Одан бөлек, жоғары оқу орындары мен ұйымдардан тағайындалатын ішкі гранттар тағы бар. Әр оқу жылында алып шаһарға ағылып келетін студенттердің «жыры» – жатақхана жетіспеушілігі. Білім саласында жиі көтерілетін бұл мәселенің түйіні әлі тарқаған жоқ. Жатақхана сұранысының артуына студенттер санының ұлғаюы да әсер етіп отыр.
Ал Алматы қаласында алғаш рет іске қосылған дағдарыс орталығы аталған мәселені оңтайлы шешуге көмектеседі. Ғылым және жоғары білім министрлігі өкілдерінің сөзінше, биыл студенттерге арналған дағдарыс орталығы үш мегаполисте ашылды. Астана мен Алматы қаласында орналасқан орталықтың сыйымдылығы 30 адамға лайықталса, Шымкентте 20 орынға арналған мекеме жұмыс істейді. Алматыдағы орталық Логистика және көлік академиясының ғимаратында орын тепкен. Министрлік өкілдері орталықты неліктен қаладағы бұл оқу орнының ғимаратында ашқан себебін де түсіндірді. Олардың айтуынша, университетте студенттерге орын жеткілікті көрінеді. Білім алушылар үшін орын дефицит емес, керісінше профицит. Дағдарыс орталығында студент жатақханаға орналасқанша, 1-2 күн түнеп шыға алады. Тіпті, түнде ұшақтан, пойыздан енді ғана түскен, бірақ барар жері, басар тауы жоқ студенттерге де орын қарастырылады. Қысқасы, орталық студенттердің «далада» қалмауы үшін барын салады.
Студенттер жатақханаға орналасу үшін онлайн форматта өтініш жібере алады. Бір күн ішінде студентке жауап беріледі. Егер жатақхана жетпесе, жауапты мамандар оларды хостелдерге орналастырады. Биыл студенттердің қамы үшін әзірленген шаралар мұнымен шектелмек емес. «Оған қоса, әрбір жоғары оқу орнының жанынан ахуал орталығы да құрылды. Мұның барлығы үлкен қалаларға білім іздеп келген студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету үшін жасалып жатыр», – дейді Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері. Ахуал орталығының байланыс нөмірлері оқу орындарының әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында көрсетілген. Студент өзі білім алатын университеттің алгоритміне сәйкес ахуал орталығынан ақпарат алуға мүмкіндігі бар.
Дағдарыс орталығын паналайтын студенттерге жатақхана тәртібі бойынша қойылар талаптарда өзгешелік жоқ. Өзге жатақханалар секілді мұнда да есік 23.00-де жабылады. Осы уақыттан кейін жатақхана, хостел қызметкерлері студенттердің бөлмеде бар-жоғын тексеріп, тәртіпті қадағалайды. Ал жұмыс істейтін студенттер үшін жұмыс орнынан анықтама талап етіледі.
Алматылық белсенді студент Айсұлу Сьезхан жатақхана мәселесі таяу арада толық шешімін таппаса да, жағдай оңтайланып жатқанына қуанады. Алайда бұл тақырыпқа келгенде «әттеген-ай» дейтін оқиғалардың кездесетінін де жасырмайды.
– Былтыр «Қазақ әдебиеті» газетінен Асылан Қуанышұлының материалын оқып қалдым. Студенттер жатақханаға орналасқан. Өкінішке қарай, бірнеше күннен кейін басшылық шетелден келген студенттерді қамтамасыз етеміз деп қазақстандық студенттерді жатақханадан қуып шығарған. Соның әсерінен студенттер күнелтетін орын таппаған. Соңында оқуын жалғастыра алмай, ауылына қайтуға мәжбүр болған. Бұл студенттің білім сапасына әсер етеді. Ең біріншіден, тұрғылықты жатын орны, шәкіртақысы, тамақтануы қамтылуы керек. Материалдық жағдай студенттің рухани өсуіне, жеке тұлға ретінде дамуына ықпал етеді. Сондықтан осындай дағдарыс орталығының ашылғанына қуаныштымын, –дейді ол. Айсұлу сабаққа күнделікті барып-келуі ыңғайлы болу үшін Алматыдан хостелдер іздестіре бастаған. Бағаларын көргеннен кейін шешімін өзгерткен Айсұлу мұндай баға студент қалтасы үшін ауырлық түсірмей ме деп алаңдайды:
– Хостелдер кемі 30-40 мыңнан бастап әрі қарай өсе береді. Орташа бағада 40 мың теңгеге таба аласыз деп ойлаймын. Өйткені өзім де күзден бастап жатақхана немесе хостелге шығамын ба деп бағаларын салыстырып көрген едім. Оның үстіне, кейбір хостелдер оқу орнынан тым алшақ орналасқан, – дейді Айсұлу Сьезхан. Ал Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Алматы қаласында күні кеше өткен жатақхананың ашылуында жатақхана тапшылығының жоғары екенін, осы мәселе аясында екі бағыт бойынша жұмыс атқарылып жатқанын айтқан еді. Біріншіден, жекеменшік хостелдер және қонақүйлермен келісімшартқа қол қойған. Жасалған келісімшарт арқылы 10 мыңнан астам төсек-орын табылып отыр. Екіншіден, қалада жер тапшылығы бар. Сондықтан екінші бағыт қайта жөндеу жұмыстарына арналады. Бизнесі құлдыраған академиялық немесе жекеменшік ғимарат-тарда қайта жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Алматы қаласы бойынша жаңа оқу жылына дейін 1 600-ге жуық орынды қамтитын 5 жатақхана студенттер қолданысына беріледі. Оның ішінде жаңадан салынғаны немесе жөндеуден өткендері бар. Сонымен қатар мемлекет жыл соңына дейін 4 мыңға жуық студентті тұрақты баспанамен қуантпақ. Яғни, бірінші семестр аяқталғанша тағы 14 нысанның құрылысы аяқталып, студенттер игілігіне табысталады.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы
© коллаж: Елдар ҚАБА