Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының «Әділетті Қа­зақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауы – көптің көкейінде жүрген көптеген сауалға жауап берген саяси және әлеуметтік маңызы бар стратегиялық құнды жоспар.
Іскерлікті шыңдайтын үш жыл
769
оқылды

Олай деуімізге негіз де жоқ емес. Жолдауды тағы бір қарап, қай­та­лап оқығанда түйгенім, еліміздің жаңару мен жаңғыру жо­лын­да еңсесін тік ұстап, қарқынды адымдап іс-әрекет жасауға толық мүмкіншілігі бар деуге болады. Мемлекетімізде кенже­леп қалған кейбір салаларды түрлендіріп, жетілдіруге бағыт­талған Жолдауда айтылған Президент тапсырмасы санаға сіл­кініс сыйлады.

Соның бірі – отандық туризм. Осы бағытта  15 ірі жобаны дайын­дау­ды тапсырған Мемлекет басшысы алыс­ты аңдап, болашақты болжап отыр. Себебі еліміздің табиғаты тама­ша, тарихы терең. Туристік нысанға ай­налдыруға әбден лайық орындары же­терлік. Алыс-жақын шет мемле­кет­тердің кейбірі тек туризмнен түс­кен қаржының есебінен бюджетін тү­гелдеп отырғанын ескерсек, Қазақ­стан­ның да туризмді дамытуға мүм­кін­дігі мол.

Қаныш Сәтбаевтан бері жалғасып келе жатқан тау-кен ісі, геология ғы­лы­мының соңғы кезде тоқырап қал­ға­ны жасырын емес. Осыны ескерген Қ.Тоқаев жаңа қазба байлықтар кенін тауып, кеңейтуді тапсырды. Қойнауы қазынаға толы даламыз бен тауы­­мыздың сырын ұққанға, тілін біл­­генге берері ұшан-теңіз. Бұл ретте осы сала ғалымдарына артылар жауап­­кершіліктің салмағы орасан. Жер астындағы қазба байлықтары­мыз­ды шикізат күйінде сатып, шет­елден оның өңделген түрін бірнеше есе қымбат бағаға сатып алудың тиім­сіздігін уақыт көрсетіп отыр. Ен­деше өнімді өңдеу және өндіру – ке­зек күттірмейтін өзекті мәселе.

Көрші елдерде болып жатқан гео­саяси жағдайлар, түрлі қақтығыс пен дау-дамай қазаққа етек-жеңін жиып, қым­тану қажеттігін тағы бір еске сал­ғандай. Елімізде болған орман өрті, су тасқыны сынды табиғи апаттар да ойландырмай тұрмайды. Қазақта «ауруын жасырған өледі» деген сөз бар. Бәрі жақсы, бәрі керемет деген­нен ешкімнің маңдайы жарқырап, жұл­дызы жанбасына отыз жылда көз жетті. Ауыл шаруашылығын дамыту, отандық өнімді өндіру, оны қолдау – мемле­кет­тік деңгейде қадағаланып, жіті ба­қылауда болатыны да көңілге қуа­ныш сыйлады.  Ауылдағы қарапайым шаруаның жанайқайы биліктің мінберінен қозғалып, Президент на­зарында болуы көп жайды аңғартады. Біле ­білсек, бұл  қарапайым шаруаның ған­а мәселесінің көтерілуі емес, ауыл шаруашылығының дамуына кедергі кел­тіріп отырған барлық келеңсіз­дік­ке қарсы үлкен күш деп білемін. Қа­жет­ті техникалардың жаңартылуы, со­ған сай мамандардың сұранысқа ие болуы жұмыссыздықты да шешуге оң ық­пал етері сөзсіз.

Цифрлы сауаттылықты арттыру, цифрлы Қазақстан, сандық техно­ло­гия туралы ұғымдар өткен онжыл­дық­­тың еншісінде қалып, енді жа­санды интеллект ұғымы белсенді қол­данылуда. Тіпті, жасанды интел­лект­ті меңгерген адамның әлеуеті өзге­лерге қарағанда әлдеқайда артық және қоғамға пайдалы болатыны да ашық айтылып, жазылып жүр. Пр­е­зи­дент Жолдауындағы «Жасанды ин­теллектінің мүмкіндіктерін толық пайдалансақ, білім экономикасына тың серпін береміз. Жетекші халық­ара­лық компаниялармен ынтымақ­тастық орнату керек. Білікті мамандар даярлауымыз қажет. Кемінде үш бел­­гілі жоғары оқу орны жасанды ин­теллект саласына қажетті кадр даяр­лаумен және зерттеулер жүргізу­мен айналысуы керек» деген жолдар біздің ұжымға тың идеялар туғызды. Бұл тұрғыда арнайы жоба дайындауды бас­тап кеттік.

Егеменді еліміздің іргесі бекем, ше­карасы мығым болуы әркез қыра­ғы­­лықты ғана емес, қорғаныс тех­ни­ка­ларының заманауи талапқа сай жаңарып, жабдықталуын да талап ете­ді. Осы ретте Мемлекет бас­шы­сы­ның қорғаныс техникаларын жаңар­туға қатысты тапсырмасы айбынды ар­миямызды қуатты күшке айнал­ды­рады деп санаймын. Қорғаныс мә­се­лесін өз деңгейінде заман талабына сай талқылайтын уақыт жетті. Бұл мә­селеге үлкен мән беру керек, әйт­пе­се біз кешігеміз.

Газбен қамтамасыз ету жұмыс­та­ры­ның  қарқынды жалғасуы халық­тың әлеуметтік жағдайын одан әрі жақ­сартып, тұрмысын оңалтады. Соң­ғы жылдардағы көмір тапшылы­ғынан туындаған оның бағасының өсуі халықтың қалтасына оңай түспей тұр. Сондықтан барлық елді мекенді газ­бен қамтамасыз ету маңызды.

Қазақ әуел бастан суды ысырап ет­пеген. Оны үнемдеп жұмсап, суға қа­тысты түрлі ырым-тыйымды, адам сен­гісіз аңыз-әңгімелерді шығарған. Мұның барлығы көшпенді халықтың судың киесі бар деп ұғынуынан туған. Бүгінде Орталық Азия халықтарының ортақ мәселесіне айналып отырған су тапшылығы жыл өткен сайын айқын аңғарыла бастады. Суды үнемдеп жұм­сауға қатысты отбасы тәрбиесінен бас­тап балабақша, мектеп қабыр­ға­сында тұрақты түрде айтылып, жұмыс жүргізілуі тиіс.  Президенттің суды шек­тен тыс жұмсайтындар үшін ар­найы тарифті енгізу туралы ұсынысын қолдаймын. 

Атом электр стансасын салуға қа­тыс­ты екіұдай пікір толастамай тұр. Осы­ған қатысты Президенттің рефе­рен­дум өткізу арқылы анықтауды ұсын­ғаны оңтайлы шешім болды деп есеп­теймін. Халықтың үнін еститін мем­лекет АЭС салуға қатысты шеші­мін халықтың таңдауы арқылы жа­сай­тын болады.

Екі жаңа министрліктің құрылып, бірнеше министрдің ауысуы да даму жо­лындағы Қазақстан үшін саяси маңыз­ға ие дұрыс шешім болды. Үш жыл – жаңаша даму үлгісіне көшу мер­зімі. Қас-қағым сәт. Олай болса, білек сыбанып нақты іске кірісейік!

Оңалбай АЯШЕВ,

ҰҒА академигі, педагогика ғылымдарының докторы,

Тәшенов университеті директорлар кеңесінің төрағасы