Ондайда май шам іздеп, ұялы телефонымызды көбірек қуаттап алмағанымызға өкініп, енді тамақты қалай жылытатынымызды ойлап әбігерге түсіп жатамыз. Ал қарапайым ғана күнделікті тұтынатын кез келген өнімнің дүкендерде таусылатыны туралы хабар естісек ше? Онда дереу дүкенге сабыла бастаймыз. Міне, осындай қарапайым жағдайлардан бастап үлкен қауіпті тосын құбылыстарға дейін ерте бастан дайындалушылар туралы, тіпті ақырзаман орнай қалса, қалайда аман қалудың жолын ерте қарастырған адамдар туралы естігеніңіз бар ма? Мұндай адамдар тобын ғылыми тілде – сурвивалистер деп атайды.
Голливудтық фильмдерді тамашалап отырсаңыз, онда тосыннан болған апаттарда алдын ала дайындалған бункерлерге дереу түсіп, жараланғандарға сондағы дәрі-дәрмек қобдишаларынан алғашқы көмек көрсетіп жатқанын көресіз. Сол өздері дайындаған бункерлерде құтқару қызметтеріне рация арқылы байланысқа шығып, көмектерін сонда күтіп отырады. Бұл тек фильм ғой дерсіз... Ендеше қателестіңіз.
Соңғы уақыттары әлемде көптеген ірі өзгеріс болып жатыр. Пандемия, экономикалық дағдарыс, табиғи апаттар, Үшінші дүниежүзілік соғыс қаупі, техногендік апат, ядролық апат қаупі, халық ішіндегі толқулар... Міне, осының барлығы адамзатты еріксіз үрей құшағына тартады. Тіпті, «ақырзаман таяу» деп ойлайтын адамзаттың бір тобы бар. Осындай тосын қауіптерге ерте бастан дайындалып, аман қалудың жолын іздейтіндер өткен ғасырдың өзінде-ақ пайда болған екен.
Сурвивализм ұғымы қалай пайда болды?
Сурвивализм мәдениеті АҚШ-та 1950 жылдары Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін және Корея мен Вьетнамдағы қақтығыс кезінде пайда болған деп есептеледі. Жағдайдың ушығуынан үрейленген адамдар дабыл қағып, тосын жағдайларға тиісінше дайын болуды мақсат тұтты.
1973 жылы Америка мұнай дағдарысын бастан өткерді, ал бір жылдан кейін америкалық Ховард Рафф «Америкадағы аштық және аман қалу» кітабын басып шығарды. Ал 1977 жылы тағы бір америкалық жазушы Курт Саксон «Тірі қалған» бюллетенін шығарды, онда ол алғаш рет «сурвивалист» терминін қолданады. Өзі жазған материалда Курт Саксон америкалықтарды ірі қалаларды тастап, жақындарын қауіпсіз жерге апаруға шақырды.
1980 жылдардан бастап сурвивализмдік идея үлкен индустрияға айналды. Жаңа ұғым бойынша тақырыптық мерзімді басылымдар, көрмелер, қауымдастықтар және осы қозғалысқа арналған арнайы өнімдер пайда бола бастады. Сондай-ақ осындай өмір сүру культін қолдайтын топтар да құрылды.
Мәдениеттанушылардың пікірінше, осы уақытта сурвивалистер феномені заманауи медиа мәдениеттің өніміне айналды. Сондай-ақ бұл құбылыс телевизиялық реалити-шоулармен толыға бастады. «Қалай болса да, аман қал», «Одан да жаман болуы мүмкін емес» деген сияқты шоулар көрермендерге жол тартты. Кино мен әдебиетте де бұл ұғым кеңінен қолданылып, түрлі анти-утопиялық шығарма пайда болды. Кейіннен интернет сайттарында, әлеуметтік желілердегі қауымдастықтар мен жеке блогтарда бұл ұғым кең насихаттала бастады.
Бүгінде мұндай топтың өкілдері барлық мемлекетте кездеседі. Ал Америка Құрама Штаттарында ондай топтар тіптен көп десек болады. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, Американың ересек тұрғындарының 72%-ы (шамамен 185 миллион адам) ақырзаманға қандай да бір түрде дайындалғаны айтылады.
Сурвивалистік топтар дегеніміз кімдер?
Сурвивалистер – қиын жағдайларда аман қалуға дайындалатын субмәдениеттің өкілдері. Бұл субмәдениеттің жақтаушылары табиғи апат, экономикалық дағдарыс, эпидемия, ядролық соғыс немесе зомби апокалипсисі сияқты ықтимал сценарийлерге дайындалуға тырысады. Тірі қалғандар балық аулауды, аң атуды және от жағуды, баспана салуды, тіс дәрігерінің көмегінсіз тістерді қалай түзетуді, тіпті шөп сорпасын жасауды біледі. Сондай-ақ мұндай адамдарда арнайы чемодан бар. Ол – ақырзаман кенеттен келген жағдайда алдымен пайдалы болатын заттардың арнайы жиынтығы. Ол чемодан арқылы сіз кез келген апаттық жағдайда бірнеше күнге өміріңізді ұзартуға мүмкіндік аласыз.
Сурвивалистік мәдениет өкілдері «әлеуметтік дағдарыс болмай қоймайды және мемлекет одан қорғай алмайды» деген сенімге бекіген жандар. Сондықтан адамдар өз бетінше өмір сүруге немесе топтарға бірігуге мәжбүр болады.
Қалың, иесіз ормандарда аман қалуға тырысатын, сондықтан тиісті дағдыларды меңгеруге үйрететін арнайы топтар бар. Олар әр кезеңде ормандарға бірігіп шығып, бүгінгі өркениеттік ешбір техникасыз иесіз орманда қалай өмір сүруді, қалай тамақ дайындауды, қалай аң аулауды үйретеді. Тіпті, қар мен жаңбырдан қорғанатын баспаналарды қалай салудың жолын да бірге қарастырады. Тренингтерде аумақты бағдарлау, алғашқы медициналық көмек көрсету, өрт сөндіру сынды сабақтар өткізіледі. Мұндай топтар, көрші Ресей мемлекетінде де көптеп саналады.
Сурвивализмдегі ең кең таралған тәжірибелердің бірі – азық-түлік пен ең қажетті тауарларды, оның ішінде дәрі-дәрмектерді, консервілерді, өртке қарсы ыдыстарды, арқандарды және өзге де құрал-жабдықтарды жинақтау.
Ақырзаманға үнемі дайындалу идеясын адамдар әртүрлі сипатта бағалайды. Кейбірі мұны үнемі үрейде өмір сүру деп біліп, ақымақтық санайды. Ал кейбірі мұны жай ғана хобби ретінде санап, тосын жағдайларға дайын болудың ешқандай әбестігі жоғын айтады. Олардың ойынша, бұл хобби жаяу серуендеу, табиғатта өмір сүру арқылы төзімділікті, шығармашылықты дамытады.
Мәселен, 2020 жылы басталған бүкіләлемдік пандемия кезінде осы сурвивалистер ұтты десек болады. Олар мұндай апаттарға алдын ала дайын болды. Қорларында қажетті дәрі-дәрмектер мен вирустан қорғанатын маскалар да табылды. Дәл сол мезетте дүкендерде азық-түлік қымбаттап, дәрілер тапшы бола бастаған кезең болатын. Мұндай жағдайлар сурвивалистер қатарын одан әрі көбейте түсті.
Ессіз қорқақтық па әлде сақтық па?
2010 жылы Тараз қаласында оқып жүрген студент кезімізде бір оқиғаға куә болдық. Қырғыз еліндегі «Киров» су қоймасы жарылып, «Тараз қаласы су астында қалады» деген үрейлі ақпарат тарап, көне шаһардың тұрғындарын біраз әбігерге салған еді. Дүрліккен жұрт түн жарымда үйлерінен безіп, тау-тасты жағалап кеткен-ді. Елімізде осындай жағдайлар дүркін-дүркін бас көтеріп қалады. Мәселен, 2019 жылы Шымкент қаласынан 97 шақырым жердегі Арыс қаласында орналасқан әскери бөлімінің қоймасында өрт шығып, оның соңы жарылысқа ұласқан еді. Жарылыс тұтас елімізді аяғынан тік тұрғызып, қырық мыңнан аса қала тұрғыны баспаналарын тастап, басқа өңірлерді бас сауғалауға тура келді. Ал 2021 жылы 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлімде қоймалардың бірінің жанында өрт шығып, онда да жақын маңдағы елді мекен тұрғындары үдере көшіп, бас сауғалады. Тіпті, кейбір өңірлерде таудағы қардың еруінен немесе үздіксіз жауыннан су тасқындары болып жатады. Кейбір өңірлерде өрт шығады. Елімізде төтенше жағдай жарияланған алғашқы кезеңдерде «дүкендерде азық-түлік қоры таусылады» деген ақпараттың өрбіп кететіні бар. Сондай кезде азық-түліксіз қалуға қорыққан, сабылған ел бір күнде сауда нысандарының сөресін «тазалап» тастайтыны туралы ақпараттар жиі тарайды. Мәселен, 2012 жылы әлемде ақырзаман орнайды деген түсінік пайда болып, біршама ел үрейге бой алдырғаны жасырын емес. Майя күнтізбесі бойынша ақырзаман желтоқсан айының 21-ші жұлдызында деп көрсетіледі. Ал елімізде қараша айының соңында жергілікті ақпарат құралдары елде ұн, тұз, сіріңке сияқты тауарларға сұраныс күрт өскенін хабарлап, кейбір Қазақстан тұрғындарының «ақырзаманға дайындала» бастағанын жазған болатын. Осындай деректерге сүйенсек, біз тек жағдай тым күрделенгенде ғана әрекет ететінімізді көрсетсе керек.
ТҮЙІН:
Ақырзаман тақырыбының қозғалуына бірнеше болжам түрткі болған еді. Солардың ішіндегі ең негізгісі – жоғарыда айтқан Майя күнтізбесі. Майя күнтізбесі Мексиканың Табаско штатындағы Тортугеро қаласынан 1958 жылы табылған. Майялардың күнтізбесіне сәйкес, біздің жыл санауымызға дейінгі 3114 жылы (неліктен дәл осы сәттен басталуының нақты себебі белгісіз) басталған жаңа дәуір 5126 жылы, яғни қазіргі күнтізбемен айтқанда, 2012 жылы желтоқсанның 21-і күні аяқталады. Америкалық зерттеуші Раймонд Хандли өзінің «2012 жылы ақырзаман бола ма?» атты еңбегінде «майялардың күнтізбесі бойынша ақырзаман 2012 жылы 21 желтоқсанда болады» деген тұжырымды ең алғаш америкалық антрополог Роберт Шарер жасағанын жазады. Шарердің тұжырымын бірнеше автор қайталағаннан кейін бұл болжам көпке тарала бастаған. Ал бұл болжамды одан әрі танымал етіп, кітап жазған америкалық антрополог Майкл Коу «Майя мәдениеті мен қолжазбасын жақсы зерттегені үшін» Гватемаланың жоғарғы құрметіне ие болған. Оның үстіне, Майя күнтізбесін арқау етіп, Голливуд түсірген «2012» фильмі отқа май құйғандай әсер етті. Мұндай ақырзаман болады деген болжамдар тек 2012 жылмен шектелмеген. 2014, 2018, 2019 тіпті 2036 жылдан ары деп көрсетілген бірнеше дерек те кездеседі. Бұдан адамзат баласы қанша зерттеп бүкіл өмірін сол жолда сарп етсе де, ақырзаманның қай күні екенін дәл айта алмайтынына көз жеткіземіз. Дегенмен ақырзаман орнамаса да, табиғи және өзге де апаттарға алдын ала дайын болғанның еш әбестігі жоқ секілді. Сіз қалай ойлайсыз?
Наурызбек САРША