Елорда филармониясынан ұрланған ақша қайда жұмсалғаны белгілі болды
Елорда филармониясынан ұрланған ақша қайда жұмсалғаны белгілі болды
© сурет интернеттен алынды
390
оқылды
Нұр-Сұлтан қалалық экономикалық тергеулер департаменті бірінші тергеу басқармасының басшысы Болат Хамитов елорда филармониясынан ақша қалай ұрланғанын айтып берді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ол жерде ақша ұрлаудың екі жолы болған. Біріншісі, шамамен 140 «өлі жанға« жалақы төленіп келген. Біз 2012 жылдан бергі кезеңді қамтыдық. Екіншісі, өткізілген концерттерден, ғимаратты жалға беруден филармония кассасына түскен ақша», - деді ол.
Басқарма басшысының айтуынша, филармонияның кассирі мен бухгалтері аталған ақшаны банкке апарып, мекеменің есеп айырысу шотына салуы тиіс болған.
«Алайда олар кассаға жалған кіріс кассалық ордерлерін тіркеп отырған. Мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның есеп айырысу шотынан айтарлықтай ұзақ мерзімге шетелдік сапарларға, жеке мақсаттарға ақша қаражаттары аударылып отырған. Яғни, мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның ақшасы қызметкерлер мен олардың туыстарының жеке сапарларына жұмсалған. Болжамды шығын сомасы 1,7 млрд теңгені құрайды. Бұл бізде аудит қорытындысына сәйкес тіркелген», - деді Болат Хамитов.
Бұған дейін 1,7 млрд теңгелік бюджет қаражатын талан-таражға салды деген күдікпен Нұр-Сұлтан қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясының бұрынғы екі қызметкері қамауға алынғанын хабарлаған болатынбыз.