Осынау мерейлі күн қарсаңында өңірдің өткенінен сыр шертетін тарихи орындар қаншалықты сақталып қалды? Өскелең ұрпақты баға жетпес құндылықтарымызбен сусындатып жүрміз бе? Зерттеп, зерделеп көрдік.
Негізі еліміздің алғашқы астанасы болған бұрынғы Ақмешіт, қазіргі Қызылорданың тарихы тереңнен тамыр тартады. Кеңес кезеңінде кешегі ұлт зиялыларының біразы Сыр өңірінде сауатын ашты. Алаш ардақтылары мен ұлт жанашырлары осы өңірде ел келешегі үшін аянбай қызмет етті. «Халық жауы» аталып, жазықсыз атылып кеткен талай боздақтардың да денесі сыр топырағына жерленген.
Бүгінде өңірде сол бір сұрапыл заманнан қалған тарихи орындар аз емес. Сол кездері Николай патша атауымен аталған кірпіштен салынып, әлі күнге дейін міз қақпай сақталып тұрған ескі ғимараттар – соның айқын дәлелі.
Жалпы тарихи деректерге сүйенсек, Қызылорда облысының құрылуы 1938 жылдың 15 қаңтар айынан бастау алады. Өңір 1929-1938 жылға дейін гвардиялық округ болады. Бүгінде көне мекеннің көркіне көз жүгіртсек, көп нәрсенің өзгергені аңғарылады. Бұған дейін көптеген тарихи нысандар мен орындар жойылып кеткен. Қазірдің өзінде де құрдымға кетудің аз-ақ алдында тұрған ғимараттар бар. Қала тарихынан ой тербеген тарихшылар осылай деп мұңын шағады.
«Ертеректе қаламызда өткен тарихымыздан сыр тартатын ескі ғимараттар мен еңселі ескерткіштер аз емес еді. Бүгінде соның көпшілігі бұзылып кетті. Атап айтсақ, кезінде қазіргі теміржол вокзалының аумағы кеңес дәуірінен бұрын салынған ескі тарихи нысандарға толы болды. Бірақ белгісіз себептерге байланысты олардың барлығы бұзылып, заманауи ғимараттарға ауыстырылды. Сонымен қатар орталық алаң маңындағы мұнара, кезінде жүйке аурулар ауруханасы болған тарихи ғимараттар жермен жексен болды. Нәтижесінде, сол замандағы Николай кірпіштен салынған ескі ғимараттардан санаулы орындар ғана сақталып тұр. Нақты айтқанда, бүгінде қалада 20-ға жуық тарихи ғимараттар қалды. Оның өзі құрдымға кету қаупінде. Тарих парақтарына көз жүгірсек, Алаштың алғашқы астанасы болған Сыр топырағында ұлт зиялылары еңбек еткен. Бүгінде ұлы тұлғалардың жүрген жері мен тұрған үйлері үлкен тарихи маңызға ие. Алайда осындай құндылықтарымызды қорғай алмай отырғанымыз өкінішті», – дейді тарихшы Бақытжан Ахметбек.
Дерекке сәйкес, көне Қызылорда Перовск форт болып қалыптасқан заманда бұл аумақта 35-тен астам ғимарат салыныпты. Сол уақытта ескі қалада екі кірпіш зауыты, екі жел диірмені, үш монша мен төрт шайхана жұмыс істеген. Қалада бой түзеген әрбір ғимарат ХІХ ғасырдағы Орынбор сәулет үлгісімен салынған. Оның әрбір құрылыс заттары да сол өңірден арнайы жеткізіліпті.
Адамзат өркениетінің көне ошақтарының біріне айналған Сыр өңіріндегі сол заманнан қалған тарихи орындар әлі күнге дейін өз құндылығын жоғалтқан емес. Бір-біріне жақын орналасқан ескі ғимараттардың сәулеттік келбеті ерекше көз тартады.
Соның бірі – қаладағы ескі нысан саналатын Айтбай мешіті 1878 жылы бой түзесе керек. Сол заманда Алла үйін Айтбай қажының қаржысына Әулиеата шеберлері салған деген ақпар бар. Бір жарым ғасыр уақыт бойына міз қақпай тұрған имандылық үйін салуға сол заманда 40 мың рубль жиналған көрінеді. Ғимарат күйдірілген қыш кірпішпен өрнектеліп, төбесі қаңылтырмен жабылған. Биіктігі 14 метрді құрайды. Мешітте бір мезгілде 500 адам құлшылық етуіне мүмкіндік бар. Мешіт Кеңес Үкіметінің тұсында тігін цехы, кинотеатр, мектеп-интернат ретінде де пайдаланылыпты.
Ал қала орталығындағы шіркеу ғимараты 1863 жылы салынған. Ең алғаш бұл нысан сабан мен кірпіштен өрілген. Кейіннен 1890 жылы Есаков деген сәулетшінің жобасымен кеңейтіп салу жұмыстары басталып, 5 жылда күйдірілген сары кірпіштен қайта тұрғызылады. Оған 35 мың рубль жұмсалыпты.
Биіктігі 18 метр болатын шіркеуде алғашында 9 қоңырау болған. Оның ең үлкенінің салмағы 136 пұт, яғни 2 тоннадан асқан көрінеді. Кейіннен қоңырауларды большевиктер балқыту үшін алып кеткен деген дерек бар. Содан бүгінде 1 қоңырау ғана сақталып тұр. Тарихшылар бұл шіркеудің 1930 жылы депортацияланғандарға арналған жатақхана, музей болғанын да алға тартады.
Қаладағы көрікті орынның тағы бірі – қазіргі көркемсурет галереясы орналасқан облыстық әскери комиссариат ғимаратының да тарихы тереңде жатыр. Бұл нысан ХІХ ғасырдың аяғында, яғни 1896 жылы Орынбор әскери-губернаторлығының тапсырысымен әскери казарма ретінде бой түзепті. Себебі сол уақытта дария жағасының әскерилер үшін стратегиялық маңызы зор болғаны байқалады.
Ғимарат сол кездегі сәулет өнерінің әсем үлгісі негізінде салынған. Оның ұзындығы – 32, ені 12,8 метрді құрайды. Бертін келе нысанның аумағы қоршалып, ішкі, сыртқы қабырғалары қалпына келтірілді. Төбе жабындысы ауыстырылды.
Сол сияқты бір кездері Қызылорда қаласында төрт класты қазақ жастарын аудармашылыққа даярлайтын түземдік мектеп болғанын жергілікті жұртшылық жақсы біледі. 1990 жылы жаппай жекешелендіру салдарынан сауда үйіне айналған ғимарат қаланың құрылу кезеңіндегі ең алғашқы сәулет өнерінің үлгісі болып табылады.
Дерекке сәйкес, бұл ғимараттың іргесі 1878 жылы инженер, генерал Брюноның жобасы негізінде қаланыпты. Жергілікті маңызы бар тарихи ғимарат бір қабаттан тұрады. Нысан күйдірілген қыш кірпіштен салынған. Ең алғаш «Қыздар приход училищесі болып ашылып, кейіннен «Перовск орыс-қазақ училищесі» болып жұмыс істепті. Ал Қызылорда астана болған 1925-1929 жылдары республикадағы ең алғаш баспахана жұмысы осы ғимаратта бастау алыпты. Тағы бір дерекке сәйкес, аталмыш училищеде Мұстафа Шоқай мен Сералы Лапиннің оқығаны айтылады. Бүгінде ғимарат алдына арнайы түркі әлемінің көсемі оқығаны жайында тақта да орнатылған.
«Негізінен бізге жеткен тарихи нысандар қаланың оңтүстік бөлігінде тұрғызылған. Жалпы, Ақмешіт бекінісін орыстар басып алғаннан кейін осындай ғимараттар бой көтерген. Өңірде ілгеріде салынған ғимараттардың көпшілігі жойылып кетті. Бұл жайында 1866-1872 жылдары Түркістан экспедициясын басқарған Кауфманның жазбаларынан көруге болады. Тарихқа терең бойласақ, 1853 жылы 1-ші Николай патшаның бұйрығымен Қызылорда қаласы, яғни бұрынғы Ақмешіт бекінісі Перовск форты болып өзгергені айтылады. Сол уақытта казармалар, әскерилер мен коменданттың үйлері бой түзегені экспедиция материалдарында жазылған. Алайда мұндай орындардың көпшілігі осы күнге дейін сақталмаған. Тек санаулы ғимараттар ғана бізге жетіп отыр. Мұның басым көбі ХІХ ғасырдың аяғында бой түзеген», – дейді облыстық музейдің ғалым-хатшысы Асхат Сайлау.
Негізінен бұған дейін бұзылып кеткен ғимараттардың қатарында тарихи маңызы зор нысандар аз емес. Өткенімізден сыр тартатын сондай ғимараттарды сақтап қалуды ешбір жанның қаперге алмағаны қынжылтады.
Тарихшылар Алаш ардақтыларының табаны тиген қасиетті орындар ешқашан да құндылығын жоғалтпауға тиіс деп есептейді. Сондықтан әлі де сақталып тұрған тарихи орындарды көздің қарашығындай қастерлеп ұстауға тиіспіз дегенді алға тартады.
«Бір өкініштісі, өткен жылдың 90-шы жылдары Қазақ АКСР-ның Үкімет үйі болған ғимарат бұзылып кетті. Сөйтіп, оның орнына Қорқыттың – 1300 жылдығына орай арнайы ескерткіш тұрғызғанын тұрғылықты халық жақсы біледі. Негізінен аталмыш нысан Қызылорда қаласы ғана емес, ел тарихы үшін өте құнды ғимарат болып есептелетін еді. Сондай-ақ, 1925-1929 жылдары шамасында Алаш қайраткерлері Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсыновтар тұрған үйлерді де зерттеп көрдік. Алайда ұлт зиялылары тұрған аумақтан ешқандай тарихи дерек табылмады. Себебі сол кездегі үйлер мен ғимараттар түгелдей бұзылып кеткен. Негізі алаштанушылардың мәліметіне сәйкес, 1925 жылы Қызылорда Астана болған кезеңде қаланың бас жоспарын ең алғаш алаш қайраткерлері Асфандияр Кенжин мен Мұханбетжан Тынышбаев жасаған екен. Нақты айтқанда Қызылорда қаласының алғашқы бас жоспарын қос бірдей ұлт жанашырлары әзірлеген. Қазіргі уақыттағы қала ортасынан өтетін Сарқырама каналының негізгі сызбасы осы қос тұлғаның жемісті жұмысының нәтижесі деп айтуға болады. Сондықтан Сыр өңіріндегі әрбір сәулет өнерінің тарихы тереңге бойлайды», – деп ойын толықтырды музейдің ғалым-хатшысы.
Ғалымның айтуынша, Қызылорда қазақтың өзі салған алғашқы астанасы болып табылады. Бүгінде ілгеріде салынған ғимараттардың осы кезге дейін сақталғандары тарихи және мәдени ескерткіштер болып саналады. Яғни, тарихи нысандар мемлекеттің қорғауына алынған. Сондықтан бұл нысандарды бұзбай, еш өзгертпестен сақтап қалу қажет деп есептейді. Сондай-ақ, алдағы уақытта Алаш қайраткерлері түрған үйлердің орнына арнайы белгі қоюды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Жалпы сұлу Сырдың жағасына қоныстанған Қызылорда шаһарының тау-тасы тұнған тарих. Алайда қолда барды қадірлей алмай, көптеген тарихи, құнды ескерткіштерді құрдымға жіберіп алғанымыз көңілге кірбің ұялатады.
Биылғы қос тойы қабат келген Сыр өңірінде әлі де қамқорлықты қажет ететін құнды, тарихи орындар аз емес. Ендігі жерде сондай нысандарды көздің қарашығындай сақтап, өткен тарихымызды өскелең ұрпақтың жадында жаңғырта білсек нұр үстіне нұр болар еді.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы