Алдына нақты мақсат қо­йып, өзінің кәсібін таң­дай алған жанға мемлекет тарапынан жасалатын қол­даудан кенделік жоқ.
Қақтан да қаржы тауып отыр
3,130
оқылды

Тек бойында ынта мен жігер бо­­­лып, қолынан іс келетінін дәлелдей алса жеткілікті. Сонымен бірге бүгінгі күн­нің талабы мен сұранысын зерделеп, соған сай еңбек ете білуге тиісті. Кәсіпкер­ліктің қыры мен сырын мең­­­­­­­геруді де естен шығар­мағаны абзал. Сыртқа ала­қан жаймай, қолынан келе­тін кәсіпті жүзеге асырудың жолын іздеген жандарға жәрдем жасайтын әйелдер кәсіпкерлігінің өңірлік ор­та­лығы облыстың әр түк­пі­рінде жүрген еңбекқор әрі ізденімпаз қыз-келін­шек­терге  арман-мақсат­тарын орындауға  жәрдем­десуде. 

Былтыр осы орталыққа көмек сұрап жүгініп, тиісті ақпарат ал­ған­нан кейін ісін бастауға бел буған және қысқа мерзімде кәсі­бінің нәсібін көруге қол жеткіз­гендердің бірі – кәсіпкер Алма­гүл Мұратбек биыл  же­­­­­міс жидек­тен жайма қақ жасауды қолға алды. Оның жыл­дар бойы жүрек түкпірінде аяла­ған арманын – бизнес-идеясын кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде іске асы­руға берілген 5 млн теңге со­ма­сындағы грант зор демеу бол­ды. Қолына тиген қомақты қара­жатқа қажетті құ­­рал-жаб­­­дықтарды сатып алып, қазір Ескелді ауданында үй жағ­дайында қақ өндірісін жолға қойып отыр.  

Осылайша, алға қойған мақ­сатын біртіндеп жүзеге асыруға кіріскен Алмагүл Мұратбек Qo­naq Kade брендінің негізін қала­ды. Қазір жерұйығы Жетісуда өсетін жеміс-жидектердің бар­лық түрі өсетін ауданда қақтың бірнеше түрін жасап, тұтыну­шылардың таңдауына ие болып отыр. Оның дәмді, ең бастысы табиғи әрі пайдалы өнімдеріне де­ген сұраныс қазірдің өзінде ар­та түскен. Жергілікті тұтыну­шы­лармен бірге алыс-жақыннан ат арылтып арнайы келетіндер қа­та­ры да көбейген. 

– Өзімнің  бизнес-идеямды жүзеге асыру үшін Алматы қала­сынан Жетісу облысына, оның ішінде облыс орталығының жа­нын­да орналасқан Ескелді ауда­нының Қаратал ауылына көшіп келдім. Өйткені алдын ала жүр­гіз­ген зерделеу барысында осы ауданда жергілікті фермерлер құл­­пынай мен таңқурайды және тағы басқа да жеміс-жидектерді көптеп әрі жақсы өсіретінін біліп алған едім. Жеміс-жидек тұнып тұратын Текелі де іргеде. Кейде текелілік тұрғындардан да жи­дек­тер сатып аламын. Негізі, ма­­мандығым – фармацевт. Бірақ бизнеспен айналысып, пайдалы өнім шығарғым келді. Бұл мақ­сатыма мемлекеттік қол­даудың арқасында қол жеткіздім, – дейді кәсіпкер.

Кәсіпкердің  айтуынша, қақ жа­сау – қарапайым өндіріс. Сон­дықтан оны кез келген әйел үйін­­де отырып, жүзеге асыра ала­ды.

– Қай-қайсымыз да бала ке­зі­­мізде алмадан, алмұрттан қақ жасадық қой. Үлкендерден көр­генімізді істедік. Өзіміз кептірген қақтан компот та іштік. Мен де солардың бірімін. Бірақ қазір арнайы құрал-жабдықтардың арқасында жұмыс бұрынғыдан әлдеқайда жеңілдеді. Әрине, жеміс-жидектерді жинауға, олар­ды іріктеп, тазалап,  жууға, тасы­малдайтын ыдыстарға салу­ға біраз уақыт пен күш  кетеді. Онан кейінгі жұмыстарға автоматты араластырғышты және тағы бас­қа да құралдарды пайдаланып, уақыт үнемдей аласыз. Бәрін ара­ластырып алғаннан кейін  да­йын қоймалжыңды 10-12 са­ғатқа дегидраторға кептіру үшін жібереміз. Осы уақыт ара­лығын­да басқа шаруаларыңызбен айна­лысуыңызға болады. Нарықта жай­ма қақ өте қымбат, дегенмен бізде өсетін жеміс-жидектердің тү­рі көп. Сондықтан жыл бойы сапалы әрі пайдалы жергілікті өнім өндіруді жолға қоюға және одан тұрақты табыс табуға бола­ды, – дейді Алмагүл Мұратбек.

Ол жақында «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жеңімпазы атанды. Сол сияқты «Қорғас» ХШЫО аумағында өткен ха­лы­қ­ара­­лық көрмеге қатысып қайтты. Қазір өзінің көңілінен шыққан шағын бизнесін жүр­гізіп, екі адамды тұрақты жұ­­мыс­пен қам­тып отыр. Өңірлік кә­сіп­кер­лер па­латасы өткізетін ше­берлік сы­нып­тары шеңберінде тәжірибе алмасуға белсенді қа­­ты­сады. Ал­да­ғы уақытта ко­опе­ра­тив құру есе­бінен өндіріс ауқымын ұл­ғайтып, жұмысшы­лар санын арт­тырып, үлкен на­рық­қа шық­сам деген жоспары бар.

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы