Жуырда бір топ ғалым Ресейге «Алаш жолымен» деп аталатын экспедицияға ат­тан­­ған еді. Олар Мәскеу, Воронеж қа­лаларына барып, архивте жұмыс іс­теп қайтты.
Ұшқын Сайдырахман: Алаштану – ұлттық идеологияның тіні
3,642
оқылды

Бұл сапарда ғалым­да­ры­мыз Алаш тарихына қатысты құн­ды деректер таба алды ма? Мұ­ра­ғатымыз жаңа деректермен то­лық­ты ма? Біз бұл сауалды жас ғалым, алаш­танушы Ұшқын Сайдырахманға қойған едік. 

– Ұшқын, «Алаш жолымен: Ресей ба­ғыты» экспедициясының о бастағы ба­ғыты қандай еді? Жалпы экспе­ди­ция­ға шығу идеясы қалай басталды?

– Бұл экспедицияның алдында да институттың екі қызметкері көк­тем айларында арнайы Мәскеу, Во­ро­неж қалаларына барып, архив қо­­­рында жұмыс істедік. Бірақ онда уа­қыт тар, қол күші аз болғандықтан аса зәру құжатты ғана қарап, кейбір діттегенімізге қолымыз жетпей пұ­шай­ман күйде қайтып едік. Топтық түр­де, үлкен құрамда экспедицияға шы­ғу идеясы сонда туды.

Ресейге бағытталған бұл экс­пе­­­диция бір айға ұласты. Не­гізі бір ай дегеніңіз де архив жұмысы үшін көп уақыт емес. Өйткені нақты мысалмен айтсам, Ресей мемлекеттік архивінен мен бір жеке тұлғаның ісін қарауға тапсырыс бердім. Бірақ құ­жат 14 жұмыс күнінде қолыңызға тие­­ді деп жауап берді. Қазақ «кі­сі­де­гінің кілті – аспанда» дейді. Бұндайда күт­кеннен басқа түк те қайран қыла ал­майсың. «Алаш жолымен: Ресей ба­ғыты» экспедициясында біз үш топ­қа бөлініп, әр топ нақты міндетіне сай таңның атысы, кештің баты­сымен жүйелі жұмыс атқардық. 

– Экспедиция аясында 50-ге жуық кі­таптың түпнұсқасын қарап, элек­трон­ды нұсқасын әзірлеген екен. Олар­дың арасында бұрын елге та­ныл­ғандары бар ма? Әлде, бәрі белгісіз бол­ып келген кітаптар ма?

– Ә.Бөкейхан атындағы Алаш ғы­­­­лыми-зерттеу институтының ал­ды­на қойған мақсаты – белгісіз Алаш қайраткерлерінің еңбегін жи­нақ­тау, сол мұраларды ғылыми ай­на­­­лымға енгізу. Институт неліктен бұл мақсатты көздеді десеңіз, тәуел­сіз­діктен бергі отыз жыл ішінде шы­ғар­малары жинақталған Алаш қай­рат­­керлерінің саны көп санағанда отыз­­дай ғана. Бұл өте аз. Ал Алаш қоз­­ғалысы айналасы 20 адамның әрекеті емес қой. Ол үкімет жасақтап, әскер құрған, автономия тіктеген, іргелі рухани мұра қалдырып, ұлттық ғылым тағанын қалыптастырған ау­қымды қозғалыс. Ұлтты биік сапаға кө­терген құбылыс. Қазірге дейін есім-сойы анықталған Алаш жо­лын­дағы қайраткерлердің саны 3000-нан асып отыр. Сондықтан институт бұ­ған дейін еңбегі жарық көрген тұл­ғаларды емес, аты беймәлім, мұрасы кө­мескі қайраткерлерін нысанаға алды. Және осы уақыт еншісінде Сейіт­­­баттал Мұстафаұлы, Абдолла Бай­тасұлы, Біләл Сүлейұлы, Біләл Мал­­дыбайұлы, Мұстақым Мал­ды­бай, Сейдәзім Қадырбай қатарлы тұл­ғалардың еңбектерін оқырман­дарға ұсынды.  

Ал экспедиция аясында анық­тал­ған 50 кітаптың ішінде біз ізіне түс­кен тұлғалар өте көп. Мысалы, Сейіт­бат­тал Мұстафаұлының «Зуфнун» ро­ма­нын осыған дейін қанша іздесек те таба алмай келіп едік, бұл туынды осы жолғы экспедицияда олжамызға бұйыр­ды. Сол секілді осы реткі та­был­ған жоқтың арасында алда жи­на­ғы жарық көретін Мәннан Тұр­ған­байдың «Бөтен сөз әдісімен та­ны­су» еңбегі, Иса Тоқтыбайдың туын­­дысы, Әлмағамбет Қасым, Жұ­­ма­хан Күдері­нің оқу құралдары жә­не басқа да тұлғалардың кітаптары бар.        

– «Қазақ» газеті мен «Айқап» жур­на­лының өзі толық табылған жоқ. Жал­пы ХХ ғасыр басында шыққан өзге де басылымдарды толығымен жи­­­­нақтай алдық па?

– Өткен ғасырдың 50-жылдары биб­лиограф ғалым Үшкөлтай Сух­бан­бердина бастаған жинақтау үде­рісі әлі де жүріп жатыр. Ол кісі «Түр­кістан уалаятының газеті», «Дала уа­лаятының газеті», «Айқап», «Қа­зақ» басылымдарының библиог­ра­фия­лық көрсеткішін құрастырды. Мі­не, содан бері біз жоқты толықтау, кем­ді бүтіндеу жолындамыз. 

Турасын айтсақ, тәуелсіздік алып, дербес ұлт саясатын жүр­­гізгеніне 30 жылдан асқан мем­ле­кетте жинақтау жұмысы әлдеқа­шан аяқталуға тиіс шаруа. Қазіргі біз­дің атқаратынымыз – сол дү­ние­лерді қорыту, пайымдау, ұлт мүддесі тұр­ғысынан тұжырымдау болуы ке­рек еді. Алайда әлі бірінші саты, тү­ген­деу басқышында жүрміз. Мы­са­лы, математикадан оқу құралын жаз­ған Міржақып Дулатұлы, Мән­нан Тұрғанбайұлы, Сұлтанбек Қо­жанұлы, Әлімхан Ермек, Қаныш Сәт­пай, Кәрім Жәленұлы, Әлма­ғам­бет Қасымұлы қатарлы қайраткерлер бар. Қазір осыны математиктерден сұра­саңыз, «Есеп құралын» жазған Мір­жақып пен «Ұлы математика кур­сының» авторы Әлімханды атап беруі мүмкін, қалғанын білмейді. Өйт­кені Мәннанның да, Кәрім Жә­лен мен Әлмағамбет Қасымның да ең­бектері жинақталмаған. Егер осы тұлғалардың мұрасы 30 жылдан бері жи­нақталып қойғанда, қазіргі буын­ның міндеті жазған еңбектерін бір-бірімен салыстырып талдап, қол­данған атау-терминдерін, енгізген жаңалықтарын бағамдап пайымдау болатын еді. Өкінішке қарай оған жете алмай келеміз. Алаштануда көш кейін қалып жатқанымыз дейтін се­бебім – осы.  

Негізі, бұл мәселенің объек­тив­ті бір себебі бар. Алаш т­а­­­рихын түгендеп, мұрасын жинақ­тай­тын, жүйелейтін қаржылық тұр­ғы­дан мұңсыздандырылған, өз ал­дына отау бір институт болуы керек еді. Осы мекеме 30 жыл ішінде сіз атап отырған басылым тігінділерін, же­ке тұлғалар мұраларын жинақтап, жүйелеп ғылыми айналымға енгізуге тиіс-тін. Тіпті, керек болса, бұл инс­титут билікке Алаш ұстынына құ­рыл­ған өміршең идеологияны да әзірл­еп бере алар еді. Алайда үкімет та­рапынан ондай қадам болмады. Бұл олқылықты көргеннен кейін, «Ұлт­тың жоғын ұйықтап жүріп емес, ояу жүріп іздеу керек»  деген ұлт кө­семі Әлихан Бөкейханның сөзін ұста­нып, зар илеп отыра бергеннен оңал­маймыз деп сергек көңілмен өзі­мізге серт бердік. Алаштың ақтаң­дағын анықтайтын жеке институт құр­дық. Жоқшы жолына түстік. Инс­­­титуттың үлкен стратегиялық жос­парында ұлт баспасөзіне арнал­ған 100 томдық еңбек шығару, «Алаш­тың 100 оқулығын» оқырманға ұсыну, кем дегенде 100 қайраткердің шығар­ма­шылық мұрасын ғылыми айналымға енгізу міндеті тұр. Бұл мұралар жи­нақ­талып, қатарға қосылмайынша біз Алаштанудың келесі биігіне кө­теріле алмаймыз. Сөздің дәл мөр­тін­де астын сызып, маңыз беріп атап өт­кім келетіні –  Алаштану гумани­тар­лық ғылымның бір бұтағы ғана емес, ұлттық идеологияның тіні, мем­лекеттік стратегияның түпқа­зы­ғы. Елшілдікті, отан үшін жанпи­да­лық­ты көрсете алатын – осы Алаш жо­лы. Бұл құндылықты өзге ешкім­нен сатып та, көшіріп та ала алмай­мыз.  

– Қазан, Уфа, Петербор ар­хив­те­рі­не, құпия құжаттарға еркін қол жет­кізуге мүмкіндік бар ма? Әлде, әлі де ке­дергілер кездесе ме?

– Жасырмай айтсам, құжаттарға қол жеткізу уақыт озған сайын қиын­дай береді. Ең мамыражай уа­қыт тә­уел­сіздік алғаннан кейінгі онжыл­дық еді. Ол кезде көршілес елдердегі архивтен дерек іздеу оңай болатын. Қа­зір кедергі көп. Кейбір қорлар жа­былып қалған. Әлдеқандай құпия­ны қызғану, тіксіну бар. Саяси жағ­дай­ға байланысты Ресейде де құжат алу, дерек іздеу оңай болып тұрған жоқ. Қауіпсіздік қызметінен рұқсат алу, елшіліктен қатынас хат әкелу  сы­қылды әралуан оралғы, қолбай­лау­лар бар. Сондықтан зерттеуші ға­лымдар бұрынғыдан да ширақ қи­мылдап, уақыт озған сайын жоғала­тын дүниені игеріп, керекке жара­туы­мыз қажет. 

– Нұржан Сәдірбекұлы facebook әлеуметтік желіcінде «2023 жылы 25 тамызда шыққан Архив қорының құ­жат­тарын сақтау, қабылдау, есепке алу т.б. туралы қағидаға «1922-1945 жыл­дар аралығында жасалған аудио­визуалды құжаттарды жоюға рұқсат етіледі» деген бап енгізілгенін» жазып жа­тыр. Егер мұндай бап енгізілсе, біз ХХ ғасыр басындағы көп мұрағаттары­мыз­дан айрылып қалмаймыз ба?

– Ең дұрысы, құзырлы мекеменің мұн­дай бапты ұсынуында нендей не­гіз бар деген мәселені анықтап алып барып, пікір білдірген дұрыс еді. Алайда олардың уәжі бізге бел­гісіз. Бірақ қалай айтқанда да, «құ­жат­тарды жоюды» ақтап алуға бол­май­ды. Өз тұспалым, жою дегендегі түп мақсат әртүрлі көрсетінді, арыз-ша­ғым қазіргі қоғам наразылығын ту­дырады, қалыптасқан құндылыққа әсер етеді деген сыңаржақ тұжырым­нан туып отыр ма деймін. Менің пайы­мым – онда не сақталса да ол біз­дің тарих. Сол «жойылатын құ­жат­тар» өткеннен өнеге алып, бола­шақты болжау үшін керек. Ұлттың иммунитетін арттырып, сергек, сақ қимылдау үшін, тарихтағы қатені қай­таламау үшін керек! Бүлдіру, қи­рату, жою өркениетті елдің өрнегі емес.      

– Бұл экспедицияның ең үлкен жаңалығы қандай болды? Бұдан кейін­гі әрекеттер қалай өрбиді?

– 15 адам 3 топқа бөлініп, тиісті жұ­мыс кестемізге сай әрекет еттік. Бір топ Мәскеуге іргелес жатқан Хим­кидегі қорда ескі газет-журнал ті­гінділерін ақтарды. Оған дейін отан­дық қолжазбалар мен сирек қор­да не бар, не жоқ, қай басылым­ның қай нөмірі кем деген мәліметті жинақтағандықтан, Қазақстан қо­рын­да жоқ дүниені іздедік. «Бостан­дық туы», «Ауыл», «Сарыарқа», «Ауыл тілі», «Кедей сөзі» қатарлы басылым­да­рының бұрын табылмаған нөмір­лері анықталып, тұтас нөмірі сканер­лен­ді. Алда тапқанымызды өз кәде­міз­ге жаратудан тыс, отандық қорға да өткіземіз. Сонда отандық зерттеу­ші оны Мәскеуге бармай-ақ, елімізде отырып ақтара алады. 

Тағы бір топ әртүрлі қордағы каталогты түгел қарап, қазақ қа­ламгерлерінің кітаптарын жи­нақ­тады. Жалпы, 510 кітаптың шифры мен қосымша ақпараты алынып, 50-ге жуық кітаптың электронды нұс­қасы әзірленді. Бұл институттың Алаш кітапханасы сериясымен жа­рық көретін еңбектерінде кәдеге жа­райды. Сонымен бірге «Алаштың 100 оқулығы» жобасы аясында жа­рық­қа шығады.  

Келесі үшінші топ Қазан, Уфа, Петербор, Мәскеу қала­ла­рын­­дағы ГАРФ, РГАСПИ, СПбГИА, МГЦА, ГАМО, РГАНИ, РГАЛИ, РАТ, НАБ архив қорларымен нәти­желі жұмыс істеді. Жеке тұлғалардың ісі, суреттері алынды. Бұл ғылыми экс­педиция нәтижесінде Алаш арыс­тарының оқыған, қызмет еткен, жер­ленген т.б. жерлері анықталып, олар­ға ескерткіш тақта, белгітас ор­нату мәселесі пысықталды. Ғылыми кеңеске салып, оны институттың ке­лер жылғы жұмыс жоспарына ен­гіздік.  

Қорытындылай айтсам, ғылымда буын жалғастығы, сабақтастық аса  маңызды. Оның үстіне зерттеу ма­шық­пен, тәжірибемен, ыждағатпен қолға келетін шаруа. Бұл тұрғыда экс­педиция арқылы институты­мыз­дың жас зерттеушілері үлкен тәжіри­бе жинап, ғылыми шыңдалу мекте­бінен өтті. Алаштанудың айдыны ұл­ғайды деп есептеймін.  

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

 Гүлзина БЕКТАС