Еңбек ресустарын дамыту орталығы «Қазақстанның еңбек нарығы: жаңа реалия жағдайындағы даму» деп аталатын зерттеуінде осындай деректер келтіріп, оның бірнеше себебін атайды. Мәселен, жылда шамамен 225 мың адам кәсіптік білім алып, еңбек нарығына араласады екен, алайда олар лайықты еңбекақы, өнімді жұмыспен қамтамасыз етілмейді. «Көбіне білімнің төмен сапасына байланысты олардың жұмысқа орналасу келешегі бұлыңғыр» делінген зерттеуде. Тағы бір мысал. Елімізде азаматтарға ресми білім беруді ұсынатын оқу орындарының саны көп: 774 колледж (57% мемлекеттік) және 129 ЖОО. Олардың көптігіне байланысты оқу орындары қазіргі заманғы өндірістің қажеттілігіне қарай материалдық-техникалық базаны жаңарту үшін жеткілікті қаржыландыру ала алмайды. Бұдан басқа, өңір шегінде оқу орындарында кадрлар даярлау бір мамандықтар бойынша жүзеге асырылады. Мысалы, Алматы облысындағы колледждердің 26%-ы «Дәнекерлеу ісі» мамандығы бойынша білім береді. Осы орайда, бүгінгі жұмысшы жастардың арасындағы жиі кездесетін құбылыс – академиялық білім алудан гөрі қысқамерзімді курс оқып, лайықты жалақыға жұмыс істеу ілгерідегі мәселеге «жақсы» параллель бола алады.
28 жастағы Назым Жайлаубек Алматы техникалық университетінде жоғары білім алған, мамандығы – технолог. Университет бітірген соң, өз саласында жұмыс таба алмай, фастфуд дәмханасында сатушы болып істеуге мәжбүр болған.
«Университетте азық-түлік өндірісінің технологы мамандығына 4 жыл ақылы бөлімде оқыдым. Бұл салаға қызығып, өзім таңдап түскен едім. Бірақ оқу бітірген соң жұмыс таба алмадым. Сүт өнімдерін дайындайтын бірнеше фабриканың есігін тоздырдым. Алдымен ақысы төленбейтін тәжірибеден өтесіз дейді де, 3-4 айлап жұмысқа алмай жүріп алатын. ЖОО бітірген соң 2 жылға жуық жұмыссыз жүрдім, стажировканың соңы көрінбейтін еді. Ата-анам Алматыда тұрады, жол пұлы, ішіп-жегеніме солардан ақша алатын едім. Басшылыққа уәжіңді айтып, жұмыс сұрай барсаң, университетте сендерге ештеңе үйретпеген, толыққанды маман болу үшін әлі де тәжірибе жинақтап жүре тұру керек деген сыңайда жауап айтатын еді. Сөйтіп, әке-шешеме масыл болудан ұялып, кезіккен жұмысқа келісе кеттім. Әне-міне дегенде қызмет көрсету саласында жүргеніме 4 жылдан асты: сатушы, кассир, әкімші болдым. Қазір кадр бөлімінде тәжірибе жинақтап жүрмін. HR-менеджердің міндеттерін үйрететін 2 айлық қысқамерзімді курс оқып алдым. Жарты жылдан кейін біліктілікті арттыратын бір айлық тағы бір курс оқимын, сонымен дайын маманмын. Жеке компанияда қызмет етемін, жалақым 480 мың теңге», – дейді Назым.
Жастардың еңбек нарығындағы үрдістер, сұранысқа ие мамандықтар туралы жеткілікті ақпараты болмағандықтан, көзқарасы көбіне бейресми мәліметтер мен туыс-достарының негізсіз пікіріне сүйенуден басқа амалы жоқ. Еңбек ресустарын дамыту орталығының зерттеуіне сүйенсек, мамандық таңдауда әрбір төртінші жасөспірімге ата-анасы ықпал етеді екен (23,7%), тағы 6,4%-ы оқу грантының болуына, 4%-ы достарының ұсынысына сүйенеді. Яғни, жұмыс істейтін және оқитын жастардың үштен бірінен астамы мамандығын өзі таңдамайды.
Тағы бір тұздық. GorodRabot.kz бос жұмыс орнын іздеу жүйесі жүргізген сауалнамаға сәйкес, еліміздегі ата-аналардың көпшілігі балаларының жеке бизнес ашқанын, қаржылай тәуелсіз болғанын немесе IT, медицина, мемлекеттік қызмет, білім беру және қаржы саласында жұмыс істегенін қалайды. Өйткені бұл салаларда жалақы жоғары деп ойлайды. Осыған байланысты білім беру жүйесінде гуманитарлық бағытты таңдауда басымдық бар. Техникалық мамандықтар бойынша гранттар саны жыл сайын артып келе жатқанына қарамастан, жастар əәлі де басқа салаларды таңдайды және тіпті ақылы оқуға дайын. 2020 жылы ЖОО түлектерінің 72%-ы және колледж түлектерінің 50%-ы гуманитарлық және əәлеуметтік ғылымдар, медицина, білім беру, өнер, экономика және қызмет саласындағы мамандықтар бойынша оқу бітірді. Нәтижесінде, түлектер өз қалауынсыз мамандық таңдап, ол салада жұмыс істей алмайды. Әрі өз əәлеуетін толық іске асыра алмай, білім ордасында үйренген дағдысы мен білімі уақыт өте ескіреді және еңбек нарығында бəсекеге қабілетсіз болып қалады.
Шымкент тұрғыны Дәурен Қажыкеннің де дипломы бар, алайда өз мамандығымен жұмыс істемейді.
«2016 жылы Алматыдағы Satbayev университетіне оқуға түстім. Онда инженерлік желілер мен жүйелер мамандығын меңгеруім керек еді, 3-курстан кейін оқудан шығып кеттім. Өйткені бұл саланы таңдағым келмеген еді, әкем табандап тұрып алды. Кейін Шымкентке қайтсаң да, жұмыс табуың оңай болады деген уәж айтты. Оның үстіне мемлекеттік грант иегері едім. Хош деп тәуекел еттім. Десе де, бұл мамандыққа мүлдем қызығушылығым оянған жоқ. Үш жылымды бос өткізіп, ақыры оқуды тастадым. Қазір графикалық дизайнмен айналысамын. Бұл саланы тез меңгеріп алдым, Алматыда дизайнды үйрететін курс көп, 220 мың теңгеге соның бірін – 6 айлық курс оқып алдым. Қазір Шымкентте тұрамын, фриланста жұмыс істеймін. Еліміздің бірнеше қаласынан тапсырыс аламын, орта есеппен айлық табысым 500-600 мың теңге. Болашақта осы салада дамығым келеді. Алайда ол үшін университетке түсу қажет емес, тіл үйреніп алсаң тіпті шетелдік қысқамерзімді курстарды оқи аласың. Қазір ЖОО қабырғасында ғылыммен айналысамын демесең, бір мамандықты меңгеру үшін төрт жыл жүріп, зая уақыт кетірмеуге болады. Оның үстіне қазіргі уақытта автоматтандыру мен цифрландырудың нәтижесінде көптеген мамандық жойылып барады. Болашақта төрт жыл академиялық білім алып, ол бойынша жұмысшы бола алмай қалуың да ықтимал», – дейді Дулат.
Мұндай мысалдар көп. Бүгінде мұғалім, дәрігер, инженер, тіпті әкімдік, құқық қорғау саласындағы жұмысын мобилография, графикалық дизайнер, СММ-маман, яки сұлулық салонында мастер болуға алмастырған талай жас бар. Себеп ортақ – оқу бітірген соң жұмыс таба алмау, өз қалауымен мамандық таңдамаған, жалақы аз және тағы басқа.
«Еңбек нарығының басты өлшемшарттарының бірі – халықты өнімді еңбекпен қамтамасыз ету. Ол дегеніміз əәрбір адамның əәлеуетін барынша тиімді пайдалану үшін оларға жағдай жасау. Қызметкеріне жағдай жасайтын жұмыс берушілер бар, ол үшін жұмысшының білімі, қарым-қабілеті, мамандығы еңбек нарығының сұранысын қанағанттандыруы керек. Өкінішке қарай, академиялық білім беретін мекемелер нарықты заматында зерттеп, уақытында қажетті мамандар даярлай алып отырған жоқ. Оның үстіне, егер сіздің алған біліміңіз жұмыс орнында талап етілсе, өз қабілетіңізді 100% жүзеге асыра аласыз. сәйкесінше лайықты жалақы да талап етесіз. Ал егер жұмыс барысын 100% меңгермеген болсаңыз, онда кез келген жалақыға келісуге тура келеді. Сондықтан кез келген еңбекке қабілетті жас өзі толық білетін мамандықты қысқамерзімді курстан болса да оқып алуды құп көреді әрі бұл қалыпты құбылыс», – дейді әлеуметтанушы Ақнұр Таласбаева.
Қысқамерзімді курстар көп жастың нәпақа табуына көмектесіп жатқан да шығар, бірақ академиялық білімге қызығушылықтың төмендегені қауіпті емес пе? Жоғары білім беру мен жұмыс берудің арасындағы алшақтықты азайтудың жолы қайсы? Орта және жоғары оқу орнын бітірген жастардың барлығы бірдей қысқамерзімді курс оқып, лайықты жұмыс тауып жатыр ма? Өкінішке қарай, әзірге бұл сауалдардың басы ашық қалды, өйткені, татымды жауап беретін статистика да, зерттеу де жоқ.
Айдана НҰРМҰХАН