Бүгінде жемқорлық күн тәрті­бінен түспейтін өзекті мәселеге айналды. Әсіресе, білім саласын­дағы жең ұшынан жалғасқан сыбай­ластық жаға ұстатып тұр.
Жамбылдың білім саласында былық көп
2,356
оқылды

Оған дәлел, Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша депар­таменті мен Білім басқармасы еңбекақы төлеу қорына байла­нысты бірлесе жүргізген тексерісі талай қулық пен сұмдықтың бетін ашты.

Талдау мәліметіне сенсек, Байзақ, Жуалы, Жамбыл, Шу және Т.Рысқұлов аудандарында 132 заңбұзушылық анықталған екен. Мемлекетке келтірілген залалдың сомасы 207,0 миллион теңгеге жеткен. 

«Балға бармақ батырған» фактілердің дені Жуалы ауданында тіркеліпті. Атап айтсақ, Жуалы ауданының білім ұйымдары біліктілікті айқындау комиссия хаттама­ларымен 27 қызметкердің еңбек өтілін дұрыс есептемей, 4,4 миллион теңге көле­міндегі жалақыны негізсіз төлеген. Бұдан бөлек, «А» функционалдық блогы бойын­ша 6 менеджердің тарифтеу тізімдері заңсыз бекітіліп, аталған қызметкерлерге 9,3 миллион теңге заңсыз аударылған. Бұл аз десеңіз, заңнамада көзделмеген 37 штаттық бірлік артық көрсетіліп, жалпы сомасы 33,0 миллион теңгеге негізсіз аударым жасалған. 

Есепшілердің қулығы мен сұмдығы

Жуалы аудандық білім бөлімі есепшілерінің «тәбеті» таңғалдырып тұр. Мұнда 36 есепші белгіленген нормадан жоғары жалақыны есептей отырып, өздерінің банк шоттарына 38 миллион теңге аударып алған. 

Дәл осындай қулықты Шу ауданы білім бөлімінің есепшісі де жүзеге асырып, 12,3 миллион теңге көлемінде заңсыз ауда­рым жасаған. Әріптестерінен Байзақ пен Жамбыл ауданының есепшілері де қалыс қалмай, 11,9 миллион және 1,4 миллион теңгені заңсыз қалтаға басқан.

Тағы бір сұмдықты айтсақ, Жуалы аудандық білім бөлімінің 3 есепшісі «5-15 А» нысанындағы есептерге басқа 39 мұғалімнің деректерін көрсету арқылы 4,5 миллион теңгені жымқырған. Жуалы аудандық білім бөлімінің тағы 2 есепшісі болса, «5-15 А» нысанды есеп айырысу-тө­лем ведомостарындағы есептерді «Қазы­на­шылық-клиент» базасына енгізу кезінде өздерінің есепшоттарына 7,7 миллион теңгені заңсыз аударып алған.

5 мектептен бірдей еңбек демалысына шыққан

Мектеп дәліздерін «өлі жандардың» кезіп жүретінін бұрыннан естіп, құлағы­мыз үйренген. Жамбылда мұндай жайттар әлі азаймай тұр. Мәселен, Байзақ ауда­нының әдіскерлері қосым­ша жұмыс бо­йынша педагогикалық қыз­метпен айна­лысып, алайда нақты жұмыс істемеген уақыты үшін 42,5 миллион теңге көлемінде жалақы алған. Сондай-ақ оған еңбекақы мен сауықтыру жәрдемақысы негізсіз төленген. Дәл сондай бір мұғалім 5 мектептен бірдей 56 күндік еңбек дема­лысына шығып, заңсыз қаржыны қалтаға басқан. 

Сотты болған адам екі балабақшада істеп келген

Балабақшаларда да «бармақ басты, көз қысты» әрекет көп.  Атап айтсақ, Байзақ ауданындағы «Айнұр» балабақшасының басшылығы жалған деректерді көрсету арқылы бюджеттің 19,2 миллион теңгесін қолды қылған. Балабақша директоры өзіне, сол жерде жұмыс істейтін ұлына және келініне қосымша жүктемелер жазып келген. 

Балабақшаны зерделеу жұмыстары 

Т.Рысқұлов ауданында да жүргізіліп, 11 жеке балабақша 17,6 миллион теңге бюджет қаражатын негізсіз аударғаны белгілі болды.

Жуалы аудандық білім бөлімінің «Балдәурен» бөбекжайында сыбайлас жемқорлық фактісімен бұрын ұсталған азаматшаның әлі күнге жұмыс істеп келе жатқаны анықталған. Тарқатып айтсақ, Жуалы ауданы сотының 25.01.2022 жылғы үкімімен «Балдәурен» бөбекжайының есепшісі А. есімді азаматша ҚР ҚК 190-бабы 2-бөлігі 3-тармағының және ҚР ҚК 189-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған өмір бойы мем­ле­кеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқаруға тыйым салын­ған. Сондай-ақ 3,4 миллион теңге көлемін­де айыппұл түрінде жаза тағайын­далған. Алайда аталған тұлға бүгінгі күнге дейін сол қызмет орнында жұмыс істеп келген. Ал ең сорақысы, аталған азаматша осы таңға дейін «Жасұлан» балабақша­сының есепші қызметін де қоса атқарған.

 

P.S.

Бүгінде анықталған деректерді уәкілетті органмен растау үшін аудиторлық тек­серіс­тер жүргізіліп жатыр. Соның қоры­тындысымен және прокуратура келісімімен тиісті шешім қабылданбақ. Алайда білім саласындағы мұндай былықтар талқылауды емес, қатаң жаза белгілеуді қажет етеді. Әйтпесе, мұндай «жең ұшынан жалғасқан жем­қорлық» болашағымызға балта шабат­ыны анық.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы