Ауыл шаруашылығы салалары да қазіргі таңда инно­вациялық технологиялардың көмегімен тиімділігі мен өнімділігін арттыруға бет бұрды.
Агроорталыққа айналудың алғышарты – озық технология
1,118
оқылды

Әсіресе, ғылым мен техниканың бүгінгі жетістіктері агроөнеркәсіптің қарыш­тап дамуына мүмкіндік беріп отыр. Атап айтар болсақ, жаңа тұқым түрлері, шаруашылықты игерудің тың тәсіл­дері мен агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру және несиелендіру, сондай-ақ, жаңа технологияны меңгерген жас мамандар сектордың әлеуетін арттыруға өз үлесін қоспақ. 

Әлем халқы 2050 жылға қарай 10 миллиард адамға жетеді деген долбар жасайды ғалымдар. Сәй­­­кесінше, халықтың көбеюі азық-түлікке деген сұранысты артты­­­ра­ды. Экономикалық ын­ты­мақ­­тастық және даму ұйы­мы (ЭЫДҰ) мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауылшаруа­шы­­лық ұйымы (FAO) жариялаған «Ауыл шаруашылығы болжамы­­на» сәйкес, 2027 жылға қарай әлемдік астық өндірісі 13 пайызға ұлғаяды. Демек, алдағы уақытта агробизнес компаниялары дәнді дақылдар өндірісін ұлғайту мақ­­сатында егістік жерлерді көбірек сатып ала­­тын болады. Сондай-ақ агро­өнер­кәсіп кешенінің өнім­деріне деген бұрын-соңды бол­маған сұ­раныс көлемі ірі субъек­тілерді ин­­нова­ция­­лық техноло­­­гиялардың көмегі­­не жүгінуге жағ­дай жасайды.

Бұл туралы Мемлекет бас­­шы­­сы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әді­лет­ті Қазақстанның эконо­ми­калық бағ­­дары» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Қазіргі ауыл шаруа­­шылығы – жоғары технологиялы сала. Шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, иннова­циялық амал-тәсіл­дер табысқа жеткізеді» – деп атап өтті. Прези­дент заманауи ғы­­лымға сүйенбесе, ауыл шаруа­­­шылығы жай тоқырауға емес, құр­­дымға кететінін де нақты­лаған болатын.

«Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруа­шы­лы­ғында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын зерттеу ісінің барлық сатысын қамтитын агротех­­­ноло­­гия хабына айналдыру керек. Егін шаруашылығында маңызды ре­фор­ма жасайтын кез келді. Егіс түрлерін көбейтуіміз керек. Сон­­дай-ақ көбірек пайда әкелетін дақылдар еккен жөн. Суды көп қажет ететін егіс алқабын біртін­деп азайтып, бір ғана дақыл түрін егуді шектеу қажет. Диқандарды жер­гілікті тұқыммен қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қатар жаңа сұрыптарды шығарып, оны өсіру мәселесін шешкен жөн», – деді Мемлекет басшысы.

Бүгінде агроөнеркәсіп жиі пай­даланатын жаңа техно­логия­ның бірі – геоақпараттық жүйелер мен жерді қашықтықтан зондтау құрылғылары.  Осы бағытта зерт­теу­ жүргізіп жүрген мамандар же­терлік. Құрмет Байбусенов – гео­­­ақпараттық жүйе мен Жерді қа­шықтықтан зондтау әдістерінің инновациясы негізінде Солтүстік Қазақстанның егіншілік аудан­дарындағы шегірткелерді фито­санитариялық бақылау бойынша зерттеу жүргізген ғалым. PhD док­­­торы,  Биология, өсімдіктер қор­­­­ғау және карантин кафедра­сының қауымдастырылған профес­­­­­­соры Құрмет Серікұлының айтуынша, шегіртке зиянкестері әртүрлі факторлардың әсерінен мезгіл-мезгілімен көбейіп, да­қылға зиян келтіруі мүмкін. Ше­гірт­­кенің негізінен екі түрі бола­ды: бірі – жалғыз, салт жүре­тін шегірт­келер, екіншісі – үйір­мен жүретін шегірткелер. Орта Азия елдерінде, оның ішінде Қазақ­­­­­станда жыл сайын дерлік шегіртке зиян­кестерінің белгілі бір түр­лері­нің жаппай көбеюі байқалады. Осыған байланысты фитоса­нитариялық бақылаудың оңтайлы жүйесін қолдану арқылы ше­­гірт­ке­лердің зиянды түрлерінің попу­­ляциясын фитосани­тариялық бақылау және басқару маңызды.

– Солтүстік Қазақстан – рес­­пуб­ликадағы экономикалық маңы­зы бар егіншілік өңір. Со­ны­мен қатар аймақтың табиғи-климаттық ерекшелігі шегірт­келердің барлық түрлерінің тара­луы үшін оңтайлы орта болып саналады. Жаппай көбейе баста­са, үйірлеспей, салт жүретін ше­гірт­­келердің өзі үйірмен жүре­тін түрлерінен кем зиян кел­тірмейді. Табиғи ауыл­шаруа­шылық жерлері осындай шегір­т­келер үшін тама­ша ре­зер­вуар. Ауыл шаруа­шы­лығы дақылдарының жайы­лымдық учаскелерге тікелей жа­қын орна­ласуы осы текстес фито­­фаг­­­тардың қоныстануына қолай­лы етеді. Мұндай зиянкестер рес­­­­­пуб­ликаның ауылшаруа­шы­лығына елеулі қауіп төндіреді. Осы­ған байланысты өсімдіктерді қорғау құралдарын ұтымды пай­далану мақсатында популя­ция­лардың құрылымы, стадия­лық емес ше­гірт­келердің биоэко­ло­гия­лық ерекшеліктері бойын­ша зерт­теулер өте өзекті, – дейді ға­лым.

Осы мақсатта Солтүстік Қазақ­­­­­­­станның егіншілік аудан­дарында қорғаныс іс-шара­лары­­ның тиімділігін арттыру маңыз­­ды. Сондай-ақ Құрмет Байбу­сенов қауіпті зиянкестерден бо­ла­­­тын апаттың алдын алу үшін геоақпа­раттық жүйеге негізделген техно­логиялар мен қашықтықтан зонд­тау әдістері негізінде салт жүретін шегірткелерді фито­­са­нитариялық бақылау әдісте­­месін әзірлеп шы­ғар­ған. Зерттеу нәти­жесінде 2020-2022 жылдар­дағы зерттеулер ке­зеңінде зиянды салт жүретін шегірткелер саны­ның көпжылдық динамикасының өзгеру заңдылық­тарын анықта­лып отыр.

– Сараптамалық зерттеулерде 1999-2021 жылдардағы деректерді пайдаланылды. Осылайша, жал­ғыз жүретін зиянкес шегірт­келер са­ны­ның динамикасы көбіне абио­тикалық факторлар мен ауа райы жағдайларына, сондай-ақ жүргізіл­ген пести­цидтік өңдеу­лердің кө­леміне  байланысты екен­дігі анық­талды. Солтүстік Қазақ­­стан об­­­лыс­тарындағы ше­гірт­келер попу­ляциясы негізі­нен астық алқап­тарында таралады. Ал майлы және бұршақ дақылда­рында өте аз кездеседі немесе мүл­дем кездес­пейді. Егіс алқапта­рында шөп жетіспесе ғана олар басқа дақыл аумақтарына ауы­сады. Біз зерттеу жұмысы бары­сында геоақпараттық жүйеге негізделген техноло­гия­ларды жә­не жерді қашықтықтан зондтау деректерін пайдалана отырып инновациялық фитоса­­нитария мониторингі әдістері жасалды. Зерттеу нәтижелеріне сәйкес Пав­­ло­дар және Қостанай, Ақмола облыс­та­рында зиян­­­кес­­­тердің қоныстану ықтималдығы жоғары деген қорытынды жасауға бола­ды, – дейді Құрмет Серікұлы. 

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехнологиялық зерттеу уни­верситетінің «АӨК цифр­ландыру саласындағы технологиялық құ­зыреттілік орталығы» маманда­ры осы бағытта түрлі зерттеу жұ­мыс­тарын жүзеге асырғанын көреміз. Орталық басшысы Фара­би Керімбайұлы Ермековтің ай­туынша, әлем бойынша ең үздік «ақылды» ауыл шару­а­шы­лы­ғы тұжырымдамасының бірі – АҚШ-тың DSSAT моделі. Бүгінгі таңда «АӨК цифрландыру сала­сындағы технологиялық құзырет­тілік ор­талығы» DSSAT моделі негізінде: 

• ауыл шаруашылығы дақы­л­­дарының түрлерін өндіру үшін агротехнологияларды пайдалану тиімді шешімдерін жасау; 

•  мал және Өсімдік шаруа­шылығы өнімдерін өндіру бойын­ша ғылыми-техникалық құжат­таманың дерекқорын құру (open API);

• СҚО базасында ауыл шаруа­шылығы өсімдіктерінің өсуі мен дамуының пысықталған моделін әзірлеу;

• пайдаланылған ауыл шаруа­шылығы технологияларын топы­рақ және климаттық жағдай­ларымен ерекшеленетін Қазақ­­стан Республикасының басқа өңір­­­леріне көшіру жүйесін қа­лып­тастыру;

• далалық деректерді қашық­тықтан анықтау және монито­рингілеу жүйесін құру үшін дрон­дардың ұшуын жүргізу және спут­никтік суреттерді талдау бойын­ша жоба жасап шығарған.

– Жерді қашықтықтан зонд­тау құрылғылары арқылы екі түр­лі жолмен деректер алынады. Бірін­­шісі жер үсті ұшу құрыл­ғылары арқылы, екіншісі – ға­рыштағы жер серіктері арқылы. Екі әдістің де мүмкіндіктерін жоққа шығара алмаймыз. Біз қазіргі таңда  LANDSAT, Sentinel, Planet.com секілді халықаралық жер серіктерінің кескіндерін пай­да­­­лану арқылы талдаулар жасай­мыз. Оның ішінде, Planet.com жер бедерінің кескіндері 135 жер серіктің көмегімен 24 сағат, яғни тәулік бойы алынғандықтан зерттеу нәтижесінің дәл шығуына септігін тигізеді. Екіншіден, ор­талықтағы SuperCam350, Gaia 160 және Gaia 120 оптикалық және мультиспектрлі камералары бар ұшқышсыз ұшу аппаратын қолдана отырып ауқымды мәлі­меттерге қол жеткіземіз. Ұшқыш­сыз ұшу ап­параттарында көп спектрлі ка­мералар мен лазерлік лидар, жылу түсіргіш пен гипер­спект­ральды камералар орна­тылған. Тікұшақ типтес Gaia 160 және Gaia 120 көмегімен 200-ден астам каналдан алынған үлкен деректер (BigData) жасанды интеллектінің көмегімен өңде­­­леді, – дейді орталық бас­шысы. 

Ғалымның айтынуша, соңғы бірнеше онжылдықтағы ауа райы, топырақ құнарлылығы және т.б. маңызды мәліметтерді енгізу ар­қылы ең қарапайым, яғни сарап­шы деңгейіндегі жасанды интел­лектің өзін пайдалануға болады. Мәселен, орталық мамандары БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл­шаруашылық ұйымы (FAO) тапсырысымен терең оқыту арқылы ауыл шаруа­шы­лығында құрғақшылықты болжау геопор­та­лын әзірлеген. Жобаға сәйкес ұлттық деңгейде құр­ғақ­шылықты жоспарлау мақсатында құрғақ­шылық бақылауға алынады. Әрі жасанды нейрондық желілер (ins), машиналық оқыту және те­рең оқыту негізінде мәлімет­терді салыстыру және бейімдеу жұмыс­тары жүзеге асырылады. Сонымен қатар жоба аясында 2000 жылдан 2021 жылға дейінгі құрғақ­­шы­­лықтың агрометеорологиялық мо­ниторингінің нәтижелері бар геопортал әзірленеді. Бұл шаруа­ларға алдағы уақытта қандай өнімділік алуға болатынын бол­жауға мүмкіндік бермек. 

Жерді қашықтықтан зондтау арқылы алынған ақпараттар бір­­жақты қолданылмайды. Бар­лық мәліметтерді маман­дар­дың өзі тікелей сол аумаққа барып, нақ­­тылығын тексереді. Бір сөзбен айтқанда, инновациялық құрыл­ғылардан алынған ауқымды де­ректер нәтижесі табиғи жолмен сәйкестендіріледі. Ал жылу тү­сіргіш арқылы мал шаруа­шы­лығына электронды жайылым түрін енгізуге мүмкіндік аламыз. 

– Геоақпараттық және  ЖҚЗ технологияларының әр түрлі сан­­­дық шешімдерін қолдана оты­рып, Смарт-фермаларды әзір­леуге бо­лады. Бұл ЖҚЗ дерек­терінің кө­мегімен шаруа­шы­лықтардағы жайылымдық жер­лер­ге мони­то­ринг жасауға, жайы­лым мас­са­сының маусымдық өнімділігі мен тағамдық құнды­лығын анық­тау үшін жайылым учаске­леріне жер­үсті геобота­ни­­­ка­­лық зерттеулер  жүргізуге, ГАЖ технологиялары арқылы алынған деректермен жер­дегі зерттеулерге салыстыр­ма­лы тал­дауға, жайы­лым­­­дардың сыйым­дылығын қо­ра­­лар бойынша айқындауға және ет бағытындағы жайылым айна­­­лымының схемасын әзір­леуге мүм­кіндік береді. Жақын­да ауыл шаруашылығын министр­­­лігінің тапсырысымен «Жерді қашық­тықтан зондтау арқылы жайы­лымдарды ұтымды пайдалану жүйесін» әзірлеп шы­ғардық. Тіп­ті, аталмыш техно­логияны пайдалану арқылы цифрлық карталары бар гео-пор­тал әзірлеу­ге болады, – дейді орта­лық бас­шысы. 

Ауыл шаруашылығында ғы­лымның мұндай жетістіктерін пай­далану бүгінде трендке айна­лып үлгерді. Мәселен, Aitas Agro аг­рарлық кәсіпорын өндірістік және басқару процестерін бақы­лап реттеу үшін соңғы үлгідегі цифр­лық технологияларды қол­данады. Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыста­рында 35 мың гектардан астам жерге ауыл шаруа­шылығы дақыл­дарын егумен айна­лысатын бұл компанияда 450-ге жуық қызмет­кер жұмыс істейді. Aitas Agro алқаптарында күнбағыс, жаздық және күздік бидай, сыра қайна­татын арпа, бұршақ, жасы­мық, рапс сияқты түрлі дәнді және майлы дақылдар өсіріледі. Егістік өнімділігі жылына шамамен 70-80 мың тонна өнімді құрайды.  Ком­пания өкілдерінің мәлім­деуінше, мекеме процесті бас­қару­дың CROPWISE, ERP және BІ аналити­касы секілді үш ком­поненттен тұратын бірыңғай цифрлық жүйе­сін қолданады.

CROPWISE – бұл егіс­тіктер­ден, агрооперациялардан цифр­лық деректерді жинайтын, өнімділік пен гектарға кететін шығынды бол­жайтын және онлайн режимде тех­никаның GPS бақылауын жүзе­ге асыратын деректерді жинау жүйесі. Ол өндіріс процестерін тиімді басқаруды қамтамасыз етеді, өнді­ріске әсер ететін барлық фак­торды ескеруге және жи­налған мәліметтер негізінде жыл­дам әрі дәл шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

ERP – аналитика үшін дерек­терді есепке алу және қалып­тастыру жүйесі. Ол тауарлық-мате­риалдық қорларды басқару, бух­галтерлік есеп операциялары және персоналды басқару секілді жұмыстарда өндірістік процес­тердің толық есебін қамтамасыз етеді. ERP бизнесті тиімдірек және дәл басқаруға мүмкіндік береді.

BI-аналитика – деректерді өңдеу және визуализация жүйесі. Ол GROUPWISE және ERP-ден жиналған деректерді өңдейді және пайдаланушыға ыңғайлы түрде көрсетеді. BI аналитикасы ауыл­шаруашылық кәсіпорын­дарына нақты мәліметтер негі­зінде жүйе­ленген шешімдер қабыл­дауға кө­мектеседі.

«Жалпы, CROPWISE, ERP және BI аналитикасы сияқты Agritech технологияларын пайда­лану Aitas Agro-ға өндіріс пен басқару процестерін тиімді басқа­руға мүмкіндік береді. Бұл инно­ва­циялық шешімдер ауылшаруа­шылық өнімдерінің өнімділігін, сапасын және тиімділігін артты­руға көмектеседі», – делінген ком­пания хабарламасында.

Ауыл шаруашылығындағы технологиялық революция агро­технологияның болашағын ай­қындай түседі. Мамандар, ауыл шаруашылығы технологиясының жетістіктері, соның ішінде авто­мат­тандыру және деректерге негіз­делген шешімдер қабылдау алдағы жылдары салада түбегейлі өзгеріс­­тер әкеледі деп болжайды. LeadConnect халықаралық анали­тика­лық компаниясының мәлі­метін­­ше, агросекторға әсер ететін ең үлкен технологиялық тенден­­ция­лар қатарында дәл егіншілік, авто­­­номды ауылшаруашылық жаб­дықтары, тік егіншілік, блок­чейн технологиясы, жасанды интел­­лект және машиналық оқы­ту, ауыл шаруашылығындағы цифр­лық егіздер, робототехника және авто­маттандыру және био­технология бар.

Дәл егіншілік – бұл өнімділік пен тиімділікті арттыру үшін тех­нологияны қолданатын ауыл шаруа­шылығының бір түрі. Фер­мер­лер дрондар, датчиктер және басқа да ақылды құрыл­ғылардың көмегімен егіннің жай-күйі, то­пырақтың ылғалдылығы және ауа райы жағдайлары туралы ақпарат жинай алады. Осы ақпара­ттың ар­қасында дақыл­дар­ды басқару, суару және тыңайт­қыштар туралы тиімді шешім қабылдауға болады. Фермерлер нақты егіншілікті енгі­зу арқылы тұрақты өнім ала­ды және шығын­дарын азайтады.

Сонымен қатар қазіргі таңда ауыл шаруашылығында авто­номды ауылшаруашылық жаб­дық­тарын пайдаланудың өсуі байқа­лады. Елімізде де ірі агро­хол­динг­тар трак­­торлар мен дрон­дар арқы­лы әртүрлі жұмыс орын­дарын авто­­маттан­­дыруға мүмкін­дік алып отыр. Осы­лайша, шаруа­лар уа­қытты үнемдеп, еңбек шығын­дарын азайтады және дәлдікті арттырады.  Тік егінші­лікке келер болсақ, бұл жасанды жарық­тан­дыру арқылы арнаулы сө­­­­релерде дақылдарды өсіру үшін қолданы­лады.  Ауыл шаруашы­лығында блокчейн тех­ноло­гиясы, әсіресе жеткізу тіз­бегін басқару және азық-түлік қауіп­сіздігі саласында таны­мал. Ал жоғарыда айтып өткені­міздей, деректерге негіздел­ген ше­шім­дер қабылдау үшін ауыл шаруа­шы­лығында жасанды интел­­лект пен Машиналық оқыту қолда­­ны­лады. Фермерлер ауа райы, егін жағ­дайы және топырақ ылғалды­­лығы туралы деректерді талдау үшін жасанды интеллектті пайдала­на отырып, егіншілік тәжірибесін оң­­тай­­лан­дыра алады.  Биотехно­ло­­гия көме­гімен өнім­ділікті артты­­­рып, та­ғамдық құн­дылықты жақ­сар­­­туға және дақыл­дарды зиянкес­тер мен ауруларға төзімді етуге бо­лады.

Тұтастай алғанда, сарапшылар «ауыл шаруашылығының бола­­шағы перспективалы, өйткені бұл секторда көбірек озық техноло­гиялар құрылып, енгізі­­луде» деген пікірде. Бұл техно­­логиялар шаруа­лардың тәуекел­дерін азайтуға және табысын арттыруға көмектеседі. Сонымен қатар елі­міздің ай­мақ­тағы ең ірі агро­өнімдерді экс­порт­таушы аграрлық орталыққа айна­луына мүмкіндік береді.

Кәмила ЕРКІН