Ең алғаш 1995 жылы Құмкөл кенішін игеруге шетелдік инвесторлар тартыла бастады. Соның негізінде аталмыш компания кеніштерінде ілеспе газды пайдалануға қатысты бірқатар шара жүзеге асырылып, 2004 жылы «Қызылорда қаласының жылу-қуат көздерін және тұрғын үй секторын ілеспе газға көшіру» жобасы бастау алды. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде 2014-2015 жылдары Тасбөгет кенті, Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған аудандарының орталықтары газға қосылды. Артынша облыс орталығына жақын орналасқан Белкөл кенті мен Талсуат елді мекенінің халқы да көгілдір отынның игілігін көре бастады.
Сыр өңіріндегі серпінді жоба 2019-2020 жылдар аралығында Аралдағы Жақсықылыш кенті, Шиелідегі Байсын және Қазалыдағы Ғ.Мұратбаев елді мекені мен қалаға қарасты Қарауылтөбе ауылында жалғасын тапты. Ал 2021 жылы облыс орталығымен іргелес қоныстанған Жосалы, Жалағаш және Тереңөзек кенттерінің халқы көгілдір отынмен қамтылды. Сондай-ақ Шиелі ауданындағы Ш.Қодаманов пен Н.Бекежанов ауылдарына да газ құбыры тартылды.
Өткен жылдың өзінде өміршең жобалар өз деңгейінде жүзеге асырылды деп айтуға негіз бар. Былтыр өңірде 10 жоба қаржыландырылды. Оған қала аумағындағы Ж.Маханбетов пен Наурыз, Жаңақорғандағы Бірлік пен Қыраш, Арал өңіріндегі Сексеуіл кенті, Қармақшы ауданындағы Төретам мен Ақай ауылы, Қазалыдағы Басықара, Жалаңтөс Баһадүр және Қ.Пірімов елді мекендері, Шиелідегі М.Шоқай ауылындағы газ тарату стансасын салу жұмыстары қолға алынды. Нәтижесінде, 589 шақырым газ құбыры тартылып, игілігін ел көре бастады».
«Жыл қорытындысымен облыс тұрғындарын газбен қамту көрсеткіші 72 пайызды құраса, ауыл халқының газға қол жеткізу деңгейі 42 пайызға жеткен. Жалпы, өңірдегі 4 қала 100 пайыз газдандырылса, 230 елді мекеннің 22 ауылы көгілдір отынға қол жеткізген. Биыл да мұндай жұмыстар жалғасын тауып жатыр», – деп мәлімдеді Қызылорда облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Олжас Исмалаев.
Бұл тұрғыда Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәлімдеуінше, өткен жылы 14 жобаны жүзеге асыруға 8,7 млрд теңге қаралып, толығымен игеріліпті. Соның нәтижесінде 7 жоба ел игілігіне беріліпті.
«2022 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап Қармақшы ауданы Төретам кенті мен Ақай ауылы, Арал ауданы Сексеуіл кентін газдандыру «АГРС» орнату жобасы жүзеге асырылуда. Ал 2023 жылы 26 газбен жабдықтау жобаларын жүзеге асыруға 8,3 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде республикалық бюджеттен 7,3 млрд теңге, облыстық бюджеттен 1,1 млрд теңге қаралды. Бұл қаржыға 2022 жылы басталған 6 жоба жалғасса, 19 жаңа жобаның құрылысы басталады. Нәтижесінде, 2023 жылдың соңында 12 елді мекеннің, яғни Төретам, Ақай, Махамбетов, Абай, Досан, Қалжан ахун, Бірлік, Қыраш, Жайылма, Құттықожа, Шалқия, Кейден ауылдарының газдандыру жобасы аяқталып, 40 мыңға жуық тұрғын табиғи газдың игілігін көретін болады», – деп түсіндірді бұл жайында Олжас Қаласұлы.
Басқарманың мәліметіне сәйкес, 2024-2026 жылға арналған республикалық бюджетті қалыптастыруда 18 жобаның құрылысын қаржыландыру жоспарланып отыр. Оған қажетті 10,2 млрд теңгеге бюджеттік өтінім де ұсынылған. Басқарма тарапынан осылай деп мәлімдеп отыр. Бұған қоса, 2024 жылға қосымша 2 жобаның құрылысын қаржыландыруға 0,9 млрд теңгеге бюджеттік өтінім тапсырылған.
Нәтижесінде, алдағы уақытта тағы 20 жобаның құрылысы қарқын алады деп күтілуде. Бұл жобаларды қаржыландыруға тиісті министрлікке 11,1 млрд теңгеге бюджеттік өтінім жолданған.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы