Сыршыл лириканың шебері, жазбаша әдебиеттің негізін қалаған ақынның өлеңдер жинағы өзінің көзі тірісінде жарыққа шықпаған. Кейіннен артында қалған асыл мұрасын ұрпақтары жинастырып, баспаға дайындаған. Бүгінде мұндай жинақтардың түпнұсқасы еліміздің мұражайларында құнды жәдігер ретінде сақтаулы.
Сондай құнды қолжазбаның бірі Сыр өңірінен табылды. Ақынның өлеңдер жинағының түпнұсқасы Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде қырық жылдан астам уақыт бойына көзден таса қалып келген. Оны мұражайдың ғылыми хатшысы Асхат Сайлау кездейсоқ байқап қалады.
«Музейдегі қолжазбалар қорын топтама қылып шығару мақсатында зерттегенмін. Қорда 200-250 кітап бар. Оның көпшілігі парсы, шағатай тілдерінде жазылған. Соның арасынан осы кітап шықты. Тексере келе бұл кітапты 1982 жылы музейге Мыната Қалдыбаев деген кісі сыйға тартқаны белгілі болды. Алайда бұл қолжазба бірде-бір рет экспозицияға қойылмапты. Шамасы, өзге тілде жазылғандықтан аса назар аудармаған болар. Кітаптың қайта реставрациядан өткізілгені көрініп тұр. Зерттей келе, бұл Абай Құнанбаевтың өлеңдер жинағы екені белгілі болды. Қазір оған аударма жұмыстары қолға алынды», – дейді ғылыми хатшы.
Қазір музей қорынан табылған көне қолжазбаны тәржімалауды қолға алған – өлкетанушы Жұмабай Байзақұлы. Бірнеше күннен бері Абай жинағымен жұмыс істеп жатқан ол кітапта ұлы ақынның өз өлеңдерімен қатар көптеген аудармасы топтастырылғанын айтады. Оның айтуынша, кітап 256 беттен тұрады. Мұнда ақынның 115 өлеңі енгізіліпті.
«Кітаптың алғашқы 36 беті жоқ. Жинақ «Мағзұт» поэмасынан бастау алады. Кітапта осы шығарманың алғашқы 14 қатары жазылмаған. Мұны Абайдың 1961 жылы шыққан толық шығармаларымен салыстыра отырып анықтадым. Сондай-ақ тағы бір өлеңінің алғашқы 44 қатары жоқ екен. Яғни, кейбір өлеңдер толық жазылмапты. Жалпы, көне қолжазбаны зерттеу барысында кітапханаға арнайы барып, сирек кітаптар қорында жұмыс зерттеу жүргіздім. Кітапханадағы ақынның өлеңдер жинағымен салыстырдым. Бір айтарым, бұл Ахмет Байтұрсынұлының еңбегіне тиесілі емесін сенімді түрде айта аламын. Әзірге бұл кітап 1922 жылы «Қазан» баспасынан жарық көрген деген тұжырымға келіп отырмыз», – дейді өлкетанушы Жұмабай Байзақұлы.
Аталмыш өлеңдер жинағының «Қазан» баспасынан шығуы мүмкін деп айтылуына да негіз бар. Себебі жинақтағы өлеңдердің оқылуында татар тіліне ұқсас келетін тұстары жетерлік. Сондай-ақ жинақтың қолжазбасын алғаш музейге табыстаған адам да «Қазан» баспасынан жарық көргенін айтыпты.
Көне қолжазба жинағы негізінен 13 бөлімнен құралған. Әр бөлімге өзіндік атау беріліп, ақынның өлеңдер топтамасы жазылған. Соның ішінде «Мағзұт» поэмасы, «Сегіз аяқ», «Өзі туралы», «Замандастар туралы», «Уақыт», «Ой туралы», «Өлең туралы», «Сүю туралы», «Сұлу қыз туралы», «Аңшылық туралы», «Жылдың төрт мезгілі» секілді бөлімдер және аудармалар қамтылған. Аудармалар бөлімі негізінен Пушкин мен Лермонтов шығармаларына негізделген.
Жалпы, Абай Құнанбаевтың ғасыр басында жарыққа шыққан жинағы көп емес. Соның ішінде алғашқы жинағы 1909 жылы ақынның інілері Тұрағұл мен Кәкітайдың құрастыруымен Әлихан Бөкейхановтың басшылығымен Санкт-Петербордағы баспада басылған. Сол уақытта бұл жинақтың таралымы аз болады. Түрлі себепке байланысты Қазақстанның түкпір-түкпіріне жетпейді. Сондықтан Кеңес Үкіметінің алғашқы жылдарында Абай шығармашылығына сұраныс көп болды. Сол себепті алдымен Қазан, кейіннен Ташкент қаласында Алаш қайраткерлері мен ұлтшыл азаматтардың жетекшілігімен Абай жинағы тағы екі рет жарық көреді.
«Жалпы, Сыр мұражайынан табылған Абай өлеңдері жинағының қолжазбасын 1922 жылы Қазан мен Ташкент қаласында басылып шыққан кітаптармен салыстыруға келеді. Тарихи дерекке сүйенсек, сол кездегі Бернияз Күлеев деген жалынды жас ақын Алаш қайраткерлерінің ұйғарымымен Қазақ АССР Ағарту министрлігінің ұсынысы негізінде Қазан қаласындағы баспа ісінің өкілі ретінде жұмыс істеген екен. Жас ақын 1920 жылы осы қызметке тағайындалғанда 20 жаста болыпты. Қызмет атқарған жылдары ол Абайдың, Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыровтардың кітаптарын шығарыпты. Бернияз ұлы Абайдың өлеңдерін өзіне үлгі, өнеге тұтқан ақын ретінде танымал. Мағжан Жұмабаев секілді қазақтың лирик, романтик ақындарының бірі болды. Оның алға қойған міндеті де ауқымды еді. Соның ішінде Абайдың 1909 жылғы жинаққа енбей қалған өлеңдерін толықтыруды мақсат тұтады. Ұлы ақынның қара сөздері мен өлеңдерінің толық нұсқасын жасау, Абайдың өмірбаяны мен суреттерін жинақтауға ден қояды. Алайда сол кездегі аумалы-төкпелі заман көп нәрсеге кедергі келтіреді. Ақынның туыстарымен, ұрпақтарымен байланыс орнатқанымен, тұшымды мағлұмат жинауға мүмкіндік бола бермеген. Соған қарамастан ұзақ ізденістің нәтижесінде 1922 жылы Қазан қаласында Абайдың өлеңдер жинағын қайта басып шығарған деген дерек бар. Яғни, жоғарыда айтып өткеніміздей, 1909 жылғы Тұрағұл мен Кәкітайдың жинағын қайта толықтырып, сөз басын жазып, жарыққа шығарады», – деп түсіндірді бізге бұл жайында абайтанушы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология факультеті, Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Серікбай Қосан.
Абайтанушы 1922 жылы Ташкентте шыққан Абай өлеңдерінің жинағын қазақтан шыққан алғашқы елші ретінде танымал Нәзір Төреқұлов құрастырғанын алға тартады. Алайда оның жинағы да 1909 жылғы жинақты қайталайтынын айтты. Сыр мұражайынан табылған еңбек төте жазу үлгісінде әзірленген. Ал 1922 жылдан кейінгі жинақтар тек латын, кирилл қарпінде басылған. Сондықтан бұл жинақ сол 1922 жылғы Қазан, Ташкент қалаларында жарық көрген жинақпен сәйкес келетінін мәлімдеді. Сондай-ақ бұл жинақта көрсетілген 13 бөлімнің атауы да 1909 жылы шыққан топтаманы қайталайтынын дәйек ретінде ұсынды.
Абайтанушы Сыр өңірінен табылған жинақтың әзірге суретін ғана көргенін айтады. Кітаптың түпнұсқасын қолына алып, танысып шықпай, нақты тұжырым жасау қиын екенін жеткізді.
Қазір Сыр музейінің сирек кітаптар қорынан табылған көнеден жеткен құнды жинақ қызу зерттелу үстінде. Өлкентанушы аударма жұмыстарын толық аяқтаған соң өлеңдер топтамасын баспадан заманауи үлгіде қайтадан басып шығаруды мақсат тұтып отыр.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы