Ол 1975 жылы В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын «тау-кен инженері» мамандығы бойынша бітірген. Содан бергі саналы ғұмырын мұнай-газ саласына арнап келе жатқан Анатолы Орынғалиұлының өнегелі өмірі келешек мұнайшы жастар үшін үлгі боларлықтай. Кешегі «Маңғышлақмұнай» өндірістік бірлестігіне қарасты «Маңғышлақ газ өндіру басқармасында» МГӨБ газ өндіру және тасымалдау бөлімшесінің шебері болып еңбек жолын бастаған Анатолы Тегісбаев еңбек ете жүріп, әбден төселді. Газ өндіру және комплексті дайындау қондырғысы операторы, ауысым бастығы, газ конденсат өндіру цехының аға инженері, цех бастығы, «орталық инженерлік-технологиялық қызметі» басшысының орынбасары, МГӨБ өндірістік бөлімінің басшысы сынды өндірістің барлық сатыларынан табысты өтіп, жоғары басшылықтың сенімінен шыға білді. Мұнымен қоса, мол тәжірибе жинақтап үлгерді. 1987 жылы МГӨБ бастығының бірінші орынбасары–бас инженері болып бекітілді. Бас-аяғы 12 жылдың ішінде өңірдегі ең ірі мұнай-газ өндірісімен айналысатын алпауыт мекеме басшысының біріне айналу – айтуға ғана оңай шаруа болатын. Осынау биік нәтижеде Анатолы Орынғалиұлының мол теориялық білімін өндірісте тиімді қолдана білгендігімен қатар, жауапкершілік жүгін сескенбей көтере білетін батылдығымен де іштей қабысып жатқан болатын. Бұдан бөлек, Анатолы Тегісбаевтың мыңдаған адам еңбек ететін ұжыммен тез арада тіл табысып, қатардағы жұмысшының мұң-мұқтажын шынайы сезінетін адами қасиеті де көрінеді. Табысты еңбегінің нәтижесінде ол 1990 жылы МГӨБ бастығы болып тағайындалды. Көп уақытты қажет ететін өндірістік жауапты жұмыспен қатар, қоғамдық жұмыстарға да белсенді түрде қатынасты. Комсомол ұйымының хатшысы, кәсіподақ ұйымының төрағасы сынды қоғамдық қызметтерді атқара жүріп, еңбек адамының шынайы болмысына үңілді. Өзінің қызметтік міндетін адал атқару мақсатында ұжым мүшелерінің ауызбіршілігін арттыру үшін қандай жұмыстарды дереу қолға алып, мерекелерді жоғары деңгейде атап өту үшін ұжым мүшелерінің отбасын қатыстырған жөн деген сынды сан-салалы міндеттерді оң шешу үшін алғашында комсомол ұйымының хатшысы, кейіннен кәсіподақ ұйымының төрағасы ретінде уақытпен санаспай, шапқылап жүретін. Ол тірнектеп жиналатын абырой мен беделге тек жоғары лауазымды басшы ретінде ғана емес, қарапайым жұмысшының шынайы жанашыры ретінде қол жеткізді. Анатолы Тегісбаевтың аты аталса, күні бүгінге дейін кешегі қол астында жұмыс жасаған азаматтардың тұра қалып амандасатынының сыры осында жатса керек-ті.
Анатолы Тегісбаевтың тікелей басшылығымен Маңғышлақ газоконденсат кенорындарындағы табиғи газдар мен газ конденсаттарын өндіру, тасымалдау бағыттары бойынша ғылыми-техникалық жаңашылдық әрдайым ескеріліп, жетістіктері өндіріске дер шағында енгізілді. Оның қатынасуымен Жетібай кен орнынан Қазақ газ өңдеу зауытына дейінгі маңызды магистральді газ құбыры уақытында пайдалануға берілді. Нәтижесінде, зауыт шикізатпен толықтай қамтамасыз етілді, сонымен қатар қоршаған ортаны зиян келтіру ісі тыйылып, экономикаға зор пайда келтірілді. Бұрын Жетібай кен орнында мұнаймен бірге өндірілетін ілеспе газ барлық қондырғыларда далада лаулап жанып тұратын.
Отын және энергетика министрлігінің шешімімен 1992–1998 жылдары А.Тегісбаев «Қарашығанақгазпром» АҚ бас инженері, бірінші вице-президент және президенті қызметтерін абыроймен атқарды. Әлемдік масштабтағы ірі кен орны саналатын Қарашығанақтағы өткізген осынау кезең Анатолы Орынғалиұлының өмір жолынан ерекше орын алады. Кеңес Одағы тарап, ел бюджетінде қажетті қаражаттың болмауы сынды қолбайлаулар Қарашығанақ кен орнындағы ырғақты жұмысқа кері әсерін тигізді. Күкірт қышқылының молдығы мен жоғары пласт қысымының әсерінен газ өндіру жұмысы тіптен қиындады. Оның үстіне, аталған кен орында ондаған жыл жұмыс жасаған мамандардың Кеңес Одағының ыдырауына байланысты тарихи Отандарына кетуі де – күрделі мәселелердің біріне айналды. Апаттық жағдайлардың алдын алу үшін көршілес Ресейдің «Оренбурггазпром» мекемесінен бірлесе білікті мамандарды қалдырып, Маңғыстау, Атырау мұнай өңірлерінен тәжрибелі мамандар шақырылып, өзара түсіністікте жұмыс ұйымдастырылды. Өндірісте ондаған жыл тәжірибесі бар Анатолы Орынғалиұлының әріден ойлайтын кәнігі дипломатиялық қасиеті мен ресейлік, отандық білікті мамандарды ортақ іске тиімді жұмылдыруының арқасында кен орнында шикізатты өндіру, дайындау, тасу жұмыстары қалыпты деңгейге көтерілді. 1995–1997 жылдары Қарашығанақ кен орнындағы Өнімді бөлу туралы келісімге қол қойылған соң А.Тегісбаев «Аджип», «Бритиш Газ» сынды шетелдік компаниялармен бірлесе құрған «Қарашығанақты бірлесе басқару» мекемесіне де басшылық жасады. Сан алуан өндірістік, экологиялық және кен орны қоныс тепкен Бөрлі ауданының әлеуметтік мәселелерін оң шешу ісінде Анатолы Орынғалиұлының сіңірген еңбегі ерекше. 1998 жылы Өнімді бөлісу туралы келісімге қол қойылған соң А.Тегісбаевтың тікелей ықпалымен және де «Қазақойл» мұнайгаз компаниясының сол кездегі басшылары Б.Қуандықов, Ұ.Қарабалиндердің қолдауымен, сол кездегі Премьер-Министр Н.Балғымбаевтың бекітуімен кен орнындағы отандық «Ақсайгазсервис» тұңғыш мемлекеттік сервистік компания шаңырақ көтерді. Жаңадан ашылған мекемеде шетелдік инвесторлар келіп, жұмысын бастағанша 1 000-нан астам отандық мамандар жұмыспен қамтамасыз етілді. 1998–2001 жылдары А.Тегісбаев «Ақсайгазсервис», «КазБурГаз» секілді мекемелердің жұмысына басшылық жасап, шетелдік компанияларға сервистік қызмет көрсетуді бастады. Бір атап өтерлігі, «Ақсайгазсервис», «КазБурГаз» сынды бүгіндері төрт аяғынан нық тұрған сервистік компания басшылары өздерінің бастауында А.Тегісбаев сынды ірі тұлғаның тұрғанын біле ме екен?
2001–2004 жылдары Анатолы Орынғалиұлы «АВЕ» корпорациясы АҚ вице-президенті, «КазТрансГаз» ЖАҚ бас директорының Амангелді жобасы бойынша және «ДМД Сервис» ЖШС бас директоры лауазымдарын абыроймен атқарды. 2004 жылы ол «КазТрансГаз» АҚ бас директорының газ жобалары бойынша орынбасары лауазымына бекітілді. Бұл кезең Анатолы Орынғалиұлының есімі еліміздің оңтүстік өңірін газбен тұрақты түрде қамтамасыз етіп отырған Амангелді жобасының тиімді түрде іске қосылуымен тығыз байланысты. Жамбыл облысы тұрғындарын сапалы, арзан газбен қамтамасыз еткен кен орны іске қосылған соң, көршілес Өзбекстаннан оңтүстік өңірді газбен қамтамасыз ету туралы келіссөздерді бастауға тиімді аргументтің пайда болғандығын атап өтуге тиістіміз. Бүгіндері А.Тегісбаевтың тікелей басшылық жасауымен бұрғылау, өндіру жұмыстарына жаңа технология мен техниканы енгізудің әсерінен табиғи газды өндіру мен тасымалдаудың тәуліктік дебиті 1 миллион кубометрге дейін жеткізілді. Газ конденсатын қайта өңдеу мен факельді газды өңдеу, кен орнындағы экологиялық жағдайды жақсарту жұмыстары оң шешілді. Амангелді кен орны тобына кіретін Амангелді, Айрақты, Анабай кен орындарын барлау мен игеру жұмыстарына да сіңірген еңбегі ересен.
2012 жылы Қарашығанақ жобасының 10 пайыздық үлесін игеруші «Қазмұнайгаз Қарашығанақ» компаниясының аяқтан тұруына да Анатолы Орынғалиұлының сіңірген еңбегі қомақты. А.Тегісбаевтың аталған компанияға басшылық жасаған кезеңінде мекеме 48,3 млн тонна мұнай мен 80,27 млрд м3 газ өндірген. Ел қазынасына 13,16 млрд долардан астам қаражат құйылған.
Анатолы Тегісбаев 2018–2021 жылдары «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ омбудсмені лауазымын атқарды. Ондаған жыл өндірістің өзегінде еңбек етіп, қарапайым жұмысшының мұң-мұқтажын жетік білетін Анатолы Орынғалиұлы омбудсмен қызметі кезінде еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік-тұрмыстық шаруалардың оң шешімін табуға тікелей атсалысты. Бірталай даулы шаруалардың алдын алуының нәтижесінде Ұлттық компанияның оң имиджі өсе түсті. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ корпоративтік этика кодексінің қабылдануының басы-қасында тағы да А.Тегісбаевтың тұруы – әбден заңдылық.
«Мұнайгаз кешені ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылтайшыларының бірі әрі бас директоры А.Тегісбаевтың бұл саладағы атқарған қызметі де қомақты. Қазақ мұнайының 120 жылдығы мен қара шаңырақ «Ембімұнайгаз» компаниясының 100 жылдығы сынды мерейтойлық шаралардың жоғары деңгейде өтуіне – А.Тегісбаев басшылық жасап отырған бірлестік көп еңбек сіңірді. Мұнайлы өңірлердің барлығында бірлестіктің филиалдары құрылып, рухани-мәдени шаралар өткізіп, жас мұнайшылардың шынайы адамгершілік болмысын шыңдау жолында қыруар жұмыстар атқарып келеді. Ардагер-мұнайшылардың мерейтойларын өткізу, олар жөнінде танымдық қуаты мол еңбектер шығару сынды қаптаған жұмыстардың бәріне үлгеру оңай шаруа емес.
«Еңбек еткен жеріңде оң нәтиже көрсетіп, жақсы атыңды қалдыру – азаматқа сын. Шешілмейтін мәселелер болмайды, оны шеше алмайтын басшылар болады» деген ұстанымды басшылыққа алған Анатолы Орынғалиұлы бүгінде Энергетика министрлігінің ірі мұнайгаз жобалары бойынша жұмыс тобының мүшесі, «Qazaqgaz» ҰК» АҚ Эксперттік Кеңесінің төрағасы әрі Директорлар Кеңесінің мүшесі ретінде аталған сала жұмысының жандануына бір кісідей үлес қосуда.
Мемлекет тарапынан еңбегі жоғары деңгейдегі марапаттармен атап өтілді. «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» Мемлекеттік және ведомстволық бірнеше медальдардың иегері. Ең бастысы – ол өзі жан-тәнімен қалаған әрі сол саланың ондаған жыл отымен кіріп, күлімен шығып келе жатқан абыройлы азамат. Осындай дәрежелерге жету отбасының, соның ішінде аяулы жары, өзімен бірге Қазақ политехникалық институтын бітіріп, ондаған жыл мұнайшы болып еңбек еткен Аяу Аманқұлқызының қолдауының арқасы екенін де білеміз. Балалары да әке жолын қуып, жоғарғы білім иеленіп, бүгіндері шетелдік мұнайгаз компанияларында үлгілі қызмет етуде.
Кенжебек ТҰМАНБАЙҰЛЫ