Ұлт мәдениеті мен руханияты тарихында қазақтың дарабоз архивариусы (мұрағат қызметкері), деректанушы, тұлғатанушы, жазушы, драмашы, киносценарийші Амантай Сатаевтың (1933-2003) қаламынан «Ақын ізі», «Тұңғиықтағы тұнықтар» (2004), «Замана әпсаналары» (2006), «Алаштың асылдары» (2008), «Төл тарихымыздың тұнығынан» (2009), «В лебедей не стреляют» (2011), «Бәрі де көңілімде, көз алдымда» (2012), «Тарих қойнауын ақтарған» (2018) атты танымдық-тарихи әдеби-мәдени құндылықтары өлшеусіз салиқалы еңбектер туындаған.
Мұның баршасы тиянақты, байсалды, сарабдал зерттеушінің ерен еңбекшілдігінің, білімділігінің, ақыл-ойының, зерде-зейінінің ұшқырлығының кепілі. Ол мыңжылдықтар еншісіндегі тарихи-шежірелік деректерді, көнеліктерді, мәліметтерді ақыл таразысында жөнімен-ретімен салмақтап-саралап, тірілтіп сөйлетеді, түсіндіреді. Оның басты қағидаты – тарихи сабақтастық, дәстүр жалғастығы, мәңгілік қасиетті құндылықтар мен әпсаналар әлемі, Тұран тарихының беймәлім сәулелі ұшқындары, көркем куәліктері, көріністері.
Ұлт тәуелсіздігі мен еркіндігі арқасында дәстүрлі түркілік, діни-философиялық, тарихи-тәжірибелік, мәдени-дүниетанымдық, ділдік-тілдік құндылықтар әлемі мейлінше жан-жақты, терең зерделенетіні хақ. Бұл орайда Ұлы далада ұлттың шығармашылық даналығын, сұлулыққа, көркемдікке деген талғам-танымын дәлелдейтін рухани-заттық мәдениеттің төлтума ескерткіштері, небір таңғажайып озық үлгілері туындағаны аян. Ал замана толғатып тудырған болмысы бөлек, тұлғасы ерек, жаратылысы бөлек тарихи қайраткерлер тағдыры ше?!
«Тұңғиықтағы тұнықтар» дейтін кітабында (Астана, «Елорда», 2004) Батыс ғұн империясының билеушісі, «Құдіреттің қамшысы» атанған атақты қолбасшы Аттила, халқымыздың қорған-қамалындай Абылай хан, Қанжығалы қарт Бөгенбай, Нияз батыр, ақыл-ойдың орманындай Төле би, ғұлама Шоқан, Алаштың ар-ұятындай Мұстафа Шоқай турасында бірде тарихи трактат, бірде көркем шығарма, бірде эссе сипатында көсілте келісті баяндайды. Және де байырғы жер-су, адам аттарына, көшпелілердің дәстүрлі дүниетанымындағы кейбір негізгі, елеулі-бейнелі ұғымдарына да сипаттама беріп отырады. Сөйтіп, тарихи жадымызды, қиял кеңістігін жаңғыртып жаңартады, түп-тұқиянымыздың жұмбақ әлеміндегі жаңалықты құбылыстарға бойлатады, ойлантады, рухани тұрғыдан тазартады.
Сонымен бірге өзіндік болжам-байламдарын, түйінді ой-түйіндеулерін, тарихи деректердің шынайылығын палеография, археология, археография, топонимика, этнология мысалдарымен дәйектеп отыратыны тағы бар.
Оның «Аттила-Оттылы» зерттемесінде «жаланы мол арқалаған жиһангердің» өмір тарихын, ататегін, адамгершілік мәдениетін, ой-парасатын, әскери және мемлекетті басқару өнерін, көшпенділердің өркениетке қосқан үлесін (үзеңгі мен тағаны әшекейлі, нақышты ағаш архитектурасын Еуропаға арғу ғұндар апарғанын) нақ-нағымен шебер сөйлетіп, жұтынтып жеткізеді.
Зерттеушінің көрсетуінше, Аттиланың (Еділ, Оттылы) әуелгі есімі – Қонжық, әкесінің аты – Тарты, атасы – аю-Монжық. Қонжыққа ұсталық өнер қонған, «ошағынан, көрігінен күні-түні отты үзбегені үшін Оттылы атанған». Ата-бабамыздың «Ошағыңның оты сөнбесін!» деген қасиетті өсиеті бар. Ендеше осылайша жорамалдап ойлаудың қисыны бар.
Ғұн түркілерінің ішінде Еуропа елдеріне ат басын тіреген бұлардың ағайындары Баламір, Қодан, Ұлдостар болыпты. Ел көрсін, жер танысын, қанатын қақсын, асқар биікке қырандай шарықтасын, ақыл-ойы толыссын деген ізгі мақсатпен атасы Монжық Оттылыны Батыс Рим империясының императоры Гонорийдің қолына «аманатқа» аттандырған. «Мың шақырымдық жол бір адымнан басталады» дегендей, алтын жалды арғымақ мінген, қарына алмас семсер ілген ұлы қолбасшының даңқы осылай өріліпті-ау!
Автор ғұн көсемі Аттила тұлғасы жайында Еуропа тарихнамасында қайшылықты, кереғар шығармалар мол екенін ескертеді. Әсіресе, Иордан секілді сыңар езу, көрсоқыр, көзқаман нотариус – көшірмешілер Максимин, сенатор, Аристократ, Присктердің естелік-жазбаларының түпнұсқасын жойып жіберген де, өздеріне керектісін ғана теріп алғанын, ала-құлалық жасағанын әділ көрсетеді.
Француз ғалымы, философ Жан Жак Руссоның:
«Әділетті Аттиланы қанішер деп бүкіл әлемге жалған сөз тарата, көпе-көрінеу бұра сөйлеп, жала жапқан тағы кім?» Немесе Александр Дюманың: «Құдіретті тәңірім, мені әрқашан қолтығымнан демеп, әр кез алға жетелейді деген екен Аттила» деген ой-пікірлерін орынды келтіреді.
Адамзат тарихында Аттиланың жөні бөлек. Ол неміс тарихында ғұн көсемі ретінде айқындалған. Этцель деген нәммен айтылған, яғни «көсем» деген мағынада. Батыс Ғұн империясының астанасы Этцельбург болғаны белгілі. Аттиланың ғажайып семсері де аңыздай сипатталған. Бұл – Нибелунг дастандарында, Скандинавия сагаларында көрініс тапқан. А.Сатаевтың жазуынша, Аттиланың ел басқару салт-дәстүрі сонау Тұран өркениетінен, Геродот тарихында есімі жазылған Ғұмыр, Сақ тайпаларының патшасы, Анахарсистің туысы Иданфирс, Афрасиаб бабаларынан бастау алады екен. Аттила – намысты, арлы, әділетті қолбасшы. Ол – «христиан дінінің қаз тұрып, бұғанасы қатуына көп септігін тигізген қайраткер. Ұлы жиһангер христиан дінінің үлкен ұясы бола бастаған екі шаһар Константинополь мен Римді жаулап алудан бас тартқан. Оның бұл мейірбан ісіне сол заманның ұрым- жоран қайраткерлері таңырқай қараған» (31-бет).
Сурет өнерінің асқан шеберлері Рафаэль мен Делакруа өздерінің капеллаларға салған суреттерінде Аттиланы маңдайының жұлдызы бар сымбатты ақбақай аттың үстінде бейнелеген.
Сыншылдық көзқарасты шығармашылық еңбегінде бекем ұстанған А.Сатаев ұлы жиһангер туралы жазылған көл-көсір шығармаларды ақыл-ой елегінен өткізіп саралайды. Мысалы, әлем драматургиясының алыбы Шекспирдің «Отеллосы» Аттиланың жаңғырығы іспетті дейді. Орыс қаламгерлері Зинаида Шаховская мен Евгений Замятин Еуропа архивтері мен кітапханаларындағы ұшан-теңіз құжаттарды іріктеп-сұрыптап, айтулы қолбасшының айбынды тұлғасы жөнінде дұрыс тұжырымдар жасағанын айрықша айтады. Ғұн патшасы Аттиланың өмірбаяны мен жорықтары әлемдік әдебиетте, нақтылы келгенде, драматургия жанрында қыруар туындылар дүниеге келгенін тарихшы Самат Өтенияздың «Аттила» еңбегінде тәптіштей талданғанын атап өтеді.
А.Сатаев топонимдік атауларға, этнонимдерге ой жарығын түсіріп, өзіндік пайымдаулар жасайды. Мысалы, арғу ұлысының көсемі, ғұн тайпаларының жетекшісі Қодан біздің заманымыздың IV ғасырында Батыс Еуропа мен Тұран елін байланыстырыпты. Қатун өзені де Қодан есімімен төркіндестігін дәлелдейді. Бұл орайда этнонимнен топонимге ауысқан.
Қазақ фольклоры мен ауыз әдебиетінде Қодан есімі мол ұшырасатынын және де Мәшһүр Жүсіптің «Біздердің түп атамыз – ақын Қодан» деген пікірін келтіреді. «Англосакс, исланд аңыз-ертегілерінде Қодан есімі Кэдман болып өзгеріп, діни сипатта бейнеленеді», – деп жазады. Бұл Еуропа дүниесінде Данцинг, одан Гданск болып өзгергенін бұрынды-сонды тарихшылар пікір туындатқанын айтып өтеді.
Мажарстанның ежелгі атауы Паннония – Хунгария екенін көруге болады. Каталаун «құтты алаң», «ғұн» этнонимі «бір орнында тұрмайтын тынымсыз салт атты», «Баламір» «мірдің оғы», «мансап», «шен», «билік» дейтін мағынаны айқындайды деп түйіндейді. Әрине, ойды ой тудырады. Белгілі бір құбылыстардың мәнін, тек-төркінін тануға себепкер ой-болжамдар деуге де болады. Заман көші қанша алға озса да адамзат зердесіндегі ойлар, пікірлер, идеялар, жырлар өшпейді екен-ау! «Менің әкемнің ағасы Абақан Сатаев – деп жазады Амантай Сатаев – 1936 жылы Степняк қаласында Мағжан Жұмабаевпен дастарқандас болғаны үшін абақтыға қамалып, екі жыл түрмеде отырып шыққан». Содан не керек, Абақан жинаған материалдардың ішінен «Арғу-ғұндардың әйелдері шырқаған әндердің жорамал мәтіні» табылған.
Архивтанушы Амантай Сатаевтың көрсетуінше, замана зиялысы Абақан Сатаев Степняк қаласындағы орта мектептің директоры болған. Және де Тұран өркениеті, Ғұн заманы, Күншығыс елі, Алаш идеясының жалынды жаршысы Мағжан Жұмабаевпен 1936 жылы Степнякта мәжілістес болғандықтан, екі жыл қамауда отырған. Ол Семей мен Қызылжарда ауылшаруашылық артелдерін ұйымдастырған.
Сатай бабаның өзі өрі-қыры бірдей дәулетті және ақмолалық көпес Купринге үлескер болған.
Ғұн заманының ескілікті жырларының асыл жұрнағы ХХ ғасырға да келіп жеткен. ХХ ғасырда Алаш қайраткерлері Смағұл Садуақасұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мұхтар Әуезов, Әбікей, Ғазиз және Қаныш Сәтбаевтар, Әлкей Марғұлан сияқты саңлақтардың мұраттасы, тілеушісі Абақан Сатаевтың (Амантай Сатаевтың әкесінің ағасы) жиған-терген қолжазбаларының арасынан «Арғу-ғұндардың әйелдері шырқаған әндердің жорамал мәтіні» дейтін парақтарда мынадай сыры да, жұмбағы да терең:
«Қарағым-ау! Қарағым-ау!
Жолыңа шығып, алдың тосып,
Маңайымнан айнала өтіп,
Ақ шекемнен күн көлегейлеп,
Айналама қарадым-ау!
Қалқам-ай! Қалқам-ай! Ай қалқам!
Ақылыңа сымбат-көркің сай қалқам!
Алтын-күміс, білезік-жүзік,
Үзбе сырғам, сызба үздік...
Меруерт тізіп кеудеме,
Асыл тасқа малынған
Алқам-ай! Алқам-ай!
Алқамды айтсам түседі ойыма
Қай-қайдағы алыстағы қалқам-ай!»
Мұндағы сөз-образдар, сөз-символдар, сөз-ұғымдар ғұн өнерін толық сипаттайды деуге болады. Абақан Сатаев латынша «Үлгі жыры» деп белгі соққан.
Арғу-ғұн заманының бейнелі оралымдарын да тапқырлықпен танып, оқырманға тосынсый ұсынады. Ғұн шеберлері, ұсталары гармонияға бай, геометриялық тұрғыдан көркем заттар, бұйымдар туындатса, соған лайық зерделі қауым мынадай теңеулер мен көркем келісті сөз тіркес-
терін тоқыған: «ұршықтай үйірілген», «құйып қойған құрыштай», «үзеңгісі үзбе алтын», «тебінгісі терме алтын». Үзеңгі, таға, сауыт-сайман, қару-жарақ – сақ, ғұн, түркі тайпаларының жан серігі, төлтума өнері.
Тарихшы-архивтанушы А. Сатаевтың «Аттила-Оттылы» дейтін тарихи-танымдық зерттеуінде тарихи жер-су атауларына, этнонимдерге, топонимдерге, яғни арғу-ғұндар этнологиясына ой жүгіртіп, логикалық тұжырымдар жасайды.
Айталық: 1. «Қодан – өткен мыңжылдықтың IV ғасырының аяғында халықтардың Ұлы көші тұсында Батыс Еуропа мен Тұран даласын байланыстырған ғұн тайпаларының басшысы. Оның әуелгі мекені – бүгінгі Байкал көлі, Арғұн, Енисей өзендерінің бойы». Бұл ұғым «қодын», «қотын», «қатун» (өзен) боп өзгеріске түсіп, этнонимнен топонимге ауысқанын ескертеді автор. Бұл турасында ол Шәкәрім («Қоңырат, Найман, Арғын, Қыпшақ төртеуі туған екен Қодан байдан») мен Мәшһүр Жүсіптің («Біздердің түп атамыз ақын Қодан») толғам-байламдарына жүгінеді. Тоқетері, англосаксон, исланд аңыз-әңгімелерінде Қодан Кэдман атанып, Балтық теңізі жағалауындағы Қодан есімді шаһар немісше – Данциг, полякша – Гданьск болып өзгерген деп түйіндейді.
2. Каталаун – Құтты алаң. Немісше «гуттің» төркіні «құт», «жақсы».
3. Баламір – «мірдің оғы». Кейін келе «әмір», «шен», «мансап», «білік» мағынасына ойысқан.
4. «Паң» дейтін қазақша лауазым аты поляк тілінде тура мағынасында жұмсалады екен. Бұл – «басшы», «жетекші», «ауқатты» деген сөз.
5. Кәріп-Ата (Карпат тауы), Панагория – Панатау – Қаратау, Ұрын – Византия.
Абақан Сатаевтың материалдарын жазушы Әнуар Әлімжанов «Жаушы» романына пайдаланған.
Задында, архивист-тарихшы, жазушы А.Сатаевтың «Аттила-Оттылы» эссесі ғылыми танымыңды тереңдетеді, соны ой-пікірлер өрбітуге құлшындырады.
А.Сатаевтың суреткерлік қолтаңбасы Шоқан мен Тезек төренің диалогында, Тұран шеберінің тасты жылатуын, Жанақтың қобызын, Шоқанның өсиетін, батасын сипаттауында жарқын көрініс тапқан.
Ұлттық дүниетанымымызды көркейтетін, ұғым-түсініктер де мол. Мәселен, ұлттық киім үлгілері, ыдыс-аяқ түрлері, ою-өрнектері, табиғат құбылыстары.
Амантай аға бетегеден биік, жусаннан аласа өмір сүрсе де, «алпамса апанда да алпамса» дегендей, бабалар даусын ұрпақтарына естіртті.
Әрбір әдеби-көркем құбылыстың түп-төркініне үңілуді машық еткен руханият қызметкерінің білімділігінің, терең ой толғауының, парасатты көзқарасының толық айғағы ретінде «Ескендірге барар жолда» дейтін байыптамасын айтуға болады. Мұнда ол Абайдың «Ескендір» поэмасындағы (1887) тарихи аңыздың фәлсафалық мәнісіне (адамның көз сүйегінің), мазмұнына терең сипаттама береді. Мұндай түйінді тұжырым жасау мақсатында архивариус, алдымен Фирдоусидің «Шахнамесін», Низамидің «Ескендір-намесін», Әмір Хосроудың «Ескендір айнасын», Науаидың «Ескендір қақпасын» салиқалылықпен саралап, ерекшеліктерін, көркемдік шешімдерін әңгімелейді. Айталық, Фирдоусидің Ескендірге арналған тұсында ұлы жиһангердің брахмандарға (гимнософистерге, яғни жалғанның қызықшылықтарын мансұқтаған таза зиялы білімпаздар) жорығы суреттеледі. Және бейкүнә қауымға қымбат дүние-мүліктер ұсынса, олар азар да безер болып, бас тартады.
Содан соң Ескендір зеңгір көкпен таласқан мұнар шыңның басына баспалдақпен өрмелеп шықса алтын тақтың үстінде аруақ отыр екен. Одан өзінің дәмесі болады. Сонда аруақ шамырқанып: «Сен орасан мол ел мен жерді иеленсең де, көп жауды жеңсең де, достарыңнан айырылсаң да, ынсапсыз, тойымсыз екенсің. Кері қайт!» – дейді.
Немесе хорасандық Әбухамид Ғазалының «Патшалар үшін алтыннан қорытылған ақыл-ойдың жинағында» бір данагөй сандықтан адамның бас сүйегін суырып алып, Ескендірдің алдына қойып: «Бұл бас сүйектің иесі осы дүниедегі ең күшті мемлекеттің біреуін билеп еді. Ол өзінің қарауындағы халықты, қанап, әлсіздерді ренжітіп, уақытын фани жалғанның мүлкін жинауға бағыштады. Алла мұның жанын жаһаннамға сұраттырып алды да, тамұққа салды. Ал қу басыңның қазіргі кейпі мынау, – деген ол екінші сөреден тағы бір қу басты алып, Зұлқарнайынның алдына тосты.
– Бәлкім, мына басты танырсың? – деп сұрады әлгі ел билеуші мысқылмен көз тастап.
– Жоқ. Мұны да танымадым, – деп күрсіне жауап қатты Зұлқарнайын.
– Бұл бастың иесі әділетті патша болып өткен жан. Өзі билеген елдің адамдарына жақсылық пен ғибраттылықты көп жасаған адам, Алла Тағала мұның да жанын алып, пейішке орналастырды, – деген білімдар билеуші Зұлқарнайынның басына қолын салып:
– Ал енді сен мына басты не күтіп тұрғанын білемісің? – деп сұрапты. Жиһангердің төмен қарап, өкси беруден басқаға мұршасы келмепті». («Алаштың асылдары», 76 бет)
Ал Низами дастанында бір машайық жаһанға мәшһүр жиһангерге таудан да салмақты бір түйір тас береді. Сөйтсе, оны бір уыс топырақ жеңіп кететінін білген Шах:
– Бір уыс топырақ бүтін дүниені бағындыруды ойлаған миыңды шірітуге жетеді, – деп жетесіне жеткізеді.
Әмір Хосроудың «Ескендір айнасында» бір уыс топырақтың символикалық мағынасы өзгеше түсіндіріледі.
Ой зергері А. Сатаев шығыстың классикалық поэзиясын терең, сұңғыла білгірлікпен зерделей отырып, ұлы шайыр Әбдірахман Жәмидің «Ескендірдің ғақлия кітабындағы» мына бір тәмсілдің сырына зейін аударады.
Шаһзада екі өліктің бас сүйегін Ескендір патшасының алдына қояды да:
– Мынау патшаның бас сүйегі, ал мынау қайыршының бас сүйегі, осы екеуінде дәл қазір қандай айырма бар? – дейді де, дереу Шаһзаданың өзі:
– Қазір бұл қу бастардың бір-бірінен ешбір айырмасы жоқ, екеуі де тең, – деп нұсқалы ойын шегелеп айтады.
Демек, Шығыс шайырларының дастандарында жалған дүниенің рәмізі ретіндегі қураған бас сүйегі, бір уыс топырақ, бір түйір тас мағынасын тарихшы, деректанушы Амантай Сатаев барынша бажайлап түсіндіріп, Абайдың Ескендір тақырыбының бастау негіздерін, тарихи және жаңашылдық элементтерін, (Талмуд пен Библиядан өрбіткенін) суреткерлікпен дұрыс пайдаланып, жаңаша көркемдік шешім тапқанын байсалдықпен әңгімелейді.
***
Мағжан Жұмабаевтың шығармашылық өмірбаяны мен өнерпаздық ортасына (әсіресе, орыс зиялыларына) байланысты өнімді ойлар өрбітеді. Оның «Мағжан мен Есенин», «Мағжан мен Мандельштам» дейтін эсселерінде Зейін Шашкин мен Қайнекей Жармағамбетов айтқандарынан тиянақ ете отырып, Шоқан Уәлихановтан кейінгі орыстың даңқты көркем сөз шеберлерімен тонның ішкі бауындай жақын болған Мағжан Жұмабаевтың шынайы достары бола білген Валерий Брюсовты, Сергей Есенинді, Всеволод Рождественскийді, Михаил Светловты ілтипатпен атайды. Мағжан Мандельштамның өлеңдерін тебіреніп-күмбірлетіп оқығанына әсерленген ол: «Как наш Мага магически читает мои стихи» деп шаттанады екен. Оның сәуегейлігі де ғажап. Мысалы, «Ты умрешь где-то Новой Земле, и я дальнем берегу Амура».
Мағжан мен Мандельштам ақындық шеберлік жағынан деңгейлес әрі тағдырлас (Сталиндік қуған-сүргіннің құрбаны).
А. Сатаевтың осылай ой өрбітуіне екі себеп бар. Біріншіден, 1934 жылы Зейін Шашкин Мәскеудің баспа-редакция институтына түсіп оқығанда Осип Эмильевич Мандельштам ұшырасып, жөпелдемеде «Ай, казах!» Маганы білесің бе деп ғайып болыпты.
Екіншіден, 1970-ші жылдардың басында қайраткер Қайнекей Жармағамбетов үйіндегі бай кітапханасынан Мағжанның 1912 жылы Қазанда басылған «Шолпан» жинағы мен «Айқап», «Абай», «Шора» журналдарын көрсетіпті.
Негізінде, ұлттың ұлы тұлғасы Мағжан Жұмабаевты кеңестік идеология жоқ қылуға тырысса да, шырмауықша шырмаса да, тыйым сала алмағаны мәлім. Халық ұмытқан жоқ.
Бірде тарихи ескерткіштер қорғау қоғамының төрағасы Әнуар Әлімжанов: «Мынау Мағжан Жұмабаевтың қолжазба-жинағы. Сенде болсын. Үйіңде ұста. Менің «достарым» көп қой. Сен архивиссің, сондықтан Мағжан ақынның қолжазба-жинағының екі кітабын сақтап жүрер деп әдейі тапсырып отырмын», – депті ұлт тарихын түгендеуші Амантай аға Сатаевқа.
Табиғатындағы парасаттылық пен тиянақтылық ақиқатты анық тануға, себебін нақтылы терең түсіндіруге, байыппен толғауға ұмтылады. Бұрынғылардың (көргені, естігені, оқып-тоқығаны, түйгені өлшеусіз естілердің) «ақылым – атам, білімім – бұрынғы бабам, салтанатым – сабырым, сүзіп сөйлейтін сөзім» дейтін қағидасын жадында ұстаған қалам қайраткері Мағжан өмірбаянының беймәлім сырларына, ғылымы-шығармашылық әлеуетіне зер салады. Тұран тұлғасы 1922-1923 жылдарда (яғни, бір жыл шамасындай) Ташкентте қызмет істеп, қырғыз ғалымдары Қасым Тыныстанов пен Иманғали Арабайұлымен Ысықкөл, Тоқмақ, Бішкек, Жетіөгіз, Бөріана дейтін тарихи қастерлі мекендерін аралап, әсерленіп, бірнеше жыр шығарады.
Мағжанның томдарына еңбеген «Қырғыздар» дейтін ғылыми-танымдық сипаты жоғары зерттеуін тауып, мұны «Алаштың асылдары» (Алматы, 2008. 144-150 беттер) кітабында жариялайды.
Және жазушының пьесалары, естеліктері, жолжазбалары да, ХХ ғасырдағы көркемөнер шеберлері турасында ой-толғаулары да танымдық, тағылымдық, тарихилық тұрғыдан да қымбат.
Иә, ұлт тарихы мен мәдениетіне қатысты небір сирек әдеби-тарихи деректерді сұңғыла білімпаздық зерделілікпен жинастырып-жаңғыртып, жүйелеп жіктеген, әрбір құбылыстың, оқиғаның түп-тамырына, бастау-негіздеріне шұқшия үңіліп, сақилықпен сыр түйген табиғатынан архивтанушы, жазушы, драмашы, этнограф, киносценарийші Амантай Сатаевтың (1933-2003) ғасырлар тұңғиығынан, төл тарихымыздың тұнығынан танып-тапқан қымбат құндылықтарының әлемі әрқашанда қызықтыра бермек.
Серік НЕГИМОВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор