Jasyl jurek – қолданысқа жарамсыз полиэтилен қалталардан сырға, сөмке жасап, секондхендтегі материалдардан жаңа киім тігіп, қалдықтарды іске жаратып жүрген апалы-сіңілі Саида және Дина Ыбышевалардың эко-жобасы.
Жарамсыз пакетке «жаңа өмiр» сыйлайды
1,286
оқылды

Олар сондай-ақ пластик қалдықтарды қайта өңдеуге арналған шеберлік сабақтарын да өткізеді.

Киттің оқиғасы қатты әсер етті

Саида мен Динаның бұл жобамен айна­лы­суы­на интернеттегі бейнежазба түрткі болған екен.

– Осыдан бес жыл бұрын Facebook-те су жа­ғасында өлім аузында жатқан киттің ви­део­сын көрдім. Мамандар әлгі киттің ішінен 300 па­кет алып шыққан екен. Кит осы пакеттерден ас қорыта алмай қиналып, жағаға жүзіп ке­ліпті. Сол уақытқа дейін пластиктің қайдан ке­ліп, қайда кететінін зерттеп көрмеппін. Жаңа­ғы видеодан кейін, пластик қалдықтарды табиғатқа зиян тигізбейтін етіп өңдеудің жолдарын қарастыра бастадым. Іздеп жүріп Precious Plastic жобасын тауып алдым. Жоба ав­торы пластик өңдейтін кішкентай көліктер ой­лап тапқан. Мен де осы жобаға ұқсас бір дү­ние жасағым келді, – дейді жоба авторы Саи­да Ыбышева.

Бастапқыда Саида мен Дина бұл жобаға грант бағдарламаларын іздестіреді. Бірақ түрлі бағ­дарламаға өтініш бергенімен, нәтиже бол­маған. 

– Түрлі бағдарламаға өтініш беріп көрдік. Бі­р­ақ ешкім қаржы бергісі келмеді. Қазақ­стан­да мұндай іске бөлген ақша ақтал­май­тынын айтып қайтарды. Сосын әзірге басқа не істеуге болатынын ойладық. Jasyl jurek осы­лай өмірге келген еді, – дейді Дина.

Қалдықты өңдеу – күрделі жұмыс

Жоба авторлары бастапқы кезде өнім­де­рін өз таныстары арасында ғана өт­­кізген. Әлеуметтік желідегі жобаның па­рақ­ша­сы ашылмай тұрып, өз парақшаларында бұйымдарын салып жүрген. Осылайша, дос­тарының қолдауымен бұйымдар жан-жақты сұранысқа ие бола бастапты. Алғашқы жұ­мыс­тары пакеттен жасалған сырға болыпты. Ав­тор­лар полиэтилен пакеттерінен бұйым жа­сау сырт көзге оңай көрінгенімен, оның да маша­қа­ты көп екенін айтады.

– Шкафта толып жататын пакеттерді алып, сырға жасап көрдік. Ол кезде жобаның ар­найы парақшасы жоқ еді, жеке парақ­ша­мызға салып жүрдік. Достарымыз мақтап, ке­ре­мет идея екенін айтып, қолдады. Кейін па­­кеттерден фотосурет салатын рама жасай бастадық. Бірақ бұған көп уақыт пен көп пакет керек екен, – дейді Саида

Мәселен, бір рама істеуге шамамен 

1 500 пакет кеткен. Қалалық көрме­лер­дің біріне қою үшін раманың үлкендеу өл­шеміндегі 10 данасын арнайы тапсырыспен жа­саған. Оларды істейтін кезде шикізат тап­пай қиналғандарын айтады.

– Сол 10 раманы істегенде қатты қиналып, жо­бадан сәл шаршап қалғандай болдық. Се­бебі бұл – өте күрделі жұмыс. Әуелі пакет жи­нап, керегін пергамент қағаздардың орта­сына қойып үтіктейміз. Кейін оның бәрін өзі­мізге қажет пішінмен жинап, тұмшапешке са­лып, күйдіреміз. Ол еріген соң, рама шы­ғады, – деді Дина.

Жобаның YouTube желісіндегі арна­сын­да бұйымдардың жасалу жол­дарын көруге бо­лады. Онда жоба авторлары плас­тикалық пакеттерді қайта өңдеу арқылы көркем заттарды жасауды үйренемін деу­ші­лерге шеберлік сабақтарын өткізген.

Алғашқы жәрмеңке аптығымызды басып тастады

Бастапқы кезде жобаны барлығы дерлік қолдамаған, сынап-мінегендер де табылған. Дина Ыбышева алғаш жәрмеңкеге қатысқан күні қатты сынға қалғанын айтты.

– Тақырыптық жәрмеңке болған соң онда сауат­ты, экологияға бей-жай қарамайтын адам көп болады, біздің жұмысты солардан асып еш­кім бағалай алмайды деп барған едім. Ашы­ла салысымен, бір ер адам келіп, жұмыс тура­лы, нені қалай жасайтынымызды сұрады. Мен де қызығып жатыр деп ойлап қуанып, бәрін ай­тып бердім. Бір кезде «Онда мен үйдегі қол­д­а­нылған дәретхана қағаздарын да сендерге әкеп берейін, соны өңдеп беріңдер» деп күлді. Бетімнен шапалақпен салып қалғандай болды. Қатты ренжіп, көңілім түсті. Оның үстіне, ол мұны бәріне естірте айтты. Содан кейін көп уақыт Instagram парақшаға да ештеңе салмай кеттім. Бәрі сол адам сияқты ойлайтындай көрі­не берді, – дейді Дина Ыбышева.

Саида да осындай жағдайлардың көп бол­ға­нын растады.

– Сол жәрмеңке бізді көпке таныстырған ал­ғашқы шара болған соң жадымызда қатты сақ­талды. Бір әйел ұлын шақырып, «Қарашы, қан­дай әдемі заттар, бірдеңе сатып алайық» де­­генде баласы бізге естіртіп: «Қойшы, ақша тө­­ле­ген соң «нормальный» зат алсақ қайтеді, қо­­қыс үшін ақша төлейміз бе?» деп кетті. 

Осы­н­­­дай пікірлер жанымызды жабырқататыны бар, – деді ол.

Өнімдердің бағасы аса қымбат емес

Jasyl Jurek жоба өнімдері қолжетімді бағада са­тылады. 

– Егер АҚШ-та болсақ, сырғалар үшін ха­лық әлдеқайда жоғары баға ұсынар еді. Біз жа­саған сырғалардың ең қымбаты – 5 000 тең­ге. Басында әдемі болсын деп табиғи тас­тар­ды да қосатын болған соң солай қымбаттау шы­ғатын. Ал қазір пластиктен-ақ жап-жақсы сыр­ғалар жасап жүрміз. Бағасы – 1 000-1 500 тең­ге, – дейді жоба авторы Дина Ыбышева.

Jasyl Jurek-те сырғамен қатар, кардхолдер, сөм­ке де сатылады. Әрі кітап арасына қоятын бет­­белгілер де бар. Жоба өнімдерінен киім­дер­ді де кезіктіруге болады. Авторлар бұл киім­дерді секондхенд дүкендеріндегі қол­да­ныс­қа жарамай қалған ескі маталардан жасал­ған. Киімдердің бәрі де ерекше дизайнмен ті­­­гіл­ген. 

Авторлардың айтуынша, халықтың, оның ішінде жастардың жоба өнімдерін тұтынуға де­ген қызығушылықтары біртіндеп өсіп ке­леді. Демек, бұл жоба адамдардың экологиялық проб­лемаға көзін ашып қана қоймай, қалдық­тар­ды қайта өңдеп, оларға жаңа өмір сыйлау­дың мүмкіндігін де қоса көрсете алғандай... 

Жанель ҚҰТТЫБАЙ