Адамзаттың уақытпен қарым-қатынасы туралы мәдениеттанушылар, антропологтар, әлеуметтанушылар мен философтар әлі күнге дейін кең ауқымды зерттеулер жүргізіп келеді.
Жылдам ба екен уақыт, баяу ма екен?
1,467
оқылды

Әдетте біз уақытты астрономиялық өлшеммен өлшейміз. Ғасыр, жыл, ай, күн, сағат және секунд деген сияқты. Өзіне тән өзгермейтін жылдамдығы және бар. Ғаламшарымыз немесе Күн жүйесі қаншалықта жылдам немесе баяу қозғалса да, Жер бетіндегі тіршілік иелері үшін физикалық тұрғыда уақыт бірдей өтеді.  Астрономиялық уақыт бәрімізге ортақ болғанымен, уақыт әр адамға әртүрлі әсер ететінін байқаған боларсыз?! Кейде желдей жүйіткіген уақыт, кейде бір орнында тоқтап қалғандай  өтпей қояды. Әлеуметтанушылардың пікірінше, біз әлеуметтік тәжірибелер мен оқиғалардың айналасында құрылған әлеуметтік уақытта өмір сүреміз. Ал оның есебі абстрактілі болып келеді. Дәуір, өмір, кезең деген тәрізді ұғымдар осы уақыт өлшемдеріне сай келмек. Ендеше әлеуметтік уақыт дегеніміз не?

Іңкәр сезім жүрегімізде алғаш бүрле­ген бозбала шақта: 

«Тағы да іңір келді, мұңымды ерте, 

Тағы да еске аламын гүлімді ерке.

Сағыныштың ішінде – шексіз уақыт, 

Сол шексіздік ішінде ғұмыр келте», – деп жырлаған екенбіз. 

Иә, бір-бірінен қашықта жүріп, сағы­ныш көрпесін жамылған ғашықтар үшін бір сәті – ғасырларға ұласқандай баяу өтсе, қуанышты сәттерін бірге бөліскен жандар үшін –  уақыт жарық жылдам­­­­дығындай сырғып өте шығады. Яғни,  уақыттың өтуі біздің оны қа­­лай өткізуімізге және оны қалай қабыл­­­­­дауымызға да байланысты. Шын мә­­­­­нінде, біздің көңіліміз көтеріңкі болған кезде уақыттың қалайша тез зымырап өтіп кеткенін байқамай қаламыз. Ал қиын сәттерде минуттар түгілі секунд­тардың өзі ауыр қозғалып, аяғын баспай­­тындай болып көрінеді. Мұндай мы­салдар жетер­лік.  Бұл мысалдарға тек – әлеуметтік уақыт деген ұғым ғана жауап бермек. 

Орта жастан асқан адамдарға уақыт неге жылдам өтеді?

Әлеуметтік уақыт – әлеуметтік ғы­­­лымдар мен философиядағы уақытты түсіну ұғымы. Бұл терминді 1937 жылы Ресейден АҚШ-қа қоныс аударған со­­­циолог Питирим Сорокин мен Колумбия университетінің профессоры Роберт Мертон ұсынған болатын. Бү­гінде олар­дың зерттеулері социология­­­ның класси­касына айналды.

Әлеуметтік уақыт астрономиялық уақыттан біраз ерекшеленеді. Ол оқи­­ғаның қанша уақытқа созылатынын емес, оның ұзақтығы қалай сезілетінін көрсетеді. Мысалы, бір жарым сағаттық лекция, банкте өз кезегіңізді немесе аял­­­­дамада сізге қажетті автбусты күт­у адам төзгісіз ұзақ болып көрінуі мүмкін, ал сүрген бар ғұмырымыз көзді ашып-жұмғанша өтіп кеткен сәттер се­­кілді болып көрінеді.

Әлеуметтік уақыт адамның «жеке» уа­қытын көрсетеді. Сонымен қатар уа­қыт туралы түсінік жас бойынша да өз­геріп отырады. Мәселен, балалар құ­былыстарға көп мән бере бермейді. Өйт­кені олардың мына әлем туралы танымы аз. Мәселен, 5 жасар бала үшін 1 жыл өте көп уақыт, өйткені ол оның өмірінің 20 пайызы деп есептейді. Ал 50 жастағы адам үшін бір жыл түк емес, өйткені бұл оның өміріндегі уақыттың 2 пайызы ғана. Оның үстіне баланың алаңсыз өмір кешетінін, ал өзіңіздің күйбең тіршіліктің қамымен жүреті­­­ніңізді тағы ескеру керек. Баланың еш­­­қан­­дай міндеті жоқ, ол таңнан кешке дейін ойнап, ұнатқан тағамын жеп жүре береді. Ал сіз таңның атысынан күннің батысына дейін көптеген шаруаны бі­­тіруіңіз қажет. Істейтін шаруа тым көп болғандықтан, сізге ылғи да уақыт жетпейді. Бұл уақыттың не себепті жыл­­­­дам өтетінін түсіндіретін қарапайым мысал.

2005 жылы Марк Виттманн мен Сандра Ленхофф есімді америкалық психологтар 14 жас пен 94 жас аралы­ғындағы 499 адамның арасында уақыт қаншалықты тез немесе баяу өтуде деген сауалнама жүргізген. Сұрауға қатысушылардың басым бөлігі уақыттың аса тез өтіп жат­қанын атап көрсетеді. Алайда, жасы келген қарт адамдар уақыттың көз ілес­пес жылдам­дықпен тез өтіп кеткенін айтса, жасы 40-қа таяп қалғандар ойлана келе, бала кездерінде уақыттың өтіп бол­мағанын, алайда одан кейін жасөспірім шаққа келгенде, уақыттың тез сырғып, ересек өмірге қалай қадам басқандарын байқамай қалғандарын айтады. Пси­­хологтар қарт­тыққа аяқ басқан­дардың өмір тез өтіп кетті деуінде мән бар екенін айтады. Адам­дар оқиғаға екі түрлі көз­қараста баға бере­ді. Перспективті, яғни оқиға әлі жал­ғасып жатқан кезеңде баға­лау және рет­роспективті, оқиға аяқ­тал­­ғаннан кейін оған баға беру. Бұл жағдайда оқиға деп отырғанымыз – біздің сүріп жатқан өміріміз. 

Калифорния университетіндегі пси­­хология докторы Джеймс Бродуэй мен оның шәкірті Бритни Сандовал жас ұл­­ғайған сайын уақыттың зымырауын ке­­лесідей түсіндіреді. Уақыттың өтуіне адам­дар екі тұрғыдан баға бере алады. Егер біз оқиғаның қақ ортасында тұрсақ, біз оның уақыттық ұзақтығына перспек­тивалық баға береміз. Ал егер оқиға өтіп кетіп, оның қанша уақытқа созылғанын кейіннен еске алсақ, біз оған ретрос­пек­тивалық баға береміз. Сонымен қатар алған әсеріміз бен жасаған әрекеттеріміз де уақытты қабылдауға әсер етеді екен. Ғалымдардың айтуынша, көңіл күйіміз көтеріңкі кезде уақыт зулап шығады. Алайда біз сол кезді кейіннен еске алсақ, сол бір сәт ұзаққа созылғандай көрінеді. Яғни, перспективалық тұрғыда «қысқа» сәт ретроспективалық тұрғыда «ұзақ» болып қабылданады.

Сонымен қатар ретроспективті көз­қарас белгілі бір уақыт аралығында жа­­салған жаңа естеліктермен өлшенеді. Де­малыс күндері біз неғұрлым көп есте­ліктерге мүмкіндік береміз, соғұрлым уақыт баяу өтеді. Мұны ғалым Хаммонд «мерекелік парадокс» (holiday paradox) деп атады. Балалық шақтан ересек шаққа аяқ басқанға дейін сан алуан естеліктер мен тың сезімдерді бастан кешеміз. Ал  есейген шақта біздің санамыз таңғалдыра алатын, таныс емес сәттерді кездестіру мүмкіндігі төмендейді. Сондықтан адам­ның алғашқы жылдары ұзағырақ өткен­дей сезім тудырады. 

Әлеуметтік уақыттың бір мысалы – «апта» сияқты құрылым. Адамзат ежелгі римдіктерден классикалық жеті күндік аптаны алғаны мәлім. Ал ежелгі майялар 13 күндік аптаны пайдаланған болатын, француз революциясынан кейін 10 күн­­­дік апта енгізілсе, ал 1931 жылы Халық Комиссарлар Кеңесі КСРО алты күндік апталықты енгізуді ұсынған еді. Бұл мысал бұл әлеуметтік уақыттың  қанша­лықты өзгермелі екенін көрсетеді.  

Қоғам неғұрлым жылдам өзгерсе...

Ал енді әлеуметтік уақыттың жыл­дам­дығы неге артып жатыр? Осыған кел­сек. Бұрынғы уақытта әлеуметтік құры­лым мен өмір салтындағы өзгерістер баяу жүруші еді. Ортағасырлық адамдар бір патшаның қол астында туып, сол патшаның тұсында өлуі мүмкін. Ол уа­қытта ақпарат та аз болғандықтан уақыт баяу өтетіндей қабылданатын.  Ал дамы­ған елдің заманауи азаматы бір пре­­зи­­денттің кезінде дүниеге келсе, екінші президенттің тұсында мектепте оқып, үшінші президент кезінде отбасын құ­рып жатуы ғажап емес. Бұл уақыт жыл­дам өтіп жатқандай әсер қал­дырады. 

Массачусетс технологиялық уни­верситетінің профессоры Дуглас Роберт­сон адамның орта есеппен өндіретін ақпарат көлемін есептеп көрмек болады. Ол адамдардың тілдесе бастаған кезінен бастап, интернет пайда болғанға дейінгі кезеңді алады. Нәтижесінде, бастапқы кезде әлгі көлем 107-109 битке тең болса, ал диджитал дәуірде оның көлемі 1025 битке жеткен. Робертсон бұл зерттеуін сонау 1990 жылы жарияланған. Одан бері 30 жыл өткенін ескерсек, ақпарат көлемі одан бірнеше есе өскені анық. 

Ғаламға технологияның бір жаңа­­­лы-ғы – ғаламтор келгелі адамзаттың өмірі де күрт өзгерді деуге болады. Ин­тернеттің пай­­да болуы адамзатқа Төр­­­тінші ин­дустрия­лық революция кезеңіне өтуге мүмкіндік берді. Ин­­тернеттің тара­лу қарқыны да өте жылдам болды. Мы­салы, 50 миллиондық ауди­торияны қамту үшін радиоға 30 жыл, теледидарға 13 жыл қажет болса, ал интернетке тек 4 жыл жеткілікті болды. 

Әлеуметтік уақыттың жеделдеуі қа­зіргі заманның бір парадоксын тудырып отыр. Қоғам мен технологияның дамуы теориялық тұрғыдан біз үшін көптеген жұмысы­мызды жеңілдетіп,  уақыты­­­мыздың біраз бөлігін үнемдеуі керек еді. Дегенмен ақ­параттың шектен тыс көбеюі де біздің уақытымыздың жылдамдауына алып келді. Мұнда ақпарат­тық ағымның рөлі ерекше.  Сыртқы әлем­нен келетін ақ­параттардың көпшілігі біз үшін маңыз­­­ды емес болғанымен ми оларды сүзіп, сарап­тауға  мәжбүр болады. Сонымен қатар технологияның  дамуы ақпараттың тезірек берілуіне, адамның ұзақ қашықтықты еңсеруіне, электр қуа­ты­ның арқасында күн­дізгі уақыттың ұза­ғырақ болуына әке­леді. Оқиғалар не­­­ғұрлым көп болса, адам миына соғұр­­­лым көп ақпарат түседі, нә­тижесінде оған жүктеме артады.

Ресейлік «Менің балаларым қайда» (Где мои дети?) қосымшасы балалар арасында зерттеу жүргізіп, балалардың танымал және жиі қолданатын қосымша­­­ларын егжей-тегжейлі талдаған екен. Зерттеу 2023 жылдың мамыр айында Ресей, Қазақстан, Украина және Бе­ла­русь елдерінен келген 440 мыңнан астам баланың телефонындағы қосым­­шаларды қолдану статистикасы арқылы жүргі­­­зілген. Зерттеу нәтижесі бойынша  бала­лар­дың орта есеппен күніне шама­­мен 4,5-5 сағатын телефонға жұмсай­­тыны анықталған. Әрбір бірінші бала YouTube және TikTok-ты пайдаланған.  Еліміздегі статистика мәліметіне сүйен­­сек, 6-15 жас­­тағы балалардың 85%-ы, 16-74 жас аралығындағы адамдардың 89%-ы интернетте отыратыны анық­тал­ған. Бұл дегеніміз, біздің алтын уақы­­т­­тарымыз бос ақпараттармен алда­нып жатыр деген сөз. Шексіз ақпаратпен қатар, интернет әлеуметтік желі мен оған деген тәуел­ді­­лікті әкелді. Әлеуметтік желідегі жаңа­лықтар көп болғанымен, ондағы сіздің әрекетіңіз күнделікті қай­­тала­­натындар­дың санатына жатады, сол себепті біз оған жұмсалған уақытты аң­ғармаймыз, миымыз оны жаңа тә­жірибе деп тірке­­­мейді. Нәтижесінде, әлеуметтік желіге тәуелді болып, уақытымыз тағы қыс­­қарады.

Физикалық уақыт шынымен қысқаруда ма?

Ғылыми тұрғыда уақыт – тұрақты өл­шем емес, ол тартылыс күшіне және дененің жылдамдығына байланысты ауытқуы мүмкін. Тартылыс күші не­­­ғұр­­лым жоғары болса, уақыт соғұрлым баяу өтеді. Мәселен, Жер беті мен оның орбитасындағы тартылыс күші әртүрлі болғандықтан ғарыш аппараттарындағы сағаттың тілі ылғи алға кетіп отырады. Физика әлемінде кеңінен танымал Қара құрдымда тартылыс күшінің жоғары бол­­ғаны сонша, жарық сәулелері ол жер­ден шыға алмай, уақыт тоқтап қалады. 

Физикада «уақыттың тоқтауы» деген теория да бар. Сіз тез қозғалсаңыз, қор­шаған ортамен салыстырғанда уақыт баяу өтетін тәрізді. Мысалы, машинада жоғары жылдамдықпен бір сағат жүр­сеңіз, уақыт  компьютер алдында бір сағат отырғаннан қарағанда баяуырақ өтеді. Әрине, қосымша нано­секунд­тардың сіздің өміріңізге әсер етуі шамалы болуы мүмкін. Алайда бұл – факт.

Атақты физик Альберт Эйнштейн өзінің «Салыстырмалық теориясында» кеңістік пен уақыт арасында байланыс бар екенін айтады. Кеңістіктің алға-артқа, жоғары-төмен, оңға-солға дейтін үш өлшемі болса, Эйнштейн уақытты төртінші өлшем ретінде қарастыруды ұсынады. Осылайша кеңістік-уақыттық континиум пайда болады. Егер сіз өте жоғары жылдамдықпен қозғалатын болсаңыз, сіздің кеңістік пен уақытты сезінуіңіз Жердегі адамға қарағанда басқаша болады. Жылдамдық неғұрлым жоғары болса, уақыт соғұрлым баяу өтеді. 

Біле білсеңіз, әлемде жердің ай­на­луын зерттеумен айналысатын Ха­­лық­­аралық Жер қозғалысы қызметі (IERS)  бар. Міне, осы мекеме 2020жылы біздің Жер ғаламшарымыз өз айналуына сәл-пәл қарқын қосқанын мәлімдеген бо­латын. Жердің жылдам­­­­дығының ар­туының салдарынан жер бе­тін­дегі күн­дізгі уақыт 0,5 секундқа қысқара түс­кен. 

Осыдан 440 миллион жыл бұрын жер­дің күнді бір мәрте айналып шығуына бақандай 412 күн кететін болған. Яғни біздің қазіргі жыл санауымызға салып са­лыстырар болсақ, бұл бір жылда 412 күн болды деген сөз. Осыдан 370 мил­лион жыл бұрын жер күнді 398 күн­де айналған. Егер жер мен айдың арасындағы қашық­тықтың қысқарма­ғанын ескерсек, ендеше бұл жердің күнді айналу жылдамдығының артып келе жат­қа­нын аңғартатын ақиқат. Осы­­лай­ша, қысқара келе, біздің алды­мыз­дағы 65 миллион жыл бұрын жердің қарқын қосқаны соншалық, Күнді айналуға жұмсалатын уақыт үш жүз жетпіс алты күнге дейін қысқарды. Ал қазір енді жер­дің күн жүйесін қанша уақытта айнала­тынын өздеріңіз де біле­сіздер. Бір жылда 365 күн бар деп есептеледі. Алай­да, 2020 жыл ғалым­дардың есеп­теулеріне күт­пе­ген жерден өзгеріс енгізген жыл болды. Жердің өз осінде айналу жылдам­дығының артқанына дәлел – 2020 жыл­дың 19 шілдесі әдеттегі тәулік­тік мер­зімнен 1,4602 миллисекундқа қысқарақ аяқталған.  Айта кетуіміз керек, атом са­ғаты ойлап табылған уақыттан бастап жер бетіндегі уақыт миллисекундпен өл­шене бастады. 

Ғылыми негіздемеге сүйенсек, Жер­дің қоз­ғалу жылдамдығына Айдың тарты­лы­сы, жыл сайын жер бетіндегі атмосфера қабатына түсетін жауын-ша­шын­, сондай-ақ, тау жыныстарының мүжілуі, мұз­дықтардың жиналуы секілді табиғи құ­былыстар да ықпал етеді екен-мыс. 

Жалпы 1962 жылдан бері уақыт атом сағатының көмегімен есептеле бастаған кезден бастап тәуліктің әдеттегі өлшем­нен қысқа болуы – бұрын-соңды байқал­маған құбылыс. Алайда геофизиктер Жердің қозғалысына аз-аздап қарқын қосуы сонау 2016 жылдардан бастал­ғанын айтады. 

 

ТҮЙІН:

«Уақытты тоқтатар шамаң бар ма? Бәрі өтеді адамдар, замандар да» деген Мұқағали ақынның өлең шумақтары мысал еткендей, біздің әміріміз уақытқа жүрмейді. Дегенмен, біз оны тиімді пай­далана аламыз. Ақпараттар ағыны толас­сыз жүйткіген жаһанданған дәуірде біз­дің миымызда бос орын қалмай ба­рады. Ал миымыз ақпаратты көбірек сіңірген сайын дәл қазіргі сәттің бақы­тын сезіне бермейміз. Джон Рокфел­лердің «Арзан әңгімеге құмар адам қымбат уақытын жоғалтады» деген сөзі бар. Ендеше қым­бат уақытымызды тек қымбат естелік­терге арнайық. 

Наурызбек САРША