден­саулық сақтау ұйымы тіркел­ген. Әр ауылда дәрігерлік амбула­то­риялар, бастапқы медициналық көмек көрсету орталықтары, 3 жекеменшік денсаулық сақтау ұйымдары жұмыс істейді. Күрделі эмиграциялық жағ­дай­ды бастан кешкен Мұнайлы ауданында халық жай ғана мекен ауыстырып қана қоймай, әлеу­мет­тік-экономикалық тұрмыстың сан алуан қырын қозғайтын күрделі қоғамдық мәселелерді туындатты. Даму көрсеткіштеріне сүйенсек, әлі де денсаулық сақтау, білім беру сала­лары, елді мекендерді ауыз­сумен қамту, ауылдардың сани­тар­­лық тазалығын реттеу, бала­лар­дың ойын алаңдарын, спорт ке­шен­­де­рін көбейту, ауылішілік авто­­кө­лік­тер жолда­рын салу се­кілді шаруа­лар кезек күттірмес­тен атқары­луын тілеп тұр. Мигра­ция­­ның ірі толқыны қоныстанған жас аудан сапалы өмір сүруді қалайды.   Анаргүл ЖЕКСЕМБАЙҚЫЗЫ,                                                                                                                  Маңғыстау облысы