Жаңа оқу жылы баста­лып та кетті. Бірақ мемле­кет тарапынан қарас­ты­рыл­­ған көмекпен барлық оқу­шы қамтылмай отыр. Оған мектептердегі орын тап­шы­лығы себеп болған.
Оқулықсыз, формасыз бала қайтып күн көрер
698
оқылды

Жыл сайын мемлекет тара­пынан орын жетпеген бала­ларды жекеменшік мек­тепте оқы­туға арнайы суб­си­дия бөлі­неді. Алайда же­ке мектепте тегін білім алып жүрген оқу­шылар оқу­­лықсыз, ыс­тық та­мақ­сыз, мектеп фор­ма­­сынсыз қалай оқиды?

«Жекеменшік» болып бөлінбеуі керек

Мемлекет тарапынан мектеп оқу­шыларына айырықша қолдау көрсетіліп жатыр. Айталық, биыл 450 мың мұқтаж отбасының ба­ла­ларына мектепке керек-жа­рақ­та­рын алу үшін 40 мың теңгеден бө­лінді. Бұл «Мектепке жол» рес­пуб­ликалық акциясы аясында ұйым­­­­­­дастырылған. Бұған оқу­шы­­лар киім-кешек, оқу құрал­дарын алады. Ал жыл басында бастауыш сынып оқушыларының барлығы тегін ыс­тық тамақпен қамтылатыны туралы ақпарат шықты. 

– Балалардың дамуы үшін са­палы тамақтанудың маңызы ерек­ше. Балаларды тамақпен қамта­масыз ету стандарттары қайта қа­ралды. Оның ішінде барлық бас­тауыш сынып оқушыларын бір­реттік тегін ыстық тамақпен қам­тамасыз ету сондай-ақ асха­наларда қолма-қол ақшасыз есеп жүргізу жүйесін енгізу қарас­тырылды, – деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев. 

Сондай-ақ оқушылар жыл сайын оқулықтармен де тегін қам­­тамасыз етіліп келеді. Бірақ минис­тр­­­ліктің бұл шарапатын барлық ба­ла бірдей сезініп отырған жоқ. Елордалық Әсем Азаматқызы биыл бірінші сыныпқа барды. Алайда үйінің қасындағы мектепте орын саны толып кеткендіктен, мемле­­­­кеттік субсидиямен жеке­меншік мектепте білім алуға тура келген. 

– Әсемнің құжаттарын мемле­кеттік мектепке өткіздік. Бірақ ди­­­­­­­ректор мектеп жүктемесінің үш есе артқанын, әр сыныпта 30-40 ба­­ладан оқитынын айтып, бізді жеке­меншік мектепке жіберді. Ба­сында жекеменшік мектептің білі­мі жақсы деп қуанғанымыз рас. Бі­рақ бұл жақта баламыз тегін оқы­са да оқу­лықпен, ыстық тамақ­пен қам­тыл­майды екен, – деді Әсем­­­нің анасы. 

Бұл мәселе Шымкент қала­сын­да да бар. Жекеменшік білім қауым­­­­­дастығының төрайымы Ай­ман Бер­дімбетованың пікірінше, Пре­зиденттің мұқтаж оқушыларға бір­реттік көмек беру туралы тап­сыр­масы толық орындалмайын деп тұр. Себебі жекеменшік мек­теп­тер­де оқитын мұқтаж оқу­шы­ларға кө­­мек беретін заң тетіктері жоқ. 2008 жы­лы қабылданған №64 қау­лы­ның бірінші тармағында «мем­лекеттік мектеп» деген ғана сөз жа­зылған. Сол үшін жекеменшік мектептердегі тегін оқитын оқушы­ларға мемле­кеттің көмегі толық жетпей отыр. 

– Министр «1 сыныптан 4 сы­ныпқа дейін ыстық тамақ беріледі» деп айтса да, заң бойынша бұл талап 64 қаулымен байланысты. Біз Оқу-ағарту министрлігіне барып осы заңға өзгерту енгізуді талап етіп отырмыз. Өйткені жекеменшік мектеп болсақ та, біз оқушыларға мемлекеттік бағдарламамен тегін білім беріп отырмыз. 2008 жылы бұл қаулы шыққан кезде ірі қала­ларда саусақпен санарлық қана же­ке­меншік мектеп болған. Ол кез­де жекеменшік мектептерде тек қа­л­талы азаматтардың балалары оқы­ған. Ал қазір еліміздегі мек­теп­терде орын саны тапшы бол­ған­дық­тан жекеменшік мектептер көп салы­нып жатыр. Жекеменшік мек­­­­­­тептердің басым бөлігі арнайы кво­­тамен мұқтаж оқушыларды те­гін оқытуда. Мемлекеттік мек­тепте үш ауысымда оқыған оқушылар қазір жекеменшік мектепте бір ауы­сымға өтіп отыр. Жекеменшік мектептерге бөлінген бағдар­лама­ның арқасында мектептердегі үш ауысым толығы­мен жойылып, оқу ордалары екі ауысымда білім бе­руде. Үш ауы­сымда оқыған әлеу­меттік жағдайы төмен отба­сы­лар­дың балалары, төтенше жағ­дайда жетім қалған оқушылар же­­кемен­шік мектепте тегін оқып жа­­­тыр. Бірақ мемлекеттік мек­теп­тегідей бастауыш сыныптар ыстық тамақ­пен қамтылмады. Жо­ғарыда атап айтқан санатқа жа­татын от­басылар балаларына ыстық тамақ алып бере алмай отыр, – дейді Ай­ман Бердім­бетова. 

Оның айтуынша, оқу форма­сына мемлекеттен берілетін бір­реттік көмек те жекеменшік мек­тепте оқитын оқушыларға берілген жоқ. Дәл сол сияқты оқулықтар да қарастырылмаған. Негізі мем­ле­кеттік мектептерге оқулық алу үшін 2 миллиард теңгеге жуық қаражат аударылған. Мектептер үш ауы­сымда білім берген кезде сол қар­жыға оқулықтар алған. Бірақ жеке­­меншік мектептерге ауысқан оқу­шы­­лардың мүддесі қорғалмай отыр. Мұқтаж отбасылардан шық­қан ба­лалар оқулықсыз қалды. 

– Облыстық білім басқармасы мектептерде асып қалған оқу­лық­тарды оқулықсыз қалған жеке­мен­шік мектептерге алып берсе деген ұсыныс айтамыз. Министр Ғани Бейсембаев: «Жекеменшік бала жоқ. Барлығы мемлекетіміздің ба­ласы» деп айтты. Бірақ министр­лік 64 қаулыға өзгеріс енгіземіз десе де, заң келесі жылы қаңтар айында ғана қолданысқа енеді. Сонда оқу­шылар сол уақытқа дейін оқу­лық­сыз, ыс­тық тамақсыз жүре ме? 2008 жылдан бері орта білім са­ла­сында қаншама өзгеріс болды. Ми­нистрлік «бала санының бұлай тез өсетінін болжа­мадық» деп отыр. Оқушылар оқу­лықсыз қалма­сын­шы деп бір мек­тебіме 48 мил­лион теңгеге қарызға кітап алдым. Заң енгеннен кейін жекеменшік мек­тептерге алынған оқулық­тар­дың ақ­­шасын қайтарып берсе деп ой­лаймыз. Осылайша, оқушыларды 70 пайыз оқулықпен қамтамасыз еттім. Бірақ барлық жекеменшік мектептер мұндай қа­дамға барып отырған жоқ. Ал ата-ана­ларға өз шамасы жеткен мектеп формасын кигізуге рұқсат бердік, – дейді Же­­ке­меншік білім қауым­дас­ты­ғының төрайымы. 

Қазір Айман Бердімбетованың №1 TALANT мектебінде 80 пайыз, №2 TALANT мектебінде 90 пайыз әлеуметтік жағдайы төмен отба­сылардың оқушылары оқиды. Ата-аналар «балаларымызға барлы­ғы­мен қатар ыстық тамақ беріңдер» деп отыр. Бірақ жекеменшік мек­теп директоры «қолымыздан келер амал жоқ» дейді. 

Мектеп тапшылығын жоюға әсер етеді

Бұрын жекеменшік мек­теп­тер­де тек жағдайы жеткен отбасының ба­лалары ақылы оқитын. Бірақ қа­зір мектеп тапшылығының ар­туына байланысты мемлекет тара­пынан орын жетпеген балалар­ды жеке­меншік мектепте оқытуға бө­лі­нетін субсидия саны да артқан. Ұлттық статистика бюросының мә­ліме­тінше, 2023-2024 оқу жылы еліміздің мектептерінде 3,9 мил­­лион оқушы білім алуда. Туу көр­сеткіші өскен сайын мектептегі орындар саны да көбейіп отыруы керек. Мәселен, соңғы бес жылда Қазақастанда 2,8 миллион бала дүниеге келген. Ал 2020 жылдан бастап бірінші сы­ныпқа бара­тындардың жалпы саны 1,5 мил­лионға жеткен. Мек­тептегі тапшы­лық қазірдің өзінде 270 мың орын­ды құрайды. Туу деңгейінің өсу динамикасын ескере отырып есеп­тейтін болсақ, алдағы үш жылда кемінде 670 мың жаңа орын пай­далануға берілуге тиіс. Апатты мек­тептер санының 37-ден 55-ке дейін ұлғаюы, үш ауысымда оқитын мек­тептер санының 143-тен 138-ге дейін баяу қысқаруы бұл мәселені күрделендіре түспек. Ал 132 мың орындық 154 жаңа мектептің пай­далануға берілуі осы оқу жылын­дағы орын тапшылығын түбегейлі шеше алмасы анық. Мектептерді пайдалануға берудің мұндай қар­қыны мен көлемі орын тап­шы­лығының 48,8 пайызын ғана өтей алады.  «Қаржы орталығы» АҚ бас­қарма төрағасы Асқар Ибраи­мов­тың айтуынша, еліміздегі оқу­шылар саны жыл сайын артып ке­леді, сондықтан орта білім беру саласын­дағы маңызды міндеттердің бірі – толып кеткен мемлекеттік мектеп­тердің жүктемесін азайту, сондай-ақ білім беру сапасын арттыру үшін күресте мектептер арасында бә­секелестікті дамыту. 

– 2018 жылдан бастап жеке­­меншік білім беру ұйымдарында орта білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру мүмкіндігі заңды түрде бекітілді, – деді А. Ибраимов. 

Қазір мемлекет тарапынан ба­лаларды жекеменшік мектепке оқы­­­­туға жылына 532 мың теңге суб­сидия бөлінеді. Бірақ кәсіпкерге бұл қаржыдан келер пайда аз. Бөлі­нетін қаржы балалардың тек түске дейін оқуына ғана жетеді. Бала таң­нан кешке дейін жүрмеген­дік­тен, үй тапсырмасын мектепте орын­дама­ғандықтан, қосымша да­мымайды. Ендеше екі ауысымды жекеменшік мектептің мемлекеттік мектептен еш айырмасы жоқ. Astana Garden School мектебінің не­­­гі­зін қалаушы Нұрмұхаммед Досы­­баевтың ай­туын­ша, мектеп тапшы­лығын же­кеменшік мектептер ше­­­­­­шеді. Бірақ бұл көптеген фак­торға бай­ланысты. Мысалы, 200-300 балаға арналған мың мектеп саладағы тапшылықты шешпейді. Сондықтан жекеменшік мектеп­тердің сыйым­дылығына мән беру керек. Ашылып жатқан жеке­мен­шік мектептер неге шағын? Өйт­­­ке­ні мемлекеттің бөліп отырған суб­си­диялары үлкен мек­теп соғуға мүмкіндік бермей отыр.

 – Осы мәселені шешу үшін, ең бірінші мемлекет тарапынан бала басына шаққандағы қаржы­лан­дырудың көлемін кемінде екі есе кө­бейту керек. Екінші, Үкімет та­ра­пынан 1000-2000 бала оқитын мек­теп салуға жер бөлінуі тиіс. Жер беру процесін жеңілдету керек. Үшін­­­ші, мектеп салатын жерлерге коммуникация жеткізу мәселесі реттелсе, бөлінген жер не суы, не жолы жоқ айдалада орналасса, же­ке инвесторға қиын соғады, – дейді Нұр­мұхаммед Досыбаев. 

Оның пікірінше, мектеп мәсе­лесі түбегейлі шешілгенге дейін бан­к­тер мектеп соғуға 0 пайызға дейін жеңілдетілген несие беруі ке­рек. Мектеп ашатын инвес­тор­дың кепілге қоятын инфрақұры­­­­лымы болмауы мүмкін. Сондықтан кепіл сұра­май несие алу жағын қарастыру артық етпейді.  

2019-2021 жылдары 287 жеке­меншік мектеп (94 696 орындық) ашыл­ды. Жалпы, елімізде жеке­­меншік мектептердің жалпы саны 408-ге жеткен. 

Өңірлер бойынша жекеменшік мек­­тептерді ашуда Түркістан об­лысы (56), Шымкент қаласы (52), Алматы қаласы (41), Астана қаласы (29), Жам­был облысы (30) көш бас­тап тұр. 

Көктем ҚАРҚЫН

© коллаж: Елдар ҚАБА