Мемлекет қазір мұғалім болғысы келетін түлектердің шәкіртақысын да өзге мамандықтарға қарағанда анағұрлым арттырып, жалақысына дейін жыл сайын көбейтіп отыр. Әрине, ұрпақ тәрбиелеудегі ұлы міндетті мойнына алғысы келетіндердің қатары өскені қуантады.
Тек айлық үшін айлаға барып, барар жері қалмаған соң білім саласына жолы түскендердің де жиілей бастағаны жанға батып отыр. Олай деуімізге себеп те жоқ емес. Осы күні шекті балды жинай алмаған түлектер де тегін гранттан үмітті бола алады. Ал сұмдығы сол, өзге салалармен салыстырғанда орта білім беру мекемелерінде жалған дипломмен жұмысқа тұрғандардың саны да саңырауқұлақтай қаптап барады.
Бүгінде елімізде 49 ЖОО-ның педагогикалық бағыттар бойынша лицензиялары бар. Осы оқу орындары талапкерлерге тегін білім беру үшін мемлекет мүмкіндікті молынан беріп отыр. 2021-2022 оқу жылында бакалавриатқа түсу үшін 56 мыңнан астам грант бөлінді. Былтыр бакалавриатқа түсушілерге 73 мың грант тағайындалса, биыл 2023-2024 оқу жылына жоғары білім берудің білім беру бағдарламалары бойынша оқу үшін барлығы 73 061 грант берілген. Сондай-ақ халқы тығыз, батыс және жаңадан құрылған өңірлерден жастарды оқыту үшін 5000 нысаналы грант бөлінді. Соның ішінде жыл сайын педагогтерді даярлау үшін гранттардың саны да өсіп келеді екен. Мысалы, 2019-2020 оқу жылы – 9497, 2020-2021 оқу жылы – 9529, 2021-2022 оқу жылы – 11323, 2022-2023 оқу жылы – 15 273, ал биылы оқу жылында 15 923 грант бөлініп отыр. Ал 2021 жылдан бастап педагогикалық бағыттарға түсу үшін өту балы 50-ден 75 балға дейін көтерілді. Нақтылап айтсақ, ең жоғары 139 балды жинағандар шет тілі мұғалімі, ал болашақ әлеуметтік педагог атану үшін белгіленген ең төменгі балл – 75 балды жинауы тиіс. Айталық, биылғы оқу жылында ақпараттық технология мамандығына түсушілердің шекті бал саны 105-тен 136-ны құрап отыр. Ақпараттық қауіпсіздік саласы мамандығына 84 балдан бастап 123 балл жинағандар іліксе, авиациалық техника және технологияларға – 99-127, ұшатын аппараттар мен қозғалтқыштарды ұшуда пайдалануға – 108-119 балл алғандардың айы оңынан туған. Ал педагогика және психология мамандығына оқуға түскендердің тізімінен 50, 51, 52, 53 балл жинаған түлектердің де қарасы көрінеді. Оған қарағанда болашақ мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеушілер 76 балмен грантқа ілінген екен.
Биылғы оқу жылында 88 204 студент мемлекеттік грант бойынша білім алады. Себебі 94 мың түлек 73 мың грантқа «таласты». Бәсеке жоқ. Кей мамандықтардың гранты жабылмай қалғандықтан жарты жылдан соң қайта бөліске түсіп, сапырылысып жатыр. Тегін грантты талапкерлерден қызғанып отырған біз жоқ. Біздің айтпағымыз, аяулы мамандыққа адасып келушілер мен жалақы үшін жалған дипломмен жұмыс істеп жүрген «мұғалімдердің» біліктілігі білімді ұрпақ тәрбиелеу ісіне балта шаппас па деген күдік. Өйткені таяуда ел мектептерінде білім сапасының сын көтермейтінін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова да айтқан еді. Оның айтуынша, ел мектептерінде білім сапасының сын көтермеуінің бірнеше себебі бар. Айтуынша, тәжірибе көрсеткендей, мектептердегі білім сапасының төмендігінің себептері мектепті басқару мен басқару жүйесінің нашарлығы, мұғалімдердің біліктілігінің төмендігі және материалдық-техникалық базаның әлсіздігі болуы мүмкін. Бұл мәселені ол оқушылардың оқу жетістігін бақылау арқылы шешуге болады деп есептейді. «Жүйе нәтижелі болды және біз PISA халықаралық студенттерді бағалау бағдарламасының халықаралық бағалау кезеңдері арасындағы жұмыстың нәтижесін көре алдық. Бұл жүйе ЭЫДҰ-ның барлық елінің тәжірибесінде бар. Бағалауды жыл сайын тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, үкімет айқындайтын ұлттық үйлестіруші жүргізетінін атап өткім келеді. Бағалау жүргізілсе, оларға қатысты мақсатты шаралар қабылдау үшін өңірлер бойынша әлсіз мектептер анықталады», – дейді вице-премьер. Бүгінде жергілікті әкімдіктерге мұғалімдердің үздіксіз біліктілігін арттыруға қаржы бөлу, ал оқу-ағарту министрлігіне мұғалімдер үшін сұранысқа сай, сапалы әрі қысқа мерзімді курстарды дайындау міндеті жүктеліп отыр. Яғни әкімдіктерге тиісті біліктілігі, ұжыммен және балалармен жұмыс істей алатын білікті мамандарды ұйым басшылары етіп тағайындау қажет.
Бұл дегеніңіз, он бір жыл мектеп қабырғасында және төрт жыл университетте тәлім алған дайын маманды жылдар бойы сүйрелеп, біліктілігін арттырумен әуре-сарсаңға түсіп келеміз деген сөз. Әрине, оның ішінде ұстаздық етудің иісі мұрнына бармайтын жалған педагогтер де толып жүр. Бұл өз кезегінде білім ошағындағы кадр қабылдауда баптың емес, бақтың шабуына көп көңіл бөлетін «бармақ басты, көз қысты» әрекетке тосқауыл жоқтығын көрсететіндей.
Сенімсіздіктің себебі де жоқ емес
Білім беру саласының құрметті қызметкері Өмір Шыныбекұлы білімді ұрпақ тәрбиелеудегі бірінші амалды жемқорлықты жоюдан басталумен байланыстырады. Себебі бәрін кадрлар шешеді. Оның айтуынша, Оқу-ағарту министрлігі де, қоғам да оқу жылының ұзақ-қысқалығы секілді сыртқы формаға күш сала бермей, жалған диплом, жалған санат, жалған есеппен, біліксіздікпен күресуі тиіс. «Білім саласын жалған дипломды, жалған санатты педагогтерден, Оқу-ағарту министрлігі мен оның айналасындағы құрылымдарды, Білім басқармалары және аудандық білім бөлімдерін біліксіз мамандардан тазартпай, оқу жылын 11 айға созсаң да еш нәтиже бермейді. Өйткені білікті мамандар жемқор басшыға төзбейді. Егер біздегі жемқорлардан білім саласын тазартса, білім саласы өзін өзі-ақ тазартар еді», – дейді ол. Әйтпегенде қазіргідей кеше ғана тиісті мемлекеттік емтихандарды тапсырып, дипломдық жұмысының жобасын қорғап, қолына диплом алған жас маманға бір айға жетер-жетпес уақытта жұмысқа тұру үшін біліктілік тестін тапсыруын талап ету – абсурд. Бұл деген бір Үкіметтің құрамындағы қос министрлік – Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің бір-біріне деген мүлдем сенімі жоқтығын аңғартып отыр. Десе де Өмір Шыныбекұлы сенімсіздіктің себебі де жоқ емес екенін айтады.
Түсу талаптарын қатайту маңызды
Халықаралық Edu Stream тіл орталығының директоры Наталья Мұхамеджанова грант санын көбейту ғана емес, грант сомасын ұлғайту саясатын сақтау қажет екенін жеткізді. Бұл ретте, педагогикаға байланысты факультеттердегі жоғары түсу талаптарын белгілеу маңызды. Сол арқылы талапкерлер мен жоғары оқу орындары тарапынан да «таңдау құқығы қалмау» қағидатына нүкте қою қажет. Педагогиканың шығармашылық көзқарасқа, сондай-ақ жеке қасиеттер мен құзыреттерге назар аударатындығын түсініп, ҰБТ нәтижелерін ұсынумен қатар, сұхбаттасуды енгізу керек екенін жеткізді. Осы арқылы мұғалім болғысы келетіндерді өз арасында іріктеу керек екенін айтып отыр. Себебі әркім ұстаз бола алмайды. «Расында да қазір елімізде мұғалімдердің жалақысы жоспарлы түрде өсіп жатыр. Сондықтан бұл саладағы кадрлар ағынына да ықпал етіп келеді. Бірақ бұл ЖОО түлектерінің есебінен емес, «қайта даярланған» ересектердің есебінен десек болады. Сонымен қатар айлықтың артуы саладағы жалған дипломдармен жұмыс істейтін «педагогтердің» да санын өсіріп отыр.Сол үшін жалған диплом жасаушылар мен қолданушыларға берілетін жауапкершілік қайта қаралу керек. Біріншіден, дипломдарды растау бақылау комитетіне сұрау салу арқылы оңай жасалады. Мәселен, шетелдік университеттерде дипломдардың жарамдылығын растау тәжірибесі бұрыннан бар. Тіпті апостильмен де, ресми сұрау арқылы жалған немесе жалған еместігін білу мектеп басшылығына қиындық тудырмайды. Сол секілді бізде де министрлікке сұрау салу арқылы дипломның жарамдылығын растау бойынша талаптарды белгілеу қажет. Екіншіден, жұмысқа қабылдаушы да, құжат тапсырушы да екі тараптың жауапкершілігін енгізу уақыт күттірмеуі тиіс», – дейді ол.
Біліктілікке баса мән беру қажет
Балалардың білімді болуы педагогтердің білімі мен біліктілігіне тікелей байланысты. Сол үшін 2019 жылдан бастап педагог кадрларды даярлау және олардың қоғамдағы мәртебесін арттыруға байланысты Мемлекет басшысы іргелі реформаларды қолға алды. Осылай деген депутат Жұлдыз Сүлейменова «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғанын айтады. Оның аясында педагогтердің жалақысын жыл сайын көтеру және олардың біліктілігін арттыру қолға алынған. «Қазір мұғалімдердің білім сапасына көз жеткізу мақсатында аттестаттаудан өткізіледі. Сондай-ақ 2021 жылдан бастап педагогикалық мамандықтарға оқуға түсетін мамандықтардың шекті балы 75 балға дейін көтерілді. Оған сәйкес мектепте жақсы оқыған, педагогика саласын таңдап келген, жоғары нәтиже көрсеткен, университетте үздік оқитын студенттерді де ынталантыру үшін басқа мамандықтарға қарағанда шәкіртақы көлемін арттырды. Мысалы, былтыр басқа мамандықтарда оқитын студенттер 38 мың алса, педагогика саласын таңдаған студенттер 58 мың шәкіртақы алды. Ал биыл педагогикалық мамандықтардың шәкірақысы 67 200, қалған факультеттің студенттері 41 мың теңгеден астам ақша алады. Мұның өзі – бұл мамандыққа деген үлкен қолдау. Ғылым және жоғары білім министрлігінің берген ресми ақпаратына сәйкес, қазір педагогика мамандығына 75 балдан жоғары жинағандар ғана іліге алады. Меніңше, бұдан төмен болмау керек. Өйткені кезінде 50 балмен осы салаға түскен мамандардың өзінің біліктілігін арттыру маңызды болып отыр. Балалардың біліміне бас ауыртқымыз келсе, білім ордасындағы мамандардың біліктілігіне баса мән беру қажет. Ол үшін педагогика мамандығына грант үшін емес, жүрек қалауымен келгенде ғана нәтиже болады», – дейді депутат.
Осыдан бірер ай бұрын ғана Солтүстік Қазақстан облысында бір жыл ішінде 80 жалған құжат сатып алу дерегі тіркелгені мәлім болды. Облыстық прокуратураның дерегінше, өңірде ай сайын жалған диплом пайдаланудың кем дегенде алты дерегі тіркеледі екен. Былтыр осындай 80 дерек анықталғанымен, мерзімінің өтіп кетуіне байланысты қылмыстық істердің басым бөлігі тоқтатылса, жалған құжат ұсынған «мұғалімдер» жұмыстан босатылып қоя беріліпті. Ал жақында Атырау облысында 81 мұғалімнің жалған дипломмен жұмыс істегені анықталды. Оның 51-і мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде, ал 30-ы орта мектепте сабақ берген. Айта берсең, мұндай мектеп те, «мұғалім» де көп. Алайда құзырлы орындар әрбір мектептің артынан шам алып жүруге қауқары жоқ. Күдікті мәліметті білген күннің өзінде тексеріс жасатуға ешкімнің құзыры жүрмейді. Ол үшін арнайы арыз жазылу керек. Ал арызқой атанғысы келмейтін қазақ қоғамында жеп отырған нанынан айырылуға ешкімнің құлқы жоқ. Бар заңның өзі алаяқтар мен жалған «маман» иелеріне 160 АЕК-ке дейін айыппұл салып, ары кетсе сол мөлшерде түзету жұмыстарына жегілумен бітеді. Сол үшін де жалған дипломмен жалғанды жалпағынан басып, ұлт тәрбиелеу ісін ұятқа қалдырып жүргендер көп.
Жадыра МҮСІЛІМ