Соның бірі – еліміздегі екінші деңгейлі банктердің бизнесті несиелендіруде бейқамдық танытуы. Сарапшылардың пікірінше, қаржы реттеушісі алдағы уақытта салада елеулі өзгерістер әкелетін шараларды жүзеге асыру арқылы сектордағы алаяқтық пен сапасыз басқарудың алдына алу тұрғысында жұмыстар атқаруда.
Нақты секторға берілетін кредит азайып жатқанда банктер тұтыну несиесімен әуестеніп кеткенін айтқан Президент Қ.Тоқаев қаржы жүйесіндегі төнетін сын-қатерлердің көбеюіне және азаматтардың шектен тыс қарызға батуына себепкер болуы мүмкін екен айтты. «Корпоративті салаға берілетін несиенің жеткіліксіздік мәселесін шешу керек. Экономикаға ақша керек. Былтыр банктердің таза пайдасы бір жарым триллион теңгеге жуықтады. Ал осы жылдың бірінші жартысында – бір триллион теңгеден асып кетті. Банктер тиімді жұмыс істегеннің арқасында емес, негізінен Ұлттық банк инфляциямен күресу үшін базалық мөлшерлемені жоғары деңгейде ұстап тұрғандықтан, осындай мол пайдаға кенелді. Үкімет пен Парламенттің бұл пайданы мемлекет мүддесін ескере отырып, неғұрлым әділ бөлу мүмкіндігін қарастырғаны жөн. Қаржы ұйымдарының салық салынбайтын мемлекеттік құнды қағаздарды сатып алудан түскен орасан зор табысына қатысты да сұрақтар бар. Мұнда қисын да, мемлекеттік ұстаным да жоқ. Үкімет ешбір ақылға сыймайтын осы мәселені анықтап жатыр», – деді Мемлекет басшысы.
Сарапшылардың пікірінше, бизнесті несилендіру мемлекеттік құнды қағаздар нарығында табыс табудан әлдеқайда тиімдірек болатындай жағдай жасалғанда ғана ахуал түзелмек.
– Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне төрағалық етіп отырған Мәдина Ерасылқызы алдағы уақытта мемлекеттік құнды қағаздар бойынша операциялар есебінен түскен шектен тыс пайдаға салық салу туралы өзгерістер енгізіліп жатқанын айтқан болатын, – дейді экономист Расул Рысмамбетов. – Мұның іс-жүзінде қалай жүзеге асырылады, әрине әзірге нақты белгілі емес. Дегенмен мемлекет екінші деңгейлі банктер үшін бизнесті несилендіру мемлекеттік құнды қағаздар нарығында табыс табудан әлдеқайда тиімдірек ету жолында көптеген шараны жүзеге асырады деген ойдамын. Мұндай шаралардың қатарында жоғарыда айтып өткен салықтан бөлек, банк капиталына қатысты, мәселен «бір банк белгілі бір мөлшерден артық құнды қағаздар сатып ала алмайды» деген секілді шектеулер болуы мүмкін.
Сонымен бірге Президент Үкіметке және қаржы саласын реттейтін мекемелерге бір жылдың ішінде банктерді корпоративті несие беру ісіне белсене қатысуға, яғни кәсіпкерлерді қолдауға ынталандыру бағытында нақты шешімдер ұсынуды тапсырды. Қазақстандағы 21 банктің ішінен бірнеше ірі банктер ғана корпоративті секторға несие берумен, яғни экономикалық жобаларды қаржыландырумен айналысатыны да Мемлекет басшысының назарынан тыс қалмады. Сондықтан осы саладағы бәсекені арттыру үшін елімізге шетелден сенімді үш банк тартылуы мүмкін екенін атап өтті.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, заңды тұлғаларға берілген кредиттер ірі бизнес субъектілеріне кредиттердің азаюы нәтижесінде 2023 жылғы шілдеде 1,7 пайызға, яғни 8,6 трлн теңгеге дейін азайды. Жыл басынан бері 0,4 пайызға төмендеген.
«Дара кәсіпкерлерді қоса алғанда, бизнес субъектілеріне берілген жиынтық кредиттер 2023 жылғы шілдеде 1,1%-ға 9,9 трлн теңгеге, ШОБ субъектілеріне қарыздар 0,02%-ға 6,4 трлн теңгеге, ірі бизнеске берілген қарыздар 3,0%-ға 3,5 трлн теңгеге дейін азайды» делінген агенттік хабарламасында.
Дегенмен 2023 жылғы шілдеде бизнес субъектілеріне 1 073 млрд теңге сомаға жаңа қарыздар берілгенін көреміз. Биылғы жылғы 7 айда бизнес субъектілеріне 7 908 млрд теңге қарыз берілген, бұл 2022 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 15,7%-ға артық.
Десе де, банк – бұл қаржылық делдал есебінде қызмет атқаратын мекеме. Біздің елде жұмыс істейтін банктер қазақстандық азаматтардың қаражаты есебінен қазақстандық бизнесті қаржыландырады. Сондықтан сарапшылар шетелдік банктер келіп отандық бизнеске инвестиция жасайды деген қате түсінік қалыптаспауы қажеттігіне назар аудартып отыр.
– Себебі банк инвестор емес, мұндай қаржылық ұйымдар делдалдық қызмет ету арқылы табыс тауып отыр. Сондықтан бізге Шығыс Еуропалық немесе Араб елдерінің банктері келеді деген ойдамын. Одан бөлек, тағы да ескеретін бір жайт – бізде банк сатып алғысы келетін басқа да қазақстандық инвесторлар бар. Бірақ оларға лицензия алу жағынан көптеген қиындық туындауы мүмкін. Бұл азаматтарды да осы мәселе толғандырып жүр деп ойлаймын. Одан бөлек, бізде лицензия алуды жоспарлап отырған микроқаржылық ұйымдар да бар, – дейді Р.Рысмамбетов.
Осыған дейін Парламент кулуарында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова «қазақстандық банктер нарықта жаңа шетелдік ойыншылар пайда болған кезде бәсекелестікке төтеп береді» деп өз пікірімен бөліскен болатын. Агенттік төрағасы бұл тұрғыда отандық банктердің қаржылық қызметтерді цифрландыруы тұрғысынан көптеген елмен салыстырғанда озық екенін алға тартқан. Расымен, қазір еліміздегі екінші деңгейлі банктердің көпшілігі өз тұтынушыларына мобильді қосымшалар арқылы қызмет көрсетеді. Тіпті, соңғы кезде кеңсеге бармай-ақ несиеге немесе өзге де қызмет түрлеріне өтініш бере аласыз. Сондай-ақ Мәдина Ерасылқызы екінші деңгейлі банктердегі корпоративтік басқару деңгейінің қажетті стандарттарға сай болуы өте маңызды екенін атап өткен. Сарапшылардың пікірінше, барлық мәселе басқару мен ұзақмерзімді стратегиялық міндеттер қоюға келіп тіреледі. Қаржы реттеушісінің төрағасы нарықта шағын және орта бизнесті несиелендіру бойынша банктер арасында бәсекелестік болуы тиіс екенін түсіндіреді. Агенттік төрағасы жаңа банк келсе де, ол базалық мөлшерлемеге, экономикадағы ақшаның құнына бағдарланатын баса назар аудартты.Сол себепті шетелдік банктің келіп, басқа мөлшерлеме бойынша ресурстар ұсынады деп күте алмаймыз.
Сондай-ақ сарапшылар еліміздегі екінші деңгейлі банктердің баласында жинақталған проблемалық активтердің қызметіне қатысты да өз ойымен бөлісті.
«Президент 2,3 трлн теңге деп банктердің проблемалық активтерін айтты деп ойлаймын. Қазір оның жалпы мөлшері 5 млрд АҚШ долларына жуықтайды. Біздің мемлекеттік мекемелер халықаралық ұйымдармен бірлесіп проблемалық активтерді сататын электронды платформа жасау туралы мәселе қаралып жатыр. Бір жылдан бері талқыланып келе жатқан бұл мәселе ендігі жылдам шешімін табады деген ойдамын. Өйткені осыған дейін де көптеген жұмыс атқарылды және заңнама да әзірлену үстінде. Кейбір проблемалық активтер 5-6 жылдан астам уақыт бойы банк балансында болатындықтан, қаржылық ұйымға үлкен салмақ салады. Сондықтан бір жыл банк балансында жатқан активтердің айналымын жеделдету қажет. Бірақ оған аталмыш активтерге иелік ететін азаматтар қарсы болуы мүмкін. Осындай жайттың барлығы заңнамада толық қарастырылуы қажет, – дейді Р.Рысмамбетов.
Президент Жолдауында айтылған өзекті мәселелер шешімін тапса, қаржылық секторда кездесетін заңсыздықтарға тосқауыл қойылуы бек мүмкін. Бірақ сарапшы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ол қылмыстық қудалаумен айналыспайтынын, яғни агенттік қызметтерінің аясы шектеулі екенін ұмытпаған абзал деген пікірде.
– Сондықтан қаржылық спекуляцияларға дер кезінде жауап беріп әсер ете алатындай Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі және Қаржылық мониторинг агенттігі арасында үнемі біргелікте жұмыс істейтін бір комиссия құрылғаны абзал шығар. Әсіресе, алаяқтар мен қаржылық пирамидаларға қарсы жұмыс істейтін мұндай ұйым қажет-ақ. Өйткені соңғы жылдары елімізден 100 млн АҚШ долларына жуық қаражат осы тектес ұйымдар арқылы шетелге кетті. Бүгінде отандық банктер экономикамызға жұмыс істеуге әрине мүдделі, Тек олар үшін жобаның табысты болғаны аса маңызды. Себебі банк салымшылардың қаражатын сақтап әрі сол арқылы табыс табуды көздейтін мекеме болғандықтан инвестордың рөлін атқара алмайды, – дейді.
Сонымен қатар сарапшылар корпоративтік қарыз алушылар тарапынан кепілдіктер базасын нығайту қажеттігін атап өтті. Бұл ретте мемлекет кәсіпкерлерге жер қойнауын пайдалану құқығы, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді кедергісіз кепілге қою туралы мүмкіндіктерді қарастыру қажет. Бұл ұсыныстар негізінде қазір заңнамалық актілерге белгілі бір түзетулер енгізілмек. Сәтті жүзеге асырылса, несие алу үшін үлкен кепіл базасын пайдалануға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, бұл да бизнесті несиелендіруді жеңілдетудің бір тетігі болмақ.
Кәмила ЕРКІН