Халықтың көптен күткені де экономикалық даму еді. Әлбетте, ішкі-сыртқы саяси тұрақтылық болмаса, әлеуметтік-экономикалық даму мүмкін емес. Ең бастысы, Президент Жолдауларының жергілікті жерлерде қолдау тауып қоймай, шешімін де табуы керек. Президент ең алдымен былтырдан бері жүргізілген саяси реформалар туралы айтып, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы барынша орныққаны, алдағы уақытта «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын нақты іске асыруымыз қажеттігін айтты. Бұл жерде Парламенттің рөлі ерекше екеніне мән берді. Сондай-ақ экономика мен адам құқығын қорғау саласында маңызды қадамдар жасалғанына тоқталды.
Мемлекет басшысы экономикалық жаңғыруға бет бұру қажеттігіне назар аударды. Мемлекет экономикалық еркіндікке көшпекші. Әлі күнге шикізатқа тәуелділіктен арыла алмай келе жатқанымыз бен инновацияның жеткіліксіздігі, еңбек өнімділігінің төмендігі жасырын емес. Соның салдарынан өндіріс, қайта өңдеу, ауыл шаруашылығы, жалпы барлық дерлік салада айтарлықтай даму байқалмады. Президент өзі бастап жұртшылықтың ұлттық табыстың игілігін көру үшін күрделі мәселелердің нақты шешу жолдарын көрсетті. Енді макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру және цифрландыру қолға алынды. Макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету – жалақы, жұмыссыздық, баға, табыс, инфляция, салық сияқты дүниелер мемлекет деңгейінде қарастырылатын экономикалық рәсімдер. Экономиканы әртараптандыру жан-жақты дамуға жол ашуы тиіс. Ал цифрландыру жүйесі ашықтықты қамтамасыз етеді. Сондықтан дамыған ел боламыз десек, саяси реформалармен шектеліп қалмауымыз керек. Осы жұмысты түбегейлі және жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформаға ұштастыру қажет екенін айтты.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы еліміз нақты секторға берілетін кредит азайып жатқанда банктер тұтыну несиесімен әуестеніп кеткенін айтты. Осы жағдай азаматтардың шектен тыс қарызға батуына әкеп соқтырды.
«Менің 2019 жылы 500 мың азаматтың кепілсіз несиесін кешіру туралы шешімім және жақында қабылданған жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң мәселені біршама реттеді. Бірақ ахуалды біржола түзеу үшін жаңадан жүйелі шаралар қабылдау қажет. Сонымен қатар азаматтардың қаржы сауатын арттыру өте маңызды», – деді. Бүгінде «AMANAT» партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асыруда. Соның нәтижесінде еліміздің 8 аймағында 20 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырды. Олардың көпшілігі – 10 және одан да көп несие алған адамдар. Бұл жоба аз уақытта өзінің тиімділігін көрсетті. Осыған орай Мемлекет басшысы Үкіметке «AMANAT» партиясымен бірлесіп, оның ауқымын кеңейтуді тапсырды.
Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың маңызды шарты. Өскелең ұрпақтың білімді болуы мен жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасайтын «Жайлы мектеп» жобасы бастау алды. Бүгінде осы «Жайлы мектеп» жобасы аясында 400-ге жуық мектеп салынады. Қазір ауылдық жерде 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы қолға алынды. Соның арқасында жаңа жылдан бастап балалардың есепшотына қаражат түсе бастайды. Әр баланың есепшотына қаражат аударылатыны, жас ұрпақтың болашағына назар салғаны барша балалар мен ата-аналарды қуантып жатыр. Жолдаудың жақсылығын бүлдіршіндер мен оқушылар, студенттер мен педагогтер, зейнеткерлер, жалпы әлеумет көреді.